Ренато Гуттузо. КүнбағысҚалғып кеткен екен, көзін ашса әлі сол кезек. Қасында отырған әже қолындағы...
Абай Аймағамбетов. Бес күнді күту
Рахым шығармасын қалай бастау керегін білмей, басы әбден қатты. Қолына қаламын ұстап, сия тимеген әппақ парақтарды пәттелей алдына алғанда сағат тілі таңғы 6:30-ды көрсетіп еді. Ал қазір сағат – түнгі 23:00. Өзі ойлағандай тұшымды шығарманы жаза алған жоқ. Есесіне біраз күн бұрын даярлап қойған әппақ парақтары ендігі жарамсыз болып қалды. Шимайлап жаза беріпті, жаза беріпті. Кіл ұнамсыз, мардымсыз жазулар. Көркемдігі өз алдына, тым құрыса біраз күннен бері көңілінде әспеттеп жүрген кейіпкерінің де образын жөндеп аша алмады. Жазу стилі де өзіне түк ұнаған жоқ. Сюжеттері қобырап, дөй-далаға лағып кеткен. Мұны қалай шығарма деп айтарсың. Таңнан бергі қарекеттің нәтижесі нөлге тең дегенмен бірдей.
Енді ол орнынан тұрып айналдырған екі бөлменің ішінен парақ іздей бастады. Бастапқыда тек әппақ парақ іздеген. Бірте-бірте тым үлкен үмітке сүйеніп қойғанын аңғарды. Енді жарым-жартылай жазылған қағаз табылса да жаман болмаушы еді. Алайда оның да бір-екеуін әрең қолға іліктірді. Оның өзі көнеріп, сарғайып кеткен. Екі бөлменің кітапқа сықай толғанының не пайдасы бар, бір бет қағаз таба алмады. Әттең деп ойланды ол, өткен жолы өтірік намыстанбай Семеновичтің жұмысын істей салғанда мұндай сарсаңға түспеуші еді. Қалаған ақшасына қағаз сатып алып, армансыз жазуға да болар еді. Әлбетте, екі апталық күрделі жұмыстан жақсы табыс түсуі тиіс. Азық-түлікке, киім-кешекке де ақша артылушы еді-ау. Ал бұл болса Семеновичтің алдында өз беделін түсіргісі келмеді ме, келіспей қойды. Рахым қатты шарасызданып кетті. Міне, сағат түнгі 12-ден ауды. Демек, жаңа ай басталды. Қазан айы. Бес-ақ күн қалыпты...
* * *
Абырой болғанда дүкенші Сәлимә екі қорап темекіні тегін беріп жіберген. Қазір біреу біреуді жарылқайтын заман ба өзі. Өндірдей жап-жас қыз өзінше мұны жақсы көретін сияқты... Қылымси сөйлеп, майыса назданып тұрады.
– Бір сәт бәрін ұмытуым керек! – деді ол тарс бекініп. Сөйтіп, қораптан бір тал темекі суырды да, қалт тұрып ойланып, аяғын ауыр басып ас үйге барды. Су мен шай тамып қатып қалған қант тұр кеседе. Шай салынған алюминий қалбырды көтеріп қалып еді, онысы жеп-жеңіл болып шығып, қалбырды әуеге лақтырған қалпы қолынан түсіріп ала жаздады. Демеу пәтерге азық-түлік алмаған сияқты. Аз-мұз бар еді, онысы қалаға келген алғашқы күндері-ақ таусылған. Шай да жоқ. Ай бұрын әкеліп қойған бір салымдық пакеттерді де таппайсың. Нан біткелі қашан. Талғажау етерлік көкөніс те, азық-түліктің басқа да түрінің табыла қоюы екіталай. Ол осының бәрін асүйге кірмей тұрып сезген. Бірақ сол баяғы алдамшы үміт. Араға уақыт салып асүйге кіре қалса, құдды үйде жоқтың бәрі табыла кетердей әзәзіл әсер осылай қарай әлсін-әлсін сүйрейді. Енді шынымен, темекі тартудан басқа еш амал қалған жоқ.
Ауыл болса бұл уақытта бүкіл үйдің жарығы сөніп, ел тым-тырыс жата қалушы еді. Қалада бәрі басқаша. Тіршілік осы уақытта басталады. Көшелер самаладай жап-жарық. Жаяу жүргіншілер де, көліктер де әлдебір бағытқа қарай толассыз жөңкіле асығып бара жатыр. Рахымға өзінен басқа жанның бәрі бақытты сияқты көрінді. Аш қарынға темекі де батпайды. Соған қарамастан ол шидиген жіңішке сигаретті құшырлана сорды. Бар ашу-ызасы мен өкініш-күйінішін осыдан алғысы келетіндей өршелене тартады.
Демеу қалдырып кеткен ескі бір ноутбук болушы еді. Темекі тартып тұрып осыны еске түсіргеніне кәдімгідей қуанып қалды. Сол ноутбук табыла қалса қаламның ұшына келіп тіреліп, бірақ қасарысып берілмей тұрған сөздер ағыны лықси төгіліп, бұл қалай айдаса да еркіне көніп кете беретіндей қуанды. Үшінші сигаретті қақ ортасына келгенде өшірді де, қонақ бөлмеде шифоньердің қасында тұрған ала дорбаларды асығыс қопаруға кірісті. Ойлағанындай, ескі ноутбук сөмке түбінде жатыр екен. Қуаттағышы да қасында. Қапыда қазына тауып алғандай абдырай қуанған Рахым ноутбукты суырып ап, ашып қалған. Әлгі «қазынаның» экраны мен пернетақтасы екі жаққа қарай бөлініп түсті.
Біраздан соң жазушы бесінші сигаретті сұқ саусағы мен ортан терегінің ортасына қыстырған күйі аузының буы бұрқырап балконда көзі ілініп бара жатты.
* * *
Рахым сыртқа көбірек шыққысы келмейді. Көптің көзіне түсуді қаламайды. Сондықтан болар Демеудің қаланың ең шеткі ауданында ескі пәтері бос тұрғанын естіген кезде қатты қуанған. Ал Демеу келіншегі мен екі бүлдіршінін ертіп Стамбұлға кетемін деген кезде, тіпті оның бетінен сүйіп те алып еді. Енді міне сол қуаныштың ізі де жоқ... Аязға үсіп өлетіндей мойнына шарф салып, күпәйкесін жамылған қалпы Сәлимә тұрған дүкенге беттеген. Мұны жақсы көретін сұлу бәлкім керек-жарағын тегін беріп қалар деген бейшара үміт. Егер дәл солай жаутаңдап, қайыршыланып дүкенге бара жатқанын ойласа жаны езіліп кете жаздайды. Сондықтан не үшін бара жатқанын ойламауға тырысты. «Қырсық!» - деді ол көшені айнала бере. Семенович ақ мұның ізін аңдып жүре ме, немене...
– Оо, Рахым, – деді ол мұны алыстан танып, – Тоқта, сенде шаруам бар!
Бұл онымен жүздескісі де келген жоқ. Енді аяғын жылдам басып, Сәлимәнің дүкеніне артқы қуыспен айналып барайын деп, басқа жолға түсіп кетті.
– Тоқтасаңшы енді, сен... әлгі... не деуші еді... Рахым?
Әрине, оның сөздерін ести тұра құлағыңа қыстырмай кету әдепсіздік болар еді. Сондықтан Рахым құлаққап киіп, музыкаға елітіп бара жатқан адамша басын оңға, солға еңкейте қозғап қойып, оны елемеген киіп танытты.
– Тас керең боп қалғанбысың сен? Рахы-ы-ым?! Семенович мұның тоқтамайтынын білген соң, қолын бір сілтеді де көлігіне қарай бет алды.
* * *
Басқадан таршылық көрсе де, темекіден көрмейді, әйтеуір. Қорап-қорап темекінің орнында қорап-қорап қағаз бен қорап-қорап азық-түлік болса ғой. Бұл бір сәтсіз күн болды Рахым үшін. Семеновичке тоқтамай кетті. Ал барса Сәлима жоқ. «Егер Семеновичтің сөзін тыңдағанда Сәлимә да орнынан табылуы мүмкін еді ғой?» - деп ойланады. Семенович бәлкім бұған кешегіден де жеңіл жұмыс ұсынғысы келген болар. Қайткенмен де қайырымды адам сияқты. Ол өмірінде жасаған кей қателіктері бумеранг сияқты өзіне қайта айналып, не болмаса басқаша кейіпте келеді дегенге қатты сенетін. Мәселен, таңертең біреудің көңілін қалдырып қойса, онда күні бойғы ісің сәтсіз өрбиді деп есептей бер. Не болмаса, жолда келе жатып сөмкесі ауыр кісіге көмектесе салғанымда, онда дәл мұндай сәтсіздік алдымнан шықпас еді деген сыңайда. Ол өмірі осылай ойлап алады.
Бірақ Құдай бар дегенге сенеді. Сенбесіне шара жоқ. Құдай жоқ болса кірген-шыққан адамның бәріне шәңкілдеген жіңішке дауысымен ескерту айтып жүретін Оля кемпір бір сөмке қағазды қоқысқа әкеліп тастар ма еді. Бетіне сия тамбақ түгілі, саусақ ізі ілінбеген аршындай әппақ қағаздар. Сәлимәмен кездесе алмағанына қатты күйзеліп, дүкеннен ілби басып келе жатқанында осындай ғажайыпқа тап болған. Иә, кәдімгі қағаздар. Күннен күнге ішіндегі ұяты өліп барады. Айналасында кімдер тұрғанына қарамастан қоқыс ішіне қойып кетті де, Оля кемпір әлгінде ғана лақтырып жіберген бума қағаз толы сөмкені алып шықты. Өмірі есік алдында: «Мой Иван Васильевич работает финансовом отделе, скоро у него будет повышение», - деп бөсіп отырушы еді. Мынау сол Иванға қажет болмай қалған қағаздар болса керек, сірә.
Иванға қажет болмай қалған әппақ қағаздар керегіне әбден жарады. Екі күн нәр татқан жоқ. Сонда да ойы сергек. Әлде жазуға деген құштарлық. Жоқ, құштарлық деп те айтуға келмейді. Мәжбүрлік. Иә, өзін-өзі мәжбүрлеу. Кешегідей емес, жазу бұл күні жылдамырақ жүрді. Мысалы, кеше Әлімғайдаровтың позициясын қалай нақтылаймын деп басы қатса, ол бүгін өзінен өзі бүкіл проблеманың күрмеуін шешетін кейіпкерге айналып шыға келді. Кеше балконда отырып Әлімғайдаровты шығармадан біржола қуып шығамын деп ойлағанына тіпті күлкісі де келді. Оны қуып шықса, нағыз күйзеліске түскеннің көкесіне ұшырамай ма. Бірақ соның өзінде шығармасының тек қаңқасы ғана нақтыланған еді. Алда шиеленіске толы оқиғалар келе жатқанын, оларды салалау, топтау, алдымен бір-біріне мидай араластырып қосып жіберіп, сосын қажет кезінде бөліп-бөліп алып шығу – жазбақ тұрмақ, ойлаудың өзіне неткен ауыр еді. Оның үстіне шығарма небәрі бес күн ішінде өрбуі тиіс оқиғаны жүк қылып тұрса, қаншалықты жауапты екенін аңғара беріңіз. Қағаз жеткілікті болса да жазуын доғара тұрды. Сөйтіп, қалтасынан жеке куәлігін іздеді. Сағат түнгі 12-ден асты. Төрт-ақ күн қалды... Енді тамақ ішпесе болмайды.
* * *
Келесі күні мұның пәтеріне Сәлимәнің өзі келді. Жазу үстелінің үсті айра-жайра болып шашылып жатыр. Рахым тағы кешегідей балконға ұйықтап қалыпты. Сықырлаған аяқ дыбысынан оянып кеткен. Тағы да суық жерде ұйықтап қалыппын ғой деп уайымдады. Бірақ алдыңғы күндегідей емес, бұл жолы тамақ ішіп ұйықтадым ғой деп жұбатты өзін.
– Саған темекі алып келдім...
– ...
– Түріңе не болған?
– ...
– Біреу ұрды ма?
– Иә
– Кім?
– Әлімғайдаров!
– Не үшін ұрды?
– Өйткені оны ақыры қуып жібердім. Бірақ біржола емес...
– Пәтерден бе?
– Жоқ!
– Тамақ іштің бе?
– Солай деуге болса...
– Әбден азып-тозып кеттің...
– Өйтпесем шығарма туа ма
– Шығарма?.. Сен маған ұнайсың!
– Мен жұмыс істеуім керек!
– Мен саған тамақ істеп берейін...
Сәлимә ас үйге қарай кетті. Күні бойы Семенович есік қақты. Рахым ашқан жоқ. Сәлимәға да аштырмады. Күндіз аздап уақытылы тамақтанып, кофе ішіп есі кіріп қалғандай болды. Жақсылап ойлана бастады. Әлімғайдаров, Векетин, Дәуділдаев, Ефриндердің образын армансыз сомдады. Егер күн сайын кофе ішіп отырсам, жақсылап ойлануға болады екен ғой деді іштей. Сәлимә аздан соң келетінін айтып, дүкенге кетті. Ол жазуға отырмас бұрын тағы да армансыз темекі шекті.
* * *
– Мың болғыр Иван Васильевич!
Жазып отырып Рахым әлсін-әлсін осылай іштей күбірлейді. Кеше ғана аса ауыр көрінген шығарманың шиеленісу кезеңдері, кульминациясы бүгін тәп-тәуір жүзеге асты. Бірақ диалогтарының тым жасанды болып бара жатқанын аңғарды. Өзі әзілқой, саудың асын ішсе де саудың сөзін айтпайтын Векетиннің әлдебір философия соғып тұрғаны тым нанымсыз көрінбей ме. Ол философия айттым дегеннің өзінде жұрт оны әзілдеп тұр деп ойлайды ғой. Ал ақылсыз адамның пәлсапасы ең арзан, ең жиіркенішті әзілді тудырмай ма. Керісінше, әр сөзін айтардың алдында жарты сағат ойланатын, сөйтіп жүріп көрші-көлем, туған-туыс тұрмақ отбасындағылардың өзін өзінен жалықтырып жіберген Ефриннің анау бір тұста қутыңдап кеткені неткен ақылға қонымсыз еді. Түннің бір уағына дейін Рахым осы ойлармен арпалысты. Қайтсем, қиыс кетіп бара жатқан Векетин мен Ефринді түзеймін деп басы қатты. Жарайды, бұл екеуін ептеп-ептеп өз табиғатына оралтар. Ал Дәуділдаев ше? Ол өзі Шимананы өлердей сүйеді. Бұрын екі рет байға тигенін, үш баласы бар екенін білсе де өлердей сүйеді. Ал өзін жақсы көретін Викаға көз қырын да салмайды. Айналасының бәрі Дәуділдаевтың дуаланып қалғанын баяғыда-ақ білген. Тек Дәуділдаевтың өзі білмейді, не білгісі келмейді...
Бүгін Рахым қатты шаршапты. Күннен күнге балконға ұйықтауға үйреніп бара жатқан сияқты. Темекісін саусақ арасына қыстырған күйі көзі ілмектесіп бара жатқан. Кеуде тұсы жылып сала берген. Сәлимә!
– Саған демалу керек, Рахым!
– Мен демалып жатырмын
– Мен ондай демалысты айтып тұрғаным жоқ...
Сәлимә мұны қолынан жетектеген қалпы қонақ бөлмеге алып келді. Төсекке жатқызды. Еркек істеу керек кәде-қауметтің бәрін өзі жасады.
– Сен сондай ыстықсың! – деді. Арпалыс үстінде қыздың нәзік дауысы үзіліп-жұлынып әрең шықты. Ол сонда да бұлай қайталауын қойған жоқ. Екеуі кезек-кезек тізелері жыртылғанша арпалысып, бір-біріне бой бермей, біріне-бірі бағынбай ұрыс салып, әрең дегенде ентіктерін басқанда таң қылаң бере бастаған.
– Жұмыс істеуім керек, – деді Рахым жедел киімдерін іздеп, – Үш күн ғана қалды!
– Не нәрсеге үш күн қалды, жаным?
– ...
* * *
Ертесі Семенович мұны ақыры тауып алды. Рахым әдеттегідей балконда темекі тартып тұрған. Кәсіпкер оны кездестіргеніне қатты қуанып кетті.
– Кешір, Айдоллаев, мен сенің жазушы екеніңді енді білдім, – деп Семенович тұтыға сөйлей бастады, – ертерек білген болсам сені ауыр жұмысқа шақырмас едім.
– Мен оны бәрібір істей алмас та едім, Семенович!
– Айдоллаев, жерге түс. Саған сөзім бар!
– Қажет емес, Семенович! Менің шаруам көп. Ал жұмыс істегім келмейді. Өңшең ақсақ-тоқсақтармен бірігіп аз ақшаға тыртыңдайтын шамам жоқ. Оның үстіне сен менің намысыма әбден тидің. Қорладың.
– Сөйлесейікші, сен ақшадан тарығып...
– Енді сенімен не үшін сөйлесуім керек. Ойлашы өзің?! Кешір, мені жазуым күтіп қалды. Менің екі-үш күндік қана уақытым бар. Бұдан артық шығын ете алмаймын!
Рахым жып беріп бөлмеге кіріп кетті де, алқам-салқам балкон есігін екі-үш қайтара тарсылдата ұрып, бекіте жауып тастады.
– Ах, Айдоллаев, – деді санын шапалақпен салып кеп жіберген Семенович төбеге ренжи қарап, – Қырсық екенсің ғой қып-қызыл. Жаз! Жаз! Біреу сені жарылқай ма екен, көрейік.
– Мың болғыр Иван Васильевич!
Рахым сөз басын осылай бастауға әдеттеніп алыпты. Енді ше? Өзі тәкаппар, өзі таяз ойлайтын Оля кемпірдің басы кегжеңдеген, шандырдай ұлы білдей қаржыгер болып, қағазға көміліп, ақыры ол қағаз өзіне керек болмай қалмағанда – Айдоллаев дәл бұлай шығармасын көсіле жазып отырмаған болар еді. Кешке дейін қанша қорап темекінің тамырына балта шапқаны есінде жоқ... есесіне кешеден бері кердеңдеп, айтқанына көнбей, айдағанына жүрмей қойған жел ауыз Векетин мен ойшыл Ефринді бүгін әупірімдеп жүріп өзі қалаған бағытқа түсіргендей болды. Енді анау Шимана мен Виканың көз құртына айналған Дәуділдаевтың шаруасын бүтіндесе болды, шығарма да соңына тақауы тиіс. Осыны ойлағаны сол, көзі жайнаңдап, іштей қуаныш сезімі төменнен жоғары қарай лып етіп мұны жеңіл шарпып өтті.
* * *
Бұл уақытта жас жазушылардың үздік шығармаларын топтама етіп жинап, кітап қылып шығарып, әрқайсына мол қаламақы тағайындап қойған «Әдебиетшілер үйі» баспа ішінде қызу жұмыс кешіп жатқан. Менмін деген бүкіл жазушының шығармасы келіп түсті, тек Айдоллаев ғана жоқ. Оның еш жерден таптырмауы, тіпті із-түссіз жоғалуы, ешбір байланыс нөмірінің жоқтығы «Әдебиетшілер үйінің» басшысы Темқожаевтың ашуын туғыза бастаған. Кабинетіне кірген-шыққан адамның бәріне қоятыны бір ғана сұрақ: «Қырсық неменің таптырар түрі бар ма?».
– Отбасы қайда жүргенінен хабарсыз, өзі ұялы телефон ұстамайды екен, – дейді орынбасар Смағұлов күнделікті жауабын тағы да қайталап.
Темқожаев кабинет ішін арлы-берлі кезеді.
– Мен де жазушымын, Смағұлов! Сен де жазушысың! Анау кітапқа жыпырлай кіріп жатқандар да шеттерінен талант. Бірақ олардың ешбірі де, біз де Айдоллаев емеспіз!
Темқожаев сабырсызданған күйі кабинеттегі әр затты түрткілеп кетеді. Бір орнында тұра алмай тыпыршиды.
– Қырсық неме – бәрімізден бір бас биік. Қанша намыстансам да, мойындағым келмесе де айтарым осы. 10 елдің тіліне аударылатын, ертең-ақ атағы аспандағалы тұрған анау кітапқа Айдоллаев қалай да кіруі тиіс!
– Әлі екі күн бар ғой, аға, – дейді Смағұлов сабырлы қалпынан танбай, – Кеп қалар. Шешесі айтты ғой қалаға кетіп еді деп. Демек, осында.
– Шығармасын өткізсін, ақшасын алсын! Сосын қайда құрыса да өзі білсінші, қырсық неме!
– ....
– Айтпақшы, қалаға не үшін кепті? Темқожаев орынбасарына сынай қарады.
– Шешесінің айтуынша, құрылыста істеу үшін.
– Аһ, сволыш!
Төраға қаттырақ айғайлап сөйлеймін деп қалшылдап ашуланып кетті.
* * *
Түс ауа неше күннен бері мыңқиып үнсіз тұрған телефон безіл қақты.
– Алло!
– Айдоллаев, ұшағымыз кешке қонады!
– Демеу, бұл сенбісің?
– Сен мені ұмытайын дегенсің бе?
– Жоға, әрине.
– Сенің ұялы телефон ұстамайтының қандай жаман! Мында үй телефонын әрең таптық...
– Менде екі күннен соң бәрі болады!
– Жарайды, соны ескертейін дегем...
– Мен де соны ескертейін дегем...
– Қызықсың сен, Айдоллаев!
– Сен де!
Бұл телефонды орнына селқос тастай салды.
– Мың болғыр Иван Васильевич! Арам қатқыр Демеу Болысбекович! – деді айғайлап, – Мынау миымды атала қылған шығармамды жазып біткенше шыдай тұрсаң болмас па еді. Анау сұлу қатыныңмен Стамбұлды арала. Тойынсаң Анкараға бар! Мен сияқты бейшара емессің ғой. Қыдырып жүрмеймісің жер-жаһанды!
* * *
Түстен кейін Айдоллаевтың қарыны қатты ашты. Сәлимә таңертең кетіп қалған. Оның да жұмысы ауыр. Біреуге жалданып істейді. Жалпы, ол кім өзі? Жыға танымайды да. Балкон ернеуінде жиналып тұрған қорап-қорап темекіден басқа түгі жоқ. Тіпті әшейінде сәттілік шақырады деп жинап жүретін 1 теңгеліктер де. Мүлде! Ақшасыз! Кепілге өткізетін не бір заты жоқ. Ал Болысбековичтің қирап жатқан мынау ноутбугы өткізуге сірә, жарамсыз. Басқа бір мүлігін, не жиһазын өзі жоқта саудалап жіберу тағы адамдыққа жатпайды. Рахым үй ішіне асықпай көз жүгіртіп шықты. Бірақ еш үміттенген жоқ. Қазір тез арада тамақ ішуі керек. Оны ішпей жазуы жүрмейді. Ал егер тоқтамай, асқазанының сазып кеткенін елемей жаза беретін болса, онда тілі аузына сыймай, езуінен көбік ағып, өліп қалуы да мүмкін ғой. Тамақ ішіп жайқалып отыратын болса кешке Демеу отбасымен келгелі тұр. Ол келсе жазуды ұмыта бер. Үй – соныкі. Ал мұның басқа барар жері жоқ.
– Небәрі екі күн ғана қалып еді ғой. Атаңа нәлет, неге шыдамады! – деді тағы ашуланып, бөлме кезіп жүріп. Ақыры салып ұрып дүкенге барды. Сәлима көрінбейді. Ұяла-ұяла оны сұрады.
– Жұмыстан шығып кетті! – деді алжапқышының қалтасындағы ақшаны санап отырған кексе әйел бұған жақтырмай қарап. – Немене, оны кілең көше кезбелері іздейтін болған ба! Үміттенбе, қарызға ештеңе бермеймін. Бар айда!
Мына сөздер Айдоллаевтың намысын қажағаны былай тұрсын, етінен өтіп, сүйегін қақыратып жібергендей болды.
Шығып бара жатып, пластмасса ыдыстағы дайын тамақтар тұрған тоңазытқыш есігін бар күшімен ұрып кеп жіберді. Оң жұдырығының қақырай сөгіліп түскеніне назар аударған да жоқ, көңілі қалаған тамақты таңдап алды да, кексе әйелге кектене қарап, дүкеннен шығып тайып отырды. Белін таянып әрең жүретін дүкенші қас пен көздің арасында не болғанын аңдамай да қалды. Себебі, Айдоллаев мұның бәрін өте жылдам, көзді ашып-жұмғанша жасап үлгерген.
Күн бұлтты еді. Қар мен жаңбыр араласып, ауа-райы сілбеленіп тұр. Ол жұдырығының қанын қағазға тамызып отырып, шығармасын жазды. Аяқтауға қатты асықты. Асықсам да халтураға жол бермеймін деп тістеніп отырып жазды. Ал кешке Демеу отбасымен үйіне келген кезде бір құшақ қағазын мәпелей құшақтаған Рахым Айдоллаев үйдегі бүкіл қалың киімді үстіне жамай киіп, дала кезіп жүрген.
Мұны Темқожаев баласындай жақсы көруші еді. Бірақ үнемі аздап кекете сөйлеп: «Менің деңгейіме жету үшін саған әлі қанша қағаздың обалына қалу керек!» - деп миығынан күліп отыратын. Сөйтсе де мұны басқалардан жоғары қоятынын әркез мойындаушы да еді.
Сілбеленген қар аралас жаңбырдың астында суықтан қалтырап тұрып Темқожаевтың үйіне баруды ойлады. Әдебиетшілер үйі бастығының пәтері бұл жерден онша алыс емес-ті. Небәрі екі квартал жүрсе жетіп жатыр. Шығармасын былай қойып, барар жерін білмей дағдарып тұрғанда қолынан тамған қан ақ қарды әжептәуір қызылға бояп тастапты. Қаншама рет батылданып, барайын деп ойлағанымен түптеп келгенде тәуекел ете алған жоқ. Қазір баяғыдай емес, автовокзалда да, вокзалда да бейсауат жүруге тыйым салып тастапты. Тәртіп сақшылары күдікті көрінген адамын түртпектеп, тиісе береді. Ол жазған шығармамды жыртып тастар, қапияда айырылып қалармын деп қатты қорықты. Таңға дейін көше кезіп шыдады. Ешкім мұны аз уақыт жылынып алу үшін не дүкеніне, не үйіне кіргізген жоқ. Ақыры жер асты өткелінде түнеуге бекінді. «Ұйықтамаймын, таң атқанша темекі тартып отырамын», - деді ол өз-өзіне серт еткендей болып.
* * *
Шыдамы таусылған Темқожаев таң ала кеуімнен «Әдебиетшілер үйінің» бүкіл қызметкері мен құқық органдары қызметкерлерін қала кездіріп жіберген. «Жас әрі талантты жазушы Рахым Айдоллаев жоғалыпты» деген хабар кішкентай қалаға лезде тараған. 20 жасында Еуропадағы Тухер сыйлығын алған, екі прозалық жинағы 40 мың таралыммен тарап, бірнеше рет қайта басылып шыққан жазушыны мұндағы жұрт тұрмақ, бүтін ел танитын. Жазуға араласпай жатып ақ атақ пен ақшаның астында қалған автордың бейнесі теледидар мен газет арқылы да ел көзіне әбден сіңісті болған. Жазуға араласқаннан кейін де туындылары дүркірей шығып, әбден интернетке илігіп кеткен елді сол бір шыңыраудан алып шыққан да – осы Айдоллаевтың туындылары еді. Атақ пен ақшаға ықылақ ата тойған сәтінде де ол тап баяғы Айдоллаев сияқты тұғын.
Жазушылар одағында мұны қадірлеп-құрметтеуге арналған үлкен кеш өткен. Әшейінде әдебиетшілер мен соған жаны жақындар ғана келетін ғимарат іші сол күні аузы-мұрнынан шығып адамға толған. Темқожаевтың өзі шығып министрдің хатын оқып берген. Сосын тереңнен толғап бұған мақтауын жаудыртқан. Әрине, онысы еш риясыз, шынайы мақтау, бүкіл ел аузына қарап отырған үлкен жазушы ретінде айтқан әділ бағасы еді. Бұдан кейін де небір Халық жазушылары бірінен соң бірі мінбеге көтеріліп, мұның мерейін асырды. Қатарластары уылдап-шуылдап, қаумалап алыпты. Бәрі мұның шынайы жазатынын, не жазса да өмірдің өзінен алатынын, қай шығармасының да оқырман жанын баурап кететінін тебіренісе, жарыса айтып жатты. Сол күні оған Тухер сыйлығы үшін берілетін бірнеше миллион долларлық сыйақы салынған конверт те табысталды.
Кештен соң қаладағы үлкен мейрамхананың төрінде айран-асыр етіп дастархан жайды. Тағы да мақтау. Тағы да алқалау. Таңға жуық сөз сөйлеудің кезегі той иесінің өзіне де келіп жетті.
– Құрметтілерім, – деді ол ел-жұртқа жымия қарап тұрып. Өзі көркіне көз тоятын, қияқ мұртты, тұнық көзді, шашы аздап сиресе де тым азаймаған келбетті жігіт тұғын.
– Осыған дейін осынша ақша жұмсамай-ақ адам болдым, жазушы атандым. Бұдан кейін де бұл ақшаның қажеті шамалы. Одан да бұл сыйақы біздің руханияттың игілігіне жұмсалсын, – деп конвертті Темқожаевтың қолына ұсына берген. Бағанадан бері таланты мен жетістігіне тәнті болып елжіреп тұрған жұрт, енді мұның мәрттігіне шатырлата қол соққан.
Сол кештің ертесіне-ақ Айдоллаев қасынан ешкімді таппай қалды. Есесіне Темқожаевтың қабылдауына кіргісі келетін жазғыштардың қатары күрт артып шыға келген. Кішкентайынан қаламмен жалғыз келе жатқан Айдоллаев тағы да қаламмен жалғыз қалғысы келді.
Мен, парақ және қалам.
«Ақша араласқан жерде шығармашылық тоқырауға ұрынады», - деп ойлайтын. Сондықтан болар қалтасында қанша қомақты болса да тиынды молынан жұмсайтын. Мейлінше, құтылуға асығатын. Ақыры ақша мұнан біржола құтылып тынды. Тіпті маңына да жолатқан жоқ. Жалынан ұстатпай кетті. Соңғы бірнеше айда өзі де, отбасы да тіпті азды. Өзі ештеңе емес, тұрмыс қажаған кәрі шешесі мен бауырларын ойлаған кезде жанын қоярға жер таппай кеткен. Сөйтіп, кезекті рет жадау дастарқан жайылған мәнсіз түскі астан соң аяқ асты қалаға аттанды. Жолай, пойызда славян текті, мұртын дөңгелете қиған, өзі сәнқой, құдды үстіне әтірді сеуіп емес, әсіресе мойын тұсы мен кеудесіне молынан құйып алғандай әсер қалдыратын, қарынсыз, ұзын тұра, орта жастан асқан шамадағы ер адаммен көршілес болды. Ол жағы талмай, сарнап, сөйлеп келеді. Ара-тұра кей сұрағына жауап қатқаны болмаса, Рахым өз қаласынан мінгелі бері үнсіз тыңдаумен болған. Сол аз сөйлесудің өзінде-ақ қалаға жұмыс іздеп бара жатқанын, құрылыстың қай түрі болса да жасқанбай істеуге даяр екенін айтып қалып еді. Өзін Вадим Семенович деп таныстырған орташа дәулетті кәсіпкер мұның жұмыс іздеп келе жатқан бейшара қазақ екенін естігенде, ойланбастан өз мекемесіне шақырған. Рахымға да керегі осы. Ә дегенде келіскен. Қызық болғанда су жаңа бастығының да мекен-жайы Демеу тұратын ауданда болып шықты да, екеуі таксилетіп бірге жеткен.
Бірақ алғашқы жұмыс күнінен-ақ Рахымның берекесі қашты. Берген жұмысы – кәдімгі жүк тасушылық. Таң атпай осы аудандағы дүкендерге әкелінетін қап-қап ұн мен көкөністерді тасып, кіргізіп береді. Әдепкіде ізетті, сыпайы көрінген Семенович бара-бара әрбірінің жеті атасын түгендейтінді шығарды.
– Ей, қазақ! – дейді Семенович қара шемішкені шағып емес құдды жеп тұрғандай таңдайын сылпылдатып, – сен немене жалқаусың, а!
Бұл тырс етіп үндемейді.
– Неменеге жетісіп шылым шегесің? – дейді тағы бір жолы соқтығып, – Нан таппай жүріп темекі не теңің?
Жартылай шегілген шылымды таптайды да, басын төмен салып қайтадан камазға бет алады.
Бір жолы екеуі сөзге келіп қалды. Жұмыс уақытынан соң Семенович өз үйіне 5 қап картоп тасып беруін міндеттеген.
– Жұмыс уақыты бітті, Семенович! – деді бұл қасарысып, – Өзім де шаршадым!
– Мен сенен жұмыс уақыты жайлы сұрамадым, құрметтім!
– Сен өзіңді кім деп ойлайсың? Тапсырмасы талқыланбайтын генералмысың?
– Ал сен кімсің? Бейшара біреусің!
– Мен өз құқығымды қорғай аламын! Сағат қазір 7-ні соқты.
– Мен жұмыс бермесем, аштан бұратылар ең!
– Бұратылайын ендеше!
Оның қол астында өткізген бір апта үшін өз-өзін тілдеп, жеп жібере жаздады. Амалсыз, басқа шаруа іздеп тағы да көше кезген. Сөйтіп жүріп әлдебір хабарландыруды көріп қап, қомақты сыйақысы бар жинаққа арнап шығарма жазғандағысы еді.
* * *
... Таңертең басталған іздеу қала шетіндегі жер асты өткелінен оның өлі денесін тауып алумен тәмам болды.
Бұған ақша әкеле жатқан Семенович те, бірнеше қорап темекісін арқалап келе жатқан Сәлимә да мына жаңалықты естіп аңырып қалған. Қосыла жылаған.
Жарықтықтың қолдары әбден қарысып қалыпты. Түнгі суық аямай сірестіріп тастаған. Полиция хабарлаған жерге елден бұрын жеткен Темқожаев оның қойнынан аз күннен кейін-ақ бүкіл елдің санасын сілкіндірген «Бес күнді күту» атты шығармасын суырып алғанда Айдоллаев бір қырындай құлап түсті. Егер қойнында бұл шығармасы болмаса оның Айдоллаев екенін тану да қиын еді. Жазушының жұдырығынан саулаған қан түні бойы жылымықтана ағып, күннің суығымен көгілжімдене қатып қалыпты...