Дүкенбай Досжан. Көкпар (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
5705

Дүкенбай ДосжанСердалы атқа қонғанда күн тас төбеде тұрды. Сап-сары дала, қап-қара қойшылар жүр. Шыр еткен бозторғай жоқ. Әуе айналып жерге түскендей. Қиырда құйындар жарысып барады. Қос қыран ауыздарын арандай ашып, анадай жердегі молаға келіп қонды. Мең-зең қапырық дүние. Осы сәттегі тіршілік заңын ешкім түсінбестей. Түсінетін де ешкім көрінбейді. Тек сарғайып кеткен күн ғана ішіп-жеп жалана түседі.

Иә, осы күн көкжиекке жеткенде өзіне қандай қатер төнерін Сердалы сезген жоқ. Әлі күн еңкейгенше бірқыдыру уақыт бар. Әдетте, мұндайда ештеме ойламайды. Алдыңды ойлап, қобалжып кетсең, жолың болмағаны. Бұл жерде тек тәуекел шешеді. Ата сөзі, ата заңы осындай.

Сердалы есін білгелі селт етіп қорқып көрген жан емес. Бірбет, қызба, қыңыр болып өскен. Әлгіде жүрегі лоблып, басы айналғандай болды. Шекесін ұстады. Қолынан сусып түсіп бара жатқан Күреңқасқаның тізгінін ұстап қалды. Тұла бойы шым еткендей болды. Самайынан суық тер бұрқ етті. Бұрын көкпарға шығарда марқұм әкесінің өлімі елестемеуші еді. «Маған бүгін не болған? Манағы Қарақыздың жылап қалғаны әсер етті ме?» – деп ойлады. Әкесі көз алдына тағы елестеді.

....Ол кезде он жаста еді. Ертеден қара кешке дейін қозы қайтарады. Бір күндері ел дүрліккен той болды. Қым-қуыт көкпар шабылды. Ат дүбірін естісе делебесі қозып, есі шығып кететін әкесі сонда атқа ер салды. Шешесі: «Атың суусыз, барма!» – деп жалынып, шаужайына жармасып жүр. Өзі әкесінің барғанын қалап-ақ тұр. Көкпар әкеліп берсе дейді. Жаз бойы тісіне бір түйір ет тимеген. Жылап жүрген шешесіне жақтырмай алакөздене қарайды. Біраз жерге әкесінің артынан томпаңдап жүгіріп барды. Ар жағында өзі білмейтін ұлан-асыр ұлы сүрең. Сыңсып қалған шешесіне де, томпаңдап ерген өзіне де қарамай, жауырыны күжірейіп, қандыкөз әкесі кетіп барады. Алдында қоп-қою шаң. Күшке болмаса, ақылға ырық бермес шартта-шұрт ұстасқан білектер, жер дүниені солқылдатқан дүбір. Құйқаны шымырлатқан ащы айқай. Сол дүрмек әкесін де жұтып жіберді.

Қас қарайып кеткен. Шешесінің алдында, екі көзі төрт болып отыр. Әшейінде: «Көкең көкпар әкеледі», – деп алдандыратын анасы бүгін сұп-сұр болып, қатып қалған. Ауық-ауық денесі тоңғандай болып селк-селк ете қалады. Жанары жол жақта. Осылай отырып, Сердалы ұйықтап кетіпті. Әлден уақытта шыңғырып қалған анасының даусынан шошып оянды.

Көз алды бұлдыр, буалдыр бірдемелер. Есік алдында ат жалын құшып әкесі тұр. Аузынан, мұрнынан қан тамшылайды. Босағада арыстай болып бұзау көкпар жатыр. Бірер жігіт әкесінің үзеңгісіне жармаса береді. Енді байқады, аяғы таралғыға қарысып қалған екен. Шешесі де еңіреп шырқ айналып жүр. Жігіттер ұзақ уқалап аяқты жаза алмады. Уақыт өтіп жатыр. Ақырында бір жігіт кездігін алып, тартпаны шарт қиып жіберді.

Аттан түсірісімен әкесі дүние салды. Жұрттың айтуынша өкпесі күйіп, зорығып кеткен көрінеді...

Әке қазасы жас Сердалыға қатты әсер етті. Көпке дейін жаман суреттер көз алдынан кетпей қойып еді. Қадірсіз, құнсыз өткен қайран әкесі! Сол әкенің қайратын берсе ғой... Көрсетер еді-ау!

Жасына жетпей шашы ағарып кеткен шешесі қайғыға шыдай алмай, көп ұзамай дүние салды. Бұл далада жалғыз өзі қалды. Әкесінің даласын жалғыз өзі мекен етті. Қу жетім атанды. Қара жылқышы атанды. Әкесінің көзін көріп, қайырымын алған жандар да сирей берді. Тіпті, Сердалының дүниеде бар екенін де ешкім білмеді. Ұмытылып кетті. Кең дүниенің бір бұрышындағы бір үйір жылқыдан басқаны білмейтін қара баланы кім ескерсін.

Опасыз дүниеде жалғыз жұбанышы қалды. Ол әкесіне ұқсау еді. Ол шалдардың: «Әкесінің аузынан түскендей бәтшағар!» – деген сөзі еді.

Сол шалдар Сердалының атасы да шабандоз болған деседі. «Сабаз, бір күнде жалғыз өзі үш салымға дейін салып кетуші еді-ау! Әй, Көріқұлдай шабандоз жоқ қой қазір. Адамдар да майдаланып кеткен. Тыртаңдап лақ көкпарды зорға шабады. Олардың білегі мына біздің беліміздей болатын. Бұл жалғаннан не сабаздар өтті ғой. Замана не болар екен?» – деп кемсең қағатын.

Көріқұл атасы да көкпардан өліпті. Додадан көкпар алып шығып келе жатқанда қаскөй жігіттер атын қақтырыпты. Ағып келе жатқан ат үш домалап түскен. Ердің басы Көріқұлдың ішіне кіріп кетіпті дейді. О да бір мына даланың қаралы күні еді...

Ол тықыршып қалған Күреңқасқаның тізгінін тартты. Күн әлі шақшиып тұр. Жердің астынан шыққандай жан-жақтан аттылы жігіттер қаптап келеді. Өз әкесінің даласы тағы да тіріліп келеді. Бұл далада көкпар болмақ! Жиырма төртке жаңа шыққан Сердалының көз алдында өз заманы. Жатып қалған уақыт та сүйретіліп тұрып, жылжып жөнелгендей, сірә!

Қасына бай аулының шал-шалағайлары жақындап қалыпты. Атынан түсіп қарсы жүрді. Шетінен қол беріп сәлемдесті. Шалдар қауқылдасып жатыр.

– Бұл қай бала?

– Серіқұл бейшараның жалғыз көзі ғой.

– Садағаң кетейін көкпардың пірі еді. Қырғызалының намысын бермей өтті ғой. Әкесіне тартса, мына көкпар осы баланыкі болар.

– Әкеңді көрген ақсақалдарға көрсет өнеріңді.

– Өрімдей жас екен ғой. Отау тігіп пе ең, балам?

– Ондайы жоқ әзір. Қолы қысқалық қылып...

– Атыңның белі қалай?

Сердалы тұңғыш рет тіл қатты.

– Бір жұмалық таң асуы ішінде.

– Тартар не екен? – деп сұрады жарғақтай шал қасындағысынан.

– Үш жасар серке көрінеді, жігіттің жігіті шыдар.

Шалдар әлі қауқылдасып барады. Сердалы үнсіз қалды.

Ту сыртынан дүбір шықты. Кіл сайдың тасындай жігіттер. Бірлі-жарымын болмаса көбін жыға танымайды. Бай аулының еркесін орталарына алып, жерді солқылдатып көшіріп келеді. Ат құйрығын шарт түйісіп, сыңар білектерін түрініп алған. Әнебіреуі есерленіп, құйғытып келіп Сердалыны аш бүйірден мытып өтті. Өзгелері қарқ-қарқ күледі. Қит етсе, ыржалаң мінезге басады. Өздеріне ұнайтын сияқты.

– Көкпарға келген жігіт пе десем, қара жылқышы екен ғой, – дейді, әлгі серігі.

– Ет қыздыруыңа да жігіт шақ келмес саған, – дейді қасындағысы қыңсылап.

– Өй, әкеңнің... Бүгінгі көкпар тақымымда тозар!

Өңкілдеп күлді. Запыран тастағандай аузынан. Ащы нәрселерді айтады. Серіктері етек-жеңіне жел үрлеп қолпаштайды кеп.

– Мақұлышқа тек дода керек!

– Анадағы көкпарда әлдекімнің итін тақымға басып кеткенін айтсаңшы! Ай сонда төбем көкке бір жетті-ау!

– Қойшының басын жарғаны есіңде ме? Қолы қатты-ау сабаздың!

– Әкесінің көріне... Көкпарға жаратылған жан ғой!

Мақұлыш дегені одан сайын есіріп, мәңгіп барады. Жолай кезіккен әр жігітке бір арс етіп, дәнасарланып бітті. Ақырында тартпасы шарт үзіліп ауып қала жаздады. Шашпау көтергіші шауып барып ат үстінде ерін түзеп жатыр. Анаусы әлдекімдерді сыпыра боқтайды кеп.

Сердалы бұл жолы да тұйық қалды. Сары далаға жұрт толып жатыр. Астарында кіл жарау ат. Көкпар басталып та кеткен. Ол Күреңқасқаның белін босатып, біраз аялдап тұрды. Көз ұшындағы қосқа қарады.

«Сол қоста нәркес көзі жәудіреп Қарақыз отырған болар». Әлгіде еңсесін басқан ауыр ой сейіліп жүре берді. «Әйтеуір опасыз өмірде өзін сүйетін, көңіліне медеу болатын бір жан бар екен. Жанын шүберекке түйіп, жолына қарап отыр-ау».

Күн ауа бастапты. Көкпар да құж-құж қайнап түстікке ойысып келеді. Алдыңғы аттар болдырған. Көп ұзамай арттағылар қуып жетті. Жерге түсіп кеткен көкпар теңкиіп көрініп жатыр. Серкені қос білек қатар көтерді. Тағы да тартыс. Оншақты атты бір жерге үймелеп, ұмар-жұмар болды да қалды. Біреуді біреу біліп болмайды.

Күреңқасқаның тартпасын шірей тартты. Қарақыз берген орамалмен маңдайын шарт түйіп алды. Қазір атқа қонады. Қашан түсері беймәлім. Көзі жасаурап, көз ұшындағы қос жаққа қарады. Терең ышқына бір күрсінді. Атқа ырғып мініп, көкпар шабылып жатқан жазыққа шауып түсті. Қою шаң көміп кетті. Әр тұстан шыңғырған, қышқырған айқай құлақты жарады. Мұнша көп адам жиылар деп Сердалы ойлаған жоқ еді.

Әкесі мың сан аттылы қалың көкпарға қаймықпай кіретін. Өзі де Күреңқасқаның тізгінін тартқан жоқ. Мініскер болған ат көкпарды өзі табады. Басы әлі қатты. Бірер шоғырды басып өткенде тартысқа жетті. Алда қос атты бірін-бірін ала алмай толқып барады. Күреңқасқа да өңмеңдеп қол ұсыным жанасқа келді. Енді сын өзінде. Оң жақтағы шойын қара жігіттен асып барып серкенің бір борбайын ұстады. Үш ат қатар қағысты.

Мұндай қоржынды тартыс өте қауіпті. Сәл қатардан қалса ат екпіні оп-оңай жұлып түсіреді. Немесе қалған екі ат бір жаққа күш қосып кетсе, қолды опырып әкетеді. Бұл жерде тек білек күші мен ат арыны шешеді. Жігіттер мықты көрінді. Берісер болмады. Күреңқасқа ышқынған сайын тарта-тарта көкпар салмағы Сердалы жаққа лықси түсті. Міне, арғы жігіт те сусып қалды. Екеуара ырғасты енді. Тұзды тер көзін ашытып, жер зырқырап жұлқынып қалып барады.

Серкенің алдыңғы екі аяғы бір бөлек, артқы аяқтары бір бөлек қосақталып байланған. Бұл ұстауға жақсы. Қолын шым-шымдап сол айрықтан өткізіп алды. Енді жастайынан үйреніп, әбден машықтанған сан түрлі айла-тәсілдерді салуға болады.

Көз ілеспес шапшаңдықпен ат жалына жатып кеп қалды. Иесін қимылынан танитын Күреңқасқа жалт бұрылып жөнелді. Осы сәтті күткен Сердалы да үзеңгілі аяғымен шойын қара жігіттің көкірегінен ыңқ еткізіп теуіп өтті. Жігіт қатты толқып барып көкпарды босатып жіберді.

Енді байқады, қауіптің үлкені алда екен. Сырт жағынан тағы біреуі ұстап үлгеріпті. Ес жиюға мұрша берер емес. Әлгі жігіт ауық-ауық ат бауырына жатып алып жұлыныңды үзіп жіберерліктей күшпен сілкіледі кеп. Тұла бойды зырқылдатып барады. Екі рет еріксіз бүгіліп түсті. Айлаға салып көкпарды сәл жіберіп қалды. Аттың екеуі де сүрініп кете жаздады. Қапылысты пайдаланып сарт еткізіп тақымға басып алды. Енді анау қайта қайрат қыла алмайды.

Күреңқасқаның бауыры жазылып жүре берді. Қатты екпіннен соққан жел тұншықтырып барады. Аузы кермек татиды. Міне, аттылар тобын айналып өтіп келеді. Қуғыншылар көп-ақ. Әлі көпшіліктің шаршай қоймаған кезі. Негізгі топтан сытылып бері қарай салды. Көкірегін жел кернеп, шабыт бөлеп, көз алдына әкесі келді. Иә, ол да осылай шабатын!

«Тарт, тарт!» деп қышқырып екі-үш жігіт алдынан андыздап шыға келді. Жар астында күтініп тұрғандар. Тіп-тіке ат қойды. Көкпар заңында бұлай қарсы шабуға болмайды. Қарсы шапқан қашанда қауіп. Қатты келе жатқан атты қағып ұшырып жібереді. Мұндайда сәттер ғана қымбат. Бірінші жігіттен Күреңқасқаның өзі құтқарды. Зулап өткенде сарт тиген қол шекпенінің бір етегін жұлып алды. Екіншісі тұстасты. Ат жалына жатып алған. Астындағысы да сұр жебедей екен. Жоқ, жануар сол баяғы мінезін жаңылмай қайталады. Сұр жебе аттың ығымен қиыса бере, жалт бұрылды. Бұрылыстың қаттылығы сонша өзі ат үстінен ауып түсіп қала жаздады.

Ең ауыры – үшінші кезек. Күреңқасқа оны да артқа салды. Ақырындап еңкейіп тартпаны тарта бастады. Жақсы ат иесінің ойын таниды. Иесі мүлт кетсе, ол да есебінен жаңылып, арынынан айрылады. Сенуден қалады, қорғаншақ болады. Көкпар атының көңіл-күйіне, шабысына шабандоздардың қатты көңіл қоятыны содан. Бұл да таразының екі басындай. Үшінші жігіт ойлағандай мықты болып шықты. Үйдей екен.

– Уа, әкеңнің... Көкпар сенің не теңің?! – деп ұстаса кетті. Енді байқады. Мақұлыш екен. Маңдайын керек қарыс қылып қызыл орамалмен таңып алған. Бір кереметі, әлсін-әлсін әлгі үйдей жігіт ат бауырына жатып қалғанда жоқ болып кетеді. Екі білек сарт-сұрт ұстаса кетті. Әдетте, ақырып, айбат шегіп келген қарсыластың сұсы басқыш келеді. Ә дегенен-ақ көп жігіттер асып-сасып, абдырап жібере салады. Сердалы тіксінген жоқ. Қаны қарайып кетті.

Жұрттың бәрі осы тартысты күткендей еді.

Дала төсі тым-тырыс болып, сап-сап басылып қалды. Ешкім арашаға түспек емес. Екі-ақ жол бар. Бірі – Мақұлыштың қолын қаусата жұлып көкпарды әкету; екіншісі – мына даланың шаңын қауып қала беру. Иә, Сердалы мұны түсінді.

Мақұлыш атының арғы сауырына бұлт етіп жатып қалды. Сәл кешіксе тегеурінді күш алып түспек. Көз ілеспес шапшаңдықпен өз салмағын көкпарға қоса аттың қамшылар жақ бауырына құлады. Бел үзілердей ауыр күш ортаға түсті. Беріскен ешкім жоқ. Жатып тартысудың мұндай алма-кезек түрі атқа ауыр тиеді. Көп аттың белі кетіп, кирелеңдеп қалады. Шабыстары кілт басылды. Сердалы сол жатқан күйі тізгінді тіспен тартты. Күреңқасқа жалт етіп оңға бұрылған. Екі аттың арасы жазылып жүре берді. Анау да көпті көрген кәнігі екен. Әрі қарай бұрылып үлгерді. Жұла тартқан дүлей күшке шыдамас та еді. Көкпар тағы да қайыстай созылып барып өз серпінімен қос атты қайта қосып жіберді.

Мақұлыштың қып-қызыл көзін, білеуленген жақ еттерін тағы көрді. Түрі жан шошырлық. Екеуі де қайта түрегелді. Келесі тартысты Сердалы бастады. Қарсыласы жағынан денесімен лық етіп түсіп көкпарды бар салмағымен жерге сілкіді. Мақұлыш серкені ердің басына ұстай қойды. Ер басы қарш сынып түсті. Енді бастарын түйістіре қатар шауып, қолтық қаға тартысты. Сердалының тұла бойы тоқ жүргендей ду-ду етеді. Ананың да дымы құрып, аузы арандай ашылған. Езуі ағарып кетіпті. Кезек сілкілеседі, кезек тойтарады. Аттар орта шабыспен алып барады.

– Иттің баласы, жібер, мертіккің келмесе! – дейді Мақұлыш қырылдап-ырылдап. Жүзі түтігіп кеткен. Әлем-тапырық. Қож-қож, ұмар-жұмар бірдеңе. Сердалының аузынан қан дәмі білінді. Енді созуға болмас.

Келесі сәтте аяқтарын ат қолтығына тығып жіберіп кілт тоқтатты. Зырқырап бара жатқан атты бұлай тоқтату қиын-ақ. Көп жаттығуды, көзсіз тәуекелді тілейді. Қатты екпінге ілескен Мақұлышты өткізіп барып, сұрапыл күшпен солқ еткізе тартты. Көкпар тағы да созылып барып, бұлт етіп Мақұлыштың қолынан шығып кетті. Жоқ, шықпапты. Әлі де қолы артына қайрылып айрылмай келеді. Бұлай боларын ойламаса керек, таң қалды. Ат екпіні айналдырып барып тастап кетті.

«Ох!» деп Мақұлыш шаңға аунап қала берді. Жер мен көк тұтаса күңіреніп кеткендей. Жұрт көкірегі қарс айрылды. Кімнің риза, кімнің наразы екенін айыру қиын. Аспан асты аппақ. Бәрі жынданып мәңгіп алған. Дүние ес танарлықтай дүрлігуде. «Ағажандап» келген бірінші жігітке көкпарды ұстата салды да Сердалы шетке ойысты.

Күреңқасқаның белі талған сияқты. Көсіле алмайды. Атына іштей риза. Жалынан сүйіп алды. Жуық арада топтан шығарар емес. Бәрі жамырасып, жармасып жатыр. Күн көзі қып-қызыл, кешкіріп қалыпты. Әлгі тартыстың кемі сүт пісірімге созылғанын сезді.

Белеңге шығып аттан түсті. Төңірекке көз жіберді. Қиырдағы қос көрінбейді. Түстікке таман көп ойысып кетіпті. «Қарақыз қайтіп отыр екен? Жанын қоярға жер таппай, жолына қара тігіп үздіккен болар бейбақ жан! Тас жетім болса да ақылды-ақ, айналайын. Осыдан қолға бірер мал бітіріп қосылсақ! «Қосылмақ боп уәделескен!» Керегі жоқ көкпардың! Жастығын қор етіп бітті. Өздері-ақ намысқа құрбан болып қырқыса берсін. Қасында Қарақыз, алдында бес-он тұяғы болса болғаны. Тыныштық керек, тілемейді артықты».

Көкпар әлі шабылып жатыр. Ызың-ызың, қым-қуыт ат тасқыны даланы көшіріп барады. Мына топ, қатал топ талайдың қайрат-күшін құрдымға кетіріп жатыр. Аяуы жоқ, ашуы көп. Қызып алғанда бауырын да танымай кетеді. «Әлгіде Мақұлыштың орнында өзі болса қайтер еді? Мыңдаған тұяқ тапап, топыраққа араласып жатар еді-ау. Кім көзге ілсін?» Денесі мұздап кетті. «Қайран жұрт-ай! Кеудеңе толған запырандай ашу-ызаңды осындайда шығарасың-ау! Осы күш, осы намыс сені қайда апарар еді?!» Сердалының жанары жасаурап кетті. Қорқып емес, әлгі ойдан жасып қалды. Рухы түсіп, жаны құлазып барады. Иә, бұл өмірде қайратты жандар жылай білмесе де, нали біледі. Қабырғасы қайыса налиды. Күн көкжиекке төніп қалыпты.

Қос жаққа қарады. Көз ұшында қарғалар ұшып барады. Сердалы енді түсінді. «Ол ешқашан мал жинап байи алмайды, Қарақызға қалың да бермейді. Маңдайдағы жазуы – қу кедейлік. Көкпардың ақырғысы осы болар. Көкпармен жиған мал құрсын! Даңқ та, байлық та Сердалыныкі емес. Ертең жалғыз атын сатса да Қарақызға үйленеді. Байлауы осы, пендеге тірлік керек...»

Көкпар жақтан манағы арық бозбала «ағажандап» шауып келді. Сөзін ентігіп зорға айтады. Көкпар додаға түсіпті. Ешкім шығара алар емес. Жаңа Қаукен шал келіп: «Қырғызалының аруағы қайда, Сердалы қайда?! Дүйім елге қарабет қылмаса жетсін! Осы жерде аянып қалатын күш жоқ. Әкесіне тартса бұзсын доданы!» – депті. Ас иесі де: «Доданы бұзғанға тоғыз тұяқ бәйге!» – деп жария жасапты.

Сердалы түнеріп тұрды. Мына түрінен адамға тән мінез аңғару қиын. Батар күнге жалтақ-жалтақ қарайды.

Дода! Бұл тобырда әлгідей бір Мақұлыш емес, жүздеген мақұлыштар бар. Өздері шығармаса да өзгеге шығартпайды. Сан тосқауыл адамды да, атты да жаншып жібереді. Бұл тобырда қамшы жеп, ат жалын құшып, есеңгіреп қалатындар да көп. Аттың аты, жігіттің жігіті шыдайды. Ойлануға мұрша жоқ.

Күреңқасқаның тартпасын тартты. Құлағының түбінен қасыды. Жануар түсініп тұр. Алда не күтетінін біледі. Иесін иіскеп оқыранып алды. Иесі соңғы рет артына қарады.

Күреңқасқаның жалын тартып топқа кірді. Ортаға жақындаған сайын ат қалыңдай түсті. Көкпарға жетудің өзі күш. Құмырсқаның илеуіндей ыңырсып жатыр. Өзін танитындар ығысып жол береді. Топқа тақаған сайын ат та аршындай ышқынды. Келіп қалды. Бір атты сауырмен соқты, келесіні сағақтан ұрды. Алда біреуі тұр. Ол есік пен төрдей қара атымен жердегі серкені басқызыпты. Ат аяғы алдырар емес. Сердалы барған бойдан еңкейіп көкпарды ұстады. Қара ат былқ етпеді. Нағыз доданың аты!

Күреңқасқаның омырауымен ұрғызып жібергенде қара ат тайқып түсті. Иесі үйдей өңкиген шал. Екеуінің қолы көкпарды қатар көтерді. Берісер болмады. Бір жігіт келіп Күреңқасқаны айдауға оңтайланып еді, Сердалы ұрғызбады. Ат күшін кейінге сақтамақ. Қысқа тартысқа қарттардың көп шыдамайтынын білетін. Ат бауырына жата қалып үзіп-жұлқып жеті рет тартты. Көкпар босамады. Шалдың қолы қайыстай созылады. Сердалы ес жиғызбай тағы тартты. Сегіз. Тоғыз. Он! Серкенің шалдағы ұшы былқ етіп, ат бауырын ұрды. Енді топтан шығу керек. Серкенің алдыңғы екі аяғын таралғыдан өткізіп тақымға басып алды. Нағыз дода енді басталды.

Қаққан ат, соққан қамшы, сақ-сақ тиген үзеңгі, құлақты жеген айқай. Екі жағынан екеу ұстады. Оң жақтағысының аты белсіз көрінеді – көп тебінеді. Салмақты сол жақтағы тарамыс жігітке салды. Тарамыстың қолына бір сирақ ілігіпті. Бір-екі рет жіберіп-тартып, жіберіп-тартып қалғанда әлгі сирақ жұлынып кетті. Оң жақтағысын Күреңқасқаның тегеуріні тындырды.

Тағы да үш жігіт келіп ұстады. Тағы да үшеу. Тістері сақ етіп көзінен жасын шықты. Әлдекімнің ұрғанын білді. Сонда да көкпардан айрылған жоқ. Дүние дөңгеленіп жүре берді. Көз алды білеу-білеу білектер, ысылдаған дырау қамшылар. Ат та аянған жоқ. Тартыс атаулының өзі білетін барлық түрін қолданды. Қанша рет ат бауырына жатып-түргелгені есінде емес. Алға тарта берді. Ат тасқыны таусылар болмады. Атты ұрған қамшылар екі-үш рет өз арқасын осты.

Тақымынан көкпар сусып кеткенін байқады. Бір қол ат бауырынан ұстаған екен. Үзеңгілі аяғымен әлгі қолды теуіп қалды. Жалт қарағанда ол жігіт те аунап түсіп ат тасқынына көміліп кетті. Жармасқан қолдар көп-ақ. Енді есерлеу біреуі болмаған соң, көкпарды қоя салып өзіне ұмтылды. Ат тайқып кетпегенде еңсеріп кетер ме еді. Көз алды неге қараңғы? Күн батып кеткен бе? Күн батпай шығуы керек еді-ау!

Салмақты қол тартып өткенде белі үзілгендей болды. Оң білегі тыз етті. Қабаттаса келген әлдекім қамшымен тартып өтті. Қолын сындырмақ болғаны, бірақ қатты түйілген бұлшық ет соққыны сүйекке дарытпады. Аттар да сиреген сияқты. Жандәрмен деп соңғы тартысты тойтарды. Қит етсе жаны шығып кетердей. Бұрынғыдай бұлтылдап ат бауырына жата алмайды. Қарысып қатып қалған. Күреңқасқа дауылға ұшыраған қайықтай шайқалақтап келеді. Есеңгіреп, еліріп Сердалының да дәрмені бітті. Қарақшыға жетті.

Одан арғысын Сердалы білмейді.

Күн де батты. Күннің қалай батқанын ол көрген жоқ. Жұрттың қалай тарағанын да сезбеді. Мақұлыш аулының жігіттері келіп, дірдектеп әрең тұрған Күреңқасқаны масқаралап құйрығын кесіп кеткенін де білмеді.

Жылқышы ауылдың екі шалы келіп өгіз арбаға Сердалының жансыз денесін салды. Әр жерде топ-топ, үйір-үйір, көкпардан қайтқан адамдар. Барлығы үнсіз, жаназадан қайтқандай түнеріңкі. Түн де түнеріп келеді. Бұл далаға көкпар басталарда жұрт қалай тез жиналса, қазір де солай қараңғыға сіңіп тез жоғалды. Жер жұтып қойғандай. Шыңыраудан даланың айы туды.

Шаңдақ жолмен тықырлай жылжып өгіз арба келеді. Ай сәулесімен арба дөңгелектері соншалықты үлкейіп көрінеді. Екі шал да үнсіз. Бастарын тұқыртып алған. Өгіздер дамылсыз пысылдап бастарын шайқай береді. Арба соңында құйрығы кесілген Күреңқасқа ілбіп барады. Бұлар да қазір мына даланың бір бұрышына сіңіп жоқ болады. Иә, бұл далада не болмаған, кім жоғалмаған?!.

author

Дүкенбай Досжан

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...