(сыни-эссе)Иә, биылғы жылы қаламгер қауымында Дулат ағамыз дулатып-ақ, тұр. Осы жуықта ғана өзім &la...
ЖАҢА ЖЫЛҒА – ЖАҢА КІТАППЕН
Руханият көшінің бір тізгінін абыройлы ұстап келе жатқан «Алматыкітап баспасы» Жаңа Жылдық тартулар ұсынады!
Яғни, «Алматыкітап баспасы» дүкендерінен ең жақсы жаңажылдық сыйлық – кітап сатып алуға болады!
«Менің Қазақстаным» сериясы бойынша балаларға арналған кітаптарда ел мен жерді қорғаған батырлар, ән мен жырға арқау болған арулар туралы баяндалады.
Батырлар жыры – қазақ ауыз әдебиетінің бір түрі. Біздің баспаның кітаптарынан Ер Тарғын, Алпамыс, Қобыланды, Қамбар батырлармен танысуға болады. «Қамбар батырды» Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов мектеп жасындағы балаларға лайықтап қайта жазып шыққан.
«Қыз Жібек» – 1894 жылы Қазандағы Хусаиновтар баспасы жарыққа шығарған лирикалық драма. 1925 жылы қазақ фольклорын жинаушы Әбубәкір Диваев Ташкенттен поэманың заманауи нұсқасын жарыққа шығарған. 1933 жылы поэма Қызылордада жарық көрген. Ал 1939 жылдан бастап поэма «батырлық эпос» жинағына енген. Бұл кітапта поэманың прозалық мазмұны берілген.
«Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» жырларын белгілі балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлы проза жанрына айналдырып жазып шыққан. Бұл кітаптарды оқыған жас өрен батырлық пен батылдық, адамгершілік пен азаматтық дегеннің не екенін біліп, отансүйгіш болып өсері даусыз.
Салт-дәстүр хақында
Халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан хабардар келін келген жерінде бірден сый-құрметке бөленеді. Кітапта 350 әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ырым-тыйымға қатысты мәлімет берілген. Оны білгеннен пайда көрмесең, зиян шекпейсің, халықтық ғұрыпты білген адам кез келген жағдайда не істеу керектігін біледі.
Өсіп келе жатқан жас буынның тәрбиесімен кәсіби деңгейде айналысатындар мен қазақтың «ұлттық кодын» іздеушілер үшін де бұл кітап қызықты болар еді.
Не нәрсенің қайдан бастау алатынын түсінгіңіз келсе, осы кітапты оқыңыз дер едік!
Сөз төркінін түсінеміз бе?
Сөздік қорыңызды мәйекті мақал-мәтелдермен толықтырғыңыз келе ме?
Өнер алды – қызыл тіл. Шешеннің орны – төр. Елу тақырыпқа бөлінген екі мыңнан астам мақал-мәтелмен танысыңыз, ендеше!
Бұрын шешен сөйлеу саясаткерлер мен журналистерге көбірек тән болса, «Қазақтың мақал-мәтелдері» кітабын оқығаннан кейін кез келген адам сөз ретіне қарай мақалдап сөйлей алады. Отбасында мақал-мәтел айтудан жарыс ұйымдастыру пайдалы әрі қызықты болар еді. Мақалдың алғашқы бөлігін айтып, аяқтауды балаларыңыз бен немерелеріңізге тапсырыңыз. Бұл кітапты мұғалімдер сынып сағатында да кеңінен пайдалануына болады.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Сонымен бірге, Абайдың «Қара сөздерін» оқымай да қазақпын деу қисынсыз. Хакімнің қара сөздерін сәт сайын қайталап оқысаң, әр жолы жаңаша ой түйесің.
Абай өзінің алғашқы қара сөзінде былай дейді ғой: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын».
Қонақжайлық дастарханмен шектелмейді!
Қонақ келе ме? Оларға рухани азық та дайындаңыз! Алыстан келетін қонағыңызға қала аралауды қызықты етіп ұйымдастыра аласыз ба? «Алматыкітап баспасы» дүкендерінен «Қазақстан музейлері» кітабын сатып алыңыз. Музейтанушы Мерекеева Сәуле Кәрібайқызы құрастырған «Қазақстан музейлері» атты жинақтың алғашқысына еліміздегі ірі музей директорларының сұхбаттары топтастырылған. Олар еліміздің музейлеріндегі экспонаттар, музейдің құрылу тарихы туралы баяндайды. Өткен шақтың ауанын сезінем деген адамға музей – таптырмайтын орын. Музейге барсаң өткен шаққа топ ете қалғандай сезімде боласың, бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген жандардың немен қоректенгенін, қандай әшекей таққанын, баспаналарын қалай әрлегенін, жалпы тыныс-тіршілігін көресің.
Кітапты оқып, өзіңіз қызық деп тапқан музейлерге барыңыз! Қонақтарыңыз да керемет әсерге бөленіп, ата-бабаларымыздың мәдениеті мен тарихына құрметімізді сезінері сөзсіз.
Қонақтарыңызға мыңжылдықтар бұрынғы шеберлердің қолынан шыққан әшекейлер қатты ұнаса (ал ондай әсем дүниелердің ұнамауы мүмкін емес!), сыйлық ретінде «Қазақтың зергерлік өнері» кітабын алып беріңіз. Бұл кітапқа тек ежелгі әшекейлер ғана емес, қазіргі зергерлердің қолынан шыққан бұйымдар да берілген. Көркі көз қарықтырады!
Ас – адамның арқауы
«Қазақтың ұлттық асханасы» – этнограф жазушы Сейіт Кенжеахметұлының ғылыми-танымдық еңбегі. Онда ұлттық тағамдар мен түрлі жеңсік астың дайындалу жолы айтылған. Кітапта тамаққа қатысты дәстүрлі таным мен дастархан басындағы әдеп туралы мақал-мәтелдер, белгілі адамдардың ой-пікірлері де берілген.
Сонау көшпелі дәуірден бастау алатын қазақтың ұлттық тағамдарының құпиясын күні бүгінге дейін әр шаңырақ біледі десек, артық айтқанымыз емес.
Бұл кітап аналарыңыз бен жұбайларыңызға, жас келіндерге керемет сыйлық болар еді. Қыздардың жасауына қосса, тіпті керемет! Жас келіндер ас дайындаудың қыр-сырын меңгеріп, апа-әжерелердің батасын алар еді. Өйткені қонақ үшін беретін тамағың ғана емес, қабағың да маңызды.
Қыздың жасауы туралы тақырыпты жалғастырар болсақ, бойжеткен қыздың сандығына «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабын салып қою керек!
Бұл ең бағалы сыйлық болары сөзсіз!
Туған жердің тауы да ыстық, тасы да ыстық!
Кең-байтақ жеріміздегі табиғи қорықтарға барған жандар баршылық шығар. Кейде қолда бардың қадірін білмей, теңіз бен мұхитты көру үшін алысқа сапар шегеміз. Алайда, мектептегі каникулдар бар емес пе?! Тоқсан арасындағы каникулдар – Қазақстанның қорықтары мен табиғи бақтарына баруға таптырмас уақыт. «Қазақстанның қорықтары мен ұлттық бақтары» кітабы табиғат пен жан-жануарлар туралы қызықты мәліметке толы! Кітапты оқып, көркем табиғаттың суреттерін көзбен көріп, әрі қарайғы бағдарды белгілеуге болады.
«Менің Қазақстаным» сериясында «Қазақстанның жан-жануарлар әлемі», «Қазақстанның өсімдіктер әлемінің қазынасы», «Қазақстан қызғалдақтары», «Қазақстан Қызыл кітабының беттерінен», «Қазақстанның қауіпті жануарлары» кітаптары да бар. «Алматыкітап баспасы» дүкендеріне арнайы келіп, туған ел туралы қызық кітаптарды таңдап алуға болады. Отанға деген махаббат сондайдан басталады. Мұндай кітаптарды балаларға алып берудің де маңызы зор. Балалар мектептегі сабаққа басқаша қарай бастайды, табиғаттың нәзік екенін түсінеді, оны сақтау үшін не істеу керектігін білетін болады.
Ұлы Жібек жолы.
Біздің бабаларымыз қалай саяхаттаған? Олардың саяхаты қызықты ма еді? Бәлкім қауіпті болар шығар? Шөл мен тауды қалай басып өтті екен? Ежелгі Тараз қаласынан ежелгі Бейжіңге жету үшін қанша таңды атырып, қанша күнді батыру керек болды екен?
Мұны білу үшін балаларыңызға «Ұлы Жібек жолы» кітабын әперуге кеңес береміз. Қыстыгүні кешкілік жылы көрпеге оранып отырып, балаларыңызбен бірге тарихты тағы бір парақтап шығасыздар. Мыңдаған шақырымға созылып жатқан құм далада жол табудың өзі квест ойынынан кем емес. Жапонияның аралдары мен Рим империясын байланыстырған керуен жолдарының қандай болғанын оқып біліңіздер. Сосын оны балаларыңызға айтып беріңіздер.
Тақырыптың жалғасы ретінде «Ұлы Жібек жолы бойындағы қасиетті орындар» кітабын сатып алуға болады. Журналист, жазушы, деректі киноның режиссері Әнуар Мамырайымовтың еңбегінде ежелгі археологиялық ескерткіштердің құпиясы ашылады. Туған өлкеңіздің өткені, тарихы мен мәдениеті туралы көптеген қызықты мағлұматқа қанық боласыз. Сіз туған өлкеде қызықты жерлер көп пе? Оларға баруды жоспарлайсыз ба? Олай болса, Қазақстандағы саяхатты естен кетпестей етіп өткізіңіздер. Отбасыңызбен және достарыңызбен бірге саяхаттаңыздар!
madeniportal.kz