6-шілде – Астана күні. Атаулы күнге орай "Мәдениет порталы" бір топ а...
Абай Мауқараұлы. Дулат Исабек және соцреализм
(сыни-эссе)
Иә, биылғы жылы қаламгер қауымында Дулат ағамыз дулатып-ақ, тұр. Осы жуықта ғана өзім «Қайырниса хабары» деп, атайтын Жазушылар Одағының ватсабынан «ҚазҰУ-да Дулат Исабеков көшбасшылық дәріс оқиды» дегенді көре сала тыңдағым келді, өйткені, кейде сонша кітап пен мақаладан гөрі осындай кездесуден қаншама рухани ақпарат алып үлгеруге болады. Солай болды да.
Бірақ, өз басым қазіргі көрермен, жазушының бұрынғы оқырманы ретінде іштей бір тайталасқа түсумен болдым. Дулат ағамыз өз драмасына бәрінен де баса мән беретінін байқап отырдым. Жиырма жеті драмасы түгел сахналанғанын әрі шетелдерде сахналана бастағанын соның ішінде драманың отаны Еуропа елдерінде сахналануын әлденеше рет ескерте айтты.
Әрине, бұл қазақ қауымы үшін мақтаныш, таңданарлық рухани құбылыс екенін де сөз жоқ. Өйткені, бұл күнге дейін «ойбооой, қазақтың бай әдебиетін, атақты қаламгерлерін дүниежүзі неге танымай жатыр!» деп байбалам салуда едік қой. Олай, болса драматургтері драманы шыңға шығарған, көрермендері сұмдық кірпияз елдерде қазақтың төлтума драмалырын өз тілдерінде аударып жатса, сахналап жатса онда айтар сөз бар ма?! Дүниежүзі таныған, мойындаған деген осы емес пе?!
Әрі, Дулат аға өзі айтқандай әдеби жанрдың ішіндегі ең қияпаты да қиыны, екінің бірі қалам сілтей алмайтын тылсым сөздің нақ өзі – осы драма. «Драмада бір ғана сөз оны жарқыратады, жалғыз сөз ғана оны жапырып құлатады» деді. Содан да, «ақын, жазушы» деген қаламгерлік атаудан «драматург» деп бөлекше аталуы да тегін емес секілді.
Сұрақ-жауап кезінде Дулат ағамның: «Прозаның яки романның Еуропадағы, Орыстағы он сегіз-он тоғызыншы ғасырдағы алтын ғасыры өтті және жиырманшы ғасырдағы қазақ прозасының да алтын ғасыры өтті», – деді.
Ал, өз басым Дулат ағамыздың драмасы туралы онша хабарым жоқ екен. Алайда, оның осынша сахналануы мен шетжұртта танылуына қарағанда қаламгердің нақты жетістігі де осы салада екеніне күмән жоқ.
Бір қызығы, осы дәріс кезінде баяғы бозбала, жігіт шағымда Дулат ағамның жазған әңгімелерінен оқығандарым кезек-кезек есіме түсе бастады. Дәл сол оқыған кездегі әсерлерім мен ондағы оқиғалар да көз алдымнан шұбырып өтуде. Бұндай жағдай негізі сирек құбылыс. Көбінде, оқырманның есінде ақын-жазушылардың аты-жөні анық сақталса да, оның жазғандары есте қалуы мың да бір болады, шығармалардың көбі сол кездегі қызығымен ғана елтітсе де, көп өтпей көңілден өшіп мүлде ұмыт болып жатады.
Ал, сексенінші жылдардың іші болу керек, бәлім «Қазақ әдебиетінен» яки «Жұлдыз» бен «Жалынның» бірінен оқыдым ғой дейімін «Айпетри» деген әңгімесі әлі күні есімде. Республикадағы әлдебір үлкен бастықтың ерке әйелі әйгілі бір демалыс орнына барады. Қызметші жігіт қарсы алып оған бәйек болуда, сөйтсе ол оны көзіне де ілмей кердеңдеуде. Бір ғана эпизодта «жігіт оны параход палубасына демеп шығармақшы болып қолын ұсынғанда, сұлу әйел оған үш саусағын ғана немқұрайлы соза салды» дейді. Тәкаппарлықтың шегі!
Енді, бір-ақ абзацтан кейін бишаралықтың шегіне тап боласыз. Байының мансабына мастанған әлі кердең келіншектің күйеуі аяқастынан үлкен қызметінен қуылғанын естігендегі әйелдің сорлы түрі миыңызға шеге боп қадалады. Міне, бұл мансапқорлық деген дерттің әбден дендеген, бастыққа бас ұру дейтін індеттің мүлдем жайлаған социалиализм деген қоғамның бет пердесін сипай отырып сыпырған сарказмның нақ өзі еді.
Тағы да сол кездегі мерзімді баспасөз бетінен оқыған «Ескерткіш» те, социализмді мақтамен бауыздаған, сырттай күлдіре отырып, іштей күңірентетін шығарма дер, едім. Оның мазмұны да күні бүгін көкейімде сайрап тұр.
Ал, «Дермене» мен «Сүйекшіні» әлдебір жинақтан оқығанмын, сол кезде біз секілді алыс елде жүргендердің аяғы жетпейтін, шіркін бір көрсек дейтін Қазақ елінің нақты ахуалын, боямасыз адамдарын көкей көзімізге көрсеткен туындылар еді, бұлар да. Енді ойласам, Дулат ағам соцреализмнің шапанын жамыла жүріп нағыз реализммен қалам тербеген екен, қалың оқырманның да ықласы осы үшін екен ғой, деген ойға келдім.
Осылар көкейіме келгенде, Дулат ағамның сценария, көркем фильм, режиссерлік, актерлік...яғни драмаға қатысты өзгеше бір жазбасын еске алудың да орайы тағы келді.
Қазіргі кездегі неше түрлі фильмдерді көрген кезімде олардың сапа шамасын санамда саралауға маған әлппелік білім берген, содан бері де солайша санамда әркез жаңғырып ұмытылмай келе жатқан «Индиана» дейтін эссесін де сол кездегі мерзімдік баспасөзден оқығанмын.
Онда, Советтік бір топ актер, режиссерлермен бірге Дулат аға Франция еліне барғандығы баяндалған. Сөйтсе, ол елде жаңа ғана көрерменге жол тартқан «Индиана» фильмінің премьерасы қойылып жатса керек. Советтік қонақтар көркем фильмнің шығарушыларымен емен-жарқын танысады.
Бір қызығы туындының сюжет-оқиғалары Үндістанға қатысты екен. Советтік қонақтарға фильмнің режиссері «актерлерді көшеден іздеп жүріп таңдап алдым» дегенде советтіктер «Көшеден оқымаған біреулерді ме? Ал, бізде актерлерді бәлен жыл оқытамыз ғой!» деп, таңданыстан қайран қалыпты. Сонда, француздар «Актерледі оқытамыз, дейсіздер ме!?» деп, тіпті, айран-асыр болыпты.
Содан, бір-біріне түсіндірсе керек. Мәселен, осы «Индиананы» ойнау үшін ең әуелі сценариядағы кейіпкерлердің мінез-қылығына сай келетін кісіні, әрине көшеден іздеу шарт. Мейлі, ол кім болса, ол болсын, тіпті көшедегі етік тазалаушы да лайық келсе жарай береді. Солайша, таңдалған актерлермен, рөліне сай төленетін жалақысына да келісіледі. Сонсоң оларға, сценарияның мазмұнын толық ұқтырады. Және, француз тіліне аударылған үндістан өмірі жайлы әлденеше кітаптарды оқытып сол елдің жай-күйіне әбден қанықтырады.
Сонымен, осынша жанды қызметтерден кейін ғана түсірілімге қадам басуға тәуекел етіледі. Француз режиссер, бұның неге олай екенін өте оңай түсіндірді, фильмде біздің актерлер «ойнамайды» өзі қалай болса дәл солай жүреді, міне бұл фильмнің шынайы болуының бірден-бір шарты, дейді. Советтіктер ол кезде бәлки мұны қабылдады я мүлде қарсы болды, ол басқа әңгіме. (Соцреализммен форматталған бастар, ол капиталистердің бұл ісін бәлки түсінгісі де келмеген болса таңданарлық нәрсе емес) Ал, мұны айнытпай жазған Дулат ағамыздың бұдан сол кезде жақсы сабақ алғанынан менің еш күмәнім жоқ.
Сонымен, советтік қонақтар «кино театрға» барып, тіпті таңғалыпты. Біздегідей сәулетті кино театр атымен жоқ, әлдебіреудің шала қалдырған құрылысын қамсаулап жөндей салған.
Бірақ, бір кереметі, әлгі жұпыны театрсымаққа кіре бере-ақ, Үндістан елінің табалдырығын аттағандай боласыз, қызмет көрсетушілер түгел үндістан секілді киінген, салондағы жағдай да дәл солай.
Қойылған «Индиана» фильмінің де ғаламат тартымды болғаны сонша, көрермен өзін ұмытып сол оқиғамен қатар жүргедей күйге түскен сыңайлы. Үндістаннан келген қонақтадың өзі де қатты разы болады, біздің өзіміз дәл осылай ғажап етіп шығара алмас едік деп, шын мойындаған сөздерін де айтқан екен.
Гәптің бәрі өнердің шынайылығына қалай жетудің жолын тапқандығы екені айдан анық қой. Міне, менің де драма жанрының әлппесіндей «Индиана» деуім содан. (Өйткені, сценария, режиссер, актер деген «асау үштіктің» басын бір ноқтаға сыйғызып дүлділ туынды жасау шығармшылық өнердің ең қияпат қиыны. Көркем фильм мен театр сахнасы деп аталған «үштік шығармашылық» жағынан екі туыс жанрдың кино экранда қойылатын кеңістігін аядай сахнаға әкеп сиғызу, әрине түсінген адамға, «иненің көзіне түйе өткізгендей» десек, артық айту болмас.)
Сөз басында, драматург ағамызды социализм яки соцреализммен қосақтап жазуымның мәнін ақырындап айтып та қойған секілдімін. Бірақ, ашықтау айтсақ «Советтік социалистік бағыттағы, мазмұны партиялық, түрі ұлттық» дейтін «темір жолмен» жүруге тиіс идеологиялық әдебиетте, осы салып қойған «темір жолмен» талай ақын-жазушылар айнымай жүргенде, онымен жүрмей, темір жолмен қапталдасып жататын қара жолмен зымырап, «соцреализмді» шаң қаптырған аз санды жазушыларға осы Дулат ағамызды қосып айтсам дегем.
Оқырман ретінде ол «аз сандыларды» мұнда атаудың шарт емес екенін де ескере тұра, осы жолы айта кетпесем, қайта қаламға ілінбей қалатын бір оқиғаны қоса жазсам, осы сыни-эссемнің өзіндік бір мақсаты да толығырақ болатындай.
Осыдан он жылға таяу уақыт бұрын атақты «Қан мен Тердің» авторы Әбдіжәміл көкеміздің жақын нағашы інісі Дәкібай ағам маған бір ұсыныс айтты. «Әбекеңнің Кровь и Потын орыстар қатты оқиды. Советский писатель ме, Моладая гвардия ма, бір баспадан хат келіпті: Кітапта оқырман түсінбейтін ислам сөздер кезігеді, соны келесі басылымда түсініктемемен қоса беру керек, деген. Ағамыз маған тапсырып еді. Абай, сен соны қарап берсең, деді.»
Дәкібай ағамен жақсы көрші қатынаста едік, ол кісі менің Ислами кітаптардың қазақша аудармаларына редакторлық жасайтынымды білетін, сол себептен айтып тұрғанын түсіндім де, әрі Әбдіжәміл көкемізбен жолығудың сәті түсіп тұрғандықтан қуана келістім.
Дәкібай аға екеуміз ол кісіні АҚШ елшілігінен орысша сөйлейтін бір американдық жігітпен бірге шығып келе жатқанда кезіктірдік. Достық даңғылының Қажымұқан қилысына таяу маңдағы үлкен үйіне де жеттік. Отбастарында жаңа туған жиен немерелі болып жатқан қуаныштары да бар екен.
Әбең кең дәліздегі терезе алдындағы жарғы мол үстеліне шақырды. Блоканатындағы ұқыпты тізіле жазылған араб текті сөздерін маған оқыды. Сәл ойланып ең оңтайлы қазақша баламасын айтудамын. Ол кісі сол айтқанымды әлгі сөздің дәл тұсына жазуда. Сонымен, ол тізім де бітті.
Енді, бозбала жасымнан «Қан мен терді» оқыған кезімнен бері бір көрсем деген атақты жазушыны басқадай сөзге тартудың жөнін іздеп отырмын. Өйткені, ол кісінің артық сөзі аз, іс бітсе болды дейтіндей екенін байқадым.
Содан, «Аға, сіздің аты-жөніңіз де Исламша мағынада ғой» дедім. «Иә, айтсаңшы, енді!» дегендей бетіме үңілді. Айттым: «Әбдіжәміл деген ғабду құл, Жәмил деген Алланың көркем есімінің қосындысы», дедім. «Ал, Кәрім деген әкеңіздің аты болса, тағы да көркем есімге тиесілі. Ал, Нұрпейіс деген фамилияңыз, бақи дүниедегі жәннаттың атауы» дедім. Әлгі блоканатына аты-жөнінің түсініктемесін де сол қалпы жазып алды.
Енді, не десем екен деп, сәл ойландым да, қайдан шықса одан шықсын дегендей баяғыдан көкейімде жүрген сөзімді айтып салдым:
«Аға, сіздің Қан мен Теріңіз, қанша жақсы болса да советті жақтаған шығарма ғой. Ал, соңғы жазған Селіңіз социализмді өлтіре сынаған тамаша шығарма емес пе?» дедім.
Бетіме барлай қарады, сәл жымиды, қарсы да емес, құптау да емес, бірақ, менің тіке пікіріме көңіл бөліп, разы болғандай: «Енді, солай деп жақсылап жазбайсың ба?» деді.
Мен де, езу тарттым: «Аға, сіздің шығармаңыз туралы менің жазуыма мұқтаж емессіз ғой... Мен жәй өз ойымды айтқаным...» дедім де: «Негізінде, Сеңнің сол Жұлдызға жарияланған бұрынғы атауы өте дұрыс еді, ғой. Аралдың толқынымен ағып бара жатқан сеңнің үстіндегі Жәдігер мен Әзімнің тай-талас халі мен ортадағы Бәкизат сұлу бүкіл кітаптың өзегі емес пе? Кейінгі, «Соңғы парыз» деген атау өте таптаурын сөз ғой» дегенімде, Әбекең көкем, бір төгіліп сөйлеп кетті, бәлки нақты шындықты айтты ғой, деймін.
«Өй, әнебіреу қазақша шала білетіндер есімді шығарды ғой. Әй, Әбдіжәміл, ана кітабыңның атын «Ты» деп қойғаның не, деп. Сеңді, сен деп түсінетіндерге не дерсің. Содан болды, бәрі...» деген-ді.
Міне, бұл біздің қазақ қаламгерлерінің соцреализм мен реализм ортасында қалай жол табудың жанталасына түскен жанкешті күресі жайлы бір үзік сыр десе де болады.
Осы қым-қуыт қиын күресте, социалзмнің «қуыршақ ескерткішін» өз қолымен құлатысып, шынайы реализм жолында жеңіс тұғырында сексеннің сеңгірінде аман-есен шыққан жазушы ағамыз Дулат жайлы оқырман-қаламгер ретінде көңілімдегі сөзім осы, еді.
28.11.2022