«Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында Баянауыл аудандық әкімдігі мен «...
«Зүмірет» – қазақ қоғамына аса қажет һәм қымбат кітап
Фото автордікі
Зерттеуші, аудармашы, жазушы Айнаш Қасымның «Зүмірет» кітабын қолжазба күйінде парақтап отырып, әр түрлі әсер мен ойдың жетегіне ердім де отырдым.
Ойға жетелегені – шығыстану және әдебиеттану бағытында жазған озық үлгідегі зерттеу мақалалары мен сұхбаттары. Әсер жетегіне ерткені – адам жанының ең нәзік қылын шертер, көңіл шіркіннің әр сәттегі сезімін қозғар әңгімелері.
Жалпы, Айнаштың кез келген шығармасын, сұхбаттарын, мақалаларын бір-бірінен бөле қарауға келмейді екен. Тұтас дүниенің бір шетіне түссеңіз, екінші шетіне шыққанша, өзіңіз де айналсоқтап жүріп қаласыз. Өйткені, қанша шет-жағасын білеміз десек те, бізге бәрібір жұмбақ та байтақ әлем екені сезіліп қалатын ежелгі Шығыс әдебиетінің соншама ғасырлық сорабының шегіне жету мүмкін емес. Осы тұрғыдан келгенде сізге Айнаш шығармалары жол нұсқайды. Ғаламдық өркениетте айтарлықтай орны бар парсы мәдениетінің қыр-сырын Айнаштай меңгерген қаламгер бізде көп емес.
Автордың «Самұрықтың мекені Қап тауы ма?» деген мақаласынан миф пен аңыздар әлеміндегі тылсымының қазақ санасындағы бір ұшығын оңай тауып аласыз. Әйгілі «Шаһнамадан» тірі мысал. Авторға сөз берсек: «Бұл эпопеяда самұрық құспен үшінші рет «Исфандиярдың Рүстеммен соғысы» атты бөлімде кездесеміз. Самұрық Рүстемге Гуштасптың ұлы Исфандиярды жеңуге қатысты ақыл-кеңес береді. Гуштасп ұлы Исфандиярға уәде еткен тағын бермеудің амалын қарастырып, ұлының Рүстемнің қолынан мерт болатынын білген соң, «оның қолына кісен салып, ертіп кел» деп орындай алмайтын қиын тапсырма жүктейді. Өліспей, беріспейтін Рүстем кісендемек болған Исфандиярдың талабына көнбей, ұрыс алаңында нағыз батырларша соғысады».
Шығыстың ұлы шайырларының жырына шырай берген замандар мен дәуірлердің келбетін көргіңіз келсе, ақындардың атасы атанған Рудаки жайын, «Фирдоуси – ақылды асқақ тұтқан ақын», «Омар Хайям рубаиларындағы шараптың шындығы» сияқты мазмұнды толғамдарға көз саларсыз. Сонымен қатар, Моуләви, Сағди, Хафиз, Парвин қатарлы ұлылардың өмірі мен шығармашылық иірімдеріне қанығасыз. Желіні арғы заманнан тартқан автор әр ғасыр ғұламаларының сұлбасын сала отырып, «Сұлтан Байсұңқар баһадүр» атанған Байсұңқар ақын мен Қазтуған жырауға келіп, ат басын іркеді.
Оқи келе, өзіңіз де ежелгі шығыстың миуалы әсем бағында, бір деммен сытырлай жанған шырағдан түбінде отырғандай күй кешесіз. Рудаки жазған қасиданы бандура немесе өзге музыкалық аспап сүйемелінде Насыр II-ші әміршімен бірге тыңдағандай, буын-буыныңыз босайды:
Мулиан арығының иісі бұрқырап,
Мейірімді жарды еске түсіреді.
Әмударияның шағыл тастары,
Аяғымның астында жібектей еседі...
Шығыс демекші, осынау ғаламат дәуірлерде ғұмыр кешкен мұңлық шайырлар мен қоса, сол дәуірдің шаңы жапқан керуен жолдарының, ғаламат өркениет пен ғылымға бой ұрған парсы қоғамының, шәрілері мен шаһарларының айбатын да сезінесіз.
Келесі бір назар аударар дүниелері – Наурызнама танымы мен шағын сұхбаттар легі. Одан автордың мол біліммен қатар, жинақылықты, тас-түйін ойды бір сөзбен жеткізуді қалай меңгергеніне көз жеткізесіз. Оқып, түйе білу – бір басқа, жаза білу – бір басқа. Осы кітаптан жазу білетін таланттың сергектігі мен аса еңбекқорлығы оқырманды өзіне бірден тартады.
Айнаштың зерттеу тақырыбынан бөлек, оқырманды өзіне жақындатар тағы бір қыры – жазушылығы. Сөз басында «Айнаштың кез келген шығармасын, сұхбаттарын, мақалаларын бір-бірінен бөле қарауға келмейді екен» дегенім содан. Адам пендесінің, оның ішінде «жазумен ауыратын» жандардың жақсылыққа асығатыны сияқты, жақсы дүниелерді оқуға да асығатыны бар. «Құран дарбазасына» үңілсеңіз де, «Ноғайдың қызын» оқысаңыз да, кездесетініңіз – сол бір сызық бойындағы, бірақ әр түрлі бояудағы қым-қиғаш, күрделі әлем.
Барлық шығармасын бір көгенге тізіп, шетінен көрсету – мақсатымыз емес. Оны ойлы оқырман өзі-ақ жіктеп, санамалап алады. Біздің айтпағымыз, «Зүмірет» – қазақ қоғамына аса қажет һәм қымбат кітап. Шығыс әдебиетіне қызығатын немесе зерттеп жүрген әр жас үшін таптырмас құрал. Көркем әдебиет шебіне қосылып, жаңа дүниелер жазамын деген жас үміттер үшін Айнаштың әңгімелері – біртұтас мысал.
Басынан түсіп, кітап соңына жеткенде, өзіңіздің жан түкпіріңізде де бір зүміреттің жарқырап жатқанын сезер едіңіз...
Ұларбек Дәлейұлы,
Ақын, жазушы