Менің әкем қарғаға ұқсайтын. Кішкентай бала кезімнен мен оны қарғаға ұқсатып едім: бір күні "Ни...
Жанат Жаңқашұлы: Мұңаяды. Жылайды. Өкпелейді.
Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар. Мәдениет порталы осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады.
Бұған дейін ақын Тілек Ырысбектің "Қайран қытай кеспесі..." атты өлеңдер топтамасына жазылған Әбіл-Серік Әліакбардың "Ерекше өлеңнің ерекше сардары" деп аталатын талқы мен талдауды ұсынған болатынбыз.
Қолыма Тілек Ырысбектің жазбалары тиген соң тосырқап қалғаным рас. Кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне «ақ өлең әңгіме үстіне көтерілген бу ғана» деген пікіріме ақөлеңшілер ренжіп қалып еді. Бірақ мұның да естісі мен есері болатын секілді. Кейбірі қара өлеңнен жалығып, яки еркіндік іздеп ақ өлеңге кетсе, енді біреулері «рахаты осы екен» деп ұйқассыз өлеңге құлай салған сияқты. Олай деуіме себеп, ақ өлең жазып жүрген жігіттердің біразы қара өлең дегенді жазып көрмеген. Жазса да жарытпаған. Молданың бар сүрені бір мақаммен оқитыны секілді бір мұңға салып, батқан күннен, құлаған тамшыдан өздерін іздейді де жүреді. Мұңаяды. Жылайды. Өкпелейді. Бұл мас адамның былдырындай һәм дәл соның өмірге өкпелегеніндей әсер қалдырады. Сосын бір-бірінің аузына түкіргендей «өлеңдегі» ауралары бір-бірінен аумайды.
Ақ өлең жазып жүрген жігіттердің өлеңдерін бір кітапқа жинақтап, авторларын алып тастасаңыз ел бұның бәрін бір адам жазды дегенге сенер еді. Есенғалиды, Тыныштықбекті, Ақсұңқарұлын тіпті Ақберен, Ерлан Жүніс, Мирасты алғашқы шумағынан танитын түйсігіңіз бұ жолда сізге серік бола алмайды. Меніңше ақ өлең қоғам өлеңді ұғудан қалған кезде пайда болатын дүние. Бәлки дерт. Бүгінгі біздің қоғамға көрініп тұр...
Тілек Ырысбектің мына жолдарына зер салыңыз:
Кенет Экран бетінде Қарта ішіндегі өзен жағасында тұрған балалар маған қарата тас лақтыра бастады. Ал олар мен едім. Мен, өзімді сағындым... *** Киімім кебінім секілді, Қайнаған су толы стакан ішіне, Тым ұзақ тесіле қараймын. Мен, сосын, жуамын қолымды, күнәмді жуғандай сабынмен. *** Көзіме шағылысқан сәуледен, Жанарымды тайдырып ойнаймын деп, Әлдебір кездескен адамдарым мен киген киімдерімді ұмытыппын.
Мен осы «өлеңдерді» оқып отырғанда Орхан Памук немесе Пауло Коэло прозасының аудармасын оқып отырғандай күй кештім. Өзге ақ өлеңдерді оқығанда да сол хәлде болам. Бұл Тілекті, болмаса басқа біреуді кемсітейін дегенім емес. Имандай шыным. Өлең жолдарының авторынан һәм өзге де ақ өлеңші достардан алдын ала кешірім сұраймын.