Ұларбек Дәлейұлы. Қарғыбаулы қасқыр

ӘДЕБИЕТ
15504

Дала хикаясы


Бөрі тұқымы кезбелерге неге өш?..

Тау қазақтарының қырқыншы жылдары қытайларға қарсы бастаған сұрапыл соғысы 1951 жылы Оспан батыр ұсталғанда аяқтағандай болып еді. Содан елде бір мезет тыныштық орнады да, көп өтпей батыс аймақтарды түгелдей қытайластыру саясаты жасырын жүргізілді. Кейін бұл саясат тіпті күшейді. Оған себеп: 1951 жылы күзге қарай қытайға қарсы қайта көтерілген Қалман қажы, даңқты батыр әрі мерген қарақас Дәлелхан балуан, Сарбас Жүкей бастаған қарулы топ Ақсай өңірі мен Алтай бетінде сәтті соғыстар ұйымдастырды. Қазақтардың соңғы бұлқынысын басуға келген қызылдардың ең мықты армиясы саналатын бес мыңдық әскерін Құбының құмында «Қазақнқұм» деген жерде қоршап алды да, түгелдей қырып салды. 

Одан шабыт алған қарлы тау тибеттері, Ниңшия дүңгендері, Байынғол моңғолдары, Ақсу-Хотан ұйғырлары қосыла бас көтерді. Бейжіңнен тағы маза кетті. Сонымен, «коммунистік партияның жұмсақ саясатын қолданып, біртіндеп қытайластыру» қаулысы қабылданған.

Әдеттегі уақытта әскери форма кимейтін, егін салып, тың игеретін «сақтық әскерлер» дивизиялары барлық өңірлерге орналасты. Жергілікті ұлттар басқыншылыққа қарсы көтерілген жағдайда, соларды қарулы күшпен басу үшін әкелінген бұлар жайшылықта сыртқа қойдан қоңыр бейне көрсететін. Олармен қоса осынау зұлым саясатпен бірге құшағы құт, баурайы берекелі қазақ даласына ішкі қытайдан жүз мыңдаған адам тасқыны ағылды. Яғни, қылмыскерлер, коммунистік жүйе үшін күдікті саналатын бұрынғы «Халықтық партия» әскерлері, жұмыссыздар, жан саны көп облыстарына симай жатқан қара табан егіншілер. 

Ал, не заңды құжаты, не оқыған мамандығы жоқ оларды жергілікті халық «кезбелер» немесе «ақпалар» деп атап кеткен. Күй талғамайтын, қолына түскенді жеп, кез келген жұмысты істеп, басы сиған жерге жата кететін. Бұлар келген соң ел ішінде түрлі оқиғалар да көбейді.

Кезбелер қоныстанған жерде бұлақтар тартылып, ағаштар сарғайып кететін. Олардың табаны тиген жердің берекесі кетіп, қу тақырға, шаңы ұшқан сүркейлі мекенге айналатын. Аяқ жетер жердегі орманды, сексеуіл мен бұта-бүргенді шегірткедей отады. Тулаған балығы жағалауға түнде жаққан отты сөндіріп кететін өзендерде құрт шабақ та қалмады. 

Жоңғар ойпатында Усу деген шағын қала бар. Ішкі қытаймен Шинжияңнан қайшалысқан жол торабының бірі осы маң. Жүз мыңдаған кезбелер бұл өңірді толтырып, оған симағандары қазақтар қоныстанған өзге аймақтарға қарай ағылған. 

Сол Усу қаласының маңына қыстақ соғып, балшық үйлерге орналасқан кезбелер айнала табиғатқа жаудай тиген. Құбының құмына қарай жайқала өскен сексеуілді жұтатып, жеуге жарамды «жыбыр» еткен жандіктің бәрін ас еткен. Онымен қоймай, дәрілік шөп үшін пайдаланатын қызылмия, сұңғыла тектес өсімдікті де тамырымен жұлып, байтақ даланы тақырлаған. Жергілікті қазақтар оған тыжырына қарағанымен, қатты қарсыласуға қытайдың өз ұлтына бейімдеп жазған заң-зәкөндері ырық бермейтін.

Сөйтіп жүргенде, ол кезбелерді табиғаттың өзі жазалады. 

Бір жылы қатты жұт жүріп, қазақ малшылары біраз шығынға ұшырайды да, келесі жылы мал күзетін күшейтеді. Даладан жемін таба алмаған қасқырлар адамға, оның ішінде текедей таңдап, қытай кезбелерге жауша тиеді. Бәлкім, етінің дәмі өзгеше, немесе, жергілікті көшпелілер, яғни, атқа мінген тымақтылар сияқты қауіпті емес, тарпа бас салып, асай салуға оңай болғандығынан шығар. Әйтеуір, мыңғырып мал жайылып жатса да, ішінен тек кезбелерді теріп жеп кететін аңызға бергісіз оқиғалар молайды.

Алғашында бір жерде тұрақты қоныстанбай, байтақ өлкені кезіп жүретін олардың дене қуаты әлсіз, «үп» еткен желден қорқатын рухсыз болғанымен өсімталдығы сұмдық еді. Шұбыртып туа береді. Көбінде жансар туған шақалақтарын күресінге, жол бойына тастап кете беретін. Дала қасқырлары оны жеген сайын тәбеттері ашылатын. Кезбелер қатты көбейген жылдары қасқырлар да тоқ болатын.

Сай-салада иығына сөмке іліп, қазақ ауылдарын аралап киім-кешек сататыны бар, көгөнісін шарбағына салып, қыстақтарды аралап жүретіні бар, біраз кезбе қасқырларға жем болады. Аудан әкімдігі ресми қаулы шығарып, қасқырларды аулауға қазақтарды жұмылдырады. Көктем аяғы, өлекшіндер күшіктеп болған мезет. Дала заңын, табиғат тепе-теңдігін бес саусағындай білетін аңшылар бірен-саран арландары мен жеке дара жортқан еркек қасқырларды атып, сақшыға тапсырады.

Сол кезде қоңыр адырлардың арасындағы бұлақ бойына қойын суаруға келген екі жігіт суға жақын маңнан қазған апанның үстінен түсіп қалады. Апаннан шыға қашқан екі қасқырды мылтығы жоқ екі қазақ тақымдарындағы сойылдарын суырып алып, қуып береді. Жақында ғана күшіктеп, бауырын енді жия бастаған өлекшін жүйрік аттардың тұяғының астында қалуға айналады. Дала бөрілерінің жаратылысынан бергі бұлжымас заңы бойынша, мұндайда арлан қасқыр басын қатерге байлауы керек. Сол дағдымен өтірік ақсаңдап, екі аңшының назарын өзіне аударады. Алдағы белден асса, қылың быдырмақ, сексеуіл басталатын. Екі бөлініп қуғанмен, алдындағы олжадан айырылып қалуы мүмкін. Оның үстіне күшіктеген өлекшіннің көктемгі терісі жарамсыз болады. 

Соны ойлаған екеуі арланның соңына түседі. Өтірік қаша алмаған бейне көрсеткен еркегі қуғыншларды үміттендіріп, бір қалыпты аралық ұстап, жорта береді. Түстік шығысқа кілт бұрылған қаншық қасқыр сай ауызына шыға, қалың жыңғыл арасына кіріп құтылады. 

Белден аса безген арланның қарсы алдынан өзге жақтан қасқыр аулап келе жатқан жігіттер кездесіп қалады да, мергендердің бірі атып алады. Ұрғашысын құтқарып, өз басын өлімге тіккен, есік пен төрдей дәу арланды бөктерген екеуі қойға, бұлақ бойына келеді. Көп әуреленбей-ақ апанды да табады. Көздерін әлі ашып үлгірмеген бес бөлтірікті алып, ауылға қайтқан. Қасқырларда адам таңданарлық бір ғажап қасиет бар. Олар ешқашан жұп тумайды. Үшеу, бесеу, жетеу, тоғыз, он бірге дейін тақ санмен күшіктейді.

Сонымен, әлгі екі қазаққа орта жолда бір топ қытай кездесе кетеді. Тұтас Усудың иесіз иттерін жеп тауысқан кезбелердің көзі олардың қоржынындағы кұшіктерге түседі.

– Сендер не алып келеді?, – дейді, мұнда бала күнінде келіп, қазақ тілін шала үйренген жастауы.

Қутыкеш бір қазақ тұрып:

– Біз асыл тұқымды ит бағамыз. Мынау соның күшіктері. Күзге дейін аман өссе, бір қойдың етін береді. Қуырсаң да, асып жесең де дәмі керемет.

– Ой, хасахылар ит жемейді ғой. Сен білеуін бізге сатады. Біз саған мына затталдан сұлрағаныңды беледі, – деп иықтарына ілген сары сөмкелерінен ағашшылыққа, үй жиһаздарын жасауға пайдаланатын құралдарын шығарады. 

Киіз үймен көшіп-қонып жүретін малшылар үшін кереге көктеуге, шаңырақ иіп, уық жасауға табыла бермейтін болат жүзді бұрғы мен өткір қашауға, жүзі жарқыраған балтаға көзі түскен қазақтар екі бөлтірік беріп, қажетті заттарына айырбастап, жолына түскен. Кетерінде «Бұл күшіктерге қазірше сүт бересіңдер. Көзін ашып, тісі шыға бастағанда қан иіскетіп, ет беріп бағыңдар» деп ескертіп, сақылдай күліседі.

Өздеріне мүлде бөгде екі аяқтының жағымсыз иісін сезген қос бөлтірік жан таппай қыңсылайды. Балшық тамдарына келген кезбелер жақын маңдағы қазақтардан сүт алып, бөлтіріктерді бағуға кіріскен. 

Арада айға жуық уақыт өтеді. Арланынан, бес бірдей күшігінен айырылып, қатты ашынған өлекшін-ене малға да, адамға да аяусыз тиеді. Топтасып қуған аңшылардан неше мәрте құтылып кетеді. Ат үстінен түспейтін қазақтарға жолай алмағанымен, төменгі қытай қыстағынан атыз басында жүрген екі кезбені, одан көп өтпей, қыстақ аралап, аяқ киім жамап жүрген еткіші қытайды кештетіп жеп кетеді.

Мыжырайған балшық тамда өсіп жатқан екі бөлтіріктің біреуін кезбелер көп өтпей «Сүтті көп ішеді екен» деп желкесінен шауып, түскі асқа жеп алған. Бірі бауырын көтеріп, көзін ашқан. 3-4 ай өткенде тұрқы жуандап, айналасына айбар шеге бастаған. Тракторшы көршісі екеуі бөлтіріктің мойынына трактор ременінен әсемдеп, мықтап қарғыбау жасады. Тамағынан шығырық өткізіп, ұзын темір шынжырға жалғады. Босай қалса-ақ қоржа иттеріне, адамға тап беретін ыңғайын байқаған соң, бір ұшын темір қазыққа бекітті. 

Күн батса-ақ, балапан атештің шақырғанындай созылыңқы үн шығаратын оның табиғатынан иттерге ұқсамайтыны сезіле бастады. Әсіресе, бұлтты-жауынды күндері таң ағара немесе күн бата бір орында тұрмай, шыр айналатын әдет тапқан. Оны көрген иесі едел-жедел туған, бірі-бірінен айнымайтын алты баласын қора маңына жолатпайтын болды.

Бес ай өткенде кәдімгідей үлкейген бөлтірік шынжырынан сәл босай қалса, қоржаның жәутік иттерін жау тигендей шулатып, талайтынды шығарды. Шілде туып, ай толған түні тіпті, ерек мінез көрсеткен. Дауысы жуандап, желке тұсы көкшулан тартқан бала бөрі шегірткелері шырлдаған айлы түнді жамылып, тұмсығын көтеріп, ұзақ ұлыған. Бұл күнгі дауысы мүлде басқа. Қоржалық кезбелердің бойын үрей биледі. 

Түн ортасы ауа ілгегі бос салынған темір тордан сыртқа атып шыққан бөлтірік күллі даланың белін қайсытыра, ұзақ-ұзақ ұлыған. Сол сәтте, қоржаның шығысынан да, батысынан да, түстігі мен терістігінен де озандай ұлыған топ қасқырдың дауысы айлы түнді үрейге бөлеген. Топ бөрінің ішінен оқшау, өзгеше, озандай шығандаған бір дауыс кім-кімнің болса да жүрегін қақ жарардай еді.

Жай күндердің өзінде күн батса-ақ, есігінен аттап шыға алмай, үйіндегі темір шелекке дәрет сындыратын кезбелердің жағдайы қиындап кетті. Бұл түн ұйқысыз өтті. Қатты қорыққандары тіпті, төсек астына кіріп тығылған. Күн шыға аяқтарын санап басып, есік-терезелерден бастарын қылтыитқан олар қос жанары қанталай от шашып, алсұрған бөлтіріктің қасына жақындай алмады. Сонда барып, өткенде жолшыбай кезіккен қазақтардың өздеріне иттің күшігін емес, қасқырдың бөлтірігін беріп кеткенін түсінген.

Бұл жағдай қатарынан үш күн қайталанды да, бірдем тыныштық орнады.

Төртінші күні темір қазықты шыр айнала, шынжыр байлауды шалдырлата жұлқынған бөлтірік түс ауа сабасына түскендей болған. Есігінің алдында қол тракторын шұқылап жатқан көршісіне көмектесіп жүрген иесі қолындағы майды сүртіп, абайлап қасына барды. Үйінен ала келген шошқа етінің бір кесегін алдына тастап еді, қарап та қоймады. Тек, өзіне қадалған қос жанардың сесінен жасқанған кезбенің бойын суық тер басты. Екі аяғынан жан кетіп, қарадай үрейі ұшты. 

«Бұны сойып жеуге ешкімнің жүрегі дуаламайды. Ал, бұдан әрі өсіп кетсе, соңы не болары белгісіз. Үш күн бойы келген қасқырлар қоршауы түн сайын тарая келіп, көршілеріммен қоса өзімізді жеп кетуі әбден мүмкін. Тіпті, қатты ашынса, үйелмелі-сүйелмелі алты баласын да бір сәтте жусатып кетпесіне кім кепіл? Осы пәлені бостандығына жіберіп құтылайын» деген ойға табан тіреді. Сонымен қоса, қасқыр дауысынан жаны қалмай қорыққан қоржаластары да оның құлақ етін жей берген.

Ақшам әлетінде бөлтіріктің қасына барған кезбе оның бейқам ұйықтап жатқанын көрді. Жөткірініп дыбыс беріп еді, анау басын көтеріп бір қарада да жата берді. Аса сақтықпен абайлай жеткен ол бөлтірікке жақындады. Көзін ашқалы көргені осы бір адам пендесі болғасын ба, бұл жолы онша айбар шекпеді. Арқасынан сипалап, өзіне қатер төндірмесін түсінген ол темір қазықтан шынжырдың бір ұшын шығарып, жетелеп, сыртқа шықты. Оны көрген қоржа иттері шу ете түсті де, бөлтірік бір рет «ыр» еткенде құйрықтарын бұттарына қыса қыңсылап, жай-жайларына тарады.

Бастабында жетекке ергенімен, қоржа шетіндегі суы тартылған кішкене тоған бойына жеткенде, төрт аяқтап тұрып алды. Азу тісі әлі жетіле қоймаған оның мойынынан кең байланған қарғыбауын не шығар алмай, не шеше алмай әуреге түсті. Ақыры шынжырдың қарғыбауға жалғанған тұсынан шығырығын айналдыра шығарып алды. Дала жақты нұсқап, жібере салды. Бір орында шоқиып отырып алған бөлтірікке не істерін білмей, қасында біраз тұрды да, үйіне қарай аяңдады. Ауласына жетіп, балшық тамның кетігінен қараса, бөлтірік сол қоя берген жерінде әлі отыр екен.

Күн батып, қас қарайды. Батыс көкжиектен ағарған жарты ай дүниеге әппақ нұрын себеледі. Апақ-сапақ басылып, зауал шақ өте қоржа маңынан топтаса ұлыған дауыс естілді. Кешкі асын ішіп болып, карта ойнауға отырған еркектер шам жарығында тағы үрпиісті. Ұлыған, арсылдаған шұрқан ішінен бөлтіріктің дауысын таныған иесі екі көзі шарасынан шығардай шошынды.

Түн ауа тыныштық орнап, табиғат өзінің бейқам сәтіне көшкен. Бөлтірікті бағып алған кезбенің кірпігі айқасар емес. Манағы жан түршіктірер дауыстар ненің айғағы болды екен? Адамдар арасында өсіп, қас жауларының итаяғынан ас ішкен, мойынын қажаған қарғыбауымен келген, кезбелердің жағымсыз иісі сіңген бөлтірікті дала заңымен, өз жарғыларымен жазаға тартты ма? Әлде, «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деп, өз тілдерінде ұзаққа созылған сұрақ-жауаптан соң қатарларына қосып алды ма? Байлық, бақыт іздеп, туып-өскен ата мекенін тастап, осында келген бұларға дала қасқырлары неге соншалықты өш? Неше ғасыр бойы өздерімен үйір-айқас ғұмыр кешіп келе жатқан көшпелілерге, тұқым зәузатын топырлата ауласа да, аттылы, тымақты қазақтарға неге ондай өшпенділіктері жоқ?.. Бізге бұл жердің халқы, жан иелері түгілі, табиғатының өзі неге қырын қарайды? Айналасы он жылдың ішінде құмдағы сексеуіл мен жыңғылды қиша сыпырдық. Соның кесірінен болар, аң атаулы ауып кетті. Аңы азайған соң дала бөрілері енді бізге ауыз салып, шетімізден жеп жатыр. Далада қыбыр еткен жан иесі қалмайтындай күнге жеткенде, бұл қасқырлар тек адам аулауға көшпесіне кім кепіл?

Миын сан түрлі сауалдар торлаған оның ойын үйіріне қосылған бөлтірік елесі бөлді. Ол қазір тірі ме екен? Даланың тағы аңы болса да, күшік кезінен асыраса да, оған бауыр баса алмады. Өйткені, оны жетім қалғаны үшін тамақ беріп, қатарына қосайын деп емес, өсіріп, үлкейтіп алып, сойып жеу үшін бақты ғой.

«Көктемде бес бірдей күшігінен айырылған өлекшін-ене бір бөлтірігін қоржалық кезбелер бағып отырғанын біліп қойыпты. Апандас үйірін жинап, жан-жағынан қоршап, қытайлар қыстағына маза бермепті. Көкшулан тартып, өсіп қалған бөлтірікті кезбелер ақыры еркіндікке жіберіп құтылыпты» деген әңгіме тұтас Усуда, ой мен қырда желдей есті.

Айға жетпей қоржа маңынан тыныштық кетті. Мұнда бірыңғай кезбелер тұратынын біліп алған қасқырлар тіпті, үйлердің қасынан жеп кететінді шығарды. Бір күні үйір таласында жеңіліп, оқшау қалған кәрі қасқыр кештетіп қоржа маңына келді. Шеттеу тұрған үйдің маңында оңаша шыққан адам қарасы көрінбеген соң, аула сыртында жүрген тауықтарды торуылдаған. Ғұмырында талай бәлекетті көрген ол қулыққа басып, жуас ит бейнесіне енген. Сол кезде өмір бойы қасқыр көрмеген кезбе әйел сыртқа шығып қалады да, оның тауықтарды қуып жүргенін көріп, ит екен деп қолына сыпырғы алып, тұра қуады. Анау аяңдай қашып, бір топ талдың түбіне қарай бастайды. Шәңкілдеп, айқайлап келіп қалған әйелді бассалып, бақырта жарып, басы мен екі алақанын ғана қалдырып түгел жеп кетеді. 

Қарулы сақшылар келіп, түн сайын мылтық атып, қоржаны күзге дейін күзетуге тура келген. Қоржа маңындағы, кезбелер көп жүретін күре жолдар мен олар жұмыс істейтін егіс атыздары бойында сан түрлі қорқыншты аңыздар тарап жатты...

*  *  *

Аттай зулап бір жыл өте шыққан. Шашау шыққан талай кезбе дала қасқырларына ыстық ас болды. Бірде көмір кенде қолмен көмір қазып жатқан жиырма шақты қытайға қасқыр үйірі шауып, шахтыға дейін кіріп, түгелдей жеп кетеді.

Осы оқиғадан көп өтпей, алтын іздеп тау-тасты кезіп жүрген топты қаңғыбасқа да бір топ қасқыр кездесіп қалып, екеуі бөліне қашады да, үшеуі тас үңгірге барып кіреді. Есейген бөлтіріктерін ертіп, аң аулауға үйретіп жүрген жұп қасқыр екен. Оларда екіге бөлінеді. Қасына екі-үш бөлтірігін алған өлекшін үңгірге кіріп, бір кезбені жарып, бөлтіріктеріне қалдырады да, қалған екеуіне тап береді. Бірін жеп жатқанда екіншісі жол сөмкесінен жамылғысын алып, басын бүркеп, бақырып жата береді. Анауысының дәмді, майлы жерін асап болып, етпеттей бұғып жатқан соңғысын май құйрықтан бастап, асықпай үңгіп жепті.

Сыртта қалып, жыраны құлдай қашқан екі кезбені аттатпай қуып жеткен арланы бұта арасына басын тығып, шырқырап жатқан біреуін лезде талап, оны да әдейі шала жансар күйде қасындағы күшіктеріне қалдырады. Есі ауып кеткен ана байқұс жер сабалап отырғанда оны мойынынан бір-ақ бүгеді. Енді ауыздана бастаған күшіктеріне жемін шала өлтіріп беру – қасқыр атаулының ортақ дағдысы.

Өздері ойлағандай, қатты қырғын жасамаған соң қазақ аңшыларынан үміт үзген жергілікті үкімет «сақтық әскерлерді» жұмылдырып көрді. Дала қасқырлары түгілі жер сырын, табиғат мінезін білмейтін дүрегейлер тау-тасты беталды кезумен уақыт оздырды. Мылтықтарын тасқа сүйеп, қызған күн нұрына балқып, ұйықтап жатқан екі әскерді тапа-тал түсте жалғыз қасқыр жеп кетті.

Келесі жылдың күзі келіп, егіс атыздарында жиын-терім де басталды. Бөлтірікті бағып алған кезбе сол маңдағы қазақтарға жалданып, қой бағуға көшіп кеткен. Малшылардан үйренген дағдысы бойынша, қойларын түске қарай қора іргесіне үйездетіп, жақын маңдағы көрші қыстаққа керосин алуға жолға шыққан. Кеш болып, түнге қалса, мал бақтырып отырған қазақ әкеліп тастайтыны сөзсіз. Төрт төңіректегі мекендерге әлі эелектр жарығы жетпегендіктен, мұндағы барша ел керосин шамын жағатын. 

Күз айының түні салқын болғанымен, күні әлі ыстық. Адырлар арасымен қыстаққа жеткенше біраз жол бар. «Кешкі салқында тоңармын. Оның үстіне жолда қасқырдан қорғар киелі сауытым ғой» деп мал иесі берген қазақы пұшпақ тымақ пен жеңіл тері тонын киіп шыққан еді. Терлей бастаған соң аласа қырдың басында атамзаманнан бері тұратын, үстіне қонған құстардың саңғырығы алабажақ із қалдырған, кісі белінен келетін балбал тастың түбіне тымағы мен тонын қалдырып кетті. Бұл маңнан көп адам жүре бермейді. Жүрсе де, далада, әсірес, балбал түбінде жатқан киімді ешкім алмайды. 

Жеңілдеп қалған ол үстіндегі қоржалықтар киетін шолақ етек, әскери сары шапанының алдын ашып тастап, шай қайнатымдай жүрді. Бұл сары шапанының да өзіндік тарихы бар. Елуінші жылдардың басында осы өңірде Оспан батырдың соңына түскен коммунист әскерлерінің ішінде оның әкесі де болып, хабаршы қызметін атқарыпты. 

Бір жолы жүз шақты әскер Жетіқұдықта шарлауда жүргенде, қазақ мергендеріне кездесіп қалып, соғысқанда үш адам ғана аман қалған екен. Сол жылдары хабаршыларға ең жүйрік аттар таңдап берілетіндіктен, Жетіқұдықтың сай-саласына қашып кіріп, мергендер оғынан зорға құтылған еді. Ерлік деуге келмесе де, қарулы жүз коммунистен үш адам болса да құтылғаны үшін орталықтан арнайы медал тағылып, «Батыр» атағы мен қоса осы шапан сыйға берілген. Сол әкеден мирасқа қалған әскери киім қоржалықтардың бәріне таныс еді.

Әр түрлі ойға кетіп, бір жағы айналаға жалтақтай қарап келе жатқан оның көзі кенет топ жыңғыл түбінен ары қарай айналып кеткен қасқырдың сұры жонын шалып қалды. Тұла бойын діріл басып, бақайынан бастап шымырлата жылжыған шыбын жаны мұрнының ұшына келді. Кеберсіп кеткен ернін бір жалап алды да, артына қарай қаша жөнелді. Бірден шабуылға өтпей, бүлкектей желген қасқыр сонайдадан еріп келеді. Байқұс кезбе әне-міне жан тәсілім етердей дедектейді. 

Малын бақтырған қазақтың: «Қасқыр темірден, жіптен, таяқтан сескенеді. Айдалада кездесіп қалсаң, саспа. Айқайлай дауыс беріп, сыр білдірмей жүре берсең, қатты ашыққан қасқыр болмаса, беталды тиіспейді. Ал, темір дауысы шықса, олар «қаруы бар» деп ойлайды да, қасыңа жақындай алмайды» дегені есіне түсті. Керосин құйдыру үшін ала шыққан темір торсығын белінен шешіп, бір қолына кесек тас алды да, даңғырлата ұрды.

Өлген-тірілгеніне қарамай қашқан байқұс безіп отырып, бағана өзі тымағы мен тері тонын қалдырып кеткен балбал тасқа да ілінді-ау. «Қасқыр қуып жетсе, тісі өте қалмас» деп тонын қаусыра киіп алды. Демін басып, орнынан тұрып, айналаға қараса ештеңе көрінбейді. Тымағын да баса киіп, темір торсығын қолына алған ол, қой үйездетіп кеткен қорасына беталды. Алды-артына жалтақтай жан ұшырып, маңайды шолып келеді. 

Біресе сол жағынан, бірде оң жағынан қылаң берген дәу қасқыр оны тағы айналдыра бастады. Есі шыққан адам не демейді. «Әй, кет! Менде мылтығы бар. Мен хасахы! Сен хасахыны жемейді!» деп қарлыға, тілі келгенінше қазақшалап айқайлайды. Оның ойынша, қасқырлар қазақ тілін түсінеді. Қазақша сөз шыққан жерге қасқыр келмейді. «Жауыздың жауызы қасқыр атаулының өзі беталды жоламайтын неткен киелі ұлт» деп ойлап та үлгірді.  Сөйтіп, ес кетіп, жан шыққанда қораға да жақындады.

Көрші қыстаудан келе жатқан атты қазақ жан таппай қашқан оның қарасын алыстан көрген еді. Тасырлата шауып қасына келді де, не болғанын сұрады.

Қазақтар арасында көп жүрген ол табиғат сырына, малшы өміріне біраз қанығып қалған еді. Малдасын құрып, майлы етті таусап отырып, қасқыр жайлы не түрлі әңгіме айтатын қазекеңдерден талай нәрсені естіген. Малшылар көбінесе, «Қасқыр жеді» деп емес, «қасқыр қырып кетті» деген сөзді қолданатын. Қасқырдың атын тергеп «Ит-құс» дейтініне де құлағы үйренген. Кірмелердің «Р» әрпіне тілі келмейтіндіктен «қырып» деген сөзді «қылып» деп айтатын. 

– Әй, хасакы ауылдас! Мені қасқыл қылып кете жаздады. Ол «қылам, қылам» деп қуады, мен «қылма, қылма» деп қашады. Мына хасахы тонымды киіп құтылдым, – дейді үрейі су түбіне кеткен байқұс.

Ат жалын құшып, ішек-сілесі қата күлген анау: Сендерді қылса да, қырса да жарасады. Мұнда қай аталарыңның басы қалып еді? Миллион жылдар бойы осы даланы баса билеп келген қасқырлар әулеті сендерге деген кегін жоймайды!, – деп мысқылдай жолына түсті.

Азуы алты қарыс көкжалдан құтылған қоржалық кезбе соңына түскен қасқырдың сай-салада жайылып жүрген соншама көп қой-ешкілерге шаппай, неге өзін тірсектете қуғанына, неге бірден тап бермегеніне еш ақылы жетпеді. Бірақ, оның кезінде өзі бұрғы мен балтаға қазақтардан айырбастап алған бөлтірік екенін, мойынына өз қолымен таққан қарғыбауы әлі жүргенін, бұрынғы иесін иісінен сезіп, бөрілер заңы бойынша, өзін баққан адамға әдейі тиіспей кеткенін, сол арқылы «қарымжы» қайтарғанын сезген жоқ...

Осы хикаяны естігеннен кейін кезбелер арасында: «Қазақтың киімін киген қытайларды қасқыр мүлде жемейді екен», – деген ақиқатқа бергісіз аңыз тарады. Сонымен, қалталарындағы бар ақшаларын сарқа жұмсайтын, қазақтардың киіміне сұраныс артқан күлкілі сауда қызды. Еккен бидайы мен ағашшылық саймандары, қолдарына таққан сағат сияқты өзге де қымбат бұйымдарын қазақтарға беріп, ескі-құсқы жыртық тондарға, жосасы кетіп, жұлымы шыққан тері шалбарларға айырбастап алып жатты. Тіпті, Шинжияңға 150 мың басқыншы қызыл әскер бастап келген генерал Уаң Жынның өзі тыйым салған қазақтың шошақ төбелі түлкі тымақтары аса қымбат һәм қастерлі бұйымға айналды.

Қара қазан төңкеріліп, қараша айы да жетті. Қоржалық кезбелердің ендігі уайымы – қыстық отын қамы. Көмір дегенге сығарға биті жоқ, тақыр кедей кезбелердің қолы жете бермейді. Сондықтан, жаз бойы егіс алқаптарында жүретін олар отын жинау науқанына кіріскен. Тұтас төңірек оталып болғандықтан, енді алыс төңіректен теруге тура келеді.

Қыс басы жайлы болып, қалың қар жаумаған соң малшылар да күзеулікке қоныс жаңалап, табан аудармай отырып алған. Жылдағыдай емес, биыл Жоңғар даласында қоңыр аң да көп. Мал да семіз. 

Усудың терістігіндегі қырда аз болса да отынға жарар бұта-бүрген, сексеуіл бар. Балбал тасқа қалдырған киімін киіп аман қалған кезбеге қой бақтырған қазақ та сол терістік қырға, бұлақ бойына жақын тасқораға көшкен. 

Бір күні оған қоржадағы таркторшы көршісі келді. Қасында әйелі бар. Осында бірер күн қонып, қысқа жетер отын қамдап алмақ. Тасқораға қатты алыс емес, оқшау көрінген қойнаудағы топ сексеуілді нұсқап жіберіп, өзі қора тазалауға кірісті. Қол тракторын тыртылдата айдаған әлгі қытай өзекке жетіп, әйелі екеуі екі бөлініп, кетпен шабуға кірісті. Отын қызығына түсіп алған күйеуі түс ауа әйелін іздей бастаған. Дауыстап еді, ешкім үн қатпады. Жағалай жүгіріп, қойнаудан алыстау келесі қыратқа жеткенде, сексеуіл арасынан әйелдің қасқыр жеп кеткен сүйектерін тапты. 

«Баж» етіп, артына бұрылғанда, өзіне қарай тап берген көкжалдың мойынындағы өздері таққан қарғыбауды, от шашқан қып-қызыл көзін ғана көріп қалды...

Қыратты, адырлы далаға, тасқора маңына кеш кірді. Жыра-жықпылды қуалаған көлеңке зорайып барып, иесіз қалған ескі тракторды бүркеді. Отын теруге кеткен көршісінен әлі хабар жоқ. Қойнау жаққа қараса, қыбыр еткен жан көрінбейді. Жазда ептеп атқа үйрене бастаған соң, мал иесі оған месқарын кәрі атын қойға мінуге берген-тұғын. Соған міне сала, тепеңдеп жетіп келді. Трактор қасында етпетінен түсіп бір кетпен, шұбала тасталған кендір арқандар жатыр. Жағалай-жағалай қырат бойына өскен сексеуіл арасына жеткенде, аттан ауып қала жаздады. Жұлым-жұлымы шыққан әйел мүрдесінің қасында екі қылтасынан беліне дейінгі қоң еті жоқ, қан-жоса болып, тоңқайып өліп жатқан көршісін таныды. 

Сондайдағы тастаққа қарап елеңдеген месқарын кәрі ат та тізгінін жұлқылап, шегіншектей берді. Тебініп қалған ол тасқораға қарай тепеңдеді. Артына қарауға дәті жетер емес. Сол кезде қора маңындағы шағын тас үйге келіп, аттан түсіп жатқан екі қазақты көріп, қуанғаннан есі шығып кетті.

Жақында пкелді де, сасқалақтай:

– Сендел жақсы келді. Ана жақта... Менің көлшім тоңқайып жатыл... қасқыл қылып кетіпті... – деді бірдің басын, бірдің аяғын айтып.

– Мынау не деп тұр?, – деді қора иесі ержетіп қалған ұлына қарап.

– Не дейсің? Асықпай айтшы, – деді бала жігіт қамшысын сығымдай ұстап.

– Ана төбеде, менің көлшім Лау Сұңды қасқыл әйелі екеуін қылып кетіпті...

– Ой, ынжық немелер! Кімді қырып кетіпті дейсің? Ит май жемейтін шақ қой бұл. Дала аңдары қойша жусап, мыңғырып жатқанда, қытайда қасқырдың әкесінің басы бар ма, осы? Жүр, барып көрейік, – деді қызуқанды бала қазақ.

– Ойбай, мен балмайды. Сен балып келеді. Мен қолқады... 

Айылын тартып, атына мінген бала жігіт құйғытып, трактор қалған төбе жаққа кетті де, аздан соң қайтып келді. Әкесіне «екі қоржалық кезбені қасқыр жеп кеткенін, қорыққаннан басын ғана қорғап, сексеуіл арасына еңбектей тығылған еркек кезбенің құйрығы мен санынан дым қалдырмағанын» баяндады.

* * *

Арада үш-төрт жыл өтті. Дала бөрілері адамға шабуын тоқтатпады. Керісінше, үдей түскен. Тіпті, кезбелерді тобымен жейтін әдет тапты. Үрімжіден шығып, жұмыс іздеп, жаяу шұбап келе жатқан оншақты кезбе үйірлі қасқырға жем болды. Осындай істер қазақтар қоныстанған байтақ даланың кез-келген жерінен көрініс берді. Алтай бетіндегі Ақдалада эелектр желісін тартып, бағана орнатып жүрген жеті қытайды шатырының қасында түгел қырып кетті. Ал, сол маңда отырған қазақ малшылары жылдар бойы дін аман.

Он сегіз мың ғаламның мың сан жұмбағын түгел шешу – адам пендесінің қолынан қолмайтіні ақиқат. Ұқсас рухтар бір-біріне алакөз болғанымен, ешқашан дұшпандыққа, бітіспес жаулыққа бармайды. Қазақ қасқыр соқса, қасқыр келіп қазақтың малын жейді. Бірақ, бір-біріне айырықша кекті емес. Көкбөріні төтем еткен даңқты көшпелілердің тұқымы бұрынғы қуатынан айырылса да, рухынан әлі ажыраған жоқ. Мойынына қанша қарғыбау тағып, итаяққа телмірткенімен, бір күні «бөрілігін жасайтыны» даусыз.

Кейде... басқан ізінен, аттаған адымынан жер жиіркенетін, күллі дүние суық түсін беріп, теріс қарап тұрса да, сол жетесіз рухтар үстемдікке жетіп жататыны бар... Бірақ, олардың тегінде ешқашан бөрі рухы жоқ. Бөрі рухы қонбағандардың ғұмыры көктемде ит арқасына тұрған қыраудай баянсыз. Қысқа ғана...

Қазақтардан болат ұшты бұрғы мен балтаға бөлтірік айырбастап алған, әкесі Оспан батыр мергендерімен соғыста жүз әскерден үш адам ғана аман қалғаны үшін «батыр» атағын алған кезбе түн баласы ұйықтай алмайтын сырқатқа душар болды. Тез қартайып, сүлдері ғана қалды. Үйде де, түзде де көзіне қасқыр елестей берген соң, ата мекеніне, ішкі қытайға көшіп кетті. 

Әйелі алты баласын алып, Усуда қалды.

...

Ал, бес бөлтірігін алдырған өлекшін қайтып күшіктеген жоқ...

Мәдениет порталы

author

Ұларбек Дәлейұлы

АУДАРМАШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...