Соғыс басылар алдында бір қолынан айрылып, елге ерте оралған Жортақ деген көрші ауылдың жігітіне тұр...
Жандос ЖҮСІПБЕК. Мұғжизасын оқып көрдім Тәңірдің...
Көпірдегі кездейсоқтық
Жаз. Кеш. Сырты қаланың. Өзен. Ағыс екпінді.
Биік көпір. Екі қыз.
Емес олар тек құрбы –
Танымайды бір-бірін, бір-бірінен шет тұрды:
Бірі өмір, ал бірі өлім іздеп кеп тұрды.
Екеуі де – жалғыздар; Қашып шыққан қоғамнан;
Екеуі де шуақты щақты аңсайды жоғалған;
Екеуі де жуырда ғайып болмақ ғаламнан –
Бұдан басқа ұқсастық табылмайды олардын.
Бірі безбек тірліктен, жаппақ фәни есігін –
Сүйгеніне өкпелі... өзгретпейді шешімін!
Бірі құштар өмірге, аса қымбат әр демі,
Бірақ оған науқасы бере алмайды кешірім...
Көзі жасты бірінің,
Бірінікі – құп-құрғақ.
Бірі қаза арқылы «жұртқа парқын ұқтырмақ».
Ал біреуі – еркіндік іздеп шыққан бейшара
Емхананың бөлмесі тастағалы тұтқындап.
Біреуі үшін өмірдің қалмағандай дым мәні,
Ал бірінің көп қызық көргісі бар күнді әлі...
...Ай, зымиян дүниям!
Ащысың-ау, тәттісің! –
Кімге бақыт мекені, кімге қайғы зынданы!
...Бұл кештен соң бірінің тілейтіні – абат-нұр,
Бұл кештен соң біреуі тамұқ түнін қалап тұр.
Бағалы да бағасыз ӨМІР дейтін тылсымға
екі тағдыр – екі қыз екі түрлі қарап тұр!
(2016)
Кім болдым?
Қайран өмір!
Келерміз де кетерміз!..
Бірақ соған налимыз-ау бекер біз:
қысықкөз ел аңызына сенсеңіз,
қайта-қайта туа береді екенбіз.
Қолда дәлел болмаса да нақты, анық,
Көрген жөн ғой бұл аңызды хақ танып.
Сөйтіп, біздер туа береді екенбіз,
болмысымыз сол қалпында сақталып.
Рухымыз тәннен-тәнге жолданып,
бір болмыспен, бәлкім, мың рөл сомдадық!
…"Бұған дейін сен әдемі көбелек
болдың", - деп ем,
салды бір қыз долданып.
Неше түрлі адамдардан, бәсе, мен
Еректіктер байқайтынмын, рас, ерен…
Барқылдауық басекемнің бақабас
Дүниеқоңыз қатыны бар, мәселен.
Күлмейтінге күлкің келсе — күл, мейлі,
Бұл аңызың бір шындықты үндейді.
Мысалы, анау қожайыны пәтердің
сипаған…
жоқ, сыйлағанды білмейді!
Жыртқыштарды көріп жүрміз "ұр да жық",
Кездеседі және небір гүл нәзік…
Ал, мен кіммін?
Кім болды екем?
Қарашы —
өмірім бос өтіп жатыр… жыр жазып.
"Дімкәс басын діңкелеткен мұнар-мұң,
бұл қияли адам ба?" деп жүр әркім.
Бір мұңлықтың жүрегінде тұншыққан,
Тірісінде жарық көрмей қырсыққан,
Өлерінде рухыменен бір шыққан
мен, шамасы, өлең болған шығармын!
Қайран өмір!
Кетерміз де келерміз…
(2013)
Секунд
Бір секунд –
Ғұмырың ілгері сәл басты,
Таусылды немесе жалғасты.
Бұл секунд – біреуге ең соңғы,
Біреуге алғашқы.
Бір секунд –
Әлдекім оқыстан аспандап,
Әлдекім шыңырау тасталмақ,
Біреудің алдынан тап болып,
Біреудің басынан қашқан бақ.
Шықылдап,
Бағуға төздірмес әр запы үн
байқатпай жасайтын бар зақым.
Уыстан сусыған секундтан
Алдағы ғасырлар жап-жақын.
Секундтар...
Түбі – мұң, беті – үміт...
Ғұмырым мүжіліп, кетіліп,
Уақыт ұстатпай барады,
Секундтан-секундқа секіріп.
Ілбіген сайын мен ілгері
сезерім...
есімді білгелі –
бір секунд – жазмыштың жендеті
Атуға оқталып тұр мені.
(2009)
Амалзая
Намысы бар – сөзде ғана,
Тілегі бар – көп күмәні.
Кеудесі бар – «көзден» ада,
Зердесі бар – жоқ «құлағы».
Ұстаным бар – сасық «менмен»,
Жең ұшымен – талан біткен.
Нәжіс кешіп нәсіп терген,
Ауа жұтқан арамдықпен.
Дарыны жоқ – жүлдеқұмар,
Тілі – орақ, ісі – дөкір.
Ұяты жоқ – құрметі бар,
Жүзі – жылтыр, іші – қотыр.
Адалсымақ:
Жүрегінде
сенімі жоқ мінәжат бар...
...Бақ боп оған мына өмірде
көрінеді, ә,
бұл азаптар!
(2017)
Ренжіскенде
Санаңның жеткізсең де жат ақпарын,
Білем ғой жүреріңді сағынып кіл.
Дәл осы тұрғаныңда, тәкаппарым,
Көздерің жүрегіңе бағынып тұр:
Келгенім ұнайды екен – көзің айтты,
Бақытың сыңайлы екем – көзің айтты,
Сүйіпсің құлай, көкем – көзің айтты,
Жүрегің жылайды екен – көзің айтты.
Сөздерің көз айтқаннан неге бөтен?
Көз айтты – тағы құшқың келеді екен,
Мен жаққа алып ұшқың келеді екен –
Сендегі сағыныштың мен емі екем...
Жаныңа мен керегін көз айтып тұр,
Келеді еркелегің – көз айтып тұр.
Тәтті сыр шертер едің...
Тағат құрып,
Өзегің өртегенің көз айтып тұр.
Көрмепсің күлкі мүлдем – көз айтады,
Кетпепті жыр тіліңнен – көз айтады,
...Әнекей!
Кірпігіңнен жас үзілді!
Үндеме...
Моншақтардың өзі айтады...
Түш-ш-ш...
(2013)
Гүл сыйлағам
- Мынау саған!
- Рахмет… Бұл не?- дедің.
Уысыңда қалдырдым.
Үндемедім.
Сен де үнсізсің.
Иіскеп тұрдың бірақ
сұлу-сұлу гүлдердің… мүрделерін.
Тәтті иіске боп шықтың, тәттім, бейім!
…Мен де сонда солған сол ақ гүлдейін
"бере алам,- деп -саған бақ" жұбанған ем,
Жүрегімнен мың өлік таптың кейін…
Сезім,
Реніш,
Шаттық,
Мұң,
Үміт,
Күдік —
бәрін уақыт сүртуде (ұмыттырып).
Саған бекер сыйладым сол гүлдерді,
тірілмесін қайтадан біліп тұрып!
(2015)
Нәті...
Жан сындымын құдды бір дертім мықты –
Түрткілеумен келемін шер-түндікті.
Қай әуремен ойларға қамалды екем,
Талақ қылып пендеуи еркіндікті?!
Еркіндікті пендеуи талақ қылып,
"Ой" дейтұғын таңдаппын абақтыны.
Елес қуған ессізге ерегесіп,
Шыр көбелек айналды сағат тілі.
Сағат тілі айналды шыр-көбелек,
Соны бірақ мен бе екем жүрген елеп –
Бізге тізгін ұстатпас өмір ғой бұл...
Досым, менің өмірім мүлде бөлек.
Мүлде бөлек өмірім, досым, менің,
Маңдайдағы жазулар – көшіргенім.
Тіршілігім – тұрлаусыз, алқам-салқам,
Тұр естіліп, бастысы, төсімдегі үн.
Төсімдегі үн, бастысы, тұр естіліп,
Бақ, даңқ үшін көрмеппін күрес қылып.
Менде бары – жансебіл бір ескі үміт:
Ілбітеді, соңынан ілестіріп.
Ілестіріп соңына ол, ілбітеді,
Бұл ілбістің анық-ты бір бітері...
Жүрегімнің соғысын жалғастырар
Балап өлем өмірге жырды, тегі.
Жырды, тегі, өмірге балап өлем!
Ал, әзірге, ақ шабыт-ананы емем.
Тал бесік пен жер-бесік аралығын
жалғайды да...
артылып қалады өлең!
(2012)
* * *
Түбі бәрі кеш боларын ойласам –
Мың кешірім сұрап қалғым келеді,
Мың алғысқа шылап та алғым келеді,
Ит-тірлікті басқа теуіп дәл мына,
Алдыңа
ағыл-тегіл жылап барғым келеді!
Түбі бәрі кеш боларын ойласам –
Әр сәтіңді шырайлы еткім келеді,
Әр сөзіммен ұнай кеткім келеді,
Әдірем қып мінезімді ең епсіз,
Себепсіз
құшағыңа құлай кеткім келеді!
Түбі бәрі кеш боларын ойласам –
Сен дегдіткен сырды ұғынғым келеді,
Кеудең бүккен мұңды білгім келеді;
Өзің жұтқан әрбір демге дін-аман,
Біл, Анам,
Шүкір айтып, құлдық ұрғым келеді!
Түбі бәрі кеш боларын ойласам...
(2017)
Қайда?
Баз да кешіп кеткен бір кезімде елден,
Мәңгі жарым болуға сөзін берген;
Жүрегімнің айнасы тақылетті
менің қарашығымнан өзін көрген;
Секілді бір қанатсыз ақ періштем,
«Қанаты» бар пақырға нақ келіскен;
«Ол түсінген бақытың осы екен» деп,
Ішімдегі мұңымды қақ бөліскен;
Болмаса да ғажабы тұрған асып,
Тек мен ғана тудырған жырға ғашық;
Тек мен ғана бастайтын жолды кешіп,
Тек менімен кетуші бірге адасып;
Аңғал-саңғалдығым да жасқантпаған,
Досқа артпаған мысқал мін, қасқа артпаған;
Мен құлаған шалшыққа бірге құлап,
Мен ұшынған удан да бас тартпаған;
Періштемдей жүретін қорғап мені,
Жұбымды мен жоғалттым жолда, әттеңі.
Жұбымды мен жоғалттым.
Қайда кетті ол?
Жүр еді ғой қасымда...
...Жоқ, әлде болмап па еді?
(2016)
Ішеміз
Таң тұр күрсініп атып...
Кел, мас болайық:
Ортада – бір шыны бақыт.
Саған құйғым келеді:
Мен сені...
Сен мені жүрсің ұнатып.
Құйман бөліп басқаға.
Кел, ішейік,
Жүректер болып тостаған,
Екеуден екеу...
Тос, кәне, тостағаныңды,
Ішіндегісін төгіп таста да.
Ішпегелі көп болып еді –
Тол-тырып құям,
Тамызықтаудың жоқ толық емі.
Кетік-кетік сезім мүжіген тостақ.
...сусапсың сен де – көзіңнен от көрінеді.
Ішейік!
Жүр едім құрғап,
Жеттім-ау ақыры, міне, бұл күнге-ақ.
Соғыстырып, алып қояйық,
екеумізге айтқан
тағдырдың тілегін тыңдап...
Мейлі,
пида да болсын жаһанның бүгін байлығы,
танайық естен,
сораптап шылым-қайғыны.
Әуен айтайық...
...шертіп көрші
(соңғы ғасырдың куәгеріндей)
Домбыра-сырдың дыңылдайды үні.
Таң тұр күрсініп атып.
Кел, мас болайық:
Ортада – бір шыны бақыт.
Саған ғана құйғым келеді...
(2011)
Қостанайға ода
Көктің дидары, таңның күлкісі;
Әр құстың үні, әр гүлдің түсі;
Гүлзарың, бақша-бауың қырмызы;
Жыл бұрын келген ауылдың қызы;
Таймаған жұрт та пәни салтынан;
Топырақ-құм да нан исі аңқыған;
Биші де болған, жыршы да болған,
Ұйысқан нулар, сыңсыған орман;
Желдің сипасы, көз жасы бұлттың;
Нарттанып тұрып боздасы ымырттың;
Төсіңнің түнгі шам-шырақтары;
Аспанның жұлдыз тамшылатқаны;
Мөлтілдек өзен, тұп-тұнық айдын;
Төгілген көктен сүтті нұры Айдың;
Көктем, жаз, күз, қыс сәні мен әрі –
бәрі де бәрі, бәрі де бәрі
сенде ғана әдемі!
(2015)
Түнгі фантазиялар
Қала ұйқыда.
Тербеліп тұр түн-бесік.
Тек жел ғана тыныштықты жүр кешіп:
сенделеді бірде тынып, бірде есіп,
тал біткеннің желкесіне мінгесіп.
Түннің тылсым әуезімен әлдилі
Қатар-қатар зәулім үйлер қалғиды.
Қалғиды олар,
қатпар-қатпар төсіне
қамап алып тағдырларды сан қилы.
Ұзын-сонар шамшырақтар жол баққан,
Бір аумайды сап түзескен солдаттан.
Жұлдызды аспан – дөңес айна секілді
Қостанайдың үстіне әкеп орнатқан.
Қасқа көше.
Бұйра-бұйра тал-самай.
Бағдаршам-көз жыпылықтар шаршамай.
Анда-санда зу-у етеді көліктер,
Анда-санда...
аспанда да дәл солай.
Тапқым келіп, ұққым келіп Ай мәнін,
Әуе жаққа көзімді ұзақ байладым.
Сөйтсем, Айым – әлдеқалай қираған
әуелгіден тесігі екен айнаның.
Қоршаған-ау тұтастай нұр сыртын ақ –
Сол оқпаннан жерге сәуле тұр құлап.
Ал айнаның жатыр, әне, сынығы
Қостанайдың шет жағында жылтырап.
...Қала ұйқыда.
Қажыса да бой-денем,
Кірпігімді ілдірмейді ой немең.
Ойларымды тұншықтырам түтінмен
(Кешір, әке, темекіні қой деп ең...)
(2015)
Жазғым келіп отыр
Сыздауыт бөлме.
Сөнді шам.
Жанды өлең "пеші":
жылынды жүрек,
музаның мәңгі ол еркесі.
Далада жел жүр. Теңеу бар әуресінде әсем.
Еденге айдың төсеген сәулесін бәсең
өшірмек болып тырнайды тал көлеңкесі.
Сыңсып тұр қазан.
Ұқсайды әлдилі әнге де...
Жапырақтар ма – іргеде қалғиды әлдене.
Мұңлықтың өңкей уанған әнменен төсі –
Әйбат-ақ бәрі.
Тек анау тал көлеңкесі...
Сәулемде несі бар екен?
(Тарбиған неме!..)
Байқасаң түнді,
күз бен жел,
сынық нұрлы Айды –
Бәрі де жалғыз.
Айналам тұнып тұр қайғы.
Мен-дағы сенсіз батырдым нау кешімді әсем...
Жүрекке түскен үміттің сәулесін бәсең
Өшірмек болып түнде кіл күдік тырнайды.
...ұмытпау жайлы жырлауды ол ұмыттырмайды.
(2012)
Астанаға
Уа, мәртебелім, мақтаным,
Таңдайыма Тәңір құйған тәтті әнім,
Сен азаттық перзентісің!
(Азаттық –
ықылымнан кеудем тұсын қаққан үн...)
Зарықтырып,
Қатпар-қатпар ішінен
ғасырлардың
шыққаныңды түсінем...
Серттен бұрын сеніміне жорытқан
бабалардың бақыт жайлы түсі ме ең,
ау, Астана?
Ілкідегі жұртың көп
қиял еткен мұратпысың "шіркін!" деп?
Тарих-тамыр нәр жіберіп бойыңа,
жүрекпісің соғып тұрған бүлкілдеп?
Жүрекпісің жап-жас әрі жап-жасыл?
Тілекпісің толғақ болған сан ғасыр?
Әр ғасырға бір-бір жасы пара-пар,
Қарап саған ұққым келер мағына-сыр.
Қарап саған, аядайым кеңбайтақ,
Көкейіме бола кетер зерлі ой тап,
қатар көріп кемелдік пен жастықты,
тереңдік пен өрлігіңді тел байқап!
Сен – ғайыптың бәйтерегі
күлте-түк,
діңі түпкей, ұшар басы бұлт өтіп,
самал кезген Сарыарқаның кіндігін
жазған күні жарып шыққан дүрк етіп!..
Төрткүл дүние түгел шарлап шықты үлгің,
Бірлігің – жар,
болып әуден құт құрбың.
Мансабың ғой –
маңғаздардың тізесін
Мәңгілік Ел топырағына бүктірдің!
Беу, Астанам!
Үр ғасырдан енші алдың,
Ең құйқалы ұйығы боп Жер-шардың!
...Жиырмаңда мұқым кәрі ғаламға
абыройдың асқарынан зер салдың!
Маңдайында алтын күннің мөрі бар,
Өн-бойында көне Бозоқ сөлі бар,
Даңғайыр да дана дала төсінде
берекем де, мерекем де – сен екен!
Шіркін, жұртың көп болса ғой соны ұғар...
S.O.S. D'un Terrien En Detresse
(Димаштың орындауындағы туынды)
Өмір сүрем не үшін?
Өледі екем неліктен?
Неге күлем... жылаймын жасқа ерік беріп мен?
Жанайқайын еститін, құтқаратын күш бар ма
Жердің бейбақ тұрғынын құса-мұңнан деміккен?
Жер бетінде тайғақтап, тірек таппай, күйікпен,
Құс болуды аңсаймын, тәніме әрең сыйып мен.
Дүниеге, шіркін-ай, басқа қырдан қарар ма ем –
Ғажап болып көрінер, бәлкім, ол тек биіктен,
Тек биіктен...
Өмір кино емесін ұққаныма күрсіндім,
Рухым содан жат тәнге алмасуға ұмсынды.
Жанымменен сеземін, түйсінемін,
мені кіл
биікке,
тек биікке құлшындырар тылсымды!
Қатысқан күн әйгілі лотосына Ғаламның
сәтсіз билет суырып, бақытсызға баландым.
Өз денемде өзімді, нансаң, жайсыз сезінем...
Тұрмыс қойған тұсаулап, робот сынды адаммын.
Өмір сүрем не үшін? Өлем сосын неліктен?
Неге күлем... жылаймын жасыма ерік беріп мен?
Күн кешемін, күтемін, жат әлемнен жолданған
Түптің-түбі бір жауап келеріне сеніп мен.
Жер бетінде тайғақтап, тірек таппай, күйікпен,
Құс болуды аңсаймын, тәніме әрең сыйып мен.
Дүниеге, шіркін-ай, басқа қырдан қарар ма ем,
Ғажап болып көрінер, бәлкім, ол тек биіктен,
Тек биіктен!
Құс болғаным жөн еді...
Ұйықта, ұйықта, бөбегім...
Көрдім!
Селдір де селдір, селдірек,
сырқатың емдер екен кім?
"Сағынып ұлым келді" деп,
селкілдек басың көтергін!
Құрдымға айдап соқыр үміт,
Шелді көзіңнен шер тамған,
Отыз да тісің опырылып,
Дүнияң қылды дөкірлік,
Айырмаң қалмай кемхалдан!
Ей, жадау да жадау, жадау бел,
Жарадар еткен екен кім?-
Жазмышың болар сабаугер...
...Сағынып келіп не көрдім?
Сағынып келіп не көрдім?
Бетеге өрер белдердің
аптабы ғана қалыпты;
терең де тұнық көлдердің
батпағы ғана қалыпты;
Құйыла бұрқар құмы өрден
құйын-дуана қалыпты;
Соңында көштің үдерген
үйінді ғана қалыпты;
Көне ошағыңды күзеткен
кәрі итің ғана қалыпты;
болашағыңның сызы өткен
тарихың ғана қалыпты;
Тамшы-құт тілеп кезерген
өрен-құрақтар қалыпты;
Түбінде нақақ сөз өлген
Керең құлақтар қалыпты;
Жидіп те жидіп, жамалған
намыс-ақылдар қалыпты;
сорлы елді тонап-қанаудан
жарысатындар қалыпты...
Налытты!
Сары адыр басын найқаған
сағымдар көп ой толғатты...
Сағынып барып,
қайтадан
сағынып қайттым –
сол батты!!!
(2012)
Mutation
Тоқмейілім!
Сезім – ада,
Сенім – қат,
Жоқ мейірім,
Бақұл айтты бақ қаншама,
Қуып салдық қаншама құтты есіре? –
Жетістігін түгендеп мақтанса да,
адамзаттың кірмейді тіпті есіне
ақпараттан "ықылық атқан" Cана
айналғанын айырбас нүктесіне...
Не өшірдік?
Нені біз сүрттік одан?
Не көшірдік?
Тептік біз тысқа нені?
Құндылықтар кез бе бұл күрт құлаған,
"тың қылықтар" іспет боп іс кәделі,
барған сайын ұлғайып сыртқы ғалам,
адамзаттың тарылып ішкі әлемі?
Мұрат па енді
құрап табу өмірдің басқа мәнін?
Кейде тіпті ойлауға жасқанамын –
ғалам жайлы санадағы сұрақ белгі
жүре-келе жұқарып,
жұқарғаннан ауырлай бастағанын...
(2015)
Менің трагедиям
Аңсатқанда айна көл,
қасқа белім,
Ерік бергім келеді жасқа менің...
...Бүкірейген әжеме
кетерімде
еңкейе кеп маңдайды тосқан едім.
Пәк балалық басылды желік бір күн
(қайран, тағдыр, сен маған нені ұқтырдың?) –
Құлын-жүрек бүлкілдеп,
сонау жақтан
бүкірейген бейітке келіп тұрмын.
Бүкір бейіт.
Тұрмын мен қимай қарап.
Жұбатты ма – жел мені сүйді аймалап.
Айғыз-айғыз ниетті мына жалған
Әлі қанша бағымды шимайламақ?!
Балдәуренім, дариға-ай, өтті асыға,
Бұдан асқан қынжылыс жоқ та, сірә...
...Сүйетінін әжемнің сағынғам ба –
Сүйеп тұрмын маңдайды көктасына.
(2009)
Faceland*
Кім керауыз – сол бұл жақта "көзірлі" ер,
Ал кім оған бас имесе – сол құрбан.
"Батырлары" – өңкей көбік езулер
Өз құдығын түкірікпен толтырған.
Имандының рөлін сомдау – "басты мән",
Бұл – сақалын бояғыштар мекені.
Қабат-қабат маскалардың астынан
Арсыз көздер алақ-жұлақ етеді.
Сен үшін де күш болсайшы күресер,
Ей, ақ мамық, мойны әсем имек Жыр! –
Қанатыңнан ұстап алып бір есер,
Күл-қоқыстың үстіменен сүйреп жүр...
Сайтанымен жасасып ап келісім,
Өрге "даңқын" тартқылайды өлермен.
Сөйткен "ел" бұл...
(Үрейлісі мен үшін –
қашып шыққым келмейтіні сол "елден").
(*Faceland – Фейсбук елі)
Бір кеш
Нажағай. Күркір...
Рең жұқпай бітіміне түк,
астының бәрін үрпиткен аспандағы "лаң":
бадырақ көлдер қалардай жыпылық етіп
жасқанғанынан.
Найзағай-дүре жиекке отты қамшы ұрды.
Түнере берді, даланы қойынға ала ымырт.
Құлап кетейін үстіден деп тұрған сынды
"шойын" қара бұлт.
Дегендей болып: "Бастайық еппен илана",
Түнекке малтып жағада ши күбірлейді...
Ауыл.
Тым-тырыс.
Жарықсыз – шеттегі үй ғана,
(заржақ иті де үрмейді).
Жүруші еді шал "күз келмей ерте көшсем" деп –
Кеткен ғой ақыр, бұл жұртпен несібі үйлеспей.
Есігі аңқиып (жұлқыған кеңкелес жел кеп)
есінейді ескі үй.
Жә, жауса, жаусын.
Бар-ды оның ал бізге әсте емі –
Жауынға әуден емес-тін бұл жақ "бай" мекен.
...Айтпақшы, марқұм қария жалғызбасты еді,
кім жоқтайды екен?
Мойындайыншы
Үсті-басы өлең-өлең боп келген
сыр тартпаққа сыбырласам көктеммен,
күздің ұлы екенімді жасырып
өмір-өгей жасап берген бетпердем.
Жылаңқы қар сыңсытқанда жан сырын,
теңеу сауам тілдерінен тамшының,
бой жылытып, үнсіздіктің тілінде
әуе-көктен әуен төксе әнші Күн.
Самал үні — салқар әрі сабырлы үн
көңіліңді көктете ме, а, құрбым?
Семген талдың тәнін жарған бүрлерден
мұғжизасын оқып көрдім Тәңірдің!
Көкжиектің күлкі ағытып миығы,
Дала жеңіл тыныстаса бұйығы,
Әсем гүлдер қауызынан аңқиды
көктем төккен тәтті жырдың түйіні!
Көз құлата тамсасам да гүлді өңін,
Іздеп тұрып таппасамда мүлде мін,
Неге оны сүйе алмаймын алайда?
Оны неге, ей, алдаймын?!
Білмедім…
Күз ұлына көктем, бәлкім, кеш ұнар
(ал, кешір, ал!
…бетпердемді шешіп ал).
Ба-ар мұратым — жыр ұрлау ғой!
Әйтпесе
нем бар онда?
Оның менде несі бар?!