Жоғалып кеткен ақындар...

ӘДЕБИЕТ
5536

Рас, ақын болу, Алланың сыйлаған дарынына ие болу – кез келген жұмыр бастының маңдайына жазылмаған бақ. Шындығы сол, ақын болу – жұрттың көрмегенін көре білу, сезіне білу, жан-дүниеңе әсер еткен жайды жұп-жұмыр жырғып ақ қағаз бетіне түсіре білу, кездейсоқ жанның пешенесіне жазылмаған дүние. Ақынның құдіреттілігі де сонда болар-ау. Жыр жолына бас тігіп, сол жолда өлеңнің отына өртеніп кеткендер де көп.

«Алысты барам арман қып,
 ауырың болса арт өмір!
 Жолына Жырдың құрбан қып,
 басымды тіктім әйтеуір» 

деп еді Төлеген ақын. Қаламын жанына серік еткен ақын сол жолда өзін құрбан етті. Ерте кетті, амал нешік? Жыр жолында басын бәйге етіп, өмірде ерте кеткен жан тек Төлеген бе еді?! Әлем әдебиетін былай қойғанда, өзіміздің қазақ әдебиетінде де поэзия көгінде жасындай жалт етіп, артына өшпес із қалдырып, дүниеден ерте өткен ақындар көп.

▶ ▷ «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланбай қалған мақала

Құдіреті күшті Алла Тағала қатардағы жай тіршілік иесі емес, дауылпаз дарын иелеріне, соның ішінде ақындарға дүниеден тым ерте өтетіндерін сездіре ме, кім білсін? Сол ерте кеткен ақындардың өлеңдерін оқып отырып, олардың өз тағдырларының алды-артын алдын ала өлшеп-пішіп қойғанын сезгендей боласың.

Поэзия көгінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, соңына із қалдырып, із-түссіз кеткен ақындар да бар. Өкінішке қарай олар жайлы аз жазылды. Сондықтан болар жарқылдап жүріп жоқ болып, жоғалып кеткен ақындарды көпшілік біле бермейді. Енді сол жоғалған, дерегі білінбей кеткен бірнеше ақын жөнінде сөз қозғасақ. Жоғалған ақындар дегенде алдымен еске оралатын – Танабай Нарманов, Әділ Ботпанов, Сағат Әбдуғалиевтар. Бұлардың үшеуі де жыр көрігін қыздырып жүріп із-түссіз кеткендер. Бұл жарық дүниеде олар бар ма, жоқ па, ешкім білмейді. Тек артында қаламдас достарының, жақындарының олар жөнінде айтқан жарқын естеліктері қалды.


Танабай Нарманов

Белгілі ақын Исраил Сапарбай ақын інісі Танабай Нармановты былайша еске алады: «Әлі есімде ... Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің әдебиет және өнер бөлімінде істеп жүрген кезім. Бір күні түс әлетінде, қасында өзі құралпы досы бар, Танабай кіріп келді. Сол аға сыйлап өскен ізетті қалпы. Өзінің осы бетте университетті бітіріп келгенін, ауылда бірер күн аунап-қунап, енді қызметке кірісер алдында дос-жораларымен кездесіп, бір сәт мауқын басуға шыққанын, өлеңдерін талай мәрте жариялатқан қара шаңыраққа сәлем беріп, бас сұғып шығуды парыз санағанын айтып, не керек соңында жарық көрмеген жаңа өлеңдерін оқып берді.Мен оларды алып қалдым. Реті келгенде суретке түсіп, әкеп тастауын өтіндім. Ол бірер күн Шымкентте болатынын, осындағы оқу орындарында мектептес достары бар екендігін, солардың жатақханасына кіріп шығатынын, мүмкіндігінше хабарласып, қайта соғатынын айтып, жылы қоштасты. ... Ажал айтып келмейді ғой. Сол екі-үш күн ішінде Танабайдан айрылып қалдық. Технология институтының жатақханасында достарымен бірге болып, көшеге шыққан жас ақынның сол күйі дерегі болмады. Перизатқа ғашық болып жүретін пері ақынды , кім білсін періштелер қанатына мінгізіп, әлдеқайда алып кетті ме... Әйтеуір әлі күнге «көрдім, білдім» деген адам жоқ...».

 « ...Шұғыла жайып құшағын, шұбатылып сонау күмбезден...
 Қызғалдақ сайын көк кешіп, қызғалдақ сайын қыр кезгем.
 Алқынып саған қарағам, арманда көзбен-нұр көзбен,
 Үзідігіп барып құлағам, құмарым қанбай бір кезде... 

– деп өз тағдырының алды-артын алдын ала өлшеп, болжам қойған екен. Төлеген сарындас, Мұқағали мұңдас Танабай ақын артына таңғы шықтай кәусәр жырларын қалдырып, жоғалып кете барды... Сондай, артына балауса жырларын қалдырып, ғайып боп кеткен ақындардың екіншісі, Әділ Ботпанов. «Әділ ҚазМУ-ға келгенде даяр ақын ретінде келді. Аңқылдақ жігіт еді. 

▶ ▷ Сұраған Рахметұлы. Достоевскийдің жертөлесі

Дос, жора-жолдас десе, барын беретін, елпілдеген елгезек-тұғын. Ақындығы мықты болды. Өз деңгейлестері оған қызыға, қызғана қарайтын. Бірақ жеке жыр жинағын шығарып үлгермеді. Тек «Қарлығаш» деген топтамаға біраз өлеңдері енді. Дүрілдеп жүрген ақын бірде ізім-қайым жоқ болды. Қайда кетті, әлі күнге ешкім білмейді» деген еді бір естелігінде ақын, әдебиетші, журналист марқұм Әмірхан Балқыбек. 

 «Ием болсаң көкірекке салған жол,
 Жатырқамай жылытсаңшы боп пана.
 Өз-өзіңе тең таппаған жалғаннан
 Сен емес қой тек қана...
 тәңірім-ау... 

деп тәңірімен тілдескен Әділ бұл жалғаннан өзіне тең таппай, жан-дүниесін ұғынар қара көрмей, өзге әлемнің қойнына кіріп кете барды ма екен, кім білсін? Егер де Әділ бар болса, бүгінгі күні талай жыр жинақтардың авторы атанып, өлең сүйер қауымның кумиріне айналар ма еді? Бірақ жазмыш оған жазбапты.

Әділ Ботпанов


Артына өзіндік өрнекті өлеңдерін қалдырып, жоғалып кетіп, кейіннен мүрдесі табылған ақындардың бірі Сағат Әбдуғалиев болатын. «Ол Сағат еді-ау... Неткен ауыр тағдыр. Небары отыз алты жасында қазақ поэзиясынан өзіндік орын тауып, кенеттен бәрін лақтырып, артына қарайламай кете бару – адам түсінбес дүние. Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен түрмелерінің тақтай төсегін әлденеше жамбастаған Сағат еліне өкпе ауруын жамап қайтты. Ендігі жерде Сағат ақынға бұл дүниені тәрк етпеске жер қалмап еді. 1983 жылдың желтоқсанының соңғы күндері. Калмыков селосынан кешкілік үлкен трасса жолды бетке алып шыққан шайыр екі ортада бір сайдың аңғарына құлайды. Сол түні қатты аяз ұрып, қалың қар жауған... 1984 жылдың наурыз айының бір жайма-шуақ күндерінде мал-жандығын ауыл маңына өріске шығарған екі бала ақын мүрдесін таппағанда, Сағатқа сайлы жерден топырақ та бұйырмаған болар еді...» деп еске алады Сағаттың тұңғыш  әрі соңғы жыр жинағына алғы сөз жазған жерлесі, белгілі сазгер, бард-ақын марқұм Табыл Досымов. Сағат поэзия әлемінде өзіндік өрнек қалдырған ақын.

Сағат  Әбдуғалиев

«О,тіршілік, жанардағы жарық күн,
 Жарық күннен жарағанша мән ұқтым.
 Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей,
 Жүрегінде қалу керек халықтың!..»

Сағат өлеңді осылайша өрнектейтін. Халықтың бәрі білмесе де Сағатты өлеңге жақын жүргендердің көпшілігі білуі керек.

Осындай да Мұқағалидың «... уақытым келіп кеткенде келмес сапарға, қалмасам екен іздеусіз, ізсіз, жоқтаусыз» дегені еске түседі. Қазақ поэзиясы аман тұрғанда, өлең сүйер қауым бар кезде, ешқандай ақын, соның ішінде Танабай, Әділ, Сағат сынды дарынды ақындар елеусіз, ескерусіз, іздеусіз қалмасы әмбеге аян. 

Айнұр Қазыкенова

▶ ▷ Польшадағы тұз музейі (фото)

▶ ▷ Әділхан Ержановтың «Хозяева» фильмі хақында

▶ ▷ Біздің мәдениет «өлдім» дегенді естімейтіндердің қолында

▶ ▷ Мәдениет министрлігі «ҰЛТТЫҚ КИНО» деген ұғымды түсінбей ме?


author

Сағат Әбдуғалиев

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...