Жеменей Қожамбет палуан

ӘДЕБИЕТ
7274

 «ЖЫҒЫЛСАҢ ҚОЖАМБЕТТЕН...» 

Солтаналы жеменей Текенұлы Қожанбет тек адайға ғана емес, Хиуа хандығына да белгілі атақты палуан болған. «Жығылсаң Қожанбеттен жығыласың, шық белдесуге, алып күш иесінен жығылғанның еш айыбы жоқ» деп ақсақалдар талапты жастардың бірін Қожанбетпен күресуге қайрап шығарған екен. Содан «Жығылсаң Қожанбеттен...» деген сөз жүрексініп тұрған палуандарды қайрап, жігерлендіретін мақал болып кетіпті. 

АМЫС ҮШІН КҮРЕС 

Қожанбет бірде Хиуа жақта жүргенде Хиуа ханы ұлды болып, соның құрметіне жасалып жатқан тойдың үстінен түседі. Ханның түйе палуаны белдескендердің бәрін шыдатпай жығып, мерейі өсіп, енді оған қарсылас табылмай бас жүлдені алғалы тұрады.

 - Қара күштің қабы, теңдесі жоқ палуанға қарсы шығып күресем дейтін тағы кім бар? – дейді жаршы айқайлап. Қожамбеттің оңтайланғанын сезіп қалған, сол Хиуада тұратын қарындасы:

 - Аға, күреспе, хан палуаны жеңісті бермейді, баскесерлері де көп, жалғызсыз, жазым қып жүрер –деп шалғайына оралады.

 - Шықпасам болмайды, қазақ намысын аяққа таптатып кеудемде тұратын шыбын жанды не істеймін? –деп Қожанбет ортаға шыға келеді.

 - Мен бар! Қазақпын. Кіші жүз елінің палуанымын. 

Қожанбетті кеудеге дейін шешіндіріп, кең балақ ақ дамбалмен ғана қалдырады. Хиуа ханының бас палуаны Қожанбетті онша менсіне қоймайды, бірақ тұлғасына қарап тегін еместігін іштей сезеді де, халық алдында жасытып, масқаралаудың жолын қарастырып, бірден ұстаса кетпей, айналып жүреді. Кенет шапшаң қимылмен ышқыр бауын тартып қалғанда бау үзіліп кетіп, ақсәрбоз дамбал бақайға сыпырылып түседі. Көрермен халық ду ете түсіп, қыран –топан күлкіге батады. Сол бойда қарсы жақтың желөкпе бірі: «Қазақ палуанының көті ашылды, масқара!» деп жар салады. Қожанбеттің бетіне қан ойнап шығады да, өзгелердей қымсынып, абыройын жабу үшін отыра қалмай, аяғының басына түскен дамбалын башпайымен бір сілкіп, анадай жерге лақтырып тастап, қарсыласына арыстанша атылады. Екі дәу ұстаса кетіп, апыр –топыр болып қалған кезде көрермердер түрікпеннің түйе палуанының жауырынының жер қапқанын бір –ақ көреді. Қожанбет әлгі өзін масқаралаған палуанның басынан жұрт көзінше аттап жүре береді. Шыр –пыр болып тұрған қарындасы жүгіріп келіп, үстіне шапан жапқан кезде ғана, ол өзінің анадан туғандай тыржалаңаш екенін бір біледі. Шапанды иығына жапқан қарындасы көпшілікке айқайлап тағы бір нәрселер айтып жатады. Артынан білсе, ол: «Уа, халайық, әлгіндегі ағамның ашылып қалған еті еді ғой, ал көті ашылды деп міне, мынаны, шаршы алаңда тұра алмай теңкиіп жатқанды айтады» деп тұрып жатқан әлгі бас палуанды көрсеткен екен. 

АЛЫП АСТАУДЫ ҚОЛТЫҒЫНА ҚЫСТЫРҒАН 

Қожанбет бірде шілде айының ішінде жолаушылап келе жатып түрікпендер жайлап отырған шыңыраудың үстінен шығады. Аты да, өзі де шөлдеген екен. Құдық басында малдарын суарып болып тұрған бір топ түрікпен жалғыз атты жолаушыны онша менсінбей, әжуалай бастайды. Тіпті ер–тұрманын олжалағысы келгендей сыңай танытады.

 - Алыстан келе жатқан жолаушы едім, атымды суаруға рұқсат етсеңіздер, -дейді Қожанбет. Сонда түрікпендердің бірі:

 - Бұл құдықтың суы сарқылып қалды. Өнгенше біраз мезгіл кетеді, анау екінші құдыққа мына тас астауды көтеріп апарып құр да, атыңды суарып ала ғой, - дейді. Қожанбет әлгілер көрсеткен, адам түгіл атан түйе тарта алмайтын астауды «әуп» деп көтеріп, бір қолтығына қысып, екінші қолымен атын жетектеп, көрсетілген құдықтың басына апарып атын суарып, өзі де шөлін басып, жөніне жүре беріпті. Түрікпендер оның атын олжалауға бата алмапты. 

Айтуар ӨТЕГЕНОВ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...