ДИДАР АМАНТАЙ. ИДЕОЛОГИЯ

ӘДЕБИЕТ
2103

Эссе

Бірінші басылым

Ел ішінде идеология туралы жаңсақ пікір қалыптасқан. Түсініктері – күңгірт, ойлары – тұманды, сөздері – қайшылықты.

Қажет дейді. Көрмеген түйені де көрмес, дейді қазақ мәтелі.

Идеологияның өзі екі жүзді пышақ тәрізді, абайламасаңыз, қолыңызды кесіп аласыз, өткір. 

Расында, идеологияның бәрі жақсы емес, тіпті, кейде демагогиядан ары аспайтын түрлерін де көріп қаласыз. Тарихта болды, бүгін де кездестіресіз. Өкінішке қарай, келтірер мысал көп, жеткілікті.

Әуелі, идеология – идея (түсінік) және логос (ілім) – деген екі сөзден құралғанын айтуымыз қажет. 

Бұл мәселені жете түсіну үшін біз қоғамдық болмыс/сана, мемлекет/саясат ұғымдары не білдіретіндіктерін айқындап алуымызға тура келеді.

Мемлекет – белгілі бір территориялық көлемге, ауқымға ие, жергілікті, тұрғылықты халықтың еркін дамуына жағдай жасайтын, қоғам қажеттілігі, қасиетінен туындайтын ортақ қызмет, іс-әрекеттерді атқаруға тиіс басқарудың, басшылық етудің аса жоғары дәрежеде ұйымдасқан түрі – саяси билік жүйесі. 

Қоғамдық болмыс – әлем тұтастығын, дүние мен адам бірлігін, тіршілік мәнін, қоғамдасып өмір сүру кезінен қалыптасатын, бір-біріне деген қатынасын білдіретін философиялық категория.

Қоғамдық сана – белгілі бір заман, дәуірге тән ұжымдық ұғым-түсінік жиынтығы. Рухани өмір, адам санасында қалыптасқан қоршаған орта, көзқарас, ой-зердесі көрінісін, бейнесін, түрлерін түгел қамтитын философиялық категория.

Еске сала кетейік, категория – толық, анық түсінік емес, ғылыми мәртебесі жоқ сөз.

Қоғамдық сана формалары саяси, құқықтық, кісілік, эстетикалық және діни деп бес түрге бөлінеді.

Бірінші параграф

Идеология таптық көзқарас та, ұлттық мұрат та, құндылықтар жүйесі де болуы мүмкін. Бұл жерде ойлану керек. Демек, идеология мүддені білдіреді, алдына мақсат қояды.

Сосын, екінші, қалыптасқан құндылықтар жүйесі шеңберінде, аясында өмір сүреді.

Біз, әдетте, қай идеология туралы әңгіме қозғап отырғанымызды білмейміз. Яғни, екі түрі бар: топтық мұратқа ұмтылғандардың қызметі, сонымен қатар, жалпыға ортақ идеалдарға қол созғандардың бейбіт тыныс-тіршілігі.

Қос диалектика. Білмесе, елдің бірін-бірімен шатастыратын, тура жолынан адастыратын жұп түсінік.

Мүдде – ғұмыр.

Ғұмырда – бәрі тең. Мүдде – топтық, таптық, ұлттық, мемлекеттік.

Мемлекеттік мүдде – барлық азаматтың мүддесін білдіретін құндылық. Қасиетті, ардақты, ұлы. Бәріміз де қызмет ететін, мақтан тұтатын, ұлықтайтын асыл парыз, аяулы міндетіміз. Мемлекет мұраты, мүддесі – бір идеология емес, бүкіл қоғам мүшелерінің көзқарасынан құралатын, қақын білдіретін құрама ұғым. Ол ортақ құндылықтарын әлемге паш етеді.

Идеология – саясатқа: ұстанатын құндылықтар мен идеалдар жүйесін айқындап береді. Екеуі де қоғамдық өмірдің барлық мәселесіне араласады.

Қоғамда идеологияның біреуі емес, бірнешеуі бар. Тіпті, бір қоғамдық идеологияның билеп-төстеуі – тұрақтылыққа, елдің келешегіне қауіп төндіретін құбылыс. Әртүрлі идеология болады, бірақ заң аясында, дәстүр шеңберінде өмір сүруі керек.

Көбінесе, тарихты шолсақ, саясаттары (күш-қуаты) әлсіреген кезде империялар идеологияға жүгінеді. 

Бүгінгі заманда тұрақты мемлекеттің саясаты да тұрақты. Даму жоспары, кемелдену кезеңдері бар. Материалдық игіліктерге де қатысты, рухани жаңғыруға да қатысты.

Идеология – қоғам мен әлеуметтік топтардың мақсат-мүддесін қорғайтын, қолдайтын, жүзеге асыруға талпынатын көзқарастар, түсініктер, идеялар жиынтығы.

Екінші параграф

Саяси идеология – саяси идеялар, теориялар, мүдделер мәселесімен шұғылданады. Ол – белгілі бір тұжырымдаманың саяси өмірге белгілі бір саяси элита мақсат-мүддесі тұрғысынан берген бағасы. 

Саясат – көне грек тілінен аударғанда, мемлекет қызметі деген ұғымды білдіреді. Бұл ұғым өкімет және мемлекеттік басқару салалары және мемлекет қызметіне қатысты қоғамдық өмір мәселелерін қамтиды.

Идеология жоқтан пайда болмайды. Ол – кешегі жұрт қазынасынан, бүгінгі халық еңбегінен, ертеңгі күннің кепілінен туады.

Және де, идеологияны атап айтудың қажеті жоқ, ол қоғамда өмір сүріп жатыр: тәуелсіздік жылдары қалыптасқан құндылықтар жүйесі – біздің идеологиямыз.

Атазаңнан басталады.

Тұрақтылық. Тыныштық. Сосын – табыс. 

Қоғамдық сана идеологияны бағдарламалардан таниды. Бағдарламалар – саясаттың көрінісі.


19.01.2019 

author

Дидар Амантай

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Маңғыстаулық жігіт әкімдік алдында өзін өртеді, деп хабарлайды madeniportal.kz. Ол өңір басшысының...

Жаңалықтар

Бүгін еліміздің солтүстігі мен орталығында боран соғады, деп хабарлайды madeniportal.kz. Синоптикте...