«Тәуелсіздік:Сөз бен Сурет» жобасы аясында «Мәдениет порталы» "Папирус&...
Жеңіс Кәкенұлы. Клод Моне немесе импресcионизмнің көк туы
Әдетте, біз – қалалықтар, тіршіліктің қым-қуыт жүгірісімен зымырап жүріп, айнала көріністің әсерін бақылай, байқай бермейміз. Таң қалай атып еді, күн сәулесінің әуемен ағып барып үй қабырғасына шағылғанда қандай түсте еді, біраздан соң неге өзгеріп сала берді дейтін сұрақтарға тіпті бас қатырмайтынымыз анық. Әлдебіреу сізді тоқтатып: «Әлгінде ғана аспанның әнебір шеті жұмсақ көгілдір түстен жібек күлгінге қарай ауысып еді, енді келіп тотияйындай көкпеңбек бола қалыпты ғой», – десе, оның ақыл есінің дұрыстығына күмән келтіретініңіз де айдан анық.
Табиғаттың айнығыштығын, жарықтың айналаға әсерін, сәт сайын өзгеріп отыратын жарық пен көлеңкенің арпалысы, күн жылжи келе әлгінде ғана жарқырап тұрған әлдененің жарқыраған бүйірі солғын тартып, келесі бір қыры құлпырып, құбыла бастағанын кенебіне дереу түсіріп, осы үрдісті өзінің суретшілік ғұмырына өмір бақи азық еткен суретшілер жүрді арғы ғасырда. Қас пен көздің арасындағы құбылыстың, әсердің өзін ұстап қалуымен ғана бейнелеу тарихында өшпес ізін қалдырып кеткен бұл суретшілер импрессионизм өкілдері болатын. Өздеріне дейін тек ғимарат ішінде сурет салып, академиялық сурет канондарынан қия баспай отырған әріптестерінен жеріп, мольберттерін арқалап, аулаққа, табиғат аясына еніп кеткен импрессионистердің көш басында Оскар Клод Моне тұрды.
Париждің Монмартрында дүниеге келген Клод Моне Абай атамның бел құрдасы еді. Балалық шағын дәйім дәптер шимайлаумен өткізген Клод Моне – суретшілігінің әу басын әзіл суреттермен ашқан кісі. Суретші өмірінің жартысына дейінгі жоқшылық, Франциядағы жұмыссыздық мәселесі оның шығармашылығына молынан әсер еткенін айта кетуіміз абзал. Ол жас кезінен-ақ әкесімен қырбай болып, «бақалшы болмадың» деп ақша бермей қойғанын сылтауратып, өзі тұрған өңірде портретке деген тапсырыстың ыңғайына салып, шарж бен карикатурадан пайда түсіріп, өз күнін өзі көре бастайды. Бұл өнерден нәтиже шығарып, шалқақтай бастаған жеткіншекке теңізші әрі тіс қаққан суретші Эжен Буден кездеспесе, импрессонистер абызын біз білер ме едік, білмес пе едік?.. Клодтың суреттерін көріп, тамашалаған Буден суретші:
– Айналайын, сен талантты бозбала екенсің, бұл өнермен шектеліп қалмай, әрі қарай оқу керек, – деп ақыл айтады. Құрғақ ақылмен шектелмей, табиғаттың аясына барып, мольбертін құрып жіберіп, көріністі кенепке қалай жазу керектігін көрсетеді. Буденнің сол кездегі жан беріп, жан алған сәтін көзімен көрген Моненің таңданысында шек болмапты. Тап сол кезде Ла-Манштың жағасындағы көрініс секунд сайын өзгеріп тұрған деседі. Соған қарамастан, Буден суретші бұлтты да, теңізді де өзіне бағындырып, ғажап картина түзеді ғой. Бір сәттік көріністі ұстап қалудың қалай екенін көзіне көрсетеді.
Сөйтіп, 18 жасында мұның тағдырына Буден суретші найзағайдай ойнап, көзінің шелін сыпырғандай қылады. Одан әрі қарай Париж барып, Сюисс Академиясын көру, Труайон, Шарль Глейр мен Огюст Тульмуш шеберханасынан дәріс алуы – өзінше бір төбе әңгіме. Бізге бұл жерден алған тәлімін тәптіштеп жатқаннан гөрі, оның академияның қасаң тәртібін ұнатпаған «бүлікшілдігі» қызық. Ашық аспан аясында этюд, пленер жазуда сурет салу табиғатына қоятын талаптарды орындай бермегені үшін академия «өйт, бүйт» деп тобығынан қаға берді. Жаратылысынан бұла, Буденнің өзін зорға мойындаған Клод Монеге бұл тіптен ұнамайды. Академиямен тәжікелесіп жүріп, ақыры мольбертін арқалап, шығармашылыққа біржола кетіп тынады да, өзінің көзқарасымен туыстас Мане, Сислей, Ренуар секілді суретшілермен ынтымақ табады. Олар бейнелеу өнерінде жаңа қадамдар жасап, түс гаммаларының сол уақытқа дейін қалыптасқан дәстүр-тәсілдерін бұза отырып, пленерлік әдістің жаңа, тосын да шалт, жылдам жасалатын формасын қалыптастыра бастайды. Табиғат аясындағы тосын құбылыстарды әсерлі жеткізу мүмкіндігінің көзін ашады.
Суретші алпысыншы жылдардың ішінде Камила Донсье дейтін бикешпен жұп құрған соң-ақ екеуінің артынан жоқшылық дейтін тажал шам алып түседі. Жалға алған үйлерінің қарызы асып кетіп, қашанда несие берушіден қашып-пысып күн көрді. Алған әйелімен заңды некеге тұрмаған соң, католик дініне берік әке-шешесі де оған салқын қабақ танытып, көмек қолын созбай-ақ кетті. Құдайшылығын айтсақ, Клод Моне әу баста осы Камиласының портретін жазып жүріп танылған болатын. «Жасыл көйлекті қыз» картинасын Париж жұртшылығы жылы қабылдап, сол кездің өлшемімен қымбат бағамен сатылып та кеткен. Алайда, ол ақша бұлардың жыртығына жамау бола алған жоқ. Ақшаны ұстай білмейтін Моне шіркін оны әп-сәтте жұмсап жіберген. Туасы дегдар, жаратылысынан кінәз кісілер болады ғой өзі. Моне мырза да соншалық кедей тіршілігіне қарамай, аста-төк тамақтанатын, қымбат киінетін. Тапқан-таянғанды шымшып ұстауды Камила жазған да білмей өтіпті. «Өтіпті» дейтінім, ол кісі суретшімен бас қосып, алғаш бақытты тұрмыс құрғандай болғанымен, артынша... Көбінше науқастанып, аяғы ауырлағанда дұрыс тамақтана алмағаны бар, суретшінің бұған суына бастағаны және қосылып, бар-жоғы он шақты жыл ғана отасып, ауырып, қиналып жатып өмірден озады.
Клод Моненің сүйген жарын емдетуге қаржы таба алмағаны өз алдына, оның жанында отырып, қайғысын жадыратып, мұңын бөлісуге мүлде уақыты жоқ-тын. Ол сурет үшін туып, сурет үшін өлетін тап-таза фанат-тұғын. Жазда, тап Шалкиіздің кейіпкерлеріндей, «қалпағына қара шыбын үймелеп, сақалына сары шіркей балалап», сақылдаған сары аязда бетінің түгіне қырау қатып, екі-үш қабат шапан киіп, сталактит секілді мұз құрсанып, төпеген қар астында сурет салып тұратын. Жауып тұрған қардың, шапшып ұрған теңіз толқынының эффект-әсерін зерттеп, сурет қылып салып, қар жастанып, мұз төсеніп жүрген суретші үй ішіне кіргенде дәрменсіз, тіршілікке келгенде мүлде қорғансыздың тап өзі еді. «Неге жаяу жүрмейсің, отыныңды өзің жарып алсаң болмай ма?» дейтіндердің айтқан ақылы құлағына кірмейтін. Ол Тәңірден суретші болып жаралды ғой, басқа тірлікті қайтып істесін? Оның үстіне барлық суретшілерге тән күйреуік мінез оны да әманда талап жеп бітуші еді. «Мен келмеске кетермін түк бітірмей» дейтін жидебайлық құрдасындай түңілетін де жүретін. «Ештеме өнбеді. Құрысын, шаршадым, біттім!» – деп қарадай күңкілдейтін. Сырттай мығым, эмоцияға жоқ, салмағы ауыр көрінгенімен, Моне жаны тез жараланғыш-тұғын.
Таңмен таласып тұратын, күнді еңкейтіп төсегіне құлайтын. Бір жерде тұрақтап қалмай, үнемі картинаға объект іздеумен төңіректі кезетін де жүретін. Алқап, соқпақ, ауыл, үйлер, жел диірмен еді көбінше оның «кейіпкерлері». Аңдып, баспалап, тұра қалып, отыра кетіп керекті көрінісін талмай іздеген бұл тірлігі суретшіден гөрі аңшылыққа келе ме, қалай?.. Әйтеуір, оның өмірі тынбай сурет сала берумен ерекше еді, несін айтасыз! (Қайран менің кітап көркемдеумен, фотосурет түсірумен босқа кетіп жатқан күндерім!..)
Моненің таңдап алған бағытының дұрыс екеніне қарамастан, оның салған картиналарын, мүдделестерін Париж жұртшылығы көпке дейін қабылдамады. Салонға алмай, көрмелер ілмей сарсаңға салудан бір танбайтын. Көрмеге қойылса-ақ, келушілер кекетіп-мұқатып, газеттер улы тілін жаятын. Әсіресе, «Шаривари» газеті Моненің серіктестерін жүндей түтті.
Сол кез көрермендерінің өресі замандас суретшілермен деңгейлес екенін айта кетуіміз керек осындайда. Әр қадамыңды көріп біліп, жақсыңа сүйсініп, сүрініп кеткеніңде демеп қалатын көрерменнен айналасың ғой. Ал импрессионистердің соры (артынша келген бағы) олардың замандас-көрермендерінен озық туғандығында, жаңалықты сәтті аша білуінде еді. Сурет салу барысындағы әбден қалыптасқан, бояу жағу, пропорция, симметрия заңдылықтарын сақтай бермей, неғұрлым табиғат көрінісінің өткінші әсерін әп-сәтте ұстап қалуға күш салған Моне мүдделестері ә дегенде қабылдана қоймауы заңды еді. Мысалы, Монеге дейін табиғат аясындағы бір шөмеле шөп салынды ма, бітті: ол ғана картина болуы мүмкін. Онда көкжиек, аспан, үймек шөптің ұқсастығы, жаңадан шабылып шөмелеленгені көрінсе, көрерменге рауа. Ал Моненің шөмелесі біреу емес, құрыды дегенде он бес болса қайтесіз? Бір ғана шөмеле, жалғыз-ақ сюжет. Ал енді сол шөмелені таңғы сұрқай қалпын, сағат алтыдағы қызғылт қалпын, он бір болғандағы сары, тал түстегі көкпеңбек, күлгін кейіпке келген кешкі қалпын Монеден өзге кім салыпты? Жанында тұрып бақыламаған соң, көзімен көріп түймеген соң пенде шіркін мұндайды мойындай қоя ма сірә?! Сол кездің көрермені бар, сурет сыншысы, өнертанушысы бар – бәрінің басына сыймаған нәрсе импрессионистердің айналасы он бес-жиырма минутта салынып біткен «шатпырақтарының» өзгелер айлап, жылдап, сылап-сипап, баптап-лактап алып келген картиналарымен қатар музейге қойылуы еді. Моне жақтастарының ұтқан жері – өз «шатпырақтарын» этюд-пленер деңгейінен көтере, биіктете-шарықтата әкеткендігінде. Табиғатпен шаппа-шап «айқасқа түсіп», әп-сәтте оның дәрегейінен анау-мынау емес, небір шедеврлерді суырып алғандығы еді (Кейін уақытында «шатпаққа» баланған «кәкір-шүкірді» картина жинаушылар мыңдаған долларға, іздеп жүріп, сатып алатын болды. Ал керек болса!)
Францияның Моне өмір сүрген кездегі қаржылық дағдарысын айттым. Сол бір ұшынып тұрған сәтте Эрнест Ошеде дейтін банкир тамыры картиналарын там-тұмдап сатып алып, қол ұшын беріп тұрған еді. Артынша ол банкротқа ұшырап, байтал түгіл бас қайғының кебін киіп, қатын-баласын тастап безіп кетеді. Содан Моне әлгі қысылғанда қол ұшын берген Ошеденің отбасын өз үйіне кіргізіп алады ғой. Өзінің Камиласы, үш баласы бар, Ошеденің алты баласымен қоса – Алиса дейтін әйелі қысыла-қымтырыла Клодтың аядай пәтерін жайлайды. Мұны айтып отырған себебіміз, Клод Моненің ендігі өмірі тұтастай Алиса атты әйелмен өріліп отыратындығы. Иі жұмсақ, тіршілікке бейімсіз, аурушаң Камиладай емес, діңі де, тіні де берік Алисаның арқасында Моненің шаңырағы да, болмысы да шайқалмай, тек шығармашылықпен айналысты. Камила көз жұмған соң, заңсыз болса да, осы әйелмен бірге тұрды. Католик діні үшін өрескел, сөлекет неке суретші үшін өлім мен өмірдей аса мәнді еді. Иә, Алиса Клод үшін жаралған әйел болатын. Өзінің алты баласы, суретшінің үш баласы, ауру әйелінің бүкіл ауыртпалығын мойнына салып сүйреп өткен кісіні суретшінің қойнына, өз күйеуі бола тұра, кіріп алды деп жазғыруға қақымыз жоқ. Керісінше, Моненің бір-екі күн болса да үйден ұзап, өзге жаққа кетіп, сурет салғанында тәптіштеп отырып сол жақтан хат жазуын талап еткенінің арқасында, импрессионизм, жалпы бейнелеу тарихына қаншама құнды дерек қалды.
Үлкен қаланың пәтерақысы қымбаттап, бала-шағасын сүйрелеп, қарыз алған адамдарынан қашып-пысып, аннан бір, мұннан бір пәтер жалдап келген Моненің отбасы ақыры Живерни дейтін ауылға ат басын тіреп, өмірінің соңына дейін сонда қалып қойды. Живернидің төңірегін мол қамтыған Моненің шығармашылығы – Голландия пейзаждары, Руан соборы, Аржантей мекені, Сена жағалауымен қапаш-құпаш құшақтасып, шырмалып жататын еді. Аржантей, Пурвиль, Ветея, Нормандия, Вернон, Этрета деп кете беретін мекендер атауы Клодтың картиналарына пейзаж болып орын теуіп, өнер әлемінде өзінше бір ғұмыр кеше бастаған. Суретші, әсіресе, Сена өзенінің айғайшыл, контраст бояулардан ада, ептеп мұнарлы, әнтек тұманды жағалауын жанындай жақсы көруші еді. Өзеннің көгілдір, қызыл сары тұманына оранып алып палитра ашу Моне үшін бақыттың үлкені тұғын. Қайық үстіне шеберхана жасап, өзеннің бетімен жүзе жүріп те талай картинасын салды. Тіпті бір жылдары қысты күн қатып қалған, жаны сүйген Сенасы кенет келген жылымықтан еріп, мұзы шатырлай сынып, жағалаудың бәрін жалмап, арсы-күрсі болып қаһарлы мінез танытқанда да өзгелердей тұра қашпай, мольбертін өзенге жақын келіп құрып, әлгі көріністің он шақты көрінісін кенепке түсіреді. Күшті жел, боран тұрып, селдетіп жауын жауса да, стихиямен ерегесіп, мольбертін жерге қазық қағып, байлап, кенебін оған шандып, палитрасын сол қолына бекітіп алып төпеп жаза беріпті. Картина бояуына құм, тіпті қиыршық тас араласып кеткені де сол стихиямен алыс-жұлыстың нәтижесі.
Франциядан ұзап Лондон барса да, Альпі асып Италия кетсе де, шығанақ кешіп Скандинавия өтсе де, қарсы алдында тынығу, жан тыныштығы емес, сурет салу миссиясы ғана тұрды көлденеңдеп.
Күйреуік болса да өз бағасын білетін, даңғайыр кескіндемеші еді. Тіршіліктің таңдайы үшін бал жинаған арадай тынымсыз еді. Күндердің күні болғанда салған дүниелерінің бағасының алтыннан кем болмасын алдын ала сезіп, Париждің талай картина саудагерлерімен өзінің қызметшісі құсатып, әйт-бүйт деп бұйрық райда сөйлесетін. Қалталы банкирлерден ұялмай қарыз алып тұрды. Дюран-Рюэль есімді банкир Моненің жарылқаушысы болды. Арзанға кетті деп аһ ұрмай, сұраған бағасына беріп жіберген кездері де аз емес. Айтатыны жоқ, көпке дейін импрессионистердің қоңына шыр бітпей-ақ қойды. Сонысына қарамай, мана айттым, Моне шіркін кінәз еді. Ысырапшыл еді. Қымбат киім тіктірді, балаға күтуші, асүйге аспаз ұстады. Кезінде Камиласын да қуыршақтай қылып киіндіріп қоятын. Замандастарынан ілгері туды деген осы. Өз бағасын біліп, кезі келгенде бас айналдырар даңққа, бума-бума ақшаға жететінін күн ілгері білген адам ғана осылай шаш та төк, қарыздан қорықпай ғұмыр кешсе керек.
Картиналарының тағдыры да қызық. Моне Латуш дейтіннің картина дүкеніне «Лувр жағалауы» дейтін картинасын өткізеді.
– Алушысы табылса, арзанға болса да бер, – деп кетеді. Артынша әлгі дүкенге бір «білермен» келіп:
– Латуш мырза, мына бір «шатпақты» дүкеніңізден алып тастасаңыз етті, – деп ақыл айтады. Ертесі Латуш Монеге картинасын қайтарып береді...
Сенсеңіз, сол «шатпақ» 1934 жылдан Луврда ілулі.
Жан Батист Фор дейтін бір артист келіп, суретшімен ұзақ саудаласып, алмақшы суретін кергіп, болмашы (біздіңше, шамамен жүз теңгеге) ақшаға алмай кетеді. Жылдар өтіп суретшінің бағы жанып тұрған шағында әлгі ұятсыз келеді ғой:
– Қалеке, кешіріңіз, баяғы картинаны пәлен теңгеге алсам бола ма? – деп.
– Аулақ жүр! – депті суретші. – Саған ол картинаны енді жүз мыңға да бермеймін!
Атағы аспандап, айбыны мұхит асып, Америкаға жайылғанда да картинасы адамдар тағдырына дәнекер болыпты. Бұл – Американың жас та болса аса дәулетті Винаретта Синджер дейтін қыз бен Эдмон дейтін принцтің арасында болған оқиға. Эдмон бекзада сурет галереясын қарап жүріп Моненің «Гаарлема маңындағы қызғалдақтар алқабы» картинасына көңілі құлайды. Әне-міне сатып аламын деп керіліп жүргенінде әлгі картинаны Синджер бикеш қағып кетеді. «Аһ» ұрып, сан соғып қалған бекзада әлгі басы бос бикештің соңына шам алып түсіп, басын айналдырып жүріп оған үйленеді. Сөйтеді де, Клодтың картинасына қол жеткізеді.
Жұрттың өсек-аяңына таңып берген суретшінің отбасы жағдайы банкир Ошеде қайтыс болғанға дейін заңды шешімін таппады. Өгей балаларының кейбірі мұны иттің етінен ары жек көрді (қолы жүрмеген кездері күні бойы томсарып, тамақ ішкен дәлеңкеге тиген қасықтың үні ғана бұзып тұрған үйде ойын баласының тыныштықты бұза алмай, суретшіден ығып отырғаны қай жақсы?) Кейбірі, керісінше, мұны пір тұтып, қолына палитра ұстап жанында жүрді. Әсіресе, Ошеде мен Алисаның Бланш атты қызы Клод Монеге қанатымен су сепкен қарлығаштың тап өзі еді. Ұл бала құсап қол арбаға тиелген картиналарды сүйрелеп, суретшінің артынан салпақтап еретін де жүретін.
– Ойбай, Бланш, күн кетіп бара жатыр, ананы әпер! Бұлт басып барады, мынаны әкел! – деп бір мезгілде он-он бес картинаны бір-ақ жазып, жан ұшырған суретшінің қасында қолғанаты болып ұшып-қонған сол «өгей қызы» еді.
Монені әкесінен артық жақсы көрген Бланш қыз суретші өмірден озып кеткенде де оған деген ақ тілеуден айнымай, музей үйінің шырақшысы, артынан қалған мол мұраның шын жанашыры бола білді. Нәзік иығымен-ақ әкесіне тіреу болып, оны әулие тұтып, тек соның тілеуін тілеумен өткен Бланш қыз, несін айтасыз, Моне тарихының ең бір жарқын беттері еді ғой…
Қош, енді «импрессионизм» сөзінің қалай шыққанына келейік. Бұл 1873 жыл еді. Бір күні таңертең ескі портқа қараған терезесіне назары түскенде, көгілдір мұнарды жарып, қызара бөртіп, көтеріліп келе жатқан күнді көреді. Оның дірілдеп барып суға түскен сәулесін, қала түтінімен оранып, анық кейпін танытпай, бұлдырап тұрған жағалаудағы айқыш-ұйқыш теректерді, крандары бар баржа, өзенді бойлай жүзіп келе жатқан қайықты байқайды. Фотоаппараттың шүріппесіндей сырт еткен қас-қағым сәт суретшінің сиқырлы қолымен кенепке дарып, «Әсер. Күн шығардағы сәт» дейтін ең атақты картина дүниеге келеді («Әсер» – француз тілінде «impession» сөзіне балама).
Атақты картинаны әп дегенде аса бір түсініспеушілік күтіп тұрды. Оны көрме ұйымдастырушылар қабылдамай, біреу жылы сөз айтса, бесеуі мазақтаған, талайлар ашықтан-ашық «аһа-һа-лап» күлген картина болды. Тіпті 1874 жылдың 25 сәуірінде «Шаривари» газеті Моненің «Әсерін» быт-шытын шығарып, түгін қоймай «сабапты» (Қазіргі коллекционерлер «Шариваридің» сол күнгі нөмірін бас айналдырар ақша ұсынып, ырымға таба алмай жүрген көрінеді).
Абай атам айтпақшы, «қыс қанша қатты, аязы мен бораны суық болғанымен, артынша жанға жайлы, суы мол жаз келмейтін бе еді». «Әсер. Күн шығардағы сәт» картинасын көк ту етіп көтеріп, өздерінде бармен көзге ұрып «импрессионистер» шықты сурет аренасына. Буден, Дега, Гоген, Кайбот, Гийомен, Лебур, Писсаро, Берта Моризо дейтін өшпес есімдерді иеленіп.
Қалтасының қалыңдығы Францияның экономикалық жағдайымен тікелей байланысты Моне мырзаның жүгі ауғыш тіршілігі бірте-бірте бір арнаға түсіп, танылу шеңбері кеңи берді. Баяғыдай несие берушілерден бұғынып кешкен ғұмыры келмеске кетеді. Бөрінің артындай шулап, Монені жамандап жазатын «газетчиктерге» Октав Мирбо секілді шарайнасы шалқасынан жатқан жазушылар тойтарыс беретін болды. Ылғи бір күстаналап, улы сиясын Монеге жаққаннан танбайтын Альбер Вольф те бағытын өзгертуге мәжбүр болыпты. Иә, Камиль Кородан кейін пейзаж өнерін жаңа бір қырға шығарған, оған жаңа бір түр сыйлаған Клод Монені бұдан әрі қарай мансұқтай беру көрсоқырлық еді.
1874 жылы «Әсер. Күн шығардағы сәт» 800 франк ақшаға сатылады. Бұл – сол кездің өлшемімен аса көп сомма.1880 жылы тұңғыш жеке көрмесі өтіп, табанда «Мұзжарғыш» картинасы 2000 франкке бағаланады. Бірте-бірте суретші мен сатып алушы арасындағы байланыс бірін-бірі өсіріп, дамытып отырды. Біреуі ақша күшімен күн көрісі қамын шешіп, қанатын жайып, қарқынын үдете түссе, екіншісі картинаны сату траекториясын кеңейтіп, Голландия, Бельгия, Америка базарына шықты. Моне даңқы жайыла берді. Дюран Рюэль Америкаға 310 картина арқалап барып көрме жасайды. Кілең импрессионистердің картиналарын сұрыптап алған Дюранның сол сапарында Моненің қырық шақты суреті болыпты. Нәтижесінде Американың байшыкештері Дюрекеңнің бүкіл жинағын түк қалдырмай сатып алды.
Қайыршылыққа да, көрерменнің немқұрайлығы мен жеккөру-шілігіне де кеңірдектей жүзген Моне қырық жеті жастан кейін ғана шығармашылығының бейқұт та тұнық айдынына шығып еді. Көкейі ырыс, сырты бақ күндері туып еді.
Монеге еліктеген импрессионистер сонау Америкадан келіп, суретші жүрген, этюд жазған жерлерге барып, оның сюжетін қайталап салып, тәу ететін болды.
Атақ, ақша суретшінің ауласына біржола ат басын тірегенімен, ол өзінің әуелгі қалпынан айнымады. Тәуліктің әр кезін, әр түрлі жарық алмасуын картина қылып түсіре берді, түсіре берді. Шеберханада қамалып отырмай, табиғатқа ұмтыла берді, ұмтыла берді...
Оның қырықтан асқан шағында салған картиналары мыңнан асып жығылып еді. Әлгінің кез келгенін алып қарасаңыз жарық-көлеңке, күннің сәулесін аңдып, көшкен бұлттарды аңдап, қылқаламын екі-үш мәрте ғана сілтеп қалып, табиғат болмысын дәл түсіре сурет қылып, ерінбей жинай бергеніне куә болар едіңіз. Сурет салуға қойылатын ереже-шарттылықтан аттап өтіп, күннің көз қарықтырар жарығын, жаңбырдың төгіп өтіп, теңізбен араласып, жартасқа ұрған көк долы кейпін нақпа-нақ кенебіне түсіре білген, ұстатпайды-ау дегенді дәрегейіне жыққан, «тағыны жетіп қайырған» Монедей суретші некен-саяқ. Әлемнің сұлулығын Монедей сезінгендер де кемде-кем.
«Ол айғайшыл, аппақ, қап-қара көріністерден гөрі, табиғаттың аздап тұманды, аздап мұнарлы кейпін сүйетін еді» дедім. Қара түсті бояуды мүлде қолданған жоқ. Палитрадағы бояулары әрқайсысы өз орындарында жататын. Дәулескер күйшінің пернені қарамай-ақ басатыны сияқты, палитрасына қарамай-ақ қажетті бояуды керек мөлшерде алып, араластырып картинасына қондыра беретін.
Моне өзіне ұнамай қалған картинасын жұдырықпен бір қойып айырып тастайтын сойқан мінезді де еді.
Не деген бақыт! Огюст Родендей аса талантты мүсіншімен бастас болды, сыйлас болды. Мықтыны дер кезінде танып, бағасын берушінің бірі де осы Моне. Роденнің қара үзген мүсінші екенін, мықтылардың мықтысы екенін уақтысында айтып, шығармасын көкке көтеріп, дәріптеп өтті. Жорж Клемансо, Гюстаф Жеффурадай адал достары болды.
Мемлекеттің биік тұтқасын уыстап ұстап отырса да, суретшінің шеберханасына баруға үнемі уақыт тауып, талант шіркінді аялап өткен Клемансодай кісіге суретшілер ғана емес, бүкіл адамзат риза. Моненің жадау күндерінде жанынан табылып, оның нашарлаған көзін емдетіп, әзіл-қалжыңын аямай дем беріп отыратын Клемансодай досы бар Моне шіркінде арман бар ма екен?!
Суретші тіршілігі Пикассодай қым-қуыт болмағанымен, бір басына жетіп артылатын «қожанасырлыққа» толы.
Әйгілі «Көктерек» сериясын салып жүрген кезінде бір күні таңертең теректеріне айқыш қызыл белгі соғылып қалғанын көреді.
– Ойбай, бұларың не? – дейді теректің жанында жүрген шаруаларға.
– Бұл дегеніңіз – теректер кесіледі деген сөз, Моне мырза, – дейді әлгілер.
Моне шапқылап отырып жердің иесіне барады.
– Әу, бұларың не?! Мен теректерді салып әлек, сендер кесіп әлек... Сол кескендеріңді қаншаға сатпақсыңдар? – деп дүрсе қоя береді.
– Осынша, – дейді қожайын.
– Айналайын, мен теректерді салып болғанша балталарыңды жалаңдатпай әрі әкетіңдер! – деп тап сол жерде ақшасын қолына санап береді де, кесуден аман қалған көктеректерін әрі қарай сала беріпті.
Тағы бірде, наурыз айында бір тастақ жағалауда өсіп тұрған кәрі еменді жазады. Картинаның бітпей қалғанын мамыр айында бір-ақ байқап, әлгі еменге жүгіріп отырып жетсе, ерте көктемдегідей тұттай жалаңаш емес, жапырағы жайқалып тұр. Табиғат «Моне келеді» деп күтіп отыра ма?
Суретші табаны таусылып жүріп жердің иесін іздейді.
– Сіз бе мына жердің иесі?
– Иә, мен!
– Бәлен жерде өсіп тұрған еменді білесіз ғой, садағаң кетейін, сол еменнің жапырағын жұлғызып беріңіз. Ақшаңыз мінекей, – дейді.
Суретшінің қожанасырлығын пайдаланып еменнің иесі қалтасын қампитып алғанымен, шаруалар қиын-қиямет жерде өсіп тұрған еменге саты әкеліп, оның ұшар басына дейін өрмелеп шығып, бүкіл жапырақтарды жұлуға келгенде әбден азаптаныпты деседі.
Тағы бірде қураған жапырақтарды өртеп жатқан кісілермен ұстасып қалады. Сондағы уәжі: «ақымақтар-ай, мен суретін салып біткесін өртемедіңдер ме?» болса керек.
Жоқ жерден шығайбай, аяқ астынан атымтай жомарт еді.
Суретін ғана күйттеп отырмай, ел ісіне араласып, абыройын асқақтатып та өткен кісі. Живерни ауылының маңын ластап, «батпақтан крахмал өндіреміз» деп завод салмақшы болғандарды да, сол төңіректе «жаттығу жасаймыз» деп, зеңбіректерінің көк түтінін шұбатып келген әскерилерді түріп шыққаны да бір төбе әңгіме. Замандасы, кезінде «білермендер» сынап тастаған Эдуар Маненің «Олимпия» картинасының дәл бағасын да алғаш білген Моне тұғын! «Бұл картина – мемлекеттің байлығы. Ол Луврда ғана тұруы керек!» – деп шешіп, достарына сауын айтып, ақша жинап, Маненің жесіріне 20 мың франкті санап беріп, «Олимпияны» Лувр музейінің төріне апарып ілгізеді.
Атымтай жомарт дегеннен шығады. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Живерни ауылынан шыққан сарбаздарға ақшалай көмегін аямаған да осы Клод Моне. Замандастары Ренуар, Моризо, Ионкинд, Синьяк, Сислей, Маненің ең жақсы деген картиналарын сатып алып отырған да осы кісі.
Он сегізінші ғасыр аяғында Моне картиналарының құны сурет аукциондарында қымбаттай берді. Берлиннің Ұлттық галереясы, Бернхайм фирмасы, Стокгольм музейлері суретші картинасын алуды өздеріне мәртебе санайтын шаққа жетті. Екі ғасыр түйісінде Клод Моне бай, бағылан, қаржысы мол кісілердің қатарында тұрды.
1904 жылы Моне (1992 жылғы біздің нарық бойынша) 750 мың еуро ақша тапты.
Картиналарының төпелеп сатылып кеткеніне де сонша риза емес еді. Өйткені, снобизммен ауырған әсіре модашыл қауымды ұнатпады.
– Бір кезде біз қайыршылықта күн кештік. Алайда, әрең деп жүз теңге тапқандар келіп бізден картина алып қайтқанда, үйлеріне бақыттан басы айналып кіретін. Қазір маған жүз мыңдап ақша ұсынғандардың дені өнердің мәнін ұқпай барады. Көбінің живописьті түсінетініне күмәнім бар, – дейтін.
Моненің сол кездегі түр-тұрпатын, жүріс-тұрысын, картинасын, жазу үрдісін мың болғыр фотограф Надар (Гаспар Турнашон) түсіріп беріп отырды.
Суретші қартайып, сексенге қараған шағында мұны уақытында суретші қатарына қоспай, летаргиялық ұйқының құшағына кеткен Францияның Сурет академиясы шошып оянып, салып ұрып суретшіге келіп:
– Ойбой, Моне мырза, сізді академиктер қатарына қосу керек, – дейді.
– Байғұстар-ау, кешегі Дебюсси, Огюст Роден еді ғой шын академиктер! Өлді де қалды. Бұған дейін қайда жүрдіңдер? Енді келіп... Жоқ, айналайын, рахмет! Жібек ленталарыңды тағы біреуге кигізерсіңдер. Осы қалпымызда қалайық, – деп әлгілерді келген іздеріне кері салыпты. Жалпы, уақыты өтіп кеткен соң атақ алу мәселесіне үрке, марапатқа шоши қараған бір адам болса, Монедей-ақ болар!
Ол жиі толқып кете беруші еді. Қартая бастағанда болмашыға алабұртып, уайым шеккіш болып алыпты. Бір жаққа шықса-ақ, бау-бақшасын бір ойлап, Алисасының науқасын екі ойлап, немерелерін үш ойлап, мазасыздана беретін.
Оның ең әуелгі қорқынышы – кезекті картинасының бітпей қалуы дейді суретшіні көргендер. Енді ше? «Күн бұлттана қала ма, тұман сейіліп кетпей ме, мына қар еріп кетсе қайттім?» деп үнемі мазасыздыққа жем болып жүретін суретші болмысын уайымның дендеп алуы – заңды құбылыс.
Бау-бақша демекші, жапон гравюралары, Хокусай мен Утамаро суреттері қатты әсер еткен Клод Моне – бағбандықпен, көлмек жасап, су гүлдерін өсірумен де аты шыққан кісі. Көлмек айдында неше түрлі нимфей гүлдер жүздіріп, жағасына мәжнүн тал егіп, сол өңірде жоқ оазис жасап тастады.
«Керемет ботаник болатын», – дейді көзін көргендер. Гүл оранжереясы оның ерінбей-жалықпай сала беретін моделі іспетті еді. «Үймек шөп», «Көктерек», «Руан шіркеуі, «Лондон тұманы» секілді жүздеген сериялардың артынша тапқан, өмірінің аяғына дейін азық болған оранжерея, су гүлдері, суға түскен сәуле тақырыбы күні бүгінге дейін өнертанушылардың айтып тауыса алмайтын әңгіме арқауына айналды. Иә, гүлзар дегеніңіз Моне үшін қанша жазса да, құмары бір қанбайтын сұлу «модель» еді. Өзі жасаған көлмектің бетінен суда ойнаған сәулені аулаумен кеткен суретші шығармашылығының өн бойы қоғалы көлдер, қом сулар еді ғой. Қараңызшы, бүкіл шығармасы басылған иллюстрацияларды парақтап кеп жіберсеңіз, Ла-Манш, Этрет пен Пурвиль, Сена мен Эпта, Темза секілді өзен-көлдердің айдыны жарқырап шыға келуші еді ғой?
– Тұңғиығында өсімдік өсіп тұрған тұнық суды салғым келеді, – дейді екен судағы көрініске сұқтанып өткен маэстро.
Айтатыны жоқ, Моне Тәңірден бөлекше жаралған суретші еді. Тәйірі, табиғаттан көшіріп кім салмайды? Олардың әмбесінен Моненің артықшылығы көз қабығындағы торлы қабаттың өзгелерден әлдеқайда сезімталдығында еді. Сол артықшылық арқылы өмірді шынайы боямасыз көрсете білді. Әсерді, табиғаттың құбылмалы шақтарын, заттар түсінің жарық өзгеруіне қарай айнығыштығын, жарық сәуленің дәл де нәзік нюанстарын ұстап қала білді. Екі-үш секундтық өткінші әсерді, сәуле мен көлеңкенің алмасуын бейнелеу әлеміне, этюд-пленер емес, картина етіп қалдырып кеткен импрессионистер көсемі қандай марапатқа да лайық.
Артынан бір кезде кредиторлар қуалап жүрген Монені енді журналистер, Еуропаға аты мәшһүр тұлғалар іздеп келетін болды. Олар сәті түссе суретшімен сұхбаттас болып, дидарғайып жасауды өздеріне бақыт санады. Сыншылар бір ауыздан мақтайтын кез келді.
Сөйтсе де, тумысынан күңкілдек Моненің көкірегін күмән мен күдік кеміріп жейтін де жататын. (Апырай, өзіне-өзі тегі риза болмай, өмір бақи өздерін-өздері орынсыз «жерлеп» өткен Толстой мен Абай, Моненің бұл қылықтары не жосын десеңізші?!)
Әдетте пленерге кеткенде үйде қалатын Алиса соңғы уақытта Клодпен бірге жүретін болды. Шығармасына өз көзімен куә болды. Мұның айнығыш көңіл күйінің неден екенін білді. Обалы не керек, сонда түсінді суретшіні бекер шыжғырып, кім көрінгеннен босқа қызғанғанын, (Алисаның бір жаман жері Моне үйден ұзап кетісімен: «Ойбай, анау бүйтіп қалды, мынау сүйтіп қалды, балаға суық тиді, мен шойырылып қалдым», – деп қара аспанды төндіре беретін. «Сен андағы жерде қыздармен әуей болып жүргенде мен жатырмын омалып» дейтін райда жазғырып, Моненің онсыз да нәзік жанын паршалап бітетін) бекершілігін.
Жиырмасыншы ғасыр туысымен-ақ, Монені қайталап, маэстро-ның қолын айнытпай қойып, оны сата бастаған алаяқтар шыға бастады.
Жалмаңдаған бір картина жинағыш келіп:
– Моне мырза, мына картинаңызды танисыз ба? Мұны бәленше-кеңнен түгенше теңгеге сатып алдым, – дейді мүләйімсіп, әлдебір сауатсыз көшірмені шығарып.
Суретші әлгі картинаны алады да, тізесіне бір соғып, жақтауынан қақ бөліп, қоқыс жәшікке атып ұрады. Ана имансыз өп-өтірік жыларман болады.
– Осыған кеткен қып-қызыл ақшам-ай! Моне мырза, неткен қатал едіңіз! – дейді ғой өтірік байбалам салып.
Суретші әлгі сумақайға өзінің бір этюдін беріп, есіктен айдап шығады...
Өзі өлгеннен соң адамдар санасында жақсы атпен қалғанды қатты қадағалаған Моне шіркін өз картиналарын да түп-түгел сүзгіден өткізіп, ұнамағанын үйіп, өртеп те жіберген кісі.
– Кейін аруағым өкінбес үшін осылай қылдым, – деп ақталады екен жарықтық.
Өзіне тым қатал қараған адамның ұнатпаған «кәкір-шүкірімен» қоса жақсысын да құрбандыққа шалып жіберетіні де жоқ емес. Бланш байғұс әкесінің көзін ала беріп жаңағы өрттен кейбір этюдтерді суырып алып, амалдап алып қалған деседі.
Жел соқса шайқалмайтын жуан діңді емендей Клод жазғанды тағдыр шіркін оның ең бір осал жерінен ұстап, алып жықты. Моне 68 жасынан бастап катаракта дертіне шалдығады. Өмірінің соңында ол мүлде су қараңғы қалды. Кейбір дайын картиналарын әне жерін, міне жерін түзеймін деп жүріп, бүлдіріп алған кездері де бар. Оған ашуланып, әлгі картиналарының кейбіреуін пышақтап тастағаны және бар.
Өзімен отыз бес жыл отасқан Алисаның өзінен бұрын дүниеден өтуі Монеге үлкен соққы болды. Ынтымағы берік отбасының да ырың-жырыңы көбейді. Маған тиесілі картинаны көзің тіріде бер деп, бергенін сатып жіберіп, балалары да «қанын ішіп» бітті. Кейбіреуі ақшаны судай шашатын, жетесіз болып алды.
Сурет салғаннан өзгені білмейтін Клод үшін бұл ауыр жылдар еді. Сондай қиын кездері мың болғыр қызы Бланш, Клемансодай өнертанығыш, суретшіге шын берілген адал досы болмаса, шығармашылығының апогейі болған «Декорация» мен «Нимфея» картиналары жазылмай қалар еді. «Оранжери» дүниеге келмес те еді.
Күн ұзақ сурет салып, қыстың ұзақ түнін Флобер, Толстой, Золялардың кітабын жастанумен өткізген Клод Моне импрессионист суретшілерінің бәрінен де ұзақ жасап, сексен алтыға қараған шағында, 1926 жылы дүниеден озды.
Баяғыда, Буден көзін ашқаннан-ақ көк аспанның астында жазылған картинаның эффект-әсері бөлекше болатынын, ашық кеңістікте дүниеге келген суреттің төрт қабырғаға қамалған шеберханада жазылған «туысқанындай» емес, бояуының ашық-айшықтығымен, қашан көрсең де, осы жаңа ғана жазылып біткендей, «буы бұрқырап» тұратын ерекшелігін жұлын тұтамен сезінген суретші шын сұңғыла еді.
Табиғаттың сұлулығы мен сырына күн сайын үңіліп, сусып, көзді ашып-жұмғандай сиқырлы сәттің әсерін бүкіл шығармасына желі қылып, әлгі бағытынан бір елі айнымай, адамзаттың өнер қорына өлмейтұғын екі мыңға жуық картина қалдырып кеткен Оскар Клод Монеге деген риза қошымызбен осы жолдарды тәмам етеміз.
Жеңіс Кәкенұлы
суретші