Е. Елена. Бұрынғы Совет одағы

ӘДЕБИЕТ
2031

Соғыстың соңғы жылы болатын. Біздің бөлімдер Москвадан тым шалғайдағы шекара шебінде тұрып жатты. Кешқұрым лагерге қайттым. Әбден титықтап, болдырып тұрсам да, ауылға деген сағыныш көкірегімді сыздата берді. 

– Барлығы да тезден аяқтап, ауылға қайтсақ еді, – деп іштей тіленіп-ақ тұрмын. Казарманың ауласынан талдырмаш денелі, қоңырқай шашын қос бұрымдап өрген кішкентай қыз өзіме қарай келе жатты. 

– Сәлеметсіз бе, ағай? 

Бөгде тілде сөйлегенімен, орысшаға тым жақын естілді. 

– Сәлеметпісің, кішкентай қарындас. 

Біз спорт алаңының шетіне келіп, орындыққа жайғастық. Алаңға теп-тегіс қылып ақ түсті жалтыр тас төселіпті. Алакеуім ымырт шақ сондай салқын да жым-жылас еді. Сонадайда, тау бөктеріндегі көл тартылып қалғандай жым-жырт мүлгиді. 

– Аты-жөнің кім?, – деп сұрадым. Дегенмен, кезіге салып онымен қызу әңгімеге түсіп кеттім. 

– Елена, – деп мәйпездей жауап берген ол, отты да байыпты қос жанарымен тігіліп қарай берді. 

– Нешеге келдің? 

– Алты жарымға келдім. Өзіңіз нешедесіз? 

– Мен бе? Сенің ойыңша қаншаға келген сияқтымын?
 Елена бір сәт дағдарып қалды да, артынша аса сенімді бейнеде: 

– Шамасы, он алтыға келген боларсыз, – деді. 

Сүйкімді Елена-ай! Бұл оның санай алатын ең үлкен саны болса керек. Мен оны үмітсіздендірмейін деген оймен: 

– Дәл таптың! – деп құптай жауап қайырдым. 

Баяғы сол орында үнсіз әлі отырмыз. Елена әскери киімімнің кеудесіне қадалған орденіме зер сала қарап отырды да, мұңайыңқы бәсең дәуіспен: 

– Кірлеп кетіпті ғой, сүртіп тұрмайсыз ба?, – деді. 

– Сүртпеймін. 

– Тіс пастасымен сүртсеңіз де, қыш керпіш ұнтағымен ысқыласаңыз да болады ғой. 

– Болады, сөйтейін, – мен оған мақұлдық бердім. Біз тағы үнсіз қалдық. 

– Ағай, маған әңгіме айтып берсеңіз бола ма? – деді ол. 

– Ерте заманда бір патша болған екен, – деп бастадым әңгімені, – өзі лақса кәрі, оның үстіне тым жауыз екен. 

– Гитлер сияқты ма?.. 

– Гитлерден де өткен жауыз екен. 

Бір жағынан әңгімемді айтып, енді бір жағынан жауыздың бет-бейнесін келтіріп әуреленіп жатырмын. 

– Онан асқан жауыз жоқ, – деді Елена қарсы дау айтып, – ол барып тұрған жауыз. Гитлер бізді ата мекенімізден қуып, сүргіндеді. Әкелерімізді жасырын ұстап кетті. 

Елена онан ары үнсіз қалды. Бір демнен соң, әлде бір құпиясы бардай-ақ құлағыма сыбырлады: 

– Өткенде әкем бізге үзбей хат жазып тұрушы еді, қазір жазбай кетті. Мекен-жайымызды ұмытып қалғаннан сау ма? 

– Бәлкім, сөйткен шығар. 

Аузыма түскен сөзбен құптай салдым. Біз тағы тұнжыраса, үнсіз қалдық. Еленаны қайғы-мұңнан қалай арылту жағына қаншама бас қатырсам да, оңтайлы сөз таба алмадым. Қайтердың бабын да, баламен қалай тіл табысудың амалын да таба алмадым. 

Ақыры: 

– Айтшы Елена, ержеткенде кім болғың келеді? – деп сұрадым. Ол тағы отты да байсалды жанарымен тігіле қарады. 

– Ағай, ержеткенде мен шешем сияқты жесір әйел боламын...
 Осы бір ғажайып жауапты берген оның өзі де ыржиып күлді. Бәлкім, оның қарауында, жесірлік те көлік жүргізуші немесе аула қараушы спетті кәсіп түрі сяқты. 

Мен Еленаның қушиған арық иығына, бұлақ суындай арқасына төгілген қоңырқай бұрымына қарап отырып, өзімнің әлгіндегі шаршауымның мүлде ғайып болғанын сездім...

Қытай тілінен аударған Әбдіғазы Зақанұлы 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...