Қонысбай Әбіл, Қазақстанның халық ақыны. Біз біргеміз Тексермей-ақ мекенжайын, тұрағын, Елеместен ж...
Сын қабылдамайтын қоғам - өсетін қоғам емес
Ағымдағы баспасөзді ашып қалсаң бірін-бірі мақтаған түкке тұрғысыз бостекі мақтан. Дәлел жоқ. Дәйек жоқ. Сонда сынсыз қоғам мінсіз бе?-деген күдік кіреді екен көңілге. Сын қабылдамайтын қоғам - өсетін қоғам емес. Өшетін қоғам. Біз қазақ қоғамын жалған мақтанмен өлтіріп тынуға айналдық. Шындығында, қоғам шындығын дәл танып, танығаныңды талдап бермеген соң, бір кісіге жалтақтап, бір кісіге жалбақтап алақ-жұлақ отырып сөйлеу – алға салсаң аңғырттық,. Әйтпесе, есепке құрылған жалған жағымпаздық. Аңғырттық – ақыры біздің қоғамды алдырды. Билік мақтата жүріп, дүниежүзілік имидж жасадық деп ойлады. Елдегі мақтанды сыртқа шығара мақтатуға ұластырды. Тағы да аңғырттық. Сыртқа мақтату қазақ байлығын қазақстандықтар аузынан жырып алып арзанға сыртқа сату (әрине бір кісі есебін түгендей отырып) болып шықты. Тағы да аңғырттықтан алдырдық. Дүниежүзінде теңдесі жоқ байлықтың үстінде отырып адам байымай, қоғам өспей сарқылдық! Ұста пышаққа жарымайдының кері!
Телевизорды ашып қалсаң ыржақай арзан күлкі. Радионы ашып қалсаң арзан сөз. Ағымдағы баспасөзде тұздығы татымас арзан сөз. Осы біз қайда барамыз? Қазір мына қоғамға ащы сын керек. Қоғамның байлығын теспей сорып жатқан қызылөңештерді қолқасымен суырып алып әшкерелейтін сайыпқыран сатира керек. Ол үшін «Ара» керек шығар. «Ара» шығады. «Айқынның» емізулі баласы. Шамасы, «Айқын» редакторының аузын бағады. Бір сәт есіме түседі. Жазғаны тоқпақ секілді сатирик Кемелбек Шаматаевтан сұраймын ғой тегі. «Осы Сіздер түйені түгімен, биені бүгімен талмай жұтып жатқан алпауыттарды сынамай майда тақырыпты майдалаумен жүресіздер. Ондай арзан мақсат үшін «Ара» журналының бұрынғы беделін түсіріп, жабылған жерінен қайта шығару керек пе?» Сонда сайыпқыран сатирик суырып алғандай етіп суырылып: «Өй-бу, Сен білмейді екенсің ғой, біз «Нұр-Отанның жарған жұмыртқасын ғана қуырып жеп отырамыз....». Масқара! Бір қоғам бір адам!»-дегеніміз осы шығар,бәлкім!
Менің немере ағам Көпен Әмірбек қазақ сатирасының бүгінгі биігі. Өлшемі. Бірақ, «Ара» журналын басқаратын Көпен Әмірбектің қазақ сатирасына салмақты сүбе салмағанына ширек ғасыр. Соңғы кездері бірен-саран жазғандарынан тек пайда іздеген, есепке құрылған үн самаладай еседі. Талант тірлігі тиынға соқса қиынға соғады. (С.Мәуленов) Иә, Сырағаң үні құлағыма келе қалғанын қарашы. Сонда бүгінгі қазақ сатирасын даму үстінде деп айта аламыз ба?
* * *
Қазақ ныспылы көршінің көңіліне қарағыш халықпыз. Ал, біздің көңілімізге қарап жатқан халық бар ма? Халықты айтамыз, бір пенде баласы болсайшы, шіркін! Сырт қамқоры жоқ, ішкі сандық та, сапалық өсімі әлсіз бұл қазақ қалай ел болады? Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер?
* * *
Абыз алты атамызға кететін, жеті атамызға жететін уайым сөзін айтып-ақ өткен ғой. Не деген көрегендік?!
Құлбек Еркөбектің Фб парақшасынан алынды