Жолтай Әлмашұлы. Ешкімге, ештеңеге өкпе артуға болмайды

ӘДЕБИЕТ
2492

(зейнет жасы табалдырығындағы ой - 3)

Жә, сонымен ойнасақ та біраз жерге шаптық-ау деймін! Жалпы, ашығын айтайын, әу баста осындай алашабыр жазбаны жазу ойымда болған жоқ-ты, қамшылап жіберген қаламдас әріптестерім – зейнетке шығар алдындағы көңіл күйің қалай, не ойлайсың, неге өкінесің және нені арман етесің деп қамшылап қоймағаны. Алдында қос тізгінді қатар ұстамақ болып, өмір бойы алқын-жұлқын ғұмыр кешкен өзімді аз-кем аяғандай болғам, айтарым да көп емес сияқты еді – неліктен осынша ұзақ-қ көсіліп ала жөнелдім екен, а? 

Сонымен, осы жолы тізгін тартпақпын. Айта берем десек, оның түбі көрінбес – бос мылжың кімге керек? Екі нәрсені баса айтқым келеді мырза көңіл дос-жарандарыма! Алдыңғысы – мен мемқызметте де көрінген көз алартар аяқтепті, абыройсыз болғам жоқ, керісінше өз орным бар-ды, ресми іс-қағаздарына мемлекеттік тілді енгізу бағытында болсын, рухани-мәдени шараларда болсын, әдебиет әлемінде болсын, үнемі керегіне жарадым-ау деймін! Оның дәлелі - әр жылдарда әзірленген қазақша-орысша іс жүргізу сөздігін дайындауға араласуым, әр кезеңдерде мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге орай өткізілген шараларға тікелей қатысуым, мәдениет және әдебиет қайраткерлерімен кездесу кештерінде ұйымдастыру тобында жүруім, т.б. 

Сондай шешуші сәттерде өз пікірімізді, өз пайымымызды жедел түрде білдіріп отырдық – бұл аз жұмыс па? Қатты қиналған, көмекке зәру болған әлде жазушы, әлде суретші, әлде сазгер... хабарласып жатса, шама-шарқымызша қол ұшын беруге, өтінішінің аяқсыз қалмауына ықпал етуге тырыстық, ең аяғы жылы-жылы сөзімізді айттық – бұл елеусіз шаруа ма? 

Енді екінші айтпақ болған жағдайыма оралайын. Менің жазбаларымды оқи бастаған кей достарым ойымның түпкі астарын аңғармай қалып жатқан сияқты – соны ашып тиектейін! Турасына көшсем – мемқызметке еш өкпем жоқ, өйткені мемлекеттік қызмет үлкен мағынада алғанда – мемлекет мектебі! Алайда, ондай ресми мектептен жығылмай-сүрінбей өту – жұмыр бастылардың арасында екінің біріне бұйыра бермес бақ! ( Пара алып қою, кісі ақысын жеу, өтірікке белшеден бату, т.б.) 

Шарықтап кете алмаған шығармыз, алайда сүрінбеуге тырысқанымыз айна қатесіз ақиқат! Сүрінбе деп айту оп-оңай, ал оның астарында қаншама терең ағыстар мен тартыстар жатыр, қайсыбірін тізбектейін...Бақытыма қарай, мен жүрегінде кір сақтамайтын, ізгілік жолын қалаған жақсы кісілермен қызметтес болдым-ау деймін – аракідік алакүліктерді есепке алмай-ақ қоялық! 

Қысқасы, ресми орындарда еңбек ету де әр адамға, әсіресе, қаламгерге үлкен мектеп бола алмақшы!.. Енді, міне, өздеріңіз қайта-қайта шегелеп айтып, қаламгер зейнетке шықпайды деп түйгіштеп жатқан шығармашылық әлемге – таза әдебиет «аулына» да мойын бұратын күн жақындапты – бұған да тәуба! 

Айтпақшы... осы жасыма дейін, үлкені бар, кішісі бар, отызға тарта кітап шығарған екем – шығармашылық өміріме де өкпем жоқ, несіне қаржалуым керек? Тағы да әлгі досым қадап айтқандай, жазуын жазып алып, шығара алмай қиналған қаншама талантты достарым бар – соларды ойласам, кеудемді кермек сезім айқыштап ала жөнеледі! Қаламгер үшін ең бақытты сәт, сірә да, жақсы дүниесін өз биігінде аяқтау, сосын оның сәтімен кітап болып, жарыққа шыққанын көру... Сөз- толғамды осы жерден түйіндеймін. 

Тілек – біреу ғана: мемқызметте еңбек етіп жатқан жаны нәзік, шығармашылыққа біртабан жақын (бәрі ақын-жазушы болуы шарт емес) бауыр-достарыма абырой мен ақ жол; таза әдебиетпен шұғылданып, үнемі ізденіс үстінде жүрген барша қаламдас- әріптестерге талантты да қайталанбас «шедевр» туғызуға жазғай...

Осымен болдым! Енді ертеңнен бастап, мен де ет пен сүйектен жаралған пендемін, зейнет жасына толуыма орай, әзілі бар, қалжыңы бар, құйтұрқысы бар - жер-жерлердегі дос-жарандарымнан тілексөзге оранған әтірі бөлек жазбажолдарды елең-елең етіп, күтемін де жатамын...

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...