Мейір Оразғалиев - Бүгін менің соңғы күнім...

ӘДЕБИЕТ
3193

Зигмар Польке. Алиса таңғажайыптар елінде. 1972 жыл

ZIEDONIS

Өмір - өмірдің бітуін аңсап,
Күнтізбедегі күндер, айлар, жылдар шаршап
Өлімнің суық дауысын естиді,
Дауыстар дауыспен тілдескенде.

Күз үнсіздігінің шегі осы.
Құдай, сенің құрбаның емес шығармын келесі?!

Тағдырдың бізбен бірге емес екені,
Бүкіл махаббаттарымыздың өтеуіне жетеді.
Уақыттың өлшеміндегі ұйқының күрсінісінен,
Семейдің аспанындағы көлеңкелер күңіреніп
Сенің көлеңкең - менің көлеңкем секілді.
Әуендер - әуендер секілді.
Өмір мен өлеңді ұштастырамын деп қателесіппін,
Мейір мен Мейір қателесіпті...
Зигмар Польке. Екі пальма. 1964 жылELIOT


Менің сүйікті шайырым - Элиот,
Қараңғыға жұтылған жадыңда не бар?!
Болымсыз ғұмырдың ескі парақтарымен өзіңді - өзің көмеді.
Элиот өледі.
Ішіңдегі айқайға шошыған сәби,
Жат үйде жылағаныңда,
Терезесі жоқ терезеңнің алдына келіп жасын сүртеді.
Шаңырағына ұзақ қараған нәби сезімдер ұшқыны,
Ақпанда жауған қарға дұғасын оқып отырып, ғайыпқа сіңеді.
Сен оны көрмейсің, ол сені.
Сөздермен өлуге ант ішкен бейнеңе мұңайдым,
жалғыздығыңа күлдім,
Қаламұш әлеміңдегі.

Зигмар Польке. Conjunctio. 1983 жылSEVAK

Ол менің жазбаған хаттарыма жауап жазбады,
Ешқашан жазбайтын шығар.
Шың басындағы көшкіндер өліктердің азасындай дүркіреп көшеді.
Соңғы сағымға ұласқан тарих жылнамасы -
Көнетоз кітаптар сөресіне шақырып,
Естеліктер есінен ұмытылады.
Көзімді ашып, ұйықтамайтын ұйқыда жатырмын,
Әлем - оятуы керек пе ақынды?!
"Махаббат әлемін жоғалттым,
Менің аспаным қараңғы."


БӘДІЗ

(Ұстазым Сұраған Рахметұлына)

Тағдырыма тұсау боп, іңір баққан жоталар,
Сағынышым ол дағы, ақ өлеңнің кілкілі.
Түстен шошып жүріппін, боздауығым боталар,
Үркітіп ап ояттым үйелеген жылқыны.
Еңіретіп, емексіп Ертіс аққан ілкіні,
қайтып келем бір күні.
Сонау-у-у дәуір дүбірі,
Өмір,
Адам,
О, сосын,
Өлім деген кір ұғым,
Құдайдың да қалмаған құдай сүйер қылығы.
Қырғын салған кешегі қырқылған бас Қатаған,
Кесір қалды соңында жесірлігі кернеген.
Дәуірлердің діңгегін діңкелеген, отаған,
Не күтесің қарағым, не күтесің сен менен?!
Ақ кебінге оранған күйік қысып от-ана,
Мүрдем екен о, тоба!
Мүрдем екен ол тегі.
қымтап алып жатамын үрей сіңген көрпені.
Жықпыл-жартас бетінде жалғыздықтан жыр ұшып,
Тозақ түртіп иықтан, жұмақ күліп түн іші.
Бесін ауып құлаған көкжиексіз шұғыла,
Жазылмаған шимайлар, маңдайымның қырысы.
Қаламымның ұшында тірі денем бүрісіп,
Сірі жаным құрысын!
Бір кезде кеп қаныма қоюланған бақыт құсы,
Бәлкім бізден уақыт кіші.
Құмға айналған көшелер, шылым үрлеп үй салқын,
Кеңістікте қисапсыз кіл көкмойнақ күй қалқып.
Бояулары бәдіздің мың құбылған ғұрыпты,
Қызын құшқан секілді қырық өрім түріктің.
Самырсынның буына тамырымды бүріктім,
О, жасаған киеңнен неге сонша үріктім?!
Аңғарынан ажалдың есіп-есіп жат ызғар,
Күңірене билейді күнге күйген атыздар.
Өркениеттің іздерін тілшелеген ел көші,
Құлпыстасқа қашалған Құдайлардың көрмесі.
Сонадайдан көрінген кісі киік құс жолы,
Құс жолында жоғалған ағатай-ау сен бе осы?!
Айғыз жасы көзімнің байғыз үнін сел шайып,
Құбылаға гөй-гөйлеп ыңыранған жел шайыр.
Алапесін шақырып бусап жатқан Бұқтырма,
Жұмған ауызын ашпайды Жұмекеннің Кеңсайы.
Сүгір жортқан қаратау шертпесінен күй еріп,
Көлеңкеммен ішемін сіңіріме сүйеніп.
Қара ағаштың басына қарақұстар қона қап,
Қара жердің қойынында мүлгіп жатқан көр алап.
Омар Хайям көзесін омырауына балқытып,
Орхон бойын жағалап, жұртта қалған обалар.
Шаhар үсті күй табақ, ғашықтарға кеш көрік,
Ұйқысұрап кәрі өлең, ессіздікте ес кеміп.
Тірі сүгірет таспасын тәңір өзі дұғалап,
Шарпып өтті самайды шарпылысқан естелік.
Өмір реңі ақ, қара, тағдырсыздың басы жұт,
Ақын өлді деседі, қыл арқанға асылып.
Қай қаласын басамын, басым ауған дүр кезде,
Сай-саласын кезіп кетті сүйектерім шашылып.
Сүйектерім шашылып, ойдың мірі күрт сынып,
Айдалаға ұлыдым азу тісім қыршылып.
Осқырынып торы құнан құзға басын ілдіріп,
Кірпіктерін санайды ханша-дария түн сұлық.
Қақ төбесін тескендей күннен бұрын ай құлап,
Қысырақтың үйірі қырға шапса жай құлап.
Өлім деген - ақ өлең шексіздікке жан біткен,
Өмір деген қайғылы-ақ.
Қабырғасы қаусаған алқымы іскен кейіпкер,
Құрбан болды бүгін кеп.
Күре жолдың бойында аймаласқан бейіттер,
Менің соңғы күнім деп...
Жылым желдің өтінде өрекпіген қыс керім,
Аспан жақта кісінеп сенің жазу үстелің.

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...