Айтулы ақын, көрнекті көсемсөзші Өтеген ОРАЛБАЕВ шығармаларын оқығанда өрбіген ойларЯ – голос...
Жолтай Әлмашұлы. ТУҒАН КҮНДЕГІ ТӨРТ ТҮЙІН!..(қаламдастарға наз-әңгіме)
Бірнеше күннен бері маған телефон шалып, хабарласушылар мүлде көбейіп кетті. Неге? Сөйтсем, күні бүгін менің туған күнім екен ғой. Жылма-жыл айналып келетін осы бір күн кім-кімге де ерекше шығар, оған еш дауым жоқ, алайда мен өзім осындай датаға аса қатты көңіл аудара бермеуші ем. Сұрақ берушілердің сөздері еріксіз есіңе қайдағы-жайдағыны салады екен. Ойландырады екен! Әдебиетке не үшін келдіңіз? Өзіңізді мықтымын деп санайсыз ба? Егер мықтымын десеңіз, онда қай жағынан? Нені жаза алдыңыз? Не жазсам дейсіз? Атақ-даңққа қалай қарайсыз? Сыйлықтарға құмарсыз ба?.. Міне, осылай кете береді, кете береді. Не деп жауап қатуым керек? Қысқа қайыруға бола ма мұндайда? Аз ойланып, көп ойланып барып, мынадай тоқтамға келдім.
Жалпы әдебиетші қауымға үш-төрт ауыз сөз арнасам дедім. Алдымен, не бітірдім деген сауалға жауап деп білгейсіздер. Бірінші: қазіргі заман шындығын әр қырынан астарлап суреттеген өте шағын, барынша сығымдалған әңгімелер жазу бағытында бір кісідей еңбек еттім білем; оның белгісі -«Ел мен Елес» және «Табиғатпен бетпе-бет» деген топтамалардан әсіресе айқын көрінсе керек; бұған жастау кездегі классикалық әдіспен әдіптеген әңгімелер топтамасын тағы қосып қойыңыз; сондай әңгімелер шоғырымен ғасыр басындағы бір аламан бәйгеде арнайы сыйлық алғанымды да жасыра алман!
Екінші: қазіргі қазақ романы әсіресе менің оң жамбасыма келді білем; елу жасыма дейін үш көлемді роман жаза алдым деп баспасөзде жасырмай айттым да; олар – «Күлкі мен көз жасы», «Оянған ұрпақ» және «Ұмытылған ұрпақ» - жалпы атпен «Тар дүние» болып мырзапейіл оқырманына әлдеқашан жол тартқан; келесі кезекте аунап түсіп, енді мейлінше қысқа, барынша шағын көлемде роман жазып көрсек деп талпыныппыз, соның нәтижесінде «Ащы да тәтті өмір» деген жалпы атпен әуелі үш роман- «Бақидан келген келіншек», «Бумеранг» және «Жатпланеталық жігіт» - бірер жыл бұрын жарыққа шықты; сондағы айтпақшы астарлы да кермек ойды, замана запыранын түгел жеткізе алмай, жалғастырып тағы да екі қысқа роман – «Олигарх және Олимп» пен «Интерадам» - жаза алдық; бұлар да өз кезегінде өз оқырмандарына жете жатар!
Үшінші: драматургия деген асау жанрдың да жалына жармасып алып, құлап қалмай, жанамалап шауып келе жатқан жайымыз тағы бар; ұзын санын санамалап айтпай-ақ қояйын, бірақ солардың 10-15-і республикалық және облыстық драма театрларының сахнасынан орын алып, көрерменге жол тартыпты; сол драмалардың үш-төртеуі министрліктің, тағы басқа арнайы ұйымдастырылған конкурстарында бәйгеге ие болыпты; таяу уақыттарда сахналаймыз деп әзірлеп отырғандары да бар!
Төртінші: Тек проза мен драматургияда емес, замана үнін сездірер эссе-толғаныстар, тарихи баяндар жазуға да атсалысып келе жатыр екенбіз; «Қызыр қонған Түркістан», «Қасиетті мекендегі қала", «Әуезовтің жұмбақ әлемі», «Сұлтанбек Қожанов», «Нәзір Төреқұлов», «Садықбек Сапарбеков» секілді тарихи-публицистикалық жазбалар оқырман олжасына айналғалы қаш-шан! Осының бәрін езбелеп неменеге айтып отырмыз? Ел білмей ме? Жоқ, біледі. Бағасын алмады ма? Олай десек, асылық! Мақтану ма? Ол да емес! Ендеше не?
Оның сыры мынада: бүгінгі жастар тер төгіп еңбек етуден қашады, көбіне әдебиетке жегілуден үркектейді – бұл дұрыс па? Асылы, қаламгерлік биік жетістіктерге жету - көп күндер мен түндердің тылсымды толғанысы мен азапты еңбегінің нәтижесі! Өзіңді шығармашылық шағыр еңбекке аямай арнап, бойыңда бар талантты (егер бар болса, әрине) жұртыңа «міне, алыңыз» деп, рахаттана ұсынып, мырза көңілмен беріп кетуге тәуекел етушілік! (Мен өте мықтымын деп жағын қайшылап тоқтамай мақтанып, бірақ жеме-жемде түк бітірмейтіндер де бар) Осы ретте айта кетейін, мені де дұрыс қабылдауға бәлкім ықылассыз, мүмкін түсінгісі келмейтін және одан да бұрын, өз деңгейінде түсініп-бағалай алмайтындар бар екенін несіне жасырайын.
Біреулерге классикалық әдіспен жазылған «Тар дүние» қатты ұнайды да, кейінгі қысқа романдарымды мүлде жатырқап жатады. Керісінше, тағы бірқатар әріптестерім соңғы шағын романдарымды – «Ащы да тәтті өмір» шоғырын - жер –көкке сыйғызбай мақтап әлек! Өзім де сезем, мен соңғы жылдарда екі түрлі әдіс-тәсілмен еңбек ете алыппын, бұл жетістік пе, жоқ қателік пе – оны кесіп айта алман! (Әлем әдебиетінде өзінің бастапқы әдісінен жерігенде басқа бүркеншік атпен шығарма жазу дағдысы қалыптасқан, солай етуім керек пе еді?) Бәріне уақыт және көкірек көзі бар, ойы озық болашақ жастар төреші! Бір нәрсені енді кесіп айтуға толық хақылымын: бұдан былай роман жазбайтын шығармын... Бұл өкпе сөзі емес! Тоқтамға келу мен басқа мақсатқа ауысу алдындағы тәубешілдік! Мені мақтағысы не сынағысы келетіндерге жоғарыда ерінбей отырып өз аузыммен тізіп өткен көркем дүниелерім жетіп-артылып жатар!...
Тағы бір сауалға жауап: атақ-даңққа құмарсыз ба, сыйлыққа ұмтыласыз ба дейді – неге ұмтылмасқа; басқа елді қайдам, қазақ атағы барларға алдымен жығылады; оның үстіне сыйлық пен марапат менің бейкүнә, шарасыз шығармаларымды қаңқу мен қиянат сөздерден арашалап, қамқоршы- қалқан бола ма дегендігімнен; бары-жоғы сол... Сонымен, бүгін менің туған күнім екен!
Мұқағалиша таусылып сөйлемей-ақ қояйын, бірақ соны тойлау, еселеп еске алу, қайта-қайта мыжғылау... аса қызық па? Мәселе – мен осы күнге дейін не істей алдым, нені бітірдім, қай шаруаның басын қайырдым, кімге жақсылық жасай алдым, ақыл-парасат биігіне көтеріле алдым ба, қандай айтулы еңбек жаза алыппын, ойым толықты ма, ағалыққа жеттім бе – соны салмақтап-сараласақ қандай ғанибет! Демек, достарым, бір-бірімізді дүркірете қол соғып құттықтау да ерсілік емес болар, алайда ең дұрысы – жеке басымыздың салмағын жүрек безбеніне салып, көңіл көзімен сезіне алсақ ше?