9 сәуір күні 17:00-де Ақтөбе қалалық мәдениет үйінде «Ауыл партиясының» қолдауымен жас а...
Ерік Нарын. Күнбағыс ем Күнге теріс қараған
3507
*** Қиялымда аймалайды Ей, Мейірім, сенің майда самалың! Жалауыңнан адастырды сан ағын. Өткенімді көміп тастап кеудеме, Түн ішінде қайта қазып аламын. Тіріліп ап Бала Еріктің жанарымен қарайды. Ақын болып шолады аспан, маңайды. Шерім ғой ол түн ұйқымнан айырған, Неге жүзі арайлы? Ғұмыр бір деп Біз шертетін күй бір деп, Кемсеңдейді "қалай ғана қидың" деп. Жас мөлдіреп, еріндерім дірілдеп, Тізерлеймін маңдайынан сүйгім кеп. Кеудем - бесік, Жалғызымды тербетемін өлеңмен. Өлең де - өзі, Күн боп туған төбемнен. Өрт те - өзі, қидым оған жанымды, Азабына көнем мен! Жанашырыма Жанашырым, қамықпашы Мені аяған түрден сол! (Естір сөзді алдын-ала білген - сор!) Қайбір оңған мінез дейсің менікі, Мынау жұртқа өсек болып жүрген сол! Жанашырым, уайымдама, жүрек менің тұмарым, Адамзатқа бердім оның құнарын. Таптағысы келеді оны кейбірі, Ұға алмадым бұларын... Жанашырым, айта берсін, Алыс қонар елден кім?! Сүрінгенмен талай жерде төрге ендім. Тыныш жүргім келеді осы, бірақта Сыртқа қарай шықпай қойған бір өксік. Шайқайды кеп мұзтауларын кеудемнің! Жанашырым, Көктем жақтан талып жеткен үн едің, Мені ойлаумен мұңаймасын - тілегім: Шықтан тұнған тамшыдай-ақ жанарың, Жас теректің бүріндей-ақ жүрегің. Иіс Жаңбыр қалып, жаурап келер кеш те көп, Жалғыз қалып мұңаятын кеш те көп. Түтінінен мейірімнің исі аңқып, Бәрімізді жылытатын пештегі от. Жұмыр жердің жұмағы еді-ау үй іші, Жанның жасыл құрағы еді-ау үй іші. Оятады әр күніңе құштар қып, Пеш үстінде күйген сүттің иісі. Туған жерге тамыр жайған - қарағаш, Сұлап түссе - отын болар қарағаш. Күрең белден тезекті де жинаймыз, Туған жердің топырағы аралас. Жылуынан бауыр болып бүкіл жат, Жүрегімнен ғайып болып бүкіл дақ. Түтінінен туған жердің иісі аңқып, Тезек, ағаш жанады отқа шытырлап. Қып-қызыл от Кең даладай кеудемді кеп қарыған, Кием жалын - жалыныма табынам. Жерге деген сарқылмайтын махаббат, Сол иістен дарыған. Дауыс (Серік САҒЫНТАЙҒА) Сол бір дауыс Өлең жазған көктемімде оянған, Содан бері мазалайды ой, арман. Сол дауыстың пішінінде жүрегім, Сол дауыспен қарашығым боялған. Сол дауыстан бұлқынамын Бір орында тұра алмай, Жаңғырады - таумен туған сыңардай. Шыңға шықсам өз-өзімнен бір түрлі, "Шаңқ" еткім-ақ келеді осы қырандай! Жалғыздыққа жетелейтін сол дауыс, Өкініш пен бітпейтін бір толлғаныс! Ғұмыр бойы тау кеудемде бітіспей, Алысып жүр екі тарлан жолбарыс. Сол жолбарыс көкіректі тырнаған, Сөйтіп менің түн ұйқымды ұрлаған. Ал жарамнан өңешіме қан емес, Өксік толып тұншығамын, жынданам. Жүректі ұқпас кереңдікпен, Сорлайды адам сорласа, Сосын, аға, жұбанышы болмаса! Құшағымды ашпас едім өлеңге, Сол бір өксік болмаса! *** Шашыңыз тым қайратты екен. Адамның шашы мен мінезі ұқсас болады деуші еді. Бірақ сөзіңіз бен көзіңізге қарасам... Шаштараздың сөзі Өмір жолы соқтықпалы, жылтыр - шын, Ешқашанда ешкімге үміт артпағам. Мендік болмыс адам ұқпас бір тылсым, Шашым түгіл туғаныма тартпағам. Қамыққанды жарытқым кеп, жан ашып, Мейірімнің жаралғанмын теңі боп. Менің көзім көк аспан ғой ап ашық, Арғы жағы жұмбақ ғарыш шегі жоқ. Менің кеудем мынау қазақ даласы, Ал, жүрегім ағып түскен жұлдызтас. Ол даланың жазылмаған жарасы, Нала, шерім - қатып қалған мың құз тас. Домбырамын, айтарымды ұқ күйімнен, Қорғасынды сезсең бойға тараған! Мен терек ем желге қарсы иілген, Күнбағыс ем Күнге теріс қараған.
madeniportal.kz