Тамылжыған тамыздың таңынан тұрып, мал жайымен әуре болған ауыл қартына Астанадан қоңырау келді. Бақ...
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ. КӨЛЕҢКЕ-КЕЛІНШЕК. (БАҚИДАН КЕЛГЕН КЕЛІНШЕК) (роман-драма)
Үйде отырған бәйбіше ұршықсыз болмас,
Түзде жүрген ер жігіт кіршіксіз болмас!
Халық сөзі.
...Қайтадан қайырылып қауымға келмейсің,
Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің!
Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң,
Шын бақыт – осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің!..
Шәкәрім Құдайбердіұлы,
Қазақ ақыны
Бастау
Бір жыл сырғыма күндей жылт етті де, жылдам өте шықты.
Байжұман, міне, мұңы мен мехнатын, әуресі мен әурелеңін арқалап, көңілге кермек ой ұялатқан кезекті жылды да келмеске сырғытып жіберген.
Енді ғана ес жинағандай кейіпке келіп, еңсе тіктеп, соңына, жүріп өткен жолдарына көз салып еді, құдай-ау, бары-жоғы бір-ақ маусым! Сонша ұзақ, сонша созылмалы, сонша сұрғылт көрінген бұл неткен уақыт! Ойлап қараса, кәдімгі күз бен көктем, қыс пен жаз! Бірақ-ақ рет айналыпты. Мұндайдың талайы басынан аунап, талайын қарсы алып, талай рет «жаңа жыл құтты болсын» дескен күндер өте көп емес пе еді! Ал, оның қасында...
Тағы бір, бірақ салмағы атан түйеге жүк артқандай қиын кезеңді өткеріп салғаны рас. Оған да тәуба! Тәуба!
Кеше Кенжехан досы «бірер сағатыңды бөл» деп қиыла өтініп, көңіл қалауына қарамастан, бұны қаладағы ең қымбат мейрамханаға қадам бастырған.
– Сенің бұлай үнемі қабағың түсіп, қайғы құрсауында жүре бергенің жараспайды, – деді үстелге отырып жатып. – Тірі жанның тірлігі бар. Өлгеннің артынан өле салудан өткен жеңіл іс жоқ...
– Енді-і... дұрыс қой, – деп Байжұман күмілжіді. – Бірақ, көзден кетсе де, кеудем қаңырап еш ұмыта алмай жүрмін. Тірлікте еркек деген зордай атым бар, бірақ оны шын бағалай алдым ба, жоқ па – осы ой маза бермейді. Біз, еркектер, неткен дарақы, оны айтасың-ау, неткен нақұрыспыз.
– Олай деме! – деді досы. – Мына фәниде еркектің өз орны, әйелдің өз орны әлдеқашан айқындалып-нақтыланып қойған. Екеуіне де Алла-тағала о баста бөлек табиғат, өзгеше мінез сыйлаған. Сосын да бір-біріне килікпейді де кірікпейді. Әсіресе, еркектің қай кезде де қисая қалар бір қиқарлығы қалайда қылтиып тұрады.
– Осы сөзіңнің әсіресе жаны бар, – деп, қайталап қинала сөйледі. – Бірінсіз-бірі өмір сүре алмасы ақиқаттың ақиқаты. Дөп тиетін шыңғырма шындық.
Темекесін тұтатып, жылдам-жылдам сорғылап, біраз уақыт тымпиды. Кенжехан екі бокалға күрең қызыл виноны шүпілдете толтырып жатқан.
– Сен үшін көтерем! – деді. – Болашақ жақсылықтар үшін...
Өз бокалын жоғары көтере түсіп, төгіп-шашып, ашырқана сімірді. Байжұман да одан қалыспай, қызылкүрең виноны ерніне көңілсіз жақындата берген.
Енді мейрамханаға қоярда-қоймай, қинап әкелген досы үлкен бір салалы әңгіменің шетін сыздақтатып бастап кеткен.
– Әйеліңнің фәниден бақиға озғанына да жылдан асты. Жетісі, қырқы өтті. Бар ағайын-туыс, дос-жаранды жиып, соңғы салауатты шара – жылын да бердің. Ал, енді...
Мүдіріп қалды. Сол сәтте оған қарай бетін бұрып, мойын қисайтты.
– Енді не?
– Енді өз тағдырыңды...
– Түсінбедім.
– Қайтадан үйленгенің...
– Жоқ, ол туралы айтпай-ақ қой.
– Неге?
– Әлі күнге бір мезет те ұмыта алмай жүргенімді байқамайсың ба? Ойымнан да, қиялымнан да сағымданып кеткен кезі жоқ. Барлық уақытта – көз алдымда!
– Түсінемін. Біраз жыл отастыңдар. Ұлың бар, қызың бар. Ұмыта алмауың әманда заңдылық.
– Олай дерің бар, әңгімені неге қозғайсың?
– Өмір жалғасады ғой, достым! Еркектің күш-қуаты тасып тұрған кезде қу тізесін құшақтап, жападан-жалғыз қалуы деген...
– Балаларым ше! Неге жалғызбын?
– Үлкен ұлың шаңырақ иеленді. Өз отбасы бар. Қызың – шетелде білім алып жатыр. Яғни оның да өмір-тағдыры орайласа бастады.
Үнсіз тыңдап отырды да, қамыға сөз ширатты.
– Әйелім... – деді даусы дірілдеп. – Бижамал шетелде оқып жатқан қызын бір көріп, маңдайынан сүйіп қайтпақшы ниетпен асығыс аспан кемесіне отырып еді. Сол сапардан, әттеген-ай, оралмай қалады деп кім ойлаған?..
– Оны бәріміз де білеміз. Самолет апаты. Жазым-дағы. Алланың ісі... – деп Кенжехан да деміге, жұбату сөзін жіп тартқандай тізбектеді. Мейрамханаға шақырып, тәтті дәмді жеп отырып, оны өзінше көңілдендірсем деп еді, қайта одан бетер қамықтырып алғанын аңдаған.
Соңғы бір жыл ішінде, расында да қатты өзгеріп, көп қызықтан тиылған, тым томаға-тұйық. Әлдебір бөтен бейнеге ауысып кетті десе де шындыққа қиянат емес. Ойын аяқтатпады.
– Қой, қайтайық, – деді көңілсіз үнмен.
– Мына тамақты жемейміз бе?
– Тәбетім жоқ.
– Жарайды, онда. Қайтсақ, ол да дұрыс...
Екеуі орнынан серпілді. Алдырған тәтті дәмді ең болмаса шанышқымен түрткен де жоқ, сол күйі үстелде үйіліп жатыр. (Ысырап болып қалып барады)
– Ұлың Ұларбек бірден есейіп кетті, – деді Кенжехан жол үстінде. – Байқайсың ба, осы күндері сенің қас-қабағыңды бағулы.
– О шіркіннің жағдайымды жасасын деп пәтерге қызметші келіншек тауып әкеліп жүргенін қарашы. Қажет емес десем де тыңдамады.
– Ондай ұлдан айналса артық па?
– Тіл-аузым тасқа! Аман болсыншы әйтеуір... Болашақ – соларда!
– Дегенмен... – деп, тағы да әлгіндегі әңгімеге орала берген. – Дей тұрсақ та әлі белің бүгіліп, жалың жығылып тұрған жоқ. Бір басыңды екеу етуді ойлап қою қалай десең де, Аллаға да, адамға да әбес емес...
– Осы әңгімені доғарайық, – деп Байжұман қос жанарын кілкілдетіп, Кенжеханға жақтырмай қарады. – Бұған еш зауқым жоқ. Түсінші мені...
– Жарайды. Қойдым.
Екеуі үй жанына жете бере, қош деген сөзді тілінің ұшымен ғана айтысқан.
Бірінші түн
Байжұман үйіне келген соң, сырт киімдерін шешер-шешпесте төсекке шалқалай берді де, сүйікті жары Бижамалды көз алдына елестетіп, ұзақ-қ ой тұңғиығына көмілді. Сол елеске балқып, енді бір сәтте қалай ұйқыға еніп бара жатқанын байқамады.
Қою түн. Қараңғы түн. Тып-тынық түн.
Бір бөлмеде жалғыз өзі.
Төменгі қабаттағы қызметші келіншектің ыдыс-аяқ жуып, тағы бір шаруаларын тезірек бітірмекке асығып, тысыр-тысыр етіп жүрген дыбысы еміс-еміс болмаса мұнда мүлде жетпей жатады.
Қазір тек қорылдаған қоңыр үні ғана бөлмеге ақырын жайылып кетіп жатыр.
Тынымсыз-тоқтаусыз жалғасып жатқан зор дыбыстан төбедегі гүл жапырағы іспетті чех люстрасы дір-дір ете қалатындай. Дәл бас жағына ілінген жалаңаш келіншектің, жо-жоқ ұйқыдағы арудың суреті салынған тартымды картина да қозғалып-қозғалып кететіндей. Дәу қоңыр шифоньер де, бір бөлігі дөп-дөңгелек үлкен айнаны құрайтын комод та, жатын кереует жанына жапсарласа орналасқан қос тартпалы еменнен жасалған екі тумба да – бәрі тап қазіргі сәтте бұның қорылын тыңдап, тына қалғандай. Осы әсем көріністі орындық үстіне қолайсыз тастай салған сұрғылт халат пен екеуі екі жаққа қарай төңкеріліп түскен қос тәпішкі ғана бұзып тұрған сыңайлы.
Көп айлар бойы көргені осы, түн төсегінде бұрын-соңды байқамаған азапқа түсіп, ұзақ уақыт ұйықтай алмай, дамылсыз дөңбекшитін. Ой қажытып, сілікпесі шыққандай күйге келіп, әбден шаршап-қалжыраған кезде ғана кірпігі айқасатын. Осы әдет талайдан бері түнгі азабына айналып, жанына тыным бермей келе жатқаны бар-ды.
Ал, бүгін... неге екені белгісіз, өте тез ұйықтап кетіпті. Жастыққа басы тиер-тиместе көзі ілініп, дірілді қорылға басқаны сырт көзге мен мұндалайды. Кенжехан екеуі ішкен ішкіліктің әсері ме, жоқ әйтпесе кеш бойы келіншегі Бижамалды сөз етіп, қайта-қайта өткен күндерді ойлағандықтан көңілі жай тапқаны ма – әйтеуір бүгін ерекше жұмсақ түн басталып жүре бергені рас.
Түннің одан бетер ерекше, тіпті аса қызғылықты болатын тағы бір себебі бар.
Міне, біз енді осы жазбаларға тікелей арна салған тосын оқиғаға ақырын жақындадық. Жақындап келе жатырмыз.
Кенет... құлақ түбінен жып-жылы, жанға жайлы тиген ыстық леп ескендей. Ұйықтап жатса да сол ләззатты лепті сезіне алған.
«Бұл кім? Менің бөлмеме бөгде кісі кірмеуші еді ғой.»
Көзін ақырын ашты.
Төбеге қарады. Люстра. Иә, кәдімгі чех люстрасы!
Сосын оң жағына қарады. Тумба. Лампа.
Енді сол жағына қарады. Тумба мен лампаны көлегейлеген бейтаныс бейне. Кісі бейнесі. (Бәлкім, көлеңке ме?..)
– Сен... сен кімсің? – деп шошына тіл қатты көлеңкеге.
– Адаммын! Әрине, адаммын мен де...
Әйел затының нәп-нәзік үні жетті құлағына. (Бұдан әрі қарай екеуара диалогтар басталады)
– Бұл мен ғой!
– Кімсің деймін?
– Бижамалмын.
– Бижамал?! Жо-жоқ, ол бақилық. Бір жылдан асты...
– Қайтадан оралдым, – деп жылы жымиды көлеңке-әйел. – Әрірек жылжышы, мен де жатайын. Ұйқыңды бағаналы бері күзетіп, мүлде шаршадым.
– Сен...сен расымен-ақ Бижамалсың ба? Рас айтасың ба?
– Әрине, рас! Бұл – менмін.
Осыны айтты да, төсекке бір бүйірледі. Байжұман аң-таң. Не сенерін, не сенбесін біле алмай аңыраған сәт.
– Сен көлеңкесің, жо-жоқ елессің! – деді сәлден соң. – Өзіңді ойлап, күн-түн іздеп, сағынған соң... Елес болып келіп... мазалағаның шығар бұл!
– Неге елес екенмін? Міне, жатырмын ғой жаныңда. Қолыңмен ұстап көр. Денем, мүсінім... ұмытпаған шығарсың, ә?
– Әрине! – деді жұтына сөйлеп. – Сенің мүсін-бейнеңді ұмытам ба? Ұмыту мүмкін бе!
Ақырын қолын созды. Қолы әйел затына тиді. Денесі ып-ыстық.
– Оралыпсың ғой! Оралған екенсің ғой қайтадан! – деп, осы сәтте көңілі босап еріксіз кемсеңдеп жіберген. – Сағынғанымды білсең ғой әуелі.
– Білем, – деді көлеңке-әйел. – Бір жыл бойы мені ғана ойладың. Қиялыңнан шығарған емессің.
– Оны қайдан білдің?
– Өлгендер өлмейді.
– Ендеше, неге барлық өлгендер қайта жер бетіне оралмайды?
– Оралғысы келмейді.
– Неге?
– Өйткені, тірілер оларды өте тез ұмытады. Жылдам естен шығарады. Ал, сен ұмыта алмадың. Сағындың. Сарғайдың. Сосын қатты аядым.
– Келіп тұрғаның да содан ба?
– Әрине, сол үшін...
Байжұман көлеңке – әйелді, жо-жоқ, Бижамалды қысып-құшып тұрды да, кенет:
– Жоқ, бәрі өтірік! – деп, селк ете, қолын тартып ала қойды. – Өлгендер ешқашан тірілмейді. Бұл бос сандырақ! Шылғи өтірік! Сен Бижамал емессің. Басқасың.
– Сонда кіммін?
– Білмеймін кім екеніңді! Әйтеуір басқасың!
– Әлі сенбей тұрсың ба?
– Қалай сенем! Сені бір жыл жоқтадым. Тек қиялымдағы елес едің. Ал, бүгін...
– Өзіңді, ақымағым-ау, аяғандықтан келдім демедім бе! Келгенім ұнамаса, қайтадан кері қайтайын.
Ол орнынан тұрды да, кетуге ыңғайланды. Сол кезде жанұшыра:
– Тоқташы, – деді. – Шын әйелім екеніңе көз жеткізіп алайын да.
– Ал, онда көз жеткіз.
– Сұрағым бар.
– Айт.
– Біз қай жылы үйлендік?
Күйеуінің сұрағына көлеңке-әйелдің жауабы нық шықты. Тіпті қай мейрамханада тойлары өткенін, тойдан соң екі жігіттің төбелесіп, бірінің қолы сынып, ауруханаға түскенін тізбектеп бара жатыр еді, сөзді үзді.
– Біреуден естіген шығарсың?
– Онда тағы да сұра.
– Осыдан бес жыл бұрын екеуміз қай жерге барып демалдық?
– Ессентукиге.
– Неге күнге?
– Он бес күнге барып, жеті күннен кейін сен аяқ астынан қатты науқастанып, елге ерте қайтып кеттік.
– Менің ең сүйіп жейтін асым?
– Палау!
– Ең жақын досым?
– Кенжехан.
Енді сұрағын тоқтатып, көлеңке-бейнеге ұзақ қарап, сенер-сенбесін білмей, ой үстінде отырған.
«Расымен осы келіншек менің Бижамалым ба? Ол өлмеген шығар, ана дүниеде өмір бар деуші еді. Демек...»
Түн орта тұстан аунап барады.
Байжұманның бәрібір ұйқысы келетін емес. Тіпті шып-ширақ.
– Бижамал, – деді енді даусын бәсеңдете сөйлеп. – Мені сағындың ба?
– Оқта-текте ойлап қоямын. Ал, сағыну деген... біздің мөлтілдеген мөлтек әлемде тым ерсілеу.
– Неге? Неге олай?
– Ондағы өмірді сендер әзір түсіне алмассыңдар. Әркімнің өзіне тиесілі шаруасы бар. Тек соны ғана ойлау парыз.
– Сонда-а... менің сағынғанымды, сарғая іздегенімді қайдан сездің?
– Бізге фәнидегі пенделердің әрбір қадамы, әрбір әрекеті ешқандай жұмбақ емес. Бәрін көз алдымызға әп-сәтте, керек еткен сәтте жылдам әкеле аламыз. Тек...
– Ол не?
– Фәнидегілер бізді тез ұмытып, оп-оңай ойынан шығаратыны жанымызға тікенектей, тіпті біз тығып алғандай батады. Тіпті бақилықтар туралы егіле-езіле айту қажет емес деушілер де бар.
– Рас, оған келісемін, – деді Байжұман. – Ондай қисық сөзді менің де құлағым шалды. «Әруақты мазаламаңдар, тек Алланы ойлаңдар» дейтіндер арамызда құмырсқадай қаптаған. Дұрыс па, бұрыс па – өзім де түсінбеймін.
– Әруақты емес, кеше ғана қасыңда жүрген, жан серігіңдей қимас жанды сағыну ше? Ешкім жамандығынан бақиға оза ма?
– Сен неге келдің?
– Сағынышыңды басайын деп...
– Осында қаласың ба?
– Жоқ, таң ата қайта кетемін.
– Қалшы қасымда! Кетпеші...
– Ол мүмкін емес.
– Неге?
– Өйткені, жер үстіне жарық кіргенде бақилықтар сейілген тұмандай жоғалады.
– Құшақтап жатсам ше?
– Жарық түсе бере мен міндетті түрде өзге дүниеге ауысамын.
– Келгеніңе рахмет!
– Саған да рахмет! Бір жыл бойы тек қана мені қиялыңа қонақтаттың. Санаңнан еш өшірмедің. Аңсадың. Сарғайдың. Күттің. Түсіңде сырластың. Оның бәрін де білемін.
– Бәрін бе?
– Бәрін де. Маған барынша адал екеніңе дейін...
– Оны да білесің бе?
– Білемін.
– Олай десең, кешегі Кенжеханның маған айтқан әңгімесін естіген шығарсың?
– Естідім, – деді көлеңке-келіншек. – Естідім оны да.
– Не істеймін енді?
– Үйленуің керек.
– Кімге?!
– Өзің ойлап шеш. Көңіліңе ұнаған, жаныңа жақын жанды ізде.
– Жоқ! – деді жұлып алғандай. – Сені ешкімге айырбастай алмаймын. Ешбір жан маған дәл сендей ыстық бола алмас. Болуы мүмкін де емес.
– Бақиға озғанша фәни заңына көнесің.
– Көнбесем ше?
– Онда түбі өкінесің.
– Қалай?
– Бүгінгі тірілігіңді былай ысырып қойып, алдыңда нендей тағдыр сығалап тұрғанын да алдын-ала айта алам. Бірақ, айтуға тиіс емеспін. Олай етсем – фәни заңын бұзып, асылыққа жол салам.
– Қалайша?
– Фәнидегілер алдында не күтіп тұрғанын мүлдем білмей өмір сүргені ләзім. Білді дегенше, өмірдің мән-мағынасы да аласарып, жіңішкеріп кетеді.
– Сонда да білгім келеді.
– Айтуға хақым жоқ. Бақи дүниеде серт бергенбіз.
– Сен маған оралдың ғой. Осының өзі сертті бұзу емес пе!
– Рас! Берген серттің әуелгі бір шартын бұзып тұрмын. Шын сағынғаныңа бола... Неге мені сарыла-сарғая аңсадың екен! Осынша мұң дүниесіне батқаның қалай?
– Сағынғаным үшін де кінәлімін бе?
– Жо-жоқ! Тіптен де кінәң жоқ. Саған... мәңгі ризамын. Тек болашағыңды айтайын десем... болмайды ғой, болмайды.
– Айт! Енді білмесем, ішқұса күйге түсіп, сезімнің дар ағашына тартылармын.
– Алдымен келісіп алайық. Фәнилік еш пендеге тіс жармауың керек. Құпия ұстай аласың ба? Тек арамызда қалатынына уәде етесің бе?
– Уәде беремін.
– Үш рет айт!
– Уәде! Уәде! Уәде!
Бижамал мүдіріп қалады. Байжұман тезірек естуге асығулы. Ынтығулы.
Сөз қайта жалғанды.
– Бір күні... қызметші келіншекпен көңіл жарастырасың. Төсекке тартып дегендей...Оның аяғы ауырлап шарасыз күйге түсесің...
– Айт, айта түс!
– Ол саған «мені өзіңе әйел етіп аласың» деп, дереу қиғылық салады. Сен «алмаймын» дейсің. «Кеңсеңе барамын, бәрін айтамын, құпияңды жұртқа жаямын» деп қорқытады. Амалын қалмаған соң...
Әңгіме аяғын тыңдағысы келмей, басын бұлғаңдата:
– Бұл қиянат! – деп бақырды. – Ендігі тағдырым тап солай қиюласады дегенге еш сенбеймін. Қызметші қатын кім! Кім екен ол сонша!.. Оны үйден қуып жіберемін. Құйрығынан бір-ақ теуіп...
– Қуа алмайсың.
– Жоқ, қуамын.
– Өйткені, одан басқа әйел сенің шыңылтыр мінезіңе шыдас берер ме?
– Оны кім айтты?
– Алдын-ала біліп отырмын.
– Ал, жарайды. Сол қызметші-ақ үйде жүре берсін. Бірақ, неге онымен бір төсекке оп-оңай жата кетем? Ол кім, мен кім?
– Бір күні ішкілік ішіп келесің де, еркіңді нәпсі деген нақұрысқа байлап бере қоясың. Бар құпияның кілті сол...
– Енді не істеуім керек?
– Үйленуге талап жаса. Әуелі өзіңе ылайық жар ізде.
– Мен біреуге үйленсем, өзіңді ұмыта бастаймын. Сен қайтып келмей қоятын шығарсың.
– Үйленген күннен бастап, әрине, мәңгілікке жоғалам.
– Ал, оған дейін...
– Кел десең келем.
– Тіпті үйленбей қойсам ше?
– Онда келе берем. Тек... ана қызметші қатын...
– Оны ма! Оны бөлек үйге шығарам. Өзім көрмейтін жерге... Тамақ әзірлеп, киімді тазалап қойып, сосын табан жалтыратып отырады.
– Бірақ еркектік нәпсі... еркіңнен асып түседі. Бәрібір іздейсің.
– Жоқ, ешқашан нақұрыс нәпсінің құлына айналмаспын. Бір жыл бойы өзімді-өзім мықты ұстадым емес пе?
– Оның басқа себебі бар. Менің бақи дүниеге аттанған бір жылдығымды өткізгенше ештеңеге алаңдамауға іштей серт бергенсің. Осыны орындауға барынша тырыстың.
– Бұдан кейін де өзімді сол қалыпта ұстап жүре алам.
– Сене алмаймын.
– Неге сенгің келмейді?
– Өйткені... – деп, көлеңке-келіншек күмілжіді. – Өйткені, сен... мына мен фәниде жүрген кезде-ақ... көзімді ала бере-ақ...
– Жоқ! Жоқ! Ол өтірік!.. Өтірік!..
– Міне, таң да атуға таяпты, – деді Бижамал. – Кетемін.
– Қайда? – деп алқынды енді. – Қайда кетпексің? Үйің осы.
– Бұрын осында едім, ал қазір... басқа жердемін. Бақида маған бұйырған өзіме тиесілі жайым бар. Жайлы орным бар...
Осыны айтты да, теріс бұрыла берген.
– Сені ешқайда жібермеймін, – деп, еркек оны қатты қапсыра құшақтады. –Осылай құшақтап жата берем.
– Сен ұйқыға кеткенде мен ғайыпқа аттанам...
– Мен ұйықтамаймын.
Жыл бойы сағына, аңсап іздеген сүйіктісін – Бижамалды қыса құшақтап, ұзақ жатып алған. Ұйықтамасына сенді. Өзінің ойы. Шынымен ұзақ-қ құшақтап, шексіз құшақтап жатқан сияқты кейпі бар-ды. Отты құшақ сияқты еді.
Көзі бір сәтте ілініп кеткенін аңдамады...
Селк етіп, жанарын ашып алса, жатын бөлмеде жападан-жалғыз. Қос тізесін құшақтап, бүк түсіп жатқан соқа басы.
Сол жағына жалт бұрылып қараған. Қоңыр тумба мен лампа. Көлеңке-келіншек те, елес-бейне де мүлде жоқ. Сүйген жары бұл арада тіпті де көрінбегендей. Бәрі де түсі секілді...
«Е, бәсе! Бижамал бір жыл бұрын самолет апатынан қаза тапқан жоқ па! Бәрі де түсім екен ғой» деп ойлап, кеудесіне сабыр ұялатқан.
Орнынан тұрып, беті-қолын жуып, таңғы асқа үстелге отырды. Қызметші әйел зыр жүгіріп, шәй алып келді.
– Бүгін тым кеш тұрдыңыз ғой, – деп, нәзік үнмен қожайыннан сұрап та қояды. – Қатты ұйықтадыңыз ба?
Оған ұрлана көз тастады.
«Түсімде көргенім расқа айналса ше! Ішкілік ішіп келген күні... жо-жоқ, ол мүлде мүмкін емес... Қиялыма қайдағылар кіре беретін болғаны ма!..»
Тез-тез киінді де, асыға басып, жұмысқа шықты. Тыста жеңіл көлік күтіп тұрған.
Жол үстінде келе жатып, қайта-қайта есіней берген-ді.
«Ау, осы мен түні бойы ұйықтамағанмын ба! Бижамалдың келіп-кеткені рас па? Көлеңке – келіншек өз әйелім десем, онда бүгін түнде тағы да...»
Жеңіл жымиды.Кеудесін кере дем алды. Әйтеуір жаны жай тапқандай, бақытты еді...
* * *
Жұмыста, өз кабинетінде отырған сәтінде Кенжехан баса-көктеп кіріп келген. Өте көңілді, дабырлай сөйлеп, Байжұманды құшақтай алды да:
– Жолың оңғарылады екен! – деді. – Адал жарға жарап қалар әйел заты табылды!..
Сөзіне селк етіп:
– Мына айтып тұрғанымды түсінсем бұйырмасын! – деп қабағын түйіп, сырт айналды. – Асығыс үйлене қаламын деп уәде беріп пе едім? Сездіріп пе ем сондайды...
– Е, кешегі келісім ше! Өзің емес пе үндемеген. Сосын да келісім белгісі деп қабылдадым, – деп, досы сөзге қонақ берместен тағы да даудырлап ала жөнелді. – Қысқасы былай. Өзі министрлікте істейді. Жасы отыздан асқан қыз. Отырыңқырап қалған демесең, сыпайының сыпайысы. Сыртыңнан біледі екен.
– Тоқта! Тоқта! – деп, орнынан тұрды. – Тап бүгін-ертең үйленем деген жоқпын, ендеше қыз туралы әңгімені осымен тоқтатайық.
– Ал, сонда...– деп досы күмілжіді. – Сонда сен...
– Үйлену мәселесін әзірше кейінге шегере тұрған дұрыс. Онан да маған кешегі тапсырған жұмыс жайын айт. Шешілетін түрі бар ма?
– Ә, анау ма! – деп бұл желкесін қасыды. – Сөйлесіп жатырмын. Бүгін кешке дейін, ары кетсе ертең түске дейін шешімін айтады.
– Онда жақсы. Қалғанын содан соң сөйлесерміз.
– Дегенмен... әлгі менің ұсынысым...
– Кейін! Кейін деймін.
Әңгіме осымен түйін тапты.
Досы кабинеттен шығып бара жатыр еді, артынан дауыстап:
– Сенің жатын бөлмеңе ешқашан көлеңке – елес кірген емес пе? – деген.
Кенжехан күле жауап қатты:
– Жо-жоқ, мен шын өмірді, шын адамдарды ғана көремін... Көлеңкелермен сырлас емеспін...
Екінші түн
Өзі де аң-таң.
Үйіне дәл бүгінгідей сабырдан айрыла, дегбірі кетіп, далақтап асықпағалы көп уақыт өткен шығар. Баяғыда-а, Бижамалмен үйленген жылдары жұмыстан қолы босай бере, қара шаңыраққа қарай алды-артына қарамастан зытатын. Кейінгі кездері бәрі де салқындай бастаған. Достары жұмыс аяғында аз-кем бас қосып, еркектерше әңгіме-дүкен құрайық десе, жол-жөнекей бұрыла салу жаттанды әдет. Сондай отырыстардан алатын әсер де өзгеше.
Бүгін бәрі де басқаша.
Әсіресе, Кенжеханның көзінен тезірек таса болуға тырысты. Жылдамырақ үйіне жетіп алмақшы. Автомобиль жүргізуші жігітті асықтырып:
– Жылдамдатсаңшы! – деді. – Өте баяу жүргізеді екенсің ғой тіпті...
Шофер аң-таң. Соңғы жылдары бастығы керісінше «жәй жүр, асықпа» деп үнемі ескертіп, нығырлап қоятын. «Осы жын қуғандай жүйткітіп айдайтындарды түсінбеймін» деп көп айтатын. Бүгін оның бірі де жоқ. Өзгеше мінезге ауысыпты.
Көзінің қиығымен айнадан оған ұрлана қарап қояды. Мінезінде шынымен өзгеріс бар. Ішінен ыңылдап әндетіп келе жатқан сыңайлы.
– Аға, Англиядағы қарындасыммен хабарласып па едіңіз?
Байқаусыз сұрақ қойып жіберді. Байжұман сол сәтте селк етіп:
– Ой, не! Оны неге сұрадың? – деген.
– Жәй... Көңілдісіз.
– Көңілді болу үшін міндетті түрде қызыммен тілдесуім керек пе!
– Бал қызым дейсіз-з...
– Бал екені рас. Бірақ, көңіл сарайындағы қуанышқа үшін тек қызым себепкер ме? Айтасың-ау! Бол! Жылдамдат! Үйге тезірек жетейін...
Жүргізуші сөзін кілт тоқтатты. Әрі қарай сөйлемеді.
Өзінің сәтсіз сауал бергеніне қысылып, газды қаттырақ басты...
Сырт киімдерін тез-тез шешіп, шәйға отырды. Қызметші әйел – Айсара:
– Кешкі асқа екі түрлі тамақ әзірледім, – деді. – Біріншісі – манты, екіншісі...
– Сол мантыдан үшеуін...
– Екіншісі...екінші тағамнан...
– Өте шаршаулымын. Тәбетім де жоқ. Ұйықтағым келіп тұр.
– Айтқаныңыз болсын!
Тәрелкеге салынған үш түйір мантыны, тәп-тәтті екенін байқаса да, тауысып жей алмады. Үрлеп отырып, бір кесе шәй сораптаған. Бір алма жеді. Сонымен нүкте! Кешкі ас бітті!
Жоғарыға, өзінің жатын бөлмесіне жылдам-жылдам басып, жеңіл көтеріліп бара жатып, көңіл шалқуын шамалаған. Ішкі қуанышын сезінулі.
Күн жаңа ғана батқанын біле тұрса да, көп ойланып тұрмастан, шешініп, өзін ұйқы төсегіне табыстады.
Ерте жатқан кісі ұйықтай ала ма! Әрі дөңбекшіді, бері дөңбекшіді. Жөтелді. Ыңырсыды.
Кенет... есік қағылып, тық-тық еткенде, жүрегі дүрсілдеп қоя берген.
– Бұл кім?
– Айсарамын.
– Не керек?
– Балаңыз көңіл уайымын айтып жатыр. «Неге ерте жатып қалды?» дейді. Жағдайын шұғыл біл деген соң...
– Телефон соқпады ма?
– Телефоныңыз төмендегі, үстел үстінде, залда қалып қойыпты.
– Ә, солай ма! Ендеше, айта сал. Бәрі жақсы. Қазір ұйықтаймын.
– Қайырлы түн, қожайын!
– Айтқаның келсін.
Қызметші келіншек тысыр-тысыр басып, төменгі қабатқа түсіп бара жатты. Аяқ дыбысы Байжұманға анық естіліп, көңіліне кібіртек ой тықпалаған.
«Әй, осы Айсара... қызметші келіншек жатын бөлмемді жағалап, мені шынымен-ақ өзіне қаратып алғысы келіп жүр ме? Балам жағдайымды сұрады дегенсіп... Соны сылтауратып... Қой, не ойлап кеттім. Небәрі қызметші қатын емес пе! Әр нәрсенің өз жөні, өз реті бар дегендей...»
Төбеге көз тіктеді. Әсем, әдемі, гүлді люстра! Бижамал екеуі Чехословакияға демалуға барғанда ең элиталы дүкеннен саудалап, сатып алған. Сол жолы ерекше еркелей сөйлеп:
– Осыны алып, жатын бөлмеге іліп қояйықшы, – деп, әйелінің қатты қиылғаны есінде.
– Арқалап жүреміз бе? Елде де бар шығар.
– Люстра керемет ұнап тұр. Жатын бөлмеміз, көр де тұр, жарқ ете қалып, жанып кетеді осыдан.
– Жарайды, солай етелік.
Ақшасы қымбаттау болса да, саудалап алып, өзі зіп-зілдей, жол бойы арқалап, үйге әзер жеткізген. Ой, сондағы Бижамалдың қуанышты жүзін көрсең! Дереу қызметшілерді шақырып, қашан іліп біткенше дамыл көрмеген. Ілінген соң, бөлмеден шықпай, күйеуін қайта-қайта шақырып: «Қарашы, қандай жараса кетті, енді екеуміз осы люстраға қарап жатып, тәтті ұйқы ләззатына батамыз» деп, лапылдап сөйлеп еді-ау!
О, заман десе!
Одан бері де талай сырғыма күн бірде көкке көтеріліп, бірде көкжиекке сіңіпті.
Ой теңізіне малтып жатып, тәтті ұйқыға қалай кіріп кеткенін байқамады.
Кенет... жып-жылы дем сол жақ құлағын кәдімгідей ысытып бара жатты. Көзін ашып алып, жан-жағына алақтаған. Көлеңке-келіншекті іздеді.
Дәл жанында – Бижамал. (Әрі қарай – диалогтар)
– Бұл сен бе! Келдің бе тағы да! – деп, абдырап сөйлеп, орнынан ұшып тұрды.
– Иә, келдім.
– Неге өте кеш келдің? Төсекке күндегідей емес, өте ерте жатып қалдым. Сені тезірек көрейін деп...
– Кеш түн емес. Түн ішінде ғана келе аламын.
– Мейлі. Кеш десек те, келгенің қандай жақсы! Бүгінгі күн мүлде өтпей қойды. Өте созылыңқы көрінді маған..
– Оны білемін. Жас күніңдегідей, жігіт кезіңдегідей үйге асығып жеттің.
– Қазір қартайып қалдым ба? Қырық бестен ассам да, әлі сергекпін.
– Көңілің ғой. Қырық бес пен жиырма бесті салыстыруға бола ма?
– Кенжеханның әңгімесін де естідің бе?
– Естідім.
– Қарсы екенімді айттым. Сөзіне қонақ бермедім.
– Жоқ, келісуің керек еді.
– Жарайды, оны қойшы. Басқа нәрсені тілге тиек етелік.
– Не жайында?
– Кенжехан туралы. Шын досым деп ойлаушы едім, ал ол... өткен жолы бір отырыста мен туралы ғайбат әңгіме айтып, өтірік нәрсені...
– Білем. Арғы жағын айтпай-ақ қой. Достық та өте таза, шыныдай шыңылтыр зат. Ондай достар өте аз, тіпті жоқ десе де артық емес.
– Неге? Неге солаймыз біз?
– Бақи жаққа жеткен соң фәни жұмбағы өзіме бар құпиясын айқара ашты. Адамдар қай кезде де ақиқаттан гөрі өтірікке құмар. Өйткені, ақиқатты кез-келген адам әуезе етіп көтеріп жүре алмайды. Оның жолы өте ауыр. Қиын. Тастақты. Өтірік деген, ойлап көрсең, лыпып тұрады. Айтуға да, айнуға да, тіпті қайтып алуға да ыңғайлы.
– Адамзат өмірі өтірікке біржола бейімделіп кеткен бе?
– Адамдар! Өздері емес пе! Ақиқатты әспеттеп, алақанға салып аяламайынша, өтірік өрге баса бермекші.
– Досым неге өйтеді? Оған барлық уақытта адал сияқты едім.
– Көңіліне тиген кездерің жоқ дей алмассың!
– Қашан? Қай кезде?
– Наградаға қосарланып ұсынылғанда, лауазымы жоғары кісіге жол тауып кіріп, атақты өзің алдың!
– Бастықтың өзі шешті. Шақырып алып айтты. Имандай шыным...
– Досың да марапатқа ылайықты қызметкер деп өз аузыңнан айтпағаның рас қой!
– Оны қалай талқыға салам? Өзі шешіп отырған соң... Кесімді сөзін жеткізіп отырған соң...
– Жарайды, оны бір деп қоялық. Енді пәтер бөлінетін кезде қайталап таласқа түстіңдер. Онда да, сенде де Алла-тағала бере салған екі бала. Сөйте тұра үш бөлмелі пәтерді өзің қақшып кеттің.
– Арнаулы комиссияның шешімі екенін ұмытпа!
– Сол комиссия екеуіңді шақырып алып, «біреуің ғана аласыңдар» дегенде, сен тағы су жұтып алғандай мыңқ етпедің. Жұмғаң аузыңды ашпадың.
– Не істеуім керек еді?
– Кенжеханға беріңдер дегенде...
– Қалай айтамын? Сендерді ойладым ғой.
– Бізді ойлағаның емес, өзіңнің жалған намысың кеудеңді кернеп тұрды. Үш бөлмелі пәтерді ол алып кетсе, басқалар «беделі жоқ, сорлы қызметкер екен ғой өзі» деп күлкі етеді деген соқыр намыс жетегіне ноқталандың.
– Соқыр намыс деген не екен ендеше?
– Ол – адамдар арасына іріткі салатын, дау-дамайға жетелейтін, сөйтіп біткелі тұрған істі барынша қиындатып жіберетін әулекі.
– Намысты болу ер азаматтың көркі демей ме!
– Намысқа шабудың да өз орны бар. Жігіт барлық уақытта тек жеке бастың беделін ойлай берсе, өзімшілдікке ұрынады. Өзімшілдік – фәнидегі ең үлкен кесел...
– Досымның маған бір кісідей өкпесі бар екен ғой онда. Өзі ешуақытта мұндайын сездірмепті.
– Ол, әрине, бойында кісілік мәдениеті бар жігіт. Алайда, көңілінің терең түкпірінде өзіңе деген реніші талай уақыттан бері қасатталып, түйір тастай тығылып жатқаны рас.
– Біреулер өз өкпе-назын айқайлап, дауыс шығарып, елге дабыра етіп айтуға әуес.
– Ондайлар бетпақ. Шаруаны айқаймен, у-шумен, қорқытып-үркітумен шешемін деп ойлайды.
– Сонда қайсысы дұрыс?
– Тектілік көрсетіп, тоқтамды болудан артық асыл іс жоқ. Адалдың ақысын ешкім де жей алмайды. Кешігіп келеді десек те, түбі жеңіс-адал адамдар жағында.
– Барлық уақытта ма? Мысалы, менің төбемнен қарайтын бастығымды өзің білесің. Әлдеқайда кеш келді бұл мекемеге! Бірақ, тез-тез өсті. Биік мансапқа көтерілуі – кісі таңқаларлық.
– Пенделік қызғанышқа берілме! Рас, бастығың тез көтерілді. Өзінің бар қабілеті мен мүмкіндігін осы жолға арнады. Өзін-өзі көрсетті.
– Мен де...
– Сен екі шаруаның басын ұстадың. Лауазымды да сатылай бергің келді, ғылымды да қоса сүйредің.
– Оның несі айып?
– Айып түгі де жоқ. Тек қабілет-қарымың бір бағытқа жұмсалмады, екіге жарылды. Өз кезінде көп мүмкіндіктен құр қалып қоюға сол да жетіп жатыр.
– Өз ойымша ештеңеге кешіккем жоқ.
– Ел сыртыңнан буда-буда өсек таратқанын білесің бе? Олар айтты: «Осы жігіт бәріне де үлгеріп, бәрін де өзі иемденгісі келеді, тым ашкөз, тым тойымсыз екен». Жеңіл пікір шығар, әйтсе де осы сөз елге тез жайылып кетті.
– Бір саланы меңгеру – әр адамның ісі. Ал, көп саланы меңгеру – парасатты жанның ісі! Бір ғұлама айтқан мұны...
– Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді деген тағы бар. Менің сөзім бе осы?
Байжұман аз-кем мүдіріп, кеуде үніне құлақ төсеген. Өткен өмірі бір сәт көз алдында дөңгелене берген.
Оқу бітірді. Қызметке араласты. Институтта жазған диплом жұмысын ұстазы жатып кеп мақтап еді, сол қамшы болды ма, енді кандидаттық диссертацияны қорғап тастамаққа ышқына ұмтылды. Ғылым дегенің, әуелде қалай байқамаған, азабы мен мехнаты көп жұмыс екен. Бір бастап алған соң, жарты жолда қалай тоқтай алсын! Аяғына дейін жетейін деді. Әрлі-берлі шапқылап жүргенінде, расында да қызмет жағы ақсаңқырады. Бірге оқыған досы Кенжеханның лауазымы бұдан жоғарылап, биіктеп бара жатты.
Диссертацияны қорғай сала, өз үйіріне қайта оралып, жұмысқа бар ынта-зейінін төкті. Басшыларды жағалап, дипломын көрсетіп:
– Енді тоқтадым, ешқайда алаңдамаймын, – деп қайта-қайта елпеңдеді.
Бастықтың бірінші орынбасары мұны көптен бері іштей ұнатушы еді, оңашалап:
– Өзіңді басқарма бастығы еткім келеді, – деді. – Қарсы емессің бе?
– Жоқ.
– Ендеше, бірінші басшыға ұсыныс жасаймын. Тек бұл туралы ешкімге, тіпті ана досыңа да ләм деме.
– Жарайды.
Арада бір апта өткенде басқарма бастығы лауазымына отырған. Сөйтсе бұл орынға Кенжехан да ұсынылыпты. Келіп құттықтап отырып, өз аузымен айтты.
– Менің де үмітім бар еді, – деді. – Оқасы жоқ, өзге емес, сен отырдың.
– О, оны білмедім ғой, – деді Байжұман. – Әйтпесе мен...
– Жә, қысылма. Басшылар шешті емес пе!
...Таң атып келе жатыр еді.
Көлеңке-келіншек кетуге ыңғайланды.
– Достықты ұзақ сақтап жүру үшін екі жақ та барынша адал, таза, шыншыл болуы шарт, – деді. – Фәниде ондайлар тым аз. Бірі адалдық танытса, екіншісі – солқылдақ. Сын сәтте оп-оңай сыр беріп қояды... (Көлеңке-әйелдің сөзі)
Осыны айтты да:
– Мен кетейін, – деді.
– Бүгін жібермеймін. Таңды осы жолы ұйқысыз атырамын. Қайтсем де сенің қалай ғайыпқа аттанғаныңды көргім келеді.
– Оны да байқалық!
Ол Бижамалға үн-түнсіз көз жанарын сата, ұзақ-қ қарап отырып алған. Кірпік қақпауға тырысқан. Көзі еріксіз жұмылып бара жатқанын аңғармады...
* * *
Түскі асты Кенжехан екеуі оңаша отырып ішті. Досы баяғы әдетінше саудырлап сөйлеп, көңілін аулап, әр саладан әңгіме қозғай берген. Байжұман қазір өзін тым ыңғайсыз сезініп, оған кінәлі көзбен қарағыштап қояды. Осыны аңғарып та қалған екен:
– Бүгін біртүрлісің ғой, – деп сұрады. – Ұйқың бұзыла берді ме?
– Жоқ! Жақсы...
– Жайсыз түс көрдің бе?
– Ондай емес...
– Ендеше, түріңе не жорық? Әлденеге алаңсың. Көңілің өз орнында болмауы қалай? Әлде... ықыласың ауған бір қыз таптың ба?
– Қыз! Қыз! Содан басқаны сөз етуді қойғансың ба! Айтпадым ба, үйленбеймін деп...
– Негізі – бұл өзің шешетін шаруа. Менікі достық ниет. Қабыл көресің бе, жоқ па – оны да патша көңіліңнен сұра. Бірақ...
– Жанашыр жүрегіңе бек сенемін. Мені мазалаған басқа ой.
– Ол не?
– Шыныңды айтшы, Кенжехан! Маған өкпелісің бе?
– О не дегенің! Не үшін өкпелеуім керек? Екеуміз ұзақ жылдан бері ажырамас доспыз. Бұны өзіміз ғана емес, бүкіл тамыр-таныстарымыз жақсы біледі.
– Доспыз-ау... – деп, қабағын түйді. – Дос екеніміз әмбеге аян-ау...
– Саған бүгін бірнеңе болған! Құдай біледі, өте жайсыз түс көріп оянғансың! Еһ, айтпадым ба, жалғыздық тек бір Аллаға ғана жарасқан. Еркек бір басын екеу етпейінше...
– Сол әңгіме! Тағы да қыз жайлы...
– Ендеше, сырыңды ашсаңшы. Мынадай алаң көңіліңе не себеп?
– Түк те себеп жоқ. Жәй ғана көңілсіздік, – деді де, әрі жалғап:
– Арақ ішсек қайтеді, – деп, кенет жадырап сала берген.
– Ой, әлі талтүс, түстен кейін жұмыс бар. Оны қайтеміз?
– Ештеңе етпес. Бүгін өзімізге өзіміз төтеннен демалыс жариялап жіберейік.
– Жарайды. Дегеніңе көнейін. Тек...
– Тағы не?
– Бұл жерде ішпейік. Бой тасалап, алысырақ кетейік.
– Оның да жөн.
Қаланың бір қалтарысындағы оңаша мейрамханаға ат басын тіреп, жеке кабинаға тапсырыс жасады да, ішкілік алып, ұзақ-қ отырды. Сәлден соң ішкіліктің буы бойға тарап, екеуі де масаң қалыпқа келе бастаған. Байжұман тілі күрмеле:
– Тағы да сұрағым келеді, сен маған ренжулісің бе? – деді. Кенжехан:
– Туһ, қадалған жерден қан алады екенсің! – деп, көңілсіздеу тіл қатқан. – Ал, ренжідім делік. Сондай жағдай бір кездерде арамызға кимелеген екен делік. Енді оның не мәні бар? Талай заман өтіп кетті. Баяғыда-а....
– Сонда неге ренжіп едің?
– Есімде жоқ.
– Ә, мен білемін.
– Жадың мықты екен, ендеше айтшы өзің-ақ!
– Екеуміз бір пәтерге таласқан кез есіңде ме? Үш бөлмелі пәтерді алдымен алып кеткенімде сыртыңнан білдірмесең де, ішіңнен мені иттің етінен бетер жек көрдің.
– Бәлкім, аз уақыт кеуде кернеген шығар сондай сезім! Ол өткінші реніш.
– Ол ғана емес.
– Тағы не?
– Мен медаль алған жыл! Сен алған жоқсың.
– Ол кезде алмасам, кейінірек алдым. Ештен кеш жақсы.
– Не нәрсенің де өз уақытында келіп жатқаны қандай ғанибет! Сенің өкпелеп-ренжуің орынды.
– Тағы да айтамын – өз басым саған пәлендей ренжіген емеспін.
– Жоқ, ренжідің.
– Ренжіген жоқпын.
– Осылай мойындамай, қасарыса сөйлеуің – баяғыдан қордаланып қалып қойған ренішті байқатады.
– Ту-у,сені ме! – деп, Кенжехан орнынан тұрып кетті. – Кісіні жарықтан жұлып алып, қара түнекке тыққылап, есалаң етерсің мына түріңмен...
Сонда да бұл әңгімені тізгіндеп, тез доғарған жоқ. Тағы да тізбектеп, ұзын арқанның ұшынан тартқандай, жалғай берді. Жалғастыруын тоқтатпады. Қайта-қайта айналып соға берген соң, шыдамы таусылып:
– Ренжісем, бір ғана кез есімде, – деді.
– Айтшы соны? Міне, енді ашыла бастадың.
– Сен басқарма бастығы болатын күн. Бір кісіге кіріп, шаруаны ыңғайлап отырғанымда алдымды орап кеттің. Лауазымды қанжығалап кеткеніңді айтпаймын, маған білдірмей әрекет еткеніңді кеуде кеңістігінде кешіре алмадым.
– Енді жөнге келдің. Неменеге өкпем жоқ дей бересің? Білем, білемін мен...
– Онда сен де, шыныңды айтшы! Неге осы мәселені бүгін көп қаузап отырсың? Әлде ортаға от салғысы келген біреулер...
– Жоқ, ешкім де емес. Періштелер құлағыма сыбырлады.
– Олай десең, осымен бұл әңгімені жауып тасталық. Көп ішіп қойған сияқтымыз.
– Біз қызып қалдық па, а?
– Аздап масаңдаумыз. Ендігісі артық.
– Жарайды, соңғы рет...
– Соңғы рет алайық та, үйге қайтайық. Келістік пе?
– Ләббай!Құп, тақсыр – р...
* * *
Беті – қолын салқын сумен жуып алмақшы ниетпен, қисалаңдай басып ваннаға кірді. Түріне қараса – төбелестен жаңа шыққан кәрі қораз тауықтай. Екі көзі қып-қызыл. Қанталаған жанар.
«Антұрған арақ!» деді өзіне-өзі. «Кімге опа беріп едің? Талай-талай достарым сенімен «достасам» деп баяғыда-ақ ана дүниеге...»
Өз ойынан өзі шошып, денесі дір-р ете қалғаны.
«Не деп кеттім?! Ана дүние, бәлкім, мына дүниеден он есе, тіпті жүз есе артық болса ше! Ондағылар бәрін біледі, бәрін сезеді, бәрін көреді. Сосын да ол жақта қиянат, өсек, өтірік, айла, қулық... сәт сайын кимелей бермес...»
Бетін жуып алды да, бір стакан сәбіз шырынын ішейін деп, ас үйге түсті.
Қарсы алдынан Айсара ұшырасты.
– Ас әзірлеп қойып едім, – деді ізетпен сыпайы сызыла сөйлеп. – Ішесіз бе?
– Тамақтанып келдім. Сок ішемін де, жатамын.
– Еркіңіз білсін.
Алдына сәбіз шырынын әкеліп тоса берген. Байжұман асықпай, ұзақ-қ сімірген. Дәмін алып, тамсанып тұрып алған.
Ақырын жылжып, баппен басып, жатын бөлмесіне енді ғана беттеген беті. Аяғы өзінен-өзі шалына бергенін қарашы. Үш-төрт аттады, бесінші қадам жасай бергенде оң жағына қарай ауып, құлап бара жатқандай екен, біреу жылдам жетіп келіп, демей бастағанына аңғарып үлгерді.
«Бұл кім? Бижамалым ба! Келген екен ғой, айналайын! Жетіпті-ау...»
Төмен түсіп кеткен иегін сәл-пәл көтеріп, шаршаулы қызыл көзін күштеп ашып қарады, Бижамал дегені қызметші келіншек – Айсара.
– Құлап бара жаттыңыз, – деді ол қипақтап. – Қолтығыңыздан демедім.
– Рахмет! Енді өзім-ақ...
Жоғарыға көтерілді. Төсегіне жетті. Сұлап түсті де, тезірек ұйықтауға тырысты. Өйткені, ұйқыға бас қойса ғана өзінің сағынып жүрген келіншегі келіп аялайды. Бұны ып-ыстық демімен оятады. Еркелете әңгіме айтады.
Барлық жіберген кемшіліктерін есіне түсіреді.
Тіпті болашағын да болжап беретін – сол көлеңке-әйел!
Көзі жұмулы. Ұйқы шақырады. Ұйқы келер емес. Дөңбекшиді. Әрі аунайды, бері аунайды.
Көз алдына әлгінде ғана өзін қолтығынан қыса ұстап, тұрғызып жіберген қызметші қатынның дөңгелек, жәудір көздері келе береді.
«Мені қысып, кеудесіне баса құшақтады-ау! Ыстық демі бетіме тиді-ау! Көзіне көзім түскенде екі беті алаулап кеткені қалай? Бар себебі – құлап қала жаздағаным ба, жоқ әлде... мүмкін емес! Ол – небәрі қызметші қатын ғана...»
Тағы да аунап түсті. Түн түскелі қаш-шан! Айналаны қараңғылық қаусырмалаған. Сөйтсе де екі көзі жұмылар емес.
«Айтпақшы, бұл қызметші келіншекті үйге кім әкеліп кіргізіп еді, а? Ә, балам ғой. Баламның ойластырғаны. «Әке, сізге осыдан ыңғайлы әйел заты табыла қоймас. Өзі тамақты дәмді әзірлейді, мінезі жұмсақ. Не десеңіз де көнеді.» Ұлым солай демеп пе еді...»
Ойланып жатыр. Қиял қамалында баласы айтқан әлгі бір сөздер шудалана өріліп, қайта-қайта ойнақтап тұрып алған.
«Ұнамайтын мінез көрсетіп жатса, рахмет айтамыз да, өз жөнімен шығарып саламыз. Келісім солай.»
– Жоқ, – деді енді, өз ойымен өзі сөйлесіп. – Неге қуып жібереміз! Әзірге өкпем жоқ. Не айтсам да екі еткен кезі бар ма? Қазіргі заманда мұндай көнбіс ұрғашы өте аз. Тіпті жоқ десе де...
Қиял қамауына түсіп, өз ойын әрі қарай кестелеумен әлек.
«Көріп жүрміз ғой. Көбісі-ақ шетінен шатақшыл. Еркектермен тең болмағы былай тұрсын, зәуеде асқақтап, аса сөйлеп, артық сезінгісі де бар. Қызмет пен ақшаға құныққан, ар мен намысты ұмытқан еркекшора әйелдер заманы...»
Тағы да дөңбекшіді. Бір жағына қайталап аунай берген.
«Ұйқы қайда? Ұйқым қайда кетті? Уа, бүгін таң атқанша көз ілмейтін шығармын. Жоқ, ұйықтауым керек. Тек ұйықтасам ғана Бижамалым келеді.»
Көзін жұмды. Күштеп жұмды. Тарс жұмды. Ұйқы шақырды. Ұйқы ұстатар емес. Қашқақтайды. Үркектейді.
«Сорлы еркектер!» деп, тағы бір ой сығалады көңіл түкпірінен. «Әйелдермен тең жүреміз деді де, ақыр соңында қайқы қатындардың айтқанын істеп, дегеніне байланды. Қажетті жерінде кесімді сөзін жеткізуге қауқарсыз, тіпті үн де шығара алмайтын халге жетті. Әуелі «әйеліммен ақылдасып алайын» дейді. Әйелі «жоқ, керек емес» десе, онда әңгіме тәмәм! Сыртқа шығып, үйден ұзаңқырап, аз-кем серуен жасаса да, бір құлағы – телефонда. «Қазір жетем, жарты сағаттан соң үйге оралам...»
– Ау, сонда-а...– деп, өз ойына өзі айбат шеге, ашулана тілге келді. – Сонда... мына әлем бұдан былай қатын ақылымен басқарылып кете бере ме? Аса талантты, аса білгір, аса парасатты қатын – бастық кезіксе жақсы, өзі аяр, кекшіл, өзімшіл, шалағай... біреу билікті ілгектесе, мына әлемнің аяғы аспаннан келмегенде, енді қайтеді-і...»
Басын шайқады. Зілдей. Ап-ауыр.
Арақтан ба? Ауыр ойдан ба? Ажырата алар халі жоқ.
Есіне тағы да Айсараның... мөп-мөлдір, жәудір көзі оралып, жүрегін дір-р еткізген. Құшағына алып тұрып:
– Сіз құлап бара жатыр екенсіз... – деді ме, а! Демі қандай!..
«Құламаңыз, жарық дүниеде, қара жерге құлатпайтын мына мен бармын дегені ме? Құлатпайды екен! Құлатпайтын жан табылып тұр-р...»
Орнынан тұрды. Тұрды да есікке беттеді. Сыртқа шықпақ. Сосын...
Шошынды. Оған бармақ па? Жоқ-жоқ, олай етпеуі керек. Соңы белгілі. Бәрі де бітеді... (Жүрегі қатты-қатты соқты)
Жатын бөлменің есігін ашып тұрып, не әрі, не бері жүрерін білмей, тастай боп қатып қалыпты. Табаны жерге желімделіп тұрғандай.
«Тоқта деймін! Бижамал өткен түні ескерткен жоқ па! Айтып бермеді ме арғы жағын...» (Құлағының түбінен жуан үн естілген.)
Төменгі қабаттан қызметші келіншек көтеріліп келе жатқан.
– Бір жеріңіз ауырды ма? Дәрі әкеліп берейін бе?
Байжұманның тілі байланып қалған жағдайда. Тіл арасынан сөз шықпады. Басын шайқады да, жатын бөлмесінің есігін ішінен қайта жапты. Қатты тартты.
Айсара кері бұрылып, төменгі басқышты басты.
* * *
Таңертең ояна салып, жан-жағына алақтай қараған.
Осы түні көлеңке-келіншек келмегені ме? Бұған ренжіген шығар. Арақ ішіп, масаң күйде оралғанына, сірә, өкпелегені ме?
Енді мүлде келмеуі де ғажап емес! Біржола келмей қалуы...
Аяғын ауыр басып, төменгі қабатқа түсті.
Алдынан Айсара көлденеңдеді.
– Шәйіңіз әзір.
– Кофе ішейін. Тезірек жұмысқа жетуім керек.
– Ол да әзір...
* * *
Жұмысқа келген соң да көңіл күйі өз орнын таппаған. Телефон шалған әлдекімдерге дүрсе қоя беріп:
– Өзің шеше салатын майда-шүйде шаруаны неге үлкейтіп айтып, зілдей ғып салмақтап бересің, а! – деп зекіп-зекіп тастаған.
Қабылдау бөлмесіндегі жас қыз бүрісе түсіп, қалтырап отыр. Басшының бүгінгі көңіл-күйін түсіне алмаған.
«Не бүлінді екен! Жоғарғы жақтағы басшылардың бірінен ескерту алып, әйтпесе жайсыз сөз естіді ме, а!..»
Қырсыққанда, бүгін Кенжехан да көрінбеді. Шаруалармен қала аралап жүрген-ді.
Бүгінгі жұмыс Байжұманға өте ауыр, салмақ салды, тіпті азапты бетін зәр шаша бұрып тұрған-ды.
Дәл осы жағдай бірнеше күнге созылды.
Үшінші түн
...Қатты ұйықтап, түн құшағына мүлде сүңгіп кеткен екен, құлағының түбінен өте жағымды, жып-жылы леп есті. Байжұман қуанып сала берді.
Дереу көзін ашып ала қойған.
Міне, ғажап! Сол жағында, өзінің үйреншікті орнында – көптен күткен көлеңке-келіншек отыр. (Екеуара әңгімелесу басталып жүре берді.)
– Сен... сен оралдың ба! – Оны құшақтай алды. – Енді қайтып көре алмаспын деп ем...
– Келмей қойған себебімді айтайын ба? – деді Бижамал.
– Айтшы! Айтшы, қане?
– Ұнамсыз бір қылығың есіме түсіп, жүйкеме тигені.
– Ол қашан болып еді?
– Өзің ойлашы.
– Араққа тойып алып келген күні нақ ұрыс нәпсіге ерік бересің, Айсараны төсекке тартасың дегенсің. Олай еткем жоқ. Өзімді-өзім ұстадым.
– Таппадың. Мен басқаны сұрадым.
– Тағы не?
– Ойлан. Тереңірек ойлан! Бұл баяғыда-а өткен оқиға...
– Есімде жоқ? Өзің айтшы?
– Көзіме шөп салған түн...
– Ондайға жол берген кезім бар ма? (Денесі дірілдеген)
– Өтірік сөйлемеші. Қазір бәрін де білемін.
Енді өзінен-өзі қызарақтап, ләм дей алмай, мүдіріп қалған.
– Неге үндемейсің?
– Ол енді... өткенді несіне қозғайсың? Пенде болған соң...
– Міне, өмірдің шын келбеті! Әрбір пенде ақиқат алдында осылай қипалақтап-тайсақтайды. Сосын фәниде өтірік өрге баса береді.
– Тайсақтап отырғам жоқ. Тек... қажеті бар ма деп...
– Маған өз аузыңмен мойындауың аса қадірлі. Сол әрекетің көп уақыт жанымды қинап, қатты ойландырды.
– Бір жылы жас бойжеткенмен... жо-жоқ, жас емес, отызға иек артқан кексе қызбен кездескенім бар. Өзі қиылып, сүйетінін айтып, ыңғай білдірген соң...
– Еркектердің бәрі де солай сөйлейді. Қыз қиылып сұрайды!..
– Енді... әуелі ықылас ниетін бастаған мен. Ол қарсыласпады.
– Шындық емес. Сен оны өзің...
– Жарайды, жарайды. Солай-ақ делік.
– Содан соң кездеспедің бе?
– Енді... ашығын айтсам, үш-ақ рет бет түйістірдік. Сонымен бәрі де бітті! Қайтып жолыққан емеспіз. Бұл – шыным!
– Ең өкініштісі де осында!
– Неге? Неге олай дейсің?
– Өзің айтып отырған кексе қыздың аяғы сол кезде-ақ ауырлап қалған-ды. Сен... бейбақ жанды біржола ұмыттың. Шаруаң болмады.
– Бала көтеріп қойса, сөз жоқ, хабарласар еді. Бұл – өтірік!
– Әйел затының ар-ұяты мен намысы қашанда бәрінен жоғары тұрады. Саған телефон соқпады. Іздегісі де келмеді.
– Бала ше? Оны не істеді?
– Аман-есен жарық дүние есігін ашты.
– Рас па?
– Қазір өсіп келеді. Биыл он жасқа толады.
– Ұл ма? Қыз ба?
– Ұл.
Байжұман жанын қоярға жер таба алмай, төсектен тұрып кеткен. Бөлмеде әрлі-берлі жүріп алды. (Дегбірі қашты)
– Мүмкін емес!
– Әбден мүмкін... Жас қыздың басын айналдырдың да, жарты жолда тағдырмен бетпе-бет қалдырып кете бардың. Сөйте тұра, адалмын, тазамын, ақпын дейсің.
– Ол кезде жастау едік. Ішкіліктің буы тағы бар.
– Еркектердің бәрі де осылай төгілдіреді. Жөнсіз, жосықсыз әрекеттері кимелеп кетсе, дереу ішкілікке жаба салады. Ең оңай сылтауы – осы!
– Сылтау ма? Қызға «егер аяғың ауырлап қалса қайтесің?» деп айтқанмын. Өтініп сұрағанмын. «Сізге хабарласамын» деген. Уәдеде тұрмапты.
– Әлі де кеш деме. Хабарласуың керек.
– Бет бар ма? Қалай хабарласам көп жылдан кейін...
– Баланың не жазығы бар?
– Ал, хабарластым делік. Сосын...
– Қайтадан бас қосасыңдар...
– Ол келісе ме?
– Әуелгіде қарсыласады. Кергиді. Шалқақтайды. Түбі келісетініне шүбәм жоқ. Сені әлі күнге оқтын-оқтын ойлап қояды. Сағына іздейді. Мұны да біл...
– Ойлай ма! Рас па? – деп, енді жас балаша елпеңдеп ала жөнелді. – Ұмыта алмай жүргені ме?
– Қалай ұмытсын! Аналық бақыт сыйлаған сенсің! – деп, Бижамал кіжіне сөйледі. – Ой, еркектер-ай! Сендерді кім десек, жарасады екен, а?
Енді қысылып-қымтырылуды қойып:
– Ақыры сөз басталды, – деді. – Ендеше айтшы, менің ұлым қандай?
– Кәдімгі ұл.
– Бойы ұзын ба? Өзі... келбетті ме?
– Саған ұқсаңқырайды. Сымбатты-ақ.
– Көзі ше?
– Көзі де құйып қойғандай.
– Ал, мұрны...
– Ойпырмай, сұрағың көбейіп кетті сенің...
– Сабағы ше? Жақсы оқи ма?
– Оны білмедім.
– Неге білмейсің? Бәрін де көріп-біле алам демеп пе едің!
– Балаңның тағдырына аса көп қызықпаппын. Тек білетінім – ол сенің ұлың...
– Шынымен... менің балам ба? Ой, ғажап-ай! Мұндай да болады екен-ау!
– Болдырған да өзің, бордай тоздырған да өзің...
– Тым қатты кетпеші! Неге бордай тозады? Бәрі де дұрыс орайласуы тиіс. Іздеймін. Табамын оларды...
Алақанын ысқылап, арлы-берлі жүріп, бөлме ішінде тыпыршып кетті.
Таң да бозара бастаған еді.
Көлеңке-келіншек бір күрсініп алып:
– Қой, мен кетейін, – деген
Осы сәтте Байжұман оған жалт қарап:
– Сен... – деді. –...сен Бижамал емес шығарсың! Өйткені, менің басқа әйелден балам бар екенін еш қиналыссыз, аса сабырмен айтып отырсың.
Елес-әйел күліп жіберген. Ұзақ күлді. Тоқтай алмады.
– Неге күле бересің?
– Сөзіңе!
– Ал, өтірік пе?
– Әрине, шындық емес. Мен – Бижамалмын. Сенің әйеліңмін...
– Ендеше, неге...
– Біздің жақта қызғану деген атымен жоқ. Қандай іске де салқын, сабырлы қалыппен қарай аламыз. Тіпті фәнидегілерден артықшылығымыз да сол шығар...
– Жоқ! – деп айқайлады Байжұман. – Қызғана білмеу – қасірет! Қызғаныш – жақсы көрудің алғы шарты!
– Барлық уақытта солай ма?
– Барлық кезде де.
– Онда қателесіп жүрсіңдер. Қызғаныш деген қызыл ит кей-кейде кісіні орға жығатынын да ұмытпағайсыңдар.
Осыны айтты да Елес-әйел үндемей, томсырап отырып қалды.
Енді ғана қайталап еркелете, шашынан сыйпап, жылы дауыспен үн қатқан.
– Ертең келесің бе? (Жалынышты үн)
– Ол көңіл-күйіме байланысты.
– Келші! Сені асыға күтемін.
– Оны көрерміз...
* * *
Көлеңке-келіншек, алайда, сол түннен соң тағы бірнеше апта бойы көрінбей қойды.
Осы күндері бірде Бижамалды ойлап, тағы бірде шие ерін қызды – Бибісараны еске түсіріп, өмірі ойында болмаған он жасар баласын «көрсем-ау» деп, іштей арман етіп, күн өткізіп жүрген-ді.
Төртінші түн
Кезекті түн еді...
Әуелі көзін ашты. Қайта жұмды. Қайта ашты. Содан соңғы екеуара диалог былай өрбіп ала жөнелген.
Сол жағында үн-түнсіз бұйығып отырған көлеңке-әйелге қарап:
– Оны іздедім, – деді.
– Кімді?
– Бибісараны. Он жасар баласы бар келіншекті...
– Таптың ба?
– Таба алмадым. Тапқым-ақ келген.
– Демек, дұрыстап іздемегенсің.
– Барлық қалаларға сұрау салып, дабылдатып бақтым. Ешкім де білмейді, ешкім де көрмеген. Айтшы, оны қай бұрыштан табам, а?
– Айта алмаймын.
– Неге? Сен бәрін де білуге қауқарлымын дегенсің.
– Оның тірі екенін сездіріп, баласы барын тәптіштегенім аз ба? Өзгесін өзің анықтап алуға тиіссің. Қалғаны – фәнилік пенделерге тән іс.
Байжұман қинала сөйлеп:
– Жер – көкте жоқ болса қайтем! – деді де, қайтадан: – Таппай тынбаспын! – деп кіжініп қойды. – Баяғылы бері неге естімегенмін!.. Неге хабар бермеген!..
Келіншек жылы жымиды.
– Әлі сүйеді екенсің ғой,ә! – Еркектің иығына қолын салды. – Мені ше! Дәл солай сүйе алдың ба?
– Әрине! – деп, оған жалт қараған. – О не дегенің! Сенің орның бөлек. Әлемдегі ең асыл жансың.
– Ендеше, көзіме неге шөп салдың? Жол-жөнекей қатынға – Бибісараға неге ынтықтың?
– Жас кездің әурешілігі... Ішкілік ішкен кісінің қай ісі дұрыс дейсің!
– Баяғы жауап! Сол ішкілік! О, тоба-ай!
Басын ұстап, отырып қалған-ды. Күйеуі оны құшағына қысты. Қысып тұрып:
– Жә, түсінші мені, – деді. – Бибісараны сағынғандықтан іздеп жатқам жоқ. Он жасар баланың болашақ тағдыры мейлінше маңызды. Әлі сәби ғой, алдында не күтіп тұр...
Көлеңке-келіншек енді еркекті жағадан алғандай, тығырыққа тірей түсіп, сұрақпен төпелеген.
– Сағынған жоқпын деймісің? Бұл да ұлы өтірік. Сен әркез сол Бибісараны көңіл түкпірінен сызып тастай алмай, жылдар бойы ойлап келмеп пе едің...
Еркек қипақтады. Сөздері жуыспай бара жатыр...
– Енді... ойлайсың ғой. Бәріміз де пендеміз. Обал жасадым ба деп...
– Шын ойыңды жасырмай-ақ қой. Оны да біліп алғам. Тағы да бір рет кездесіп, төсек ләззатына батсам-ау деген кездерің ше?
– Қойшы енді! Бақи жақта қызғаныш деген атымен жоқ деп ең. Сол айтқаның өтірік пе өзі?..
– Шын! Шынын айтқам. Тек... жер бетіне келген сәтте көңіл тереңінде әлдебір сезім лықсып кетіп жатады. Бұған да сендер кінәлісіңдер...
– Жарайды. Бізбіз! Бәріне де кінәлі – біздер...
Осыны айтты да, қайтадан бала жайына ауыса берген.
– Оллаһи, ант етейін, енді ана баламды ойлай бастадым. Соның тағдыры...
– Е, солай ма еді, – деді Бижамал, – Сен үшін Ана тағдыры түк те емес. Балаңа жаның ашиды, сол-ақ қой...
– Бала бауыр ет! – деді Байжұман. – Одан қалай бас тартам?
– Жарайды, балаңды қатты сүйеді екенсің. Жөн-ақ. Алайда, сәби сені әкем деп мойындай алмаса ше! Онда не істейсің?
– Мойындамауы мүмкін емес. Әкесі екенім шүбәсіз.
– Оны жасырмай айта алатын шешесінің ар-ұяты оянса жақсы.
– Кездескен кезде бәрін де түсіндіреміз.
Енді елес – әйел орнынан тұрды. Сөйтіп, бөлме ішінде арлы-берлі адымдады. Ақырын адымдады.
– Жер бетінде тірі жетімдер неліктен көбейіп бара жатыр? – деді дірілді үнмен. – Ең әуелі жеңіл мінез еркектер кінәлі. Тән ләззатын ғана ойлап, әкелік жауапкершілігін әркез толық сезінгісі келе бермейтіндер-еркек пе?
Оған қарсы дау айтты.
– Бәріне біз кінәлі десең, біржақты пікір қылаңдайды! – деді, –
Әйелдер де бала алдындағы жауапкершіліктен оп-оңай қашып құтыла алмаса керек. Еркекке ренжіп, мүлде ат құйрығын кесісіп кету жөн бе? Тірлікте не бұралаң мен не қиындық кездеспейді, а!
– Әйел жаны нәзік! – деді көлеңке-келіншек. – Нәзік жүректі жаралап тастау да оп-оңай.
– Еркектер тастан жаралған ба? – деп, бұл да маңдайы жиырыла қатуланды. – Жанын түсінетін, сезімін сыйлайтын кім бар!..
Әйел күлді. Күлді де:
– Кім кешірімшіл болғаны абзал? – деді. – Алдымен еркектер...
– Жоқ, әйел кешірімшіл мінез көрсетсе, тіршілік жайдарланады.
– Әйел еркелеткенді ұнатады.
– Еркектер де еркелеуге кет әрі ме?
– Сонда... – деп, көлеңке-әйел даусын соза түсті. – Заман не боп барады! Еркектер барлық қиыншылықтарды қайыспай көтере алатын ересен күш иесі демеуші ме едік! Бүгінгі еркектер әйел мінезді, әйел тәріздес әлсіз күйдің оқпанына құлай бастағаны ма?
– Олай емес! – деп Байжұман сөзді іліп әкете қойды. – Мүлде олай емес. Еркектің ер мінезділігі, әрине, бар. Басқа түссе, бәріне де көнеді, бәрін өзі көтере алады. Айтып отырғаным-жайшылықта... мынадай мамыражай заманда...
– Бәрібір, – деді Бижамал. – Қай заман, қандай уақытта да еркек еркек деген биік қалпын сақтап қалғаны абзал. Бағыт-бағдарынан айрылған қай еркек оңушы еді!..
Осы жолы дауласпады. Тыңдап, үнсіз отырып қалған.
– Таң ата бастапты, – деді көлеңке-әйел. – Мен кетейін.
– Таң да атып қалды ма? Қап, неге өте тез...
– Қош бол! Сәлден соң кетемін...
– Неге? Неге бұлай бәрі де...
Ерні жыбырлап, күбірлеген күйі қатты қалжыраған еркек көзін жұма берді. Денесі дел-сал болып, әлдеқайдан ұйқы қысып бара жатқан-ды.
* * *
Күндіз Кенжеханды өзіне шұғыл шақыртқан-ды. Тапсырмаларды сұрайтын шығар деп, жұмыс жайын тәптіштеп айта бастағаны сол еді:
– Оны қоя тұршы, – деді.
– Не жағдай килікті? (Алаң көңіл)
– Ойыма түсе береді.
– Кім?
– Бибісара ше? Сен оны білетінсің!
– Е, әрине. Ұмыту мүмкін бе!
– Сол сары келіншекті қайдан іздеген дұрыс?
– Шие ерін еді ғой, ә?
– Оны қоя тұр. Қайдан тпасақ екен?
– Оны қайтпексің? Ә, түсіндім. – Жымиды. – Енді соны іздемексің ғой, ә?
– Маған Бибісараныдан гөрі ұлы... яғни менің балам...
– Апырмай, оның аяғы ауырлап болып қалып па еді? Қайдан біліп алдың?
– Періштелер сыбырлады.
– Ұлың неше жаста екен?
– Он жаста.
– Демек, іздеу салу керек. Жылдам табу қажет.
– Саған өтініш етсем дедім. Ешкім білмей-ақ қойсын.
– Жарайды. Сұрастыралық. Табылып та қалар...
– Сөйтші. Тапшы оны... (үмітті көңіл...)
...Досы оның кабинетінен шыға бере-ақ, аз-кем ойға батып, ішінен жымиып күліп алған.
«...Түсінікті бәрі де. Балам деп соны алға тартады, ал шын мәнінде... Е, несі бар, бір кездегі көңілі ауған шие ерін келіншек. Тіпті қатты жақсы көрген де шығар. Басқаны қойып, соған үйленбекші ме? Жарайды. Үйленсе, үйленгені-ақ керек... Қашанғы соқа басы сопайып...»
Оның ойын бастығының даусы бөліп кетті. Есікті қайта ашып, соңынан айқайлап:
– Бүгін айналыс! Шұғыл түрде... – деген.
– Әрине! Міне, кірісем...
Бесінші түн
Бүгінгі түні Бижамал барынша шешен: тек өзі ғана сөйлеп, барлығын ыңғайымен жіпке тізгендей тізбектеп, алыстан қайырмалап отырды.
– Сен білесің бе? – деді. – Сол жолы Англияға неліктен асығыс ұшып кетіп едім?
– Е, білем. Қызымыз Гүлсайранға...
– Қызыңның не бүлдіре жаздағанын да айтайын ба?
– Ол не?
– Өзімен бірге оқитын грек жігітін өнердей сүйіп қалып, соған тұрмысқа шыға салуға ынтыққаны ше?
– Оны маған неге айтпағансың?
– Жүрегіңді ауыртпайын дедім. Өзім барып, ың-шыңсыз реттеп келе салмақшы едім.
– О, тоба! Жасырғаның қалай? Гүлсайран болса... ештеңені де сездірген жоқ.
– Білем. Мен бақиға озған соң, Англиядан асыға ұшып келіп, мәйітті жерлеуге қатысты. Жылады. Өксіді. Оңаша сәтте «апа, мені кешірші, ақылға сыймас ақымақ қылығым үшін осындай қайғылы жағдайға душар еттім, енді саған уәде беремін, тек ақылды қадам жасап жүремін» деп көз жасын көлдетті.
– Содан...
– Лондонға қайта ұшып кетті. Көп күнге дейін өз-өзіне келе алмады. Түнде түсінде мені іздейді. Жылайды. Аһ ұрады.
– Әлгі жігіті... кім еді өзі?
– Грек баласына кездесіп айтты: «Сен ренжіме, біз екеуміз енді достық қарым-қатынасты болып қаламыз, тұрмыс құрмаймыз». Бейбақ бозбала зар жылап, тізерлеп отырып алған. Сонда да иілген жоқ. Байғұсты шын аяп кеттім. Қызым осынша қатал мінез көрсете алады деп ойламаппын.
– Қазір ше? Қызым не істеп жүр?
– Оқудың соңында. Білім алып, тезірек қайта оралсам дейді. Елге келсем, апамның басына күнде барып, гүл шоғын қойып жүрер едім деп қиял қуалайды.
– Сен біз жерлеген жерде жатырсың ба?
– Тек сүйегім қалды. Жан-дүнием басқа әлемде. Фәнидегілер бізді ешқашан да көре алмайды. Сосын да бейіт басына барып, кеуде қысқан мұң-зарын төккен қолайлы.
– Ақымақ балапанымның болашақ тағдырына алаңдаймын. Қандай тосын жағдай тосып тұр екен алда? Айтпақшы, ол жайлы да алдын-ала айта аласың ба?
– Білуге мүмкіндік бар. Бірақ әзірге ойламаппын.
– Неге? Неге өйтесің?
– Айтқан сөзде тұрып, бөтен елдің жігітімен келісімді бұзған соң, риза болып, сол күйі бәрін де ұмытыппын. Айтпақшы...
– Иә, не?
– Гүл-қызың соңғы кезде бір жігітпен қайталап көңіл жарастырып жүр.
– Ол кім? Қазақ па?
Елес – әйел бұған бұрыла қарады да:
– Фәнидегілер неге дереу ұлтқа бөліне береді, а? – деді.
– Бұл не сөзің! – деп Байжұман қарсы сауал қойды. – Жер жүзінде әлденеше жүздеген ұлттар бар. Әр ұлт өзінің салт-дәстүрін сыйлап-қадірлеп, әдет-ғұрпын ұстанатынын ұмытып қалғаның ба?
– Білемін бәрін де. Алайда, сол ұлт-ұлтқа жіктелу адамзатқа еш жақсылық әкелмесі де аян. Бақилықтар үшін бәрі бірдей. Мұнда адамдар бір ғана діңгекті паналайды.
– Сонда қалай? – деп таңданыс байқатты бұл. – Діні ше? Тілі ше? Әдет-ғұрпы да араласып кеткені ме?
– Бақидағы өмір мүлде бөлек. Бәрі бір-бірімен туыс әрі бауырлас. Бірі үшін – бәрі, бәрі үшін – бірі қайғыра алады.
– Е, фәниде олай етпейді деп кім айтты? – деп, еркек даусын жуандата, жағаласа сөйледі. – Біз де әлемдегі орын алып жатқан қайғыға қайғырамыз, қуанышқа қуанамыз.
– Осы сөзің өтірік! – деді көлеңке – келіншек. – Мен сене алмаймын.
– Неге?
– Өйткені, фәнидегі адамдар арасында қырқысу бар, жұлқысу бар. Бірінен бірі асып түскісі келеді. Бір-бірін мойындау мүлде жоқ. Біріне-бірі қырғи қабақ. Байқайсың ба, осы күні сойқан соғыс өрті тұтанып кете жаздап тұрған жоқ па?
– Ондай кикілжіңге тұтас ұлттардың да, жекелеген адамдардың да еш қатысы жоқ. Бұл – саяси ойын... Саясаттың тайталасы...
– Саясат та адамдардың ісі емес пе?
– Саясат – билік деген белес басындағы белгілі бір топтың тымпи ойынан туындап жатады. Солар нені армандаса, нені мұрат етсе, соған орай арадағы кикілжің мен тайталастар ушығады. Бұған ұлттарды араластырма да кінәлама!
– Онда неге... – деп Бижамал мүдіре түсті. – Онда деймін, неге ұлт-ұлт болып бөлектене бересіңдер? Неге ағылшын, неге француз, неге қытай, неге араб, неге қазақ дегенді алға тартып...
– Оны ойдан шығарған біз емес.
– Фәниліктердің іс-әрекеті қашаннан солай. Осының бәрі сендерге тән. Өздерің емес пе!..
Еркек басын ұстап отыра қалды.
– Тым тереңдеп кеттік! – деді. – Гүл қызымды сөз етелікші. Жігіті туралы айт. Қазақ па, жоқ басқа ұлт па?
– Міне, тағы да бастадың! – деді елес-әйел. – Ұлтпен басталады әңгімең...
– Енді қайт дейсің маған! Мен – қазақпын, демек қызым да қазақ жігітіне тұрмысқа шыққанын қалаймын. Көңілім соған ыңғай береді.
– Ал, бақида ондайды ойлап қайғырмайды. Жұмыр басты пенделердің бәрі де бір-біріне ұқсас. Артық та емес, кем де емес...
– Мені қинама! – деп, қайтадан қинала тілге келді. – Жалғыз тал гүлім! Жігіті қазақ болғанын шын жүрегіммен арман етем. Тілегім де, тілерім де – сол.
– Қорықпай-ақ қой, – деп Бижамал күліп жіберді.
– Демек...
– Әрине,өз қандасы...
– Кім екен? Әке-шешесі... (Сұраулы жүзбен қараған)
– Әзір айта алмаймын.
– Білші. Анықташы бәрін де.
– Жарайды. Азырақ сабыр сақта.
Таң да сыз бере бастады.
Бүгінгі сұрақ-жауап соншалық терең әрі ауырлап кетті ме, басы ауырып, миы шуылдаған. Елес-әйелді алаңсыз өзінің Бижамалына балаған еркек оған еркелегісі де бар. Бірақ, еркелікке уақыт та қалып жатпаған! Қайдағы бір ойталас, қайдағы бір пікірталас... Басы да, аяғы да жоқ.
Мұны бастаушы өзі ме? Әрине, жоқ. Бәрі де таныс әйел бейнесімен түн төсегіне келіп, дегбірін алып отырып алатын көлеңке-келіншектен. Ол шаршамайды. Ол зеріктірмейді. Ол... өткен өміріне еріксіз жетелеп әкетіп отырады.
Қазір, қалай десе де, әбден қалжырапты. Кірпікке кірпік айқасып алып, ажырағысы жоқ.
Байжұманның көзі ілініп бара жатты.
* * *
Ертеңіне Лонданда оқып жатқан қызына – тәтті қызғалдағына телефон соқты. Хал-жағдайын сұрады. Елге қашан келетінін білмекші еді.
– Жаңа жылдан соң барамын, әке! – деді Гүлсайран. – Оған дейін сабақтан босатпайды.
– Ал, жағдайың... қалай? Жеке өмірің дегендей...
– Соңғы күндері анамды қатты, барынша қатты сағынып жүрмін. Бізді неге ерте тастап кетті деген ойға берілсем, жүрегім сыздайды. Сығымдап ауырады.
– Алланың ісі, қызым! Пенде не істей алады!
– Басқалардың анасы әлі де қара жер басып жүр. Тіпті сексен-тоқсанға жетіп отырғандар да бар.
– Тым күйреуік әдетке бой алдыра бастапсың, балапаным! Сабағыңа қара. Болашағыңды ойла. Өзіңе тең санайтын бір адамды...
Әрі қарай сөзін жұтты.
Арғы жағын айта алмады. Еркелетіп өсірген Гүл-қызынан «жігітің кім» деп сұрау ерсілеу сияқты.
Әңгіме аяғын сиырқұйымшақтандырып барып, тез түйінделген.
Алтыншы түн
...Төбедегі люстра сыңғырлады.
Люстра неге өзінен-өзі қозғалды екен деп ойлап үлгерген жоқ, кісінің көлеңке-сұлбасы көрінді. (Сөзді сұрақпен бастады)
– Бұл кім?
– Бұл – Бижамал ғой.
– Ой, сен төбеде не істеп жүрсің?
– Чехиядан алып келген люстраға үйдің бар шаңы жиналып, кірлеп, ұсқыны кетіп қалыпты. Сүртіп, тазалап қоятын... кісі бар ма, а?
– Неге жоқ екен! Үйдегі қызметші...
– Ол қолапайсыз қозғалып сындырып алса қайтпексің?
– Сындырмайды. Сындырып көрсінші, мен оны...
Көлеңке-келіншек сықылықтап күліп алды да, төбе жаққа тесіле қараған еркектің жанына келіп отырды.
– Ештеңе істей алмайсың оған! – деді тағы да. – Люстра сынса, одан кейінгі айқай-ұрыстың мәні қанша!
– Онда... онда өзім сүртем. Демалыс күні...
– Сенің де шамаң белгілі, – деп, елес-әйел тағы да жымиды. – Үй шаруасына қай кезде де икемсіз едің. Бастық болған соң мүлде...
Еркек селк ете түсіп:
– Бастық! Қандай бастық? – деді.
– Е, сен осы күні кішігірім мекеме басшысы емессің бе? Оны да жоғарыдағыларды жағалап жүріп, әзер иеленгеніңді ұмыта бастағансың ба?
– Жүгіргем жоқ. Өздері берді.
– Ендеше, тыңда. Тап осы орынды ана досың Кенжеханға да ұсынған. Бірақ, өтпей қалды. Неге?
– Мен қайдан білейін?
– Білесің! Біле тұрып, айтқың келмейді. Фәнидің тағы бір көрқараңғы кемшілігі – шындықты өз ішінде ұстап, сыртқа кеудемсоқтанып өтірік айта салатыны.
– Сенің ойыңша, мен өтірікші екем ғой, ә?
– Ретті жерінде ол ауылмен әмпей-жәмпей жымжасарың бар енді...
– Қойшы! Тоқтатшы осы әңгімені... Тыңдағым да, естігім де келмейді...
Екеуі де үнсіз.
Түн. Бөлме іші тып-тыныш.
Енді не айтарын білмей, бірінің аузын бірі аңдып, оңтайлы мезетті күтіп отырғандай.
– Айтпақшы, – деп, еркек кенет сөз сабақтаған. – Гүлсайранның жігіті жайлы біліп бермекші едің...
– Ол ма! – деді көлеңке-келіншек. – Қалай десем екен, а?
– Айт! Жасырма!
– Қиналып тұрмын. Айтпасам тағы да...
– Айтсаңшы енді! (Жалына сөйлеген)
– Ол қыздың жігіті... өзінің ағасы.
– Қалай?
– Жігіттің аты – Қалдархан. Шешесі – Айжарқын.
– Айжарқын дейсің бе? Ал, әкесі... (Күдікті ой)
– Әкесі жоқ.
– Жоғы қалай?
– Баяғыда бақи дүниеге жол түзепті.
– Кім ол?
– Сенің інің.
– Ержұман ба! Қой, әзілің шығар! Бұлай әзілдескенің қалай?
– Баяғыда-а көзі тірісінде, сен бұны білесің, Айжарқынмен көңіл жарастырып жүрмеді ме! Сол кезде сорлы қыздың бағы ма, соры ма – әйтеуір аяғы ауырлап қалған-ды. Ержұман аяқ астынан автомобиль апатынан көз жұмғанда, бейшара бойжеткен бала көтергенін елден жасырып ұстап бақты. Сөйтіп, басқа жігітке тұрмысқа шығып алған-ды.
– Күйеуі кім?
– Ол да қазір бақилық! Айжарқын – жесір.
– Ал, баласы... біле ме әкесі жайлы?
– Қайдан білсін! Шешесі өткен оқиғаны жасырып ұстап мүлде айтқан емес.
Байжұман басын қос қолдап қысып, қатты қайғыра бар даусымен:
– Бұл болмайды! – деді. – Болмайды ғой ол екеуіне үйленуге...
– Ендеше дәлелдеп көр! Қызыңды көндіріп көр!
– Қайтемін! Не істеймін енді? (Шарасыздық)
– Қызға да, балаға да түсіндіріп-ұғындыру бір парыз, әрине! Ол үшін...
– Неден бастайын?
– Алдымен анасын тауып алып, ашық әңгімеге тарт.
– Ол қайда?
– Кім біліпті? Жер үсті дөңгелек...
– Тағы да... тағы да іздеу салам ба! Қалай табамын! Қайдан табам!
– Бұл фәнидің ісі... Сендердің шаруаларың...Ендігі бас ауруың осы сол деп білгейсің!
* * *
Ертеңіне шәй ішіп отырып, даусын қатайта үн шығарып, Айсараға:
– Үйдің ішін соңғы уақытта шаң-тозаң басып, кірлеп кеткен жоқ па, а? – деді.
Қызметші әйел өзіне тиесілі шаруа екенін сезіп, қипақтап:
– Күн сайын сүрткілеп отырамын! – деген. – Шаң жуатқан емеспін.
– Менің бөлмем ше?
– Оны да кірлеткен екен.
– Люстраны... – деді де, артынан: – Жарайды, жексенбі күні өзім қолға алып, тазалармын, – деді. Содан соң жұмысқа баруға жиналды.
* * *
Жұмыста әрнәрсе есіне түсіп, дегбірі қашып, ойы да он саққа бөліне берген.
«Қызымның жеке өмірін неге естен шығарып алғанмын, а! Шешесі өлді деп қайғырып, қан жұтып жүріп, бір жылды да артқа тастаппын. Ал, балапаным ше?.. Оның жан азабы мен ішкі қиналысын мен сұрамасам, кім сұрамақ! Әкемін бе, жоқ әйтеуір біреумін бе? Әй, осы...»
Кенжеханды шақырды.
– Не боп қалды? – деп, досы аңқалақтап, алақ-жұлақтана кіріп келген.
– Қызымды сағына бастаппын.
– О-о, әрине! Гүл-қызың бойжетті. Енді оның да болашағын ойластырып қойған ләзім.
– Соны өзіңмен ақылдассам ба деп едім.
– Ақылдассақ, ақылдасайық.
– Нендей кеңес бересің?
– Қай мағынада? – деді досы. – Бағытын айтсаңшы.
– Бағыты... – деп, Байжұман кідіре түсті де, артынша жадырай тілге келіп: – Бағыты не дейсің! Қыз бала жат жұрттық. Ол – өмір заңы! Сосын да...
– Түсіндім ойыңды! – деді Кенжехан да елпең етіп. – Арғы жағын ежіктемесең де ұқтым. Ойластырайық. Тек ол үшін...
– Тағы не?
– Қыздың ішкі ойы қалай? Ең бастысы сол ғой.
– Біз ұсыныс айтамыз, ал Гүл-қызым... ойланады.
– Бұл да дұрыс екен...
Екеуі ұзақ сөйлесті. Бірақ түндегі әңгімені айтуға еш аузы бармады.
Қалай айтпақ! Қайтіп айтпақ!..
Жетінші түн
– Қалай, ми қауашағың мипалауға айналып, басың қатып келе ме? – деп сұрады Бижамал. – Қызың қиғылық салып жатыр ма?
– Рас,– деп, Байжұман ой салмағын сездіре, қинала сөйледі. – Қиғылық салды деу бергі жағы, тіпті қатты ашу шақырғанын қайтерсің! «Басқа ұлтқа тұрмысқа шықпа дедіңдер, оған көндім. Қазақ жігітін ұнатып едім, оны да жөнсіз дейсіңдер» деп жылап-сықтап қояр емес. Енді қос қолымен басып ұрғылап отыр.
Көлеңке-келіншек тұнжырап, көңілсіз кейіпке түскен.
– Айтпай-ақ қояйын деп едім, – деді сосын. – Бірақ ескертпесем аяғы қайда апарып соғар! Екеуінің қаны жақын, қандас екенін жасырсам...
Еркек даусын соза түсіп:
– Үйлендіруге мүлде жол жабық! – деді. – Қайтсем де екі жастың көзін ащы шындыққа жеткізіп, алған бетінен айнытам...
– Шамаң жетпей ме деп қорқамын. Әй, қиналасың-ау, тегі...
– Балапаным сабырлы да ақылды. Ол мені түбі түсінеді.
Сәл – кем үзіліс жасап, елес-әйел тағы да сөз бастай берген.
– Осының бәрі еркектердің жауапсыздығынан, – деді. – Қыздардың тағдырын әу баста қақпақыл еткен желөкпе жігіттер...
– Өмір заңы солай, – деді бұл. – Бұйрық деген бекетке пенде қашанда бағынады. Жас адам өмірде шалыс басып, қателеспей тұра ма! Тек... аяғы жақсылықпен аяқталса, сол олжа!
– Бар гәп сонда! – деді көлеңке-әйел. – Сәтті аяқтала бермейді ғой.
– Қызымның бақытты ғұмыр кешуге толық хақысы бар! – деді әкесі. – Пенделік бақытқа бөленуге әбден-ақ алайық...
– Он жасар ұлың ше? Оны ұмытып кеттің бе?
– Ұмытыппын ба? Іздестіріп жатырмын. Түбі кездесіп-жолығатыныма сенімдімін. Көр де тұр, табамын...
* * *
Жұмысында отырса да басы қатып, әртүрлі ой сонарына түсе бергені. Ұйқысы да шала секілді. Кенет... басы айналып бара жатты.
– Ана жақта, кім бар?.. – деп айқайлап үлгерді. Содан соңғысы есінде жоқ.
Байжұман есін жоғалтты.
* * *
Есін қайта жиғанда алдымен байқағаны: ақ төсек, ақ жамылғы, жұмсақ кереует, төбеден төнген самсаған жарық! Бейне пейіштің төрі дерсің! Ал, дәл қасында Кенжехан досы басы салбырап, аса көңілсіз кейіпте отыр.
– Не болды өзі? – деп, енді көңіл алаңын байқата, сұраулы жүзбен қараған.
– Басың айналып кетті білем! Қаның аз емес пе? – деді досы...
– Аз шығар, бәлкім...Азайған ғой...
– Бұрын мұндай жағдайды бастан кешкен жоқ па едің?
– Қандай жағдайды айтасың?
– Басың айналу ауруын айтам?
– Е, жоқ! Бас айналу деген не пәле тағы? Ал, мен... мен қазір қайдамын? Жаңа көзімді ашқанда ақ төсек, ақ жамылғы көріп ем... Тамаша әсер еді, енді сейілте бара жатыр ғой. Ауруханадамын ба, а?
– Әзірше жұмыс орныңдасың. Ол елес шығар...
– Ә, солай ма! Е, бәсе! Неге ғана жұмыс кабинетімнен шығып кеттім десем...
Осыны айтты да, диваннан көтерілді. Өз орнына барып отырмақшы.
– Қайда жиналдың? – деп, Кенжехан оны тоқтатты. – Бүгін жұмысты қоя салсаңшы.
– Сөйтейін бе?
– Сөйткенің жөн.
– Жарайды. Ендеше сенімен сөйлесетін шаруам бар.
– Айта бер.
– Қызымның тағдыры, шынымды айтсам, қатты алаңдатып жүр мені.
– Неліктен дегберсіздене бересің? Гүлсайран ақылсыз ба?
– Мәселе ақылда емес. Басқада-а...
Сегізінші түн
Түні бойы денесі құрыстап, жауырыны сыздап, қатты ой құшағында дөңбекшіді. Көзі ілінбеді. Көңілі кілкілдеп, әрнәрсені ойлай берген.
Әуелі он жасар ұлы елестеді. Әлдеқайдан, алыстан дауыстап:
– Әке, мені мүлде елеусіз қалдырғаныңыз қалай? – деп шыңғыра жыламсырайды.
– Қайтейін қарағым, өз анаң ғой жасырып ұстаған...
– Анам қалай жасырады? Жасырып қоятын затпын ба сонда!
– Зат емессің, әрине! Жігітсің. Тек...
– Жарайды, көмексіз-ақ өсем. Көрерсіздер, әлі-ақ мықты жігіт болып ержетем-м...
Бала бейнесі енді бір сәтте елеске айналып, жоғалып бара жатады.
Артынша өз інісі Ержұман жарқ етіп көрінеді.
– Аға, – дейді ол. – Ұлымды неге жек көресің! Сен үшін бөтен бе?
– Бөтен дедім ба, айналайын. Тек... екеуі үйлене ала ма?
– Онда түсіндір. Ұғындыр.
– Қалай? Қайтіп?
– Бар да шындықты айтып бер.
– Фәниде бәрі де қиын, бәрі де ауыр...
Әбден қалжырап барып, көз ілініп кеткен екен, Көлеңке-келіншектің ыстық демі оятып жіберді. (Негізгі диалог енді басталды.)
– Бижамал, миым айналып, басым шын қата бастады! – деп, оған мұң шаға сөйледі. – Не істеймін енді...
– Бұл тек бастамасы деп біл! Алда бұдан да мол сынақтар күтіп тұр сені!
– Мұнан ауыр қандай сынақ керек маған! – деп, еркек жыларман халге келген. – Осы да жетіп жатыр. Жанымда сен жоқсың...
– Отырмын, міне!
– Түнде келесің де, таң ата кетіп қаласың.
– Өйткені, ана дүниелікпін.
– Рас, солайы солай. Ал, мен сорлы...
– Бәріне шыдауың керек! – деді Бижамал. – Жаратушы сол үшін сені фәни-тірлікте қалдырды. Тағы бір әңгіме шертілуі керек бүгін...
– Ол не? Не жайлы?
– Інің Ержұманның жан қиналысы...
– Неге қиналады?
– Айжарқынның ұлы өзінің баласы екенін білгелі бері жүрегінде маза жоқ. Қалай көмектессем екен деп азаптанады.
– Інім бақи дүниеде. Ол мүмкін бе?
– Бұрын тып-тыныш жүруші еді, соңғы уақытта өте беймаз күйге ауысып бара жатыр. Дегбірден айрылған.
– Не істеуім керек?
– Англиядағы балаға қол ұшын бер.
– Қандай көмек?
– Ақша керек.
– Не үшін? (Сұраулы жанар...)
– Бір мекемеге көп ақша қарыз.
– Қалайша?
– Таныс жігіттің автомобилінің руліне отырып, құйғыта айдан келе жатып, көшеде үлкен автобуспен соқтығысты. Кінәлі – бұл.
– Ал, содан...
– Көліктің бүлінген жерлерін тез жөндетіп бермесе, ұлы айқай басталып, басы дауға шатылады.
– Шешесі біле ме екен оны?
– Бұны қалай айтады! Шықпа жаным, шықпа деп, өз күнін әзер көрі жатқан жесір әйелге оңай тиер дейсің бе?
– Түсіндім. Көмектесуім керек. Бірақ, қалай?
– Әрі қарай тыңда! Қызың таяу күндері көбірек ақша сұрайды. Іске шатылған жігіттің шаруасын шешу үшін қажет қаржы...
Байжұман ойлана сөйлеп:
– Бірақ, күйеу бала дей алмаспын! – деді. – Мен берсем...
– Әрине, інің үшін бересің.
– Екеуі «енді жұбымыз жазылмайды, қайтсек те бірге өмір кешеміз» деп қасарысса не істемекпін? Шындықты қалай жеткізем?
– Ол жағын өзің ойластыр. Інің Ержұманды да ұмытпа. Жүрегін жаралап алма.
– Ау, ол баяғыда ана дүниеде...
– Асылық сөйлеме, фәнилік! Бақида да өмір барын есте ұста! Інің сенің әрбір әрекетіңді байқап-бақылап отырарына күдік келтірме.
– Апыр-ау, айтпақшы солай екен ғой. Осы мен... үнемі ұмытып кете берем...
* * *
Гүл-қызы телефон шалып, қомақты қаржы сұраған сәтте, дереу келісті де, артынан Кенжеханды шақырған.
Оған былай деп нығырлады:
– Қызымның кәртішкесіне ақша салып жібер.
Көлемін қағазға жазып көрсетіп еді, досы шошына қарады.
– Ойбай-ау, бұл тым көп қой. Оны қайтеді?
– Арғы жағын сұрап, басымды қатырма! Айттым ғой, салып жібер ендеше...
– Е, жарайды.
Ол бөлмеден шығып кетті. Жалғыздан-жалғыз отырып, тағы да ой құшағына көміліп, қиялмен қияға самғап кеткен.
«Қайран, Ержұман бауырым-ай! Ерте үзілгенің әнебір жылы жаныма аяздай батып еді. Артыңда ұрпағың қалғанын бұрынырақ білсемші. Егер білгенде...»
Жүрегі кенет су-у ете түсті.
«Балаң жігіт болып өсіпті, енді менің қызыма ғашық. Екеуі бір-бірін сүйеді. Не істеймін, Ержұман? Қайтемін мен... Бар ауыр салмақты мойныма артып, бәрің ана дүниеге асығыс кетіп отырдыңдар-р...»
Құлағына інісінің даусы естіліп қалып жатты сол сәтте.
– Әдейі зытып отырдым ба мен бақиға! – деді дауыс. – Автомобиль апаты...
– Өзің емес пе ішкілік ішіп алып рульге отырған!.. Әйтпесе, бұл апат...
– Қазір тойып алып, машинаны жүйткітіп жүргендер, сен тұрып жатқан қалады шаштан да көп. Солар неге...
– Қой! Қой, інім! Өзгелерге өлім тілеме!
– Сыртымнан ғайбаттап, мені қаралап сөйлейтіндерге күйіп кетем. Өлсем – тек сол ішкіліктің кесірінен келмеске кеме салған екем. Жо-жоқ, бұл Алланың ісі... Жаратқанымның маңдайға жазғаны...
– Оның рас, – деді Байжұман. – Тағдырың шығар! Тек.. маған бір нәрсені айтпағаның қалай?
– Нені?
– Жасырын кездесіп жүрген қызыңды! Онымен сөз байласып та үлгергеніңді...
– Енді айтам деп оқталған бетім еді, аға! Әттең, үлгере алмадым.
– Бауырым-ай! – деп, ағасы кемсеңдеп кетті. – Сені жоғалтқаным қандай ауыр салмақ жүктегенін білсеңші! Неге... мына даңғаза жаман ағаңды дүниеге жалғыз қалдырдың, а?
Есін жиып, басын көтерген.
Кімге, не үшін сөйлеп отырғанын да түсіне алмай, алақтай қоя берген.
Басы сынып, қатты шаншып ауырғандай күйге түсіп, қиналып қалып еді..
Тоғызыншы түн
...Түн ортасы ауған шақ.
Көзін ашып алғанда, бөлме ішінде арлы-берлі адымдап, дегбірі қашып, тынымсыз қозғалып жүрген елес-әйелді байқады. Ашулы. Еденді дік-дік басады.
– Ояндың ба? – деді бұған қарап.
– Ояумын. Сені көріп тұрмын.
– Ұйқың қандай қалың еді! Еш уайымы жоқ жандай...
– Уайым! Уайым дедің бе? Оны айтсаң, кеудемнің терең түкпірінен шудаланып шыға келеді. Ең дұрысы – есіме түсірмеші...
Көлеңке-келіншек жүруін доғарды. Жанына келіп отырды. Қабағы бәрібір салыңқы. Абыржулы.
– Саған не болған? – деді Байжұманға. – Өзің қандайсың, а?
– Сұраған ақшасын түгел салып жібердім.
– Оны айтпаймын.
– Енді не?
– Берген ақшаңа неге осынша өкініш білдіресің! Әйтеуір көк атты біреуге берген, желге ұшқан қаржы сияқты көріп...
– Кім айтты саған? Мен шын жүрегіммен...
– Өтірік! Бақилықтарды алдай алмайсың. Осыны ұмытпасаңшы.
– Енді-і... көп ақша! Амалсыз жіберіп отырған соң, көңіл түкпірінде аз-кем реніш сызаты байқалған да шығар.
Бижамал күлді. Ұзақ күлді.
– Сен, – деді сосын. – О бастан дүниеге өте сараң едің. Әлі де солайсың.
– Өзіңе де сараң ба едім?
– Маған тек айлығыңды әкеліп беретінсің. Ал, өзгесін...
– Өзгесі деген не?
– Мысалы, сыйақы... көлденең табыстар...
– Ондайлар өте көп емес-тұғын...
– Болған. Аз болмаған!
– Жарайды. Солай делік. Бірақ мені де түсін. Еркектер оңашалап, жұмыстан тыс кезде бас қосқанда саусағымды мұрныма тығып отыруым керек пе сонда?
– Әрине, оны түсінем, – деді елес-әйел. – Бірақ өзгелерге қарағанда, тым көп ақша шашатынсың. Әсіресе, қыз-қырқындарға...
– Бұл қиянат!
– Қысылмай-ақ қой. Бәрін де білем.
– Ал, нені?
– Әр аптаның соңына қарай, сенбі күні кешкілік қаладағы ең қымбат саунаға баратындарыңды. Аста-төк ішкілік ішетіндеріңді. Содан соң...
– Арғы жағын айтпай-ақ қой.
– Маңдай теріңмен тапқан адал ақшаңды қалайша осындай түкке тұрмас жеңіл-желпі нәрсеге ойланбай жұмсап жүрдің? Пайдалы іске жаратқанда, о, тоба қатты қиналатының қалай? Неліктен?
– Қаржыға үнемшілдік – абзал іс! Оның кепиеті барын да білем.
– Соны енді түсіне бастапсың. Ал, кешегі кезде...
– Жарайды, не айтып кеттік біз! Сонымен, ана жақта қалай?
– Қайда?
– Англияда. Ержұманның бозбаласы қарызынан құтылды ма?
– Бір басын азат етті-ау! Алайда сол күні құтылу қуанышын достарына жуамын деп, үш күн қамауға алынды.
– Неге? (Кіжінулі...)
– Ішіп алып, төбелес шығарғаны бар.
– Әй, оның мінезі қалай? Кімге тартқан, а?
– Інің баяғыдан қызба мінез емес пе еді. Ұмыттың ба?
– Ол өз жөнін білетін, бұл араға араластырма. Қызым ше? Не істеді?Қайтті?
– Гүлсайран далақтап жүгіріп жүріп, оны түрмеден алып шықты.
– Қазір қалай?
– Ерке жігіт аһ ұра уһілеп, ауырып жатыр. Сабаққа бара алатын халі жоқ.
– Еһе! – деп Байжұман басын ұстап отырып қалды. – Бұл қандай заман боп барады, а?
* * *
Кабинетіне кірер-кірместе, Кенжеханды асығыс шақырып алған.
Досы асығыс-үсігіс, кабинетіне кіріп келді де, бұның қас-қабағына қарап:
– Бір жерің ауырды ма? – деген.
– Сап-саумын.
– Е,ендеше... неге шұғыл іздедің? Тағы қандай кер шаруа килікті?
– Білмеймін. Басым қатып барады.
Жанына келіп отырды. Сосын Байжұманды жұбатқансып:
– Ашып айтшы! Басыңнан осы күндері нендей жағдай өтіп жатыр, а? – деген.
Жауап айтылмады. Үнсіз отыра берді. Тек әлден уақытта әлсіз дыбыс шығара:
– Англияға барып қайтсаң қайтеді, а? – деген.
– Не жұмыспен?
– Сосын түсіндіремін. Ертең жолға әзірлен.
– Жарайды, қажет деп есептесең, жиналайын...
Оныншы түн
...Бүгінгі түннің түйінді әңгімесін тағы да Бижамалдың өзі ширатып әкеткен-ді. Бірден оқиғаның ортасынан бастады.
– Сұмдық Кенжехан барған соң басталды! – деді ол.
– Е, не жағдай?
– Әлгі ерке жігіт... Ержұманның жүгермегі мінез көрсетіп...
– Кімге? (Ашу аралас сауал...)
– Әрине, сенің досыңа...
– Кенжехан не деп сөйлеп еді оған?
– Оңаша отырып, ағалық жолын алға тартып, ақыл айтпақшы еді!
– Ал-л...
– Ерғали сөздің аяғын тыңдағысы келмей, қопаңдай берді.
– Содан?
– Амалсыздан оны қорқытып көрмек ниетпен, жұдырық аулына жақындата түсіп... Күш көрсетсе...
– Онысы қалай?
– Басқа айласы қалмаса қайтеді. Сол кезде Гүлсайран келе қалады. Ерғали ашу үстінде «бүгіннен бастап мына қыздарыңнан мүлде бас тартамын» дейді. Бұны естіген бойжеткен бақырып жылайды. Мейрамхана іші у-шу...
– Аяғы немен бітеді?
– Әлі біте қойған жоқ.
– Ау, маған бәрі сәтімен шешіліп келеді деп телефон шалды емес пе!
– Сенің көңіліңді алаң еткісі келмегені.
Байжұман көңіл ашуына ерік беріп, дегбірсізденіп ала жөнелген. Орнынан тұрып, бөлмені кезіп жүрді.
– Арты нендей жағдайға ұласады? – деп сұрады елес-әйелден. – Аяғы немен бітеді?
– Қиын болғалы тұр.
– Қалай? (Зілді сауал...)
– Қызымыз өзіне-өзі қол жұмсамасын деп тіле!
– Өйте қоймас.
– Бойжеткен түн ішінде сондай қапасқа қамалған тұйық ойларға беріліп кететінді шығара бастады, міне!..
* * *
Таңертең ертемен ұйқысы ашар-ашпастан Кенжеханға өзі телефон соқты.
– Шындықты неге айтпайсың? Өтірік сөйлейсің! – деді кіжіне.
– Қандай шындық?
– Ерғалимен мейрамхана ішінде қатты сөзге келіп қалғаныңды естідім.
– Оны... кім айтты?
– Періштелер.
– Тап олай емес. Әңгіме үстіндегі аз-кем түсініспеушілік қана...
– Жарайды. Қызымның жағдайы қалай? Ол бөлмеден шықпай жатып алыпты ғой.
– Оны да періштелер сыбырлады ма?
– Солай деп біл.
– Кішкене тымауратып қалды. Ертең сабағына барады.
– Әйтеуір бәрін реттеп, бір жөнге салып оралшы. Бар өтінерім – сол ғана...
– Қам жеме!..
Трубканы өшірген соң, Кенжехан аң-таң күйде басын шайқап алып, ұзақ отырып қалған. Соңғы кездері бастық-досын түсінуден қалып барады. Әр күн сайын бірнеңені шығарады. Баяғыда-а өтіп кеткенді қайталап қаузайды. Есіңде жоқты есіңе салады. Бұл не құдірет?
Енді міне, елден жырақ жерде, Англияда жүрсе де, бұның әр қадамын біліп алып отыр. Тіпті күні кеше нендей жағдайға киліккенін, оның аяғы қалай шиеленіскенін де тақтайдай етіп айтады. Бұл не?
Бастық-досының бойында көріпкелдік қасиет пайда бола бастады ма? Бәрін де түсі арқылы көріп отыра ма?
Осы жағын еш түсіне алмай, басы қата түскен...
Он бірінші түн
Қатты қорыққанын қарашы!
Шошып оянды. Түс көріпті. Гүлсайран өзіне-өзі пышақ салып, қансырап жатыр. Даусы дірілдеп:
– Әке, қош бол! – дейді. – Басқа ылажым қалмады.
Оған алып-ұшып жетейін десе, жете алмайды. Орнынан қозғала алар емес.
– Балапаным, бұның не?
– Бұдан былай өмір сүргім келмейді!
– Қой, олай деме. Сенің бар өмірің алда...
Осыны айтып, барынша қиналып жатып, оянып кеткені. Қараса – жанында жайбарақат кейіпте елес-әйел отыр.
– Келгеніңе қатты қуаныштымын, Бижамал! – деп, оған құшақ жайды. – Өте жайсыз түс көрдім.
– Білем. Гүл-қызың туралы түс шығар.
– Сол рас па? Өтірік пе? Айтшы, тезірек...
– Ол да түс көрген-ді. Түсінде өзіне-өзі пышақ салмақшы еді. Сол түсі саған да әсер еткен ғой.
– Уф! Түсім десейші бәрі де...
– Бірақ қуанатын түк те жоқ.
– Неге? (Үрей...)
– Қалдарханды айтам да.
– Тағы не?
– Өзін-өзі өлтірмекке талпыныс жасап...
– Пышақ салып алды ма?
– Әйтеуір, ауруханаға түсті. Жағдайы аса мәз емес.
– Неге өйтті?
– Досыңның айтқан ащы сөздері жанына сансыз көп жара салды. Түні бойы дөңбекшіді.
– Кенжехан не депті?
– Өзің айт дегенді жеткізген.
– Сонда... Ержұманның ұлы екенін енді анық білді ме?
– Солай.
– Ақыры астарлап сездірген екен де.
– Бұны естігенде Қалдарханның бар даусымен өкіріп, столды ұрғылап, тоқтамай, ұзақ жылағанын білесің бе?
– Жылады деймісің?
– Мен неге Гүлсайранның ағасы екенмін деп күнұзақ көз жасын тежей алмады. Оны сүйем, өлгенше сүйем деп, шыңғыра айқайлайды. Содан соң барып...
– Ой, әттеген-ай! Өте ауыр қабылдапты-ау.ә!
– Енді оңай ма! Шын сүйіп еді. Онсыз болашақ өмірді еш елестете алмаушы еді.
– Қайтейін! Біз бе кінәлі...
– Тағдыр дейсіңдер ғой, ә! Жоқ, бұл тағдыр емес. Фәнидегі пенделердің алды-артын ойламайтын шалағай әрекетінен... Көп адамдарда жауапкершілік жолы жабылған. Бәріне атүсті қарайды...
Оның сөзіне аздап шамданып қалды да:
– Інім Ержұманды кінәлағаның ба бұл! – деген.
– Енді қайтейін! Шын еркек болса, көптен көзтасаланып, жасырын жүрер ме! Елге жария етіп, «осы қызды болашақ жар етемін» деуге батылдығы жетпегені қалай?
– Соның сәтін күтіп жүргенде...
– Ол кезде әлі тоқтамды бір ойға табан тіреп үлгерген жоқ-ты. Үйлене ме, жоқ па-ол жағы жұмбақ еді, – деді елес-әйел толықтыра түсіп.
– Тезірек үйлен дегем. Сонда айтқаны әлі есімде. «Аға, ойымда жүрген қыз бар, таяуда таныстырамын».
– Айтты да қойды. Таныстырды ма?
– Үлгермеді ғой, жан бауырым!
–Бір ай емес, бір жыл жүрді сол қызбен...
– Енді... көңіл шешімін жасай алмай қиналған шығар! – деп, Байжұман аз-кем тоқтап қалды да, артынша:
– Жарайды, бақилық жанның бұрынғы тағдырын талқыға салмай-ақ қоялық, – деген.
Көлеңке-келіншек сонда да тоқтамады.
– Қыз тағдыры бүлінді. Ұл әкесіз өсті. Қаншама азапты күндер мен түндер...
Осыны айтып тұрды да, кенет.. біреу біз тығып алғандай, шыңғырып жіберген.
– Не болды? Не болып қалды?
– Қызың... Гүлсайран өзіне-өзі пышақ салды.
– Қашан? Қазір ме? (Жаны шырқырады...)
– Тап осы сәтте...
– Қайда? Қайда телефон? Ау, Айсара-а... Кенжеханға телефон соғайын. Айсара деймін. Қайдасың, сен Айсара-а...
* * *
Байжұман сол түні тағы да естен танып құлады.
Жан даусын естіген қызметші келіншек жүгіріп келіп, қолтығынан демеп, кереуетке жатқызды да, шұғыл дәрігерді шақыртқан.
Есін жимаған күйі асығыс түрде ауруханаға алып кетіп бара жатты.
Он екінші түн
...Көкте ұшып жүр. Сонау-у биік көкте, зеңгір аспан астында қанат қағып, кәдімгі қыран құс іспетті қалықтап-қалықтап қояды. Қанатын қағып-қағып қалса болды, зуылдап, ұзаққа ұшып кете алатындай. Шіркін, адам біткен қара жер үстінде мимырт әрекетпен, тепең-тепең өмір сүретіні-ай! Не деген азап! Не деген көңілсіз де сүреңсіздік... Құстар секілді осылай оқтын-оқтын көкке көтеріліп, қара жерге биіктен қарай алмаған соң, несі қызық!
«Соншалықты дәрменсіз, соншалықты әлсіз, соншалықты қауқарсыз екеніңді білемісің, о адам! Біріңе-бірің неге қырғиқабақтанасың? Неге бас біріктіріп, тізе қосып, қара жерден тік көтеріліп, ғажайып әлемге жетуге ұмтылыс жасамайсыңдар? Салғырт тірліктеріңде не пәтуа бар, уа пенде!..»
...Кенет өз даусынан өзі шошып кеткендей. Жо-жоқ, бұның даусы емес, сонау алыстағы Англияда оқып жатқан сүйікті қызы – Гүлсайранның үні ме?
– Әке-е! – деп айқайлады ол. – Әкетай-й, қалайша көкке ұшып кеттің? Енді не істемекпін? Неге жалғыз қалдырып кеттің, балапаныңды...
– Қызым! – деп үн қатады бұл. – Неге жалғызсың! Жер бетінде ағаң бар. Ол аз десең, інімнің ұлы – Қалдархан да табылды. Ол да аз десең... иә, саған айтпай-ақ қояйын деп ем, енді жасыра алман. Тағы бір інің өсіп келеді. Он жасқа толды. Жақында өзің де көресің...
Қызы зар еңірейді. Етегі жасқа толып:
– Олардың бәрі керек емес, маған өзің ғана қымбат жансың! – деп дауыстайды. – Төмен түсші, әке! Оралшы қара жерге...
Қанатын қағуды доғарды. Өзінен-өзі қалқып, діріл қағып, көкте тұрып алған. Қанатын қозағамаса да төмен құлдилайтын емес. Міне, ғажап! Сонда бұл расымен-ақ көкте қалып қойғаны ма! Енді ешқашан қара жерге орала алмай ма?
– Құлыншағым! – деп үн қатады енді. – Жерге расымен орала алмайтын сияқтымын. Ендігі мекенім – зеңгір аспан.
– Оған көнбеймін! – дейді қызы көкке ұмтыла түсіп. – Оралмауың мүмкін емес, әке! Сен жер үшін жаралғансың. Сен – Адамсың. Зеңгір аспан-қай заманнан бері адамзатқа жат мекен...
– Е, неге! – дейді әке. – Зеңгір аспан атам заманнан бері бәрімізге ортақ. Ешкім де еншілеп алған жоқ. Еншілей алмайды да!
– Әкетай! Әкетай, оралшы!..Қайтшы тезірек...
...Байжұман бұлқынып қалды. Бұлқына түсіп, денесін тез-тез қозғай бастаған.
Сол кезде байқады, өзі көкте де емес, үйде де емес басқа бір жерде жатыр. «Мен қайдамын! Бәлкім, бұл дүниеде емес, басқа жаққа қоныстанып алдым ба? Фәниді тастап кетіп...»
Шошып кетті. Шошына ышқынды. Даусы да шығып кеткен.
Көзін ашып алып еді...
Қою түн. Палатада – жалғыз өзі. Дәліз жақтағы бөлмеден әлдекімдердің күбірлескен үні ғана еміс-еміс естіліп қалады.
«Есімнен танып қалған екенмін ғой. Сосын осында, ауруханаға жеткізге шығар,ә!..»
Желке тұсынан әлдекімнің күрсінген кермек демі байқала түскен.
Мойнын еріксіз бұрып, қарап еді, міне, қызық! Көлеңке-келіншек отыр. (Диалог басталды)
– Бижамал! Бұл сен бе! – деп ышқына, орнынан көтерілмекке талпыныс жасаған. Денесі ап-ауыр. Басы зілдей.
– Сен қозғала алмайсың! – деді елес-әйел.
– Е, неге!
– Өйткені, сырқаттанып қалдың. Есіңді жолғалтып жатқаныңа міне, үш күн!
– Үш күн! Мүмкін емес.
– Сенсең де, сенбесең де – осы.
– Неге мұндайға тап келдім? Маған қатты әсер еткен не?
– Ұмытып қалдың ба?
– Есімде жоқ.
– Онда білмей-ақ қой.
– Жоқ, білгім келеді. Есіме түсірсеңші.
– Әзір қажет пе? Тағы да есіңді жоғалтсаң қайтпекпін! Сабырға кел.
– Жарайды, – деді Байжұман. – Айтпасаң айтпай-ақ қой. Өзің бұл жерге қашан келдің? Мені қалай тауып алдың?
Көлеңке-келіншек күлді.
– Ұмыттың ба? – деді сосын. – Құнияны ашқан жоқпын ба, бақилықтар кімді көргісі келсе, оп-оңай тауып барады.
– Е, оны ескерткенсің.
– Басыңда күзетіп отырғаныма – үш күн.
– Күндіз де кеткен жоқсың ба?
– Әрине, күндіз кетемін. Түн қараңғылығымен ілесе қайта ораламын.
– Сенің шын ниетті тілеуің мені аман алып қалған шығар, ә?
– Білмеймін. Ол жағына төреші емеспін. Бар білетінім – өзіңе барынша мейіріммен қарадым. Ықыласымды төктім...
– Рахмет!
Таң да сібірлеп атып келе жатыр еді.
– Қой, мен кетейін, – деді елес-әйел.
– Тағы да кетесің бе! Неге жанымда қала алмайсың? Сені ешқайда жібергім келмейді.
– Оны білем! Бірақ, амал жоқ.
Еркек енді ақырын көзін жұмып, қайтадан ұйықтап кіріп кетті...
* * *
Күбір-күбір әңгімеден оянды. Көзін ашып қараса – палатада ұлы Еркінбек пен Кенжехан сыбырласа сөйлесіп отыр. Бұның оянғанын әуелі баласы байқады.
– Әке, ояндыңыз ба? Жағдайыңыз қалай?
– Жақсы-а...
Досы да қолынан ұстап, бұған ысырыла жақындай түсіп:
– Ой, қатты қорқыттың ғой, – деді. – Осылай етуге қалай дәтің барды?
– Маған не болды өзі?
– Жатын бөлмеңде естен танып құлап қалыпсың. Қызметші келіншек бізге дереу хабар бергені қандай жақсы, әйтпесе...
– Мұнда жатқаныма үш күн бе?
– Оны кім сыбырлап үлгерді? – деп, Еркінбек аң-таң.
– Ойпырмай, үш күн ес-түссіз жатқаныңды да білесің бе? – деп Кенжехан да таңданысын жасыра алмаған.
– Білем.
– Кім айтып кетті екен?
– Періштелер... – деді Байжұман. – Періштелер ғой. Енді дәрігерлер не дейді? Осылай жата берем бе?...
– Жазыласың... – деді Кенжехан. – Әлі толық сауығып, аяғыңа тұрып кетесің. Жұмыстағылардың бәрі тез сауығып кеткеніңе тілестік білдіруде.
– Әке, – деді ұлы. – Сізден бірдеңе сұрасам ба деп көптен оқталып жүр ем.
– Сұра.
– Айсара көңіліңізден шықпай жүр ме? Бәлкім, осы жағдайға кінәлі сол ма?
– О не дегенің?
– Ұнамай жүрсе, рахмет айтып, жөнімен жібере салайын...
– Жо-жоқ, балам! – деді жылдамдата тіл қатып. – Оның еш кінәсі жоқ. Өзі өте мәдениетті, өте жауапты...
– Ендеше, өзіңіз шешерсіз, – деп, Еркінбек көңілін демдеген. – Кеше сұранып кетіп еді.
– Қайда кетті?
– Туған апайым бар дейді. Жақын қаланың бірінде екен. Сол кісі аяқ астынан жүрек талмасы ұстап, бақилыққа аттанып кетіпті. Барып, топырақ салып қайтуға рұқсат сұрады.
– Жібердің бе?
– Екі күнге жібердім.
– Өте дұрыс істепсің.
– Ал, біз кетеміз, – деді енді Кенжехан. – Ұзақ отыруға рұқсат жоқ. Бес минутқа әзер кіргізген.
Осылай деді де, екеуі жылдам басып палатадан шығып бара жатты.
Байжұман оларды көзімен ұзатын салды да, кенет... басы айнала бастағанын байқады.
– Ау, дәрігер-р... Дәрігер-р...
Одан арғы жағын білмейді.
Он үшінші түн
...Палатаға бір келіншек ақырын басып кіріп келе жатыр. Үстінде-гүлді көйлек, басында – сары орамал, аяғында – қызыл етік. Әр адымын баппен басып, баяу аяңдайды. Келіншектің түр-түсін анықтап көріп жатса да, қай әйел екенін ажырата алар емес.
«Бұл кім екен? – деп ойлады Байжұман.
Гүлді көйлек киген әйел жетіп болар түрі жоқ. Бір адам бері аттаса, екі адым кері шегінетіндей ме?
– Сен кімсің? – деп дауыстады.
Үн жоқ. Басын төмен салып, жәй-жәй жылжиды.
– Кімсің деймін?
Ол осы кезде ғана тіл қатты.
– Мені ұмытып қалдың ба?
– Танымадым.
– Әрине, қайдан біле қоюшы ең! Ойыңнан баяғыда сызып тастаған шығарсың, ә?
– Сен... сен сонда кімсің?
– Бибісарамын. Есіңе түсті ме?
– Мүмкін емес, бұл сен бе?
– Иә, менмін.
– Қайдан жүрсің?
– Өзіңді іздеп келдім.
– Көптен бері мен сені іздеудемін. Қай түкпірде тығылып жатып алдың?
– Шын іздесең табатын едің.
– Бар ынтамен іздедім. Тезірек жолықсам деп едім...
– Қашаннан бері?
– Соңғы екі-үш ай бойы...
– Оған дейін ше! Өткен жылдарда неге іздемедің?
Байжұман қипақтап қалды да, қайта ес жиып:
– Өзің кінәлісің! – деді. – Соңғы рет кездесіп тұрып, «енді қайтып хабарласпайық» деген сен емес пе ең.
– Айттым. Айтқаным рас. Ол ашу үстіндегі кермек лебізді.
– Жарайды. Оны қоя тұралық. Айтқандай, менің балам қайда?
– Оны да білесің бе?
– Білем.
– Кім айтты?
– Періштелер.
– Ха-ха! Айтасың-ау!.. Аяғым ауыр екенін сол кезде-ақ білген екенсің ғой, ә!
– Жоқ, ол кезде сезбегем.
– Тағы да алдап тұрсың. (Күдікпен қараған...)
– Имандай шыным!
– Сенбеймін.
– Әлі дәлелдеп беретін сәт те туар. Тап қазір жіліктеп айта алмаймын.
– Неге қазір ашыла алмайсың?
– Өйткені, бір кісіге уәде бергенмін.
– Жарайды. Қай кезде де маған шын сөйлеп көрген емессің. Үнемі алдайтынсың.
– Бұл қиянат. (Дірілді дауыс...)
– Ақталмай-ақ қой! – деді Бибісара. – Ақталу керек емес. Шындықтан күдер үзгем. Саған келген себебім-соңғы рет жүзіңді көріп, бір ауыз лебізімді айтайын дедім. Осымен мәңгіге қош айтысамыз.
– Неге олай дейсің?
–Алла-тағала фәниде екеумізгеаман-есен жолығуды бұйыртпапты. Тағдыр жазуы – осылай! Тез сауығып кет! Тілектеспін.
Келіншек осыны айтты да, кері бұрылып, палатадан шығуға беттеген-ді.
– Тоқта! Қайда барасың!
– Мәңгіге кетіп барам. (Тық-тық!..)
– Ал, ұлым ше? Ол қайда?
– Оны өзіңе тапсырам. (Тық-тық!..)
– Қайда ол?
– Өзің тауып ал. (Тық-тық-тық!..)
– Жалыныш сөзімді жауапсыз қалдырма! Сенсіз мүлде таба алмаймын. Қайда тұратынын айтсаңшы? Қайда? Қай түкпірде-е...
...Қара терге түсіп, малшынып жатып оянып кеткен. Бағаналы бергі көрініс-түсі ме екен? Жан-жағына алақтап қарап, Бибісараны іздеді. Ол тіпті бұл арада болмағандай. Аяқ баспағандай.
Кезекті түн еді. Қою түн төбеден төніп тұрған...
Көзін ашып ұзақ жатты. Ұйықтай алмады. Оқтын-оқтын өзінің сүйіктісі-Бижамалды ойлап қояды.
«Ол неге бүгін келмеді екен! Маған ренжігені ме? Не үшін? Неліктен?...»
Содан соң Бибісараны еске алды.
«...Сорлы бейбақ!.. Аяғың ауырлап қалғанын осынша жасырғаның қалай? Қыз намысы дегенді түсінемін, алайда болашақ ұрпақ үшін бәріне де көз жұма қарау керек емес пе едің! Менің ұлым... балапаным қайда қазір? Көрген күні нендей? Басынан қандай қиындықтар өтіп жатыр екен, дариға-ай!..»
Енді елес-бейне екіге жарылып, кезек-кезек алмасты. Бірде – Бибісара, бірде – Бижамал... Екеуімен алма-кезек салғыласты.
Екі құлағы шыңылдап ала жөнелген...
* * *
Бибісара айтты:
– Сен жақсы азамат шығарсың, бірақ жақсы әке бола алдым деп сеніммен айта аласың ба?
– Осы мен... қалай айтам? Ел береді емес пе бағаны...
– Жалпы ел қай еркектің қай әрекетін аңдып отырады екен! Сен менімен әуелі бойдақ болып кездестің, сосын шаруаңды бітіріп алып, сырғақтадың. Содан соң... Әй, қойшы, арғы жағын сөз етуге тұрмайды.
– Бар кінәні маған жауып тұрсың ба? – деп, Байжұман қинала сөйлеген. – Еркектер, рас, еркелікке көбірек барамыз. Бірақ, әйелдер де өмір жауапкершілігін барынша көтеріп, мойнына алып жүрген жоқ қой.
– Қандай жауапкершілік! – деп, Бибісара ашуға булықты. – Сенен бала көтердім. Оны жарық дүниеге алып келдім. Шамам жеткенше бағып-қақтым. Оңай болды ма? Ал, енді тағы қандай жауапкершілік сұрап тұрсың біздей бейбақтан?..
– Ашуланбашы! Сені түсінем. Кездесейікші. Өзіңе айтарым өте көп...
Енді Бибісара-елес жоғалып, Бижамал-елес көзінің алдын көлбейді.
Бижамал айтады:
– Е, сенің ар алдында есеп берер кезің әлі алда!
– Қандай есеп?
– Барлық жеңіл жүрістерің мен жеңіл ойларың үшін...
– Жоқ! Мен жеңіл ойларға ешқашан ырық берген емеспін...
– Ойлан! Ойлан бәрін де...
Елес жоғалып бара жатады...
Он төртінші түн
Шөлдеп жатыр. Тілі аузына сыймай, қатты шөліркеп, тамағы қурап, қысыла түскенін ап-анық сезінулі. Қайта-қайта ернін жалағанын біледі.
Көзін ашты.
Түн іші. Сол палата. Жалғыз өзі. Тырс еткен дыбыс жоқ. Өлі тыныштық. Анадай жердегі шағын тумба үстінде минералды су тұр. Оған қолы жетпейді. Орнына тұрайын десе, әлі құрып-ақ қалыпты, мүлде әлсіз. Тамағы барынша кеберсіп, бір жұтым суды аңсап жатқан сәті.
Сыртқы есік сықыр етіп ақырын ашылды да, ішке бір кербез келіншек қадам басқан. Байжұман оны дәрігерлердің бірі екен деп:
– Маған су... су беріңдерші, – деп дауыстаған. Асықпай басып келіп, минералды суды стаканға құйды да, бұған ұсынып тұрған. Құшырлана сімірді.
– Тағы да құйшы.
Оны да бір деммен жұтып салып, рахаттана дем алған.
– Рахмет!
– Бар айтарың сол ма? – Әйелдің жіңішке, жанға барынша жайлы жұмсақ даусы еркекті оқыс өзіне қаратты.
– Сен... кімсің?
– О-о, енді танымаймын де.
– Жоқ! Таныдым. Сен Бижамалсың.
– Е, ұмытып қалмағанына тәуба!
– Бүгін сынамашы! Кеше түнде басым шыр айналып, ақылымнан адасып, мүлде ұйқыны ұмыттым. Ауыр түс көрдім. Таң атқанша түсініксіз түс мазалап, мейлінше мезіледі.
– Қандай түс! Кім мазалады?
– Бибісара...
– Ол қайдан келе қалды?
– Келген жоқ. Түсімде кездестім деймін.
– Түстің бәрі өтірік дейді. Солай айтатындар – фәнидегілер. Ал, бізде түске де сенеді.
– Қалай сенерсің! – деді Байжұман. – Ол келді де, сөзін айта сала, деп-демде ғайыпқа аттанды. Көзімді ашып алғанымда көлеңкесі де жоқ... Құлағымда маңдайға ұрғылаған жалғыз дыбыс қалды: Тық-тық-тық...
– Саған көзіңді жұмып жатқанда ғана көрінетін шығар?
– Ол жағын ойламаппын.
– Өзі келген екен. Қайда тұрып жатқанын біліп алмадың ба?
– Сұрадым.
– Айтты ма?
– Жоқ.
– Неге?
– Қайта зәремді алып, бұл – соңғы кездесуіміз деді. Еш түсінбедім. Мұндайды неге айтты?
– Демек...
– Жасырмашы,ойыңдағаны! Ішегімді үзетін түрің бар-ау осы...
– Демек... фәниді тастап кетіп бара жатқаны...
– Жоқ! – деп еркек айқайлап жіберген. – Жоқ! Оны фәниде қайтсем де көруім керек. Айтарым көп. Кешірім сұрайтын да жөнім бар. Кінәлімін...
– Кінәлі?! Не үшін? Өзің айтып едің ғой, қиыла жалынып, мойныма асылған Бибісара деп...
– Ол не тәйірі! Еркектің бәрі айта беретін тіл ұшындағы тәйтік сөз ғана...
– Солай ма? – деп миығынан күліп алды Бижамал. – Соған әбден үйреніп алғандарың-ай сендердің! Әй, еркектер-ай, еркектер...
– Оны болмыс дейді. Еркектер о бастан солай.
– Бұл өтірік! – деді көлеңке-келіншек. – Жаратылысқа жаба салу оп-оңай. Бәрін де еркектер қиял арқылы қиюластырып, өздері ойдан шығарып алған.
– Мейлі! Бүгін не десең – о де. Тек өтінерім...
– Ал, айт! (Елес-әйел құлақ төсеген.)
– Бар мұратым – Бибісараны көзі тірісінде бір көрсем деп ем. Әйтпесе өзімді ешқашан да кешіре алмаспын.
– Па, шіркін! – деді елес – келіншек. – Не деген ақжүрек азамат едің! Ар алдында оп-оңай ақталғың келеді ғой, ә! Бұрын ше? Бұрынырақ қайда қалдың?
– Жаналқымнан ала бермеші. Оның есік қағып, осында іздеп келуі тегіннен-тегін емес. Расымен-ақ қиналған. Басына іс түскен.
Аз-кем мүдіріп қалды да, енді Бижамалға жалына бастады.
– Сен біле аласың. Білші? Не жағдайға тап келгенін айтшы маған? Анықтап берші соны!..Өтінемін-н...
– Оған уақыт керек.
– Қанша?
– Біршама уақыт.
– Бір тілегімді істегің келмей ме? Өзіңе деген көңілімді, сезімімді білмеуші ме едің, сені фәниде қалай сүйіп ем! Қалай алақанға салып, аялап жүруші ем...
– Ой, таусыла сөйлемеші. Айттым ғой анықтап берем деп. Күте тұр. Бірер күн ғана...
– Күтем... күтпей қайтем енді! – деп, еркек ақырын күрсініп, сылқ етті.
Таң да ағара бастаған. Бижамал кетуге ыңғайланды. Байжұман оны қия алмай, көзін сата, ұзақ қарап қалған-ды.
Он бесінші түн
Дәрігер кіріп келді.
Қан қысымын өлшеп алған соң, дәрігер аз-кем кідіріп, жайбарақат әңгімелесіп отырды да:
– Денсаулығыңызға таң қаламын, – деді. – Кей күндері мүлде төмендеп кетеді де, кей күндері күрт жақсарады. Түнімен ой ойлайсыз ба?
– Түс көретінім бар...
– Түсті кім көрмейді. Бірақ оған тым сене бермеу ләзім. Түн ішінде алаңсыз ұйықтап, тынығу маңызды. Ұйқы да үлкен ем...
– Оны түсінем ғой. Алайда...
– Ойсыз адам жоқ та шығар. Ойлану да керек. Тек өз мөлшерімен ғана.
– Кейде ажырай алмай, байланып қаласың.
– Өзіңізді өзіңіз игере білгеніңіз абзал. Ерік-жігер – ер-азаматтың серігі! Ерік-жігері күшті жандар ғана ұзақ жасап, бақытты ғұмыр кеше алады.
– Сізді ұқтым.
– Ендеше жақсы түн тілеймін. Ертеңге дейін...
Осыны айтты да, қоштасып шығып кеткен.
Тағы да жалғыз қалды.
Далаға қараңғылық үйіріле бастаған. Терезенің арғы жағы бірте-бірте қоюланып, көрінбеуге айналды.
Бұрынырақ, жұмыста жүргенде, неге кеш ерте түсе қалады екен деп күйгелектенуші еді, ал қазір керісінше түн тезірек қаусырмалап алғанын қалайды. Өйткені, сағына күтетін адамы бар. Сұрап-білетін жәйттер көп-ақ. Мейлінше мол.
Кешегі түні бәрі шала болғандықтан да Байжұман бүгін ұйқыға тез еніп жүре берген.
Кезекші дәрігер қыз есіктен сығалады. Сырқаттың жайбарақат қорылдаған үнін естіді де, тысырын да білдірместен, палатадан ұзай берді.
...Біреу жағынан сипалап, аймалап отырғанын аңғарды. Ып-ыстық алақан.
Көзін ашты.
Дәл жанында – көлеңке-келіншек отыр. (Сөзді өзі бастады)
– Келдің бе? – деді қуана сөйлеп.
– Келдім.
– Ал, айтшы. Баяндашы тезірек.
– Не жөнінде?
– Ту-у, ұмыттың ба? Бибісараны айтамын. Ол қайда? Біле алдың ба?
Бижамал үндемеді.
– Білдің бе деймін?..
– Білдім ғой.
– Айтсаңшы онда!
– Аузым бармайды.
– Неге?
– Жайсыз хабар...
– Мейлі. Бәрібір, білгім келеді.
– Өзің әлсізсің! Аса ауыр тиетін түрі бар бұл хабардың.
– Мен түбіне жетпей тыныштала алмаспын.
Шындықты білмейінше сабырға келе қоймасын байқаған Бижамал да күрсіне сөйлеп:
– Енді жаратқан ие онымен бұл фәниде қайта қауышуды жазбапты! – деді. – Ол жоқ...
– Сонда қалай?
– Өмірден озыпты!
– Бақилық дегенің бе? Түсіне алар емеспін. Жап-жас емес пе?!
– Екі-үш жылда қырыққа толатын еді, амал қанша!
– Мүлде жас қой ол... – деп, еркек қиналып кетті. – Қалай болғаны бұның?
– Не дерің бар. Ажал сағаты соққан да.
– Себеп! Себеп не?
– Жүрегі сыр беріпті.
– Қашан?
– Бір жұма бұрын...
– Оны көре алдың ба?
– Жоқ, көрмедім. Бақиға алғаш келгендер көпке дейін сынақ алаңынан шықпайды. Онда ешкім де кіруге тиіс емес.
– Уай, тіршілік! – деп тістеніп қойды бұл. – Не деген күрделісің осы, а?
– Тіршілік күрделі емес, оны күрделі етіп отырған – фәниліктер....
– Иә, сенікі дұрыс. Бәріне біз кінәліміз. Біздер...
– Ашуланба! Расы да солай.
– Келістім ғой. Сөзің-сөз...
– Жоқ, сен бәрібір іштей мойындағың келмейді. Бұл – қауіпті...
– Неге?
– Жер үстіндегі барша арамзалық, екіжүзділік, қатігездік... адам қолымен жасалуда. Сөйте тұра, ешқайсысың осыған толық мән бермейсіңдер.
– Күресіп жүрміз.
– Өтірік! Адам адаммен күресуде. Ал, іштегі мерез ойлармен найзаласып, бетпе-бет келген ешкім жоқ.
– Ойды қайдан біле қоямыз? Кісінің сырт келбеті әрқашан алдамшы.
– Міне, пенделердің үлкен қателігі осы жерден басталады. Адамды бағалағанда сырт бейнесі мен айтатын сөзіне сену – алдамшы! Ең бірінші кезекте – ішіне үңілу шарт. Ол, әрине, өте қиын. Ауырдың ауыры...
– Ондаймен айналысатын философтар, психологтар бар.
– Жер жүзіндегі барша жұмыр бастыны түгелімен психологтар алдынан өткізе алмайсың. Кісі сәт сайын сенімен бетпе-бет келеді. Сәт сайын не алдайды, не арбайды, не жолыңды кес-кестейді.
– Сен... сен менің басымды қатырып жібердің. Мен философ та, психолог та емеспін, қарапайым пендемін...
– Ә, солай ма едің! – деп, Бижамал сықылықтай күліп, сөзге тұсау салған.
Байжұман біраз уақыт үндемей, сазарып отырып алды да, кенет тілге келді.
– Ал, менің балам ше? Ол қайда?
– Ол тірі.
– Енді қайдан табам?
– Іздеуің керек.
– Қалай іздеймін? Кімнен сұраймын, а? (Шарасыздың күйі...)
– Фәниліктер іздегенін табады, ойлаған жүзеге асырады.
– Барлық уақытта емес.
– Әрине, шын қажет деп санаса... Барын салса...
– Мен енді ұлымды іздеймін. Оны таппай тыныштала қоймаспын.
– Ізде! Тап! Өйткені, ол сенің ұлың. Сенің балаң...
Бижамал оның басынан сипалап отырды.
Байжұман ұйқыға еніп бара жатты.
Он алтыншы түн
Кенжеханның мұнда келгеніне де біршама уақыт өткен. Байжұманға әңгіме айтып, ананы-мынаны қозғап, ұзақ отырып алған – ды. «Қайта бер» десе де кеткісі жоқ.
– Айтпақшы, – деді ол сөз арасында. – Ертең таңертең қызың Англиядан ұшып келеді. Өзім күтіп аламын.
– Еркінбек күтпеуші ме еді?
– Оның тығыз шаруасы шығып тұр.
– Әй, ол да... қарындасын алдынан шығып қарсы алмай ма? Сағынып келе жатқан жоқ па!
– Екеуі әлі бірнеше күн бірге болды рас. Гүлсайран бір жетіге сұраныпты.
– Денсаулығы түзеліп пе? Өткендегі жарасы жазылып па?
– Әрине, жазылды. Әйтпесе, дәрігерлер жолға шығуға рұқсат ете ме? – деді Кенжехан. Сосын орнынан тұрды.
– Ертең түс ауа Гүл-қызыңды ертіп әкелем. Құшып сүйіп, мауқыңды басатын сәт те жақын қалды.
– Айтқаның келсін!
Ол палатадан шығып бара жатқан.
Енді оңаша қалып, әлдебір ой жетегіне еріп кеткен.
...Сол жолы Бижамал дөп айтқан екен. Гүлсайран да өзіне-өзі қол жұмсамаққа ниеттеніп, пышақ ұстап, енді жүрек тұсына тақай бергенде, бөлмелестері келіп қалып, әзер құтқарып қалыпты. Оны ауруханаға жеткізеді. Қолын, денесіндегі пышақ тиіп кеткен жерлерді тігіп, біраз күн ем жасайды.
Бұл шаруалардың басы-қасында Кенжехан жүрді. Қашан ем-дом алып, өз-өзіне келгенше елге қайтқан жоқ.
Тек бастық-досының ауруханаға түсіп қалғанын естіп, дереу билет алып, осында асығып жеткен-ді. Одан бері де, міне, екі жеті өтіп барады.
«Әй, ақымақ қызым-ай!» деп ойланды енді. «Осынша ессіз болармысың! Қамшының сабындай өмірді өз қолыңмен қысқартып, шорт кесу деген барып тұрған ақымақтық емес пе! Соны да түсінбегенің...»
Тағы да ойлады: «Бәлкім, кейде кісінің болмысы фәниді жат көріп, бақиға асыға ма! Бақи өмір шақыра ма өзіне...»
«Жоқ!» деді бұл ойдан басын ала қашып. «Ол ақталу себебі ме? Жаратушы фәниді де, бақиды да бар етті. Демек, жұмыр басты пенде ең әуелім фәнидегі өзіне тиесілі жұмыстарды атқарып алуы бек керек. Оны бітірмей, ана дүниеге кетем десе, онысы асылық іс!..»
Ойланып жатып, ақырын көзін жұмды. Ұйқы әлеміне біржола беріліп бара жатқан-ды.
...Көзін ашып алғанда байқады, кезекті таң да сыз беріп қалыпты. Таң-тамаша! Сонда түні бойы ештеңе де ойламай, түс те көрмей, алаңсыз ұйқы соққаны ма! Бижамал да келмегені ме? Бәлкім, келген шығар. Бұның тәтті ұйқы құшағына беріліп жатқанын көріп, қайтадан кетіп қалғаны ма?..
«Әттеген-ай!» деп өкінді енді. «Неге ғана оянбадым екен! Дәл бұлай тастай қатып ұйықтамағалы қанша уақыт...»
Ішінен жымиып қойды. Бүгін қызы Гүлсайранды көреді. Түс ауа Кенжехан осында алып келемін деп уәде еткен.
Енді көргенше асығулы. Шынымен-ақ қатты сағыныпты...
* * *
Түстен кейін палата есігін қағып, алдымен Еркінбек, сосын Гүлсайран кіріп келе жатты. Әкесі қатты қуанғанынан орнынан тұрып кете жаздап, алға ұмтыла түскен-ді.
– Қозғалмаңыз! Сізге болмайды! – деп, ұлы шыр-пыр.
Гүл-қызы жүгіріп келіп, мойнына асылған.
– Әкетай! Асыл әкем!.. Сізді қатты сағындым ғой, әкетайым...
Ұлы мен қызы келген соң, тап-тар көрінетін төрт бұрышты палата іші де кеңіп сала бергендей. Барлық қуаныш пен шаттық тап қазір осында көшіп келе қалғандай.
Осы күні ол өзін барынша бақытты сезінді.
Он жетінші түн
...Қайталап ұзын-сонар түс көріп, әбден сілікпесі шыққанын қарашы! Бұл жолғысы бөлектеу, жәй түс емес, сырласу сәті ме дерсің!
Кіммен дейсіз бе?
Он жасар ұлы – Сағынаймен!
...Ол әкесін өзі іздеп келген екен дейді.
– Мені іздемедіңіз ғой,әке! – деп жыламсырай тіл қатады.
– Көп сұрау салдым, балам! Таба алмай жүрдім.
– Анам маған «әкең бізді әлдеқашан ұмытқан» деп айтқаны есімде қалыпты.
– Ол шындық емес.
– Ендеше, неге елес-бейне секілді мүлде көрінбедіңіз? Неге сізді аңсаумен күн кештім?...
– Әкеңнің бір қателігі... Өзіңе кейінірек түсіндіремін.
– Қажет емес! Ештеңені түсіндіріп әуреленбеңіз! Қазір анасыз қалдым. Жалғызбын. Сізден басқа ешкімім жоқ.
– Олай деме! Сенің ағаң бар. Әпкең тағы бар.
– Олар мені біле ме? Білсе де туыс деп санай ма?
– Айтамын. Түсіндіремін.
– Маған сіз керексіз. Әкем екеніңізді мойындасаңыз жетіп жатыр.
– О не сөзің, балам! Бұлай деуіңе не себеп?
– Анам үзілер алдында «әй, сол әкең сені балам деп қабылдар ма екен» деп еді. Күдікпен күн кештім...
– Шешең дұрыс айтпапты. Ашу үстіндегі сөз. Оны ұмыт.
– Қалай ұмытамын! Қалай есімнен шығарамын!
– Енді жігітсің, балам! Бір-бірімізді дұрыс түсінуге тырысқанымыз ләзім. Саған әлі талай-талай сыр айтылмақ керек. Көр де тұр, өте қызық сыр... Әкенің ұлына айтатын таңғы шықтай тап-таза мөлдір сыры...
Өстіп сырласып жатып, оянып кеткен. Таң да бозарып атып қалыпты.
Емдеуші дәрігер де келе қалғаны. Ол айтты:
– Соңғы анализдеріңіз өте жақсы. Енді үйге шығаратын жағдай туды.
– Сөйте алам ба? Рас па? – деп, қатты қуанып кеткен. – Орнымнан тұруға да рұқсат па?
– Әрине, рұқсат! Бұдан былай қорқыныш жоқ.
– Онда тездетейін. Үйіме барайын. Англиядан аз күнге қызым да оралып еді.
– Қазір тиісті қағаздарды әзірлетеміз. Түске жақын көлік келе берсе де теріс емес...
– Рахмет! Рахмет сіздерге...
* * *
Үйге келген соң, көңілі көтеріліп, мерейі тасып, ауру-сырқауды мүлде ұмытып, бір жеті бойы қызының қасынан шықпады. Қызметші келіншек бұларға күн сайын әртүрлі дәмді ас әзірлейді. Кейде қызы екеуі, ал кейде Еркінбек пен келін келіп қосылып, көңілді әңгіме үстінде ас ішеді. Емен-жарқын отырады.
Әдемі де әсерлі сәттерде байқамапты, бір күні аңғарып қараса – Айсараның көңіл-күйі мүлде жоқ. Оңашада әңгімеге тартып көрген-ді..
– Неге жүзің сынық?
– Жалғыз апайым бар еді, содан таяуда айрылып қалдым.
– Ауыр жағдай! Еркінбек айтқан. Арты қайырлы болсын! Алланың ісі ғой бұл енді.
– Есіме түсе береді! – деп, ол кемсеңдеп ала жөнелген. – Бір үйде екеуміз-ақ едік. Әке-шешеміз ерте бақиға озды. Енді міне, жер үстінде жалғыз қалдым. Жалғызбын...
– Олай деп қамықпа! – деді Байжұман. – Біздің үйдің бір мүшесісің. Сенің қайғың-біздің де қайғымыз. Ортақтасамыз қалайда...
– Рахмет сізге! Осы сөзіңіздің өзі мен үшін үлкен демеу...
Әңгіменің үстіне баласы келіп қалды. Қызметші келіншектің жылап отырғанын байқап қалып:
– Бұлай келіскен жоқ едік, – деп дүрсе қоя бергені. – Әкеме көз жасыңызды неге көрсетесіз? Жылау үшін келдіңіз бе бұл үйге?..
– Кешіріңіз, шыдай алмай... жағдайымды сұраған соң...
– Сонда да бұлай етпеуіңіз керек. Ал, егер...
Сөзді әкесі бөлді.
– Жә, балам! – деді. – Туған апайын мәңгіге жоғалтқан кісінің жан – дүниесін, ішкі күйзелісін түсіну ләзім. Ауыр күндер ғой. Бұл күндер де өтер...
– Әке, сізге осы күндері ашулануға да, тіпті аз-кем қобалжуға да болмайды. Ендеше, кісінің көз жасын көрмегеніңіз бек керек...
– Оқа емес. Сөзді өзім бастап едім.
– Дегенмен, соңғы рет ескертемін,– деп, қызметші әйелге қарады. – Мұндай жағдай екінші рет қайталанса, онда келісімді бұзамыз.
– Қайғы деген қиын екен. Жаным шырқырап кетіп... – деп, келіншек ақтала бастап еді, оны кілт тоқтатты.
– Осы заманда кімде қиындық жоқ? Кімнің басында қайғы түнемей жатыр? Бірақ, жекенің жан азабы жалпының жан азабына айнала алмайды. Қай жүректі қысқан мұң-нала да өз кеудесіне ауыр. Сол жерде басталып, сонда өледі. Ал, басқаларға...
– Түсінем. Менің қайғым не тәйірі...
– Бір-бірімізге езіле берсек, бүкіл әлем аза тұтып кетеді мұндайда! Сол керек пе?
– Балам, қой енді! – деді әкесі.
– Айтпасам тағы да қайталанатын сияқты, – деді ұлы. – Маған сіздің ғана амандығыңыз керек. Сол ғана маңызды...
– Түсіндім! – деді әйел. Сөйтті де, орнынан тұрып, ас үйге қарай кетіп қалды.
Баласы мен әкесі оңаша отырған-ды.
– Әке, – деді ұлы. – Сіз білесіз бе, қарындасым Англиядан қайтқысы келмейтін сияқты.
– О, неге? Қазақстан деген ғажайып елі бар емес пе!
– Шетел өмірі қатты ұнайды дейді.
– Қазақтың Отаны да, жұрты да – осында! Өлсек, сүйегіміз де осында қалуы тиіс. Бұл – бұлжымас заң!
– Соны айтып, түсіндіріп бақтым. Гүлсайран өзінің түпкілікті шешімін жасап қойған тәрізді. Көнбейтін түрі бар.
– Жарайды, өзім ертең сөйлесермін.
Он сегізінші түн
Оң жақ бүйіріндегі төсек сықырлады. Енді апыл-ғұпыл көзін ашты да, дереу назар салған. Сықыр бар да, ешкім жоқ. Қайта көзін жұмып еді, тағы да сықыр естілді. (Диалогты өзі бастап әкетті)
– Әй, бұл кім?
Үн жоқ.
– Кім деймін?
– Мен ғой...
Әйел даусы... Әрине, Бижамалдың жағымды үні.
– Неге тығылып жүрсің?
– Мені іздей ме деп ойлап ем! Төсегіңнен қозғалатын түрің жоқ.
– Қайдан іздеймін. Ұйқылы-ояумын.
– Жарайды, іздемей-ақ қой. Мұндамын.
Көлеңке-келіншек төсектің бір шетіне отыра кетті.
– Сен білесің бе! – деді сосын. – Осы шаңырақта әні-міні деп үлкен шу басталғалы тұрғандай.
– Қандай шу?
– Қызыңа қатысты.
– Жоқ, шу шығара қоймаспыз.
– Әй қайдам...
– Неге? Күдігің қандай?
– Гүл-қызың шетелдік бір жігітпен танысып, бой үйретіп, тіпті жақын жандай сыйласып үлгерді. Ендігі бар ойы – Англияда қалып қою.
– Онысы дұрыс емес.
– Әрине, фәниліктер үшін бұл барынша бұрыс қадам. Ал, біз үшін...
– Бақидың заңы қызық. Қабылдау қиын.
– Бізде бәрі де ерікті. Мұнда ұлт деген, ру деген жоқ демедім бе!
– Сол жақсы ма? Ұлт сақталса, ұлтты сүйетін патриоттар да туады. Ал, ұлтсыздық деген...
– Бақилықтар адамдарды сүйеді. Барша адамдарды қорғауға һәм құрметтеуге ұмтылады.
– Кімнен қорғауға?
– Сол адамдардың өзінен.
– Адамды адамнан қорғау деген немене сонда? Бәрі де бірдей деген жоқсың ба!
– Арам ниеттен! Теріс пиғылдан. Өсек пен өтіріктен...
– Ондай сезім бақида да бар ма еді?
– Әзір жоқ! Егер бола қалса...
– Сендерде де күрмеулі мәселе жетерлік сияқты.
– Пенделер бар жерде мәселе бар, ал оның мәңгі шешілгенін қашан көріп ең?
– Рас! Мәселе осы кезде шаш етектен. Алайда, өмірде ешқандай мәселе туындама, ол қызық па?
– Кей кісілер мәселемен, әрине, қызық үшін айналысып жатады. Оны да білем. Бірақ адам өмірі шиеленіс пен оны тарқату заңынан негізделген. Шиеленіс, өкінішке қарай, кейде тарқатылады, ал кейде... ешқандай кілті табылмай, қиындық туғызады. Жер үстіндегі барша ұрыс-керіс пен қақтығыстар осыдан кейін басталып отырған.
– Түйткілдердің туындау себебін мен бір кісідей білем. Оның бәрі де адамның миынан. Жаман ойдан.
– Сол ойға кім бас ие екен?
– Адам ғой.
– Ендеше, миды да белгілі бір бағытқа жетелейтін бөгде емес, тап кісінің өзі. Демек, тағы да айтам, шиеленістер мен шешімдердің басшысы – қай заманда да Адам болған. Болып қала да берер, сірә!..
– Жә, оны қойшы. Сонымен менің отбасымда қандай шу шығады дейсің? Оны неге сүйеніп айттың? – деп, Байжұманбасқа арнаға ауысты.
– Қыз сенің дегеніңе көнбейді. Ашуланасың. Долданасың! Дау-дамай содан бастау алады.
– Бұл шындыққа келмейді.
– Көр де тұр. Күт, қане!
– Сонда... не істе дейсің маған! Қызымның дегеніне көнем бе?
– Әзірге қатты сөзге келме. Ақырын сабырмен күту маңызды.
– Кейін кеш қалсақ ше!
– Оны уақыт көрсетеді.
* * *
Ертесіне Гүлсайран жол жүруге жиналды.
Байжұман оны оңашалап, әңгімеге тартып байқаған.
– Биыл оқуың да бітеді, – деді. – Елге келген соң, қайда жұмыс істемексің?
– Әке, – деді қызы. – Әлі де оқуымды жалғастыра берсем қайтеді!
– Біреуін бітіріп алып, үзіле жасамайсың ба? Өмір бойы оқымақ ойың бар ма?
– Әрине, өмір бойы емес. Тағы екі жыл оқысам...
– Қайдан білейін... Қасымда жүрсең деп едім.
– Екі жылдан соң ораламын. Уақыт тез-тез өтіп кетеді.
– Ондай арманың бар екен, не дейін ендеше! Өз ақылың өзіңе жетеді ғой, қызым! Саған сенемін! Шексіз сенемін...
Әңгіме осымен қысқа тәмамдалды.
Ал, қызы Лондонға ұшып кеткен соң, оңаша қалып, көңілінен ел көшкендей күй кешіп, қатты толқыған.
«Апырмай, ұл өсіресің, қыз өсіресің! Соларға үміт артасың. Бірақ, ең соңында әрқайсысы өз жолын тауып, өз бетімен бытырап кете бермекші ме? Сонда мына ащы да тәтті өмірдің мәні неде? Қай жағы ыстық, қай жағы кермек? Уа, дүние, сен қандайсың өзі, а?..»
Жүрегі соғып, денесі дел-сал күйге бөленіп, үн-түнсіз жатып алып еді.
Он тоғызыншы түн
Бүгінгі түні Бижамал Байжұманды мақтап, арқасынан қағып, өзінің ризалық сезімін қайта-қайта білдіруден шаршамады.
– Өте ақылды іс істедің! – деді көлеңке-келіншек. – Қызың да артық сөзге бармады, сен де сөйттің.
– Енді шетелдік бір жігітпен қолтықтасып кете барса қайтпекпін!
– Әлі шешілген шаруа емес. Кім біледі, Гүлсайран ойланар.
– Сөйтсе екен. Ақылға келсе екен.
– Аяғын күтесің. Күтуің ғана қалды.
– Күтпегенде қайтем. (Даусы дірілдеді)
Басын ұстап, ұзақ отырып қалып еді, енді елес-әйел:
– Қызыңды осымен қоя тұралық, – деп, басқа әңгіменің тиегін ағыта берген. – Сенің ұлың бар емес пе! Ана Бибісарадан...
– Иә, бар.
– Сол жетімек енді анасының жалғыз сіңлісінің қолына келіп кіргелі жатыр.
– Олар қайда?
– Айта алмаймын. Әйтеуір білетінім – баланың жағдайы жоқ. Сіңлісінің жұмысы тым ауыр. Сәбиге дұрыстап қарауға уақыты аз.
– Қай жерде екенін анықтап берші. Барып алып қайтамын.
– Айтпадым ба, ол енді фәнидегілердің ісі ғой.
– Бала мектепке бара ма? Оқуы қалай болып жатыр? (Еліріп алды)
– Оған да уәжім жоқ. Сезетінім – қиын жағдайда өмір сүріп жатқаны...
Еркек ашуға ерік берген.
– Қандай адамдар өздері! Бір баланың жағдайын жасай алмаса, мына әлемге несіне келіп, несіне өмір сүреді екен, а?
Елес-әйел сықылықтады.
– Жұрттың бәрі сен сияқты бастық емес. Жай кісілердің бар тапқан-таянғаны ішер тамағынан артылмайды.
– Кішкентай балаға не керек? Тойып ас ішсе, сосын сабағына барса...
– Кей күндері аш қалады. Ал, аш бала қайтіп сабақ оқысын.
– Әлгі апайы... кім дедің? Анасының сіңлісі ме? Ол өзі сәбиге жаны ашитын кісі ме, жоқ әлде...
– Маған тым ауыр сауал беріп жатырсың. Бұл тағы да фәниліктер біле жатар жағдай... Ізде! Тап! Өз көзіңмен көр демедім бе?
Басын шайқап алып, еркек өзіне-өзі:
– Әрине! Іздегенде қандай! Табамын! Таппай тыным көрмеспін. Мұны әкелік парыз деп білем ендігі жерде...
Сосын қалжырап, ұйқы қысып, көзін жұма берген...
* * *
Ерте оянып, төменге түсіп, бір шыны кофе ішпекке ниеттенді. Айсара құрақ ұшып, кофе әзірлеп, алдына тосты. Оған ұрлана қарап қойған.
Жүзі сынық. Көңіл-күйі мүлде жоқ екені көрініп-ақ тұр. Сыртымен сыр бермесе де, ішінде ауыр мұң бұғып жатыр. Қордаланып қалғандай.
– Байқаймын, соңғы кезде ауыр ойдан арыла алмай жүрген сияқтысың! – деді Байжұман. – Айта бер. Не көмек керек, бәрін істеймін.
– Әзірше дұрыс.
– Қысылма! Айт ойыңдағыны.
Қызметші келіншек қолы дірілдеп, еріндері жуыспай:
– Өзіме емес, – деді.
– Кімге көмек керек?
– Ана балаға... апайымның баласына...
– Не істейін?
– Оқуы ақылы екен, қаржы жағы жетіңкіремей...
– Жарайды, беремін. Айлығыңнан кейінірек қайтара жатарсың.
– Сізге Алла разы болсын!
Байжұман тез киінді де, жұмысына шығып кетті.
Бұл әңгімеге аса маңыз бере қойған жоқ.
Жиырмасыншы түн
Түн. Тағы да екеуі. Еркек дел-сал. Ұйқылы-ояу қалпы. Әйел сергек.
Көлеңке-келіншек еркелете, басынан сипалап отырып, кенет:
– Сен білмейтін бір құпия бар, – деді.
– Ол не?
– Айсара бар емес пе?
– Үйдегі қызметші ме?
– Не істеп жүргенін білесің бе?
– Ал, нені бүлдіріпті?
– Сен таңнан кешке дейін жұмыста отырасың. Ол үйге апасының жетім қалған жалғыз жүгермегін алып келіп, тамаққа тойғызады.
– Сосын? (Даусы өзгерді)
– Асыр салып жүгіреді, ойына келгенді істейді.
– Сосын? (Даусы кермектенеді)
– Пианинода ойнатады. Өзің жан баласына қол тигізбейтін пианиноға...
– Сосын? (Даусы тарғылданды)
– Тағысын тағылар.
– Ой, мен оны... адал, таза, ақжүрек жан деп жүрсем... Нағыз қу зымиян десейші! Ертең сөйлесермін. Орнына қоямын көр де тұр...
Көлеңке-әйел күліп жіберді.
– Бірақ байқа! Кейін сол ісіңе өзің өкініп жүрме.
Еркек те бірбеттенді.
– Неге өкінеді екем? Оның істеп жүргені дұрыс па? Үйіме кіргіздім. Жағдайын жасадым. Ал, ол...
– Дегенмен, алды-артын салмақта. Сөйлер сөзіңе есеп бер.
– Қам жеме! Не айтарымды бек білемін мұндайда.
* * *
Таңертең Айсараның берген шәйін ішті де, іштегі аласапыранды лақ еткізіп айтуға оқталып барып, ол туралы сөз қозғамады. Өз көзімен тексеріп байқамақ. Ештеңе сездірместен жұмысына кетіп қалды.
Кетіп бара жатып:
– Бүгін түсте жиналысым бар, – деді. – Кешке кешірек ораламын.
Жұмысқа келген соң, бір сағат күтті де, сосын шоферға:
– Қазір шығам, – деп ескертіп қойды. Қайда баратынын да айтпады.
Дереу үйге бет алды. Жүргізуші жігіт бастығының тапа-тал түсте үйге асығып келе жатқанына аң-таң. Жақындай бергенде көлікті тоқтатты да, ары қарай жаяу аяңдады. Оған:
– Сен осында күте тұр! – деген.
Алдынан сүп-сүйкімді, бұйра бас қара бала шыға келгені. (Бірақ Байжұман оның сүйкімділігін сол сәтте сезіне алмады)
– Сен кімсің?
– Ал, өзің кімсің? (Қайсар екен!)
– Мен осы үйдің иесімін.
– Мен осы үйге ас әзірлейтін апайдың баласымын. (Нық сөйлейді)
– Е, түсінікті. Саған мұнда кіруге кім рұқсат берді?
Бәрібір тайсалған жоқ.
– Ол үшін арнайы рұқсат алу керек пе, а? (Көздері отты!)
– Үйдің иесі рұқсат етпесе, бөтен біреу ол үйге баса-көктеп кіре ала ма?
– Апам кіріп жүрсе, мен неге кіре алмайды екем?
– Әй, бұзық, бұл менің үйім деймін! Ондайды ұғасың ба өзің?
– Сіздің үйге сонда кім кіреді?
– Оны өзім шешем.
– Сіз, сірә, мұнда ешкімді де жолатпайтын, тым қатал жан сияқтысыз.
– Қаталдық жаман ба?
– Жүрегі жылы адамдарды ұнатам.
– Сонда мені-і...
– Сіз маған ұнап тұрған жоқсыз.
Айсара да келе қалған-ды.
Ол жыламсырап:
– Мені кешіріңіз, – деді. – Басқа ылажым қалмады. Жетімсіретпей, қалайда өсіруім керек. Амалым жоқ...
Үй қожайыны өз ашуын тежей алмай:
– Баланы бұлай өсірмес болар еді! – деді. – Кімді және қалай тәрбиелеп жатырсың, а? Қандай әйелсің өзің?..
– Кешіріңіз. Енді қайталанбайды.
Қызметші әйел басын иіп, тізерлеп отыра қалғаны.
Бала ашу шақыра, шаңқ етіп, дауыстап жіберген.
– Апайымды бұлай неге қорлайсыз? (Жанарынан ұшқын шашырады)
– Ол алдымен өз кінәсін түсініп алсын.
– Мұнда өз еркіммен келдім. Жазаласаңыз, мені жазалаңыз.
– Сені ме?
– Иә, мені...
– Екеуіңді де үйден қуамын!
– Өйтуге хақыңыз жоқ! – деп, бала тағы да айбат көрсетті. – Бізге әуелі ақымызды толық төлейсіз. Адал ақымызды...
Ашуын тежей алмай, оны желкесінен ұстап алып, жұлқылап-жұлқылап жіберген.
– Өй, көргенсіз... Үлкенмен қалай сөйлесесің, а?
– Көргенсіз мен емес, мына сіз...
Апайы атып тұрып, баланың аузын жауып, қайта-қайта кешірім сұраған.
Кішкентай азамат сонда да басылар түрі жоқ.
– Мен... мен ертең өскен соң, мұндай мәдениетсіз ағаларды жазалаймын. Өзі жасағанын өз алдына келтіремін-н...
Үй иесі тағы да айбарлана:
– Мына сен бе? – деді. – Сен өсіп, азамататтыққа жетіп, өмірді ұғам дегенше... Ха-ха-ха! Ол заман қайда әлі...
Жас бала Байжұманға оқты көздерімен ата қарап, тік қарап, еш кірпік қақпастан тұрып алған...
Сыртымен сыр бермесе де, осы жолы ішінен сескене түскен. Не деген өткір еді жанары... Өңменінен өтіп кетердей ме, қалай...
Жалт бұрылып, есікке беттеді.
Қатты ашуланып, есікті тарс жауып, шығып кетіп қалды...
* * *
Жұмысқа келген соң, қаны басына теуіп, не істерін білмей, ерсілі-қарсылы жүре берді, жүре берді. Есіктен Кенжехан көрінген.
– Саған бірнеңенің шалығы тиді ме?
– Үйдегі қызметшіні айтамын да. Мен жоқта қайдағы бір жетімекті кіргізіп алып...
– Онысы дұрыс емес, әрине.
– Үйден қуып шықсам ба деймін. Тап бүгін-ақ...
– Бұл дұрыс шешім бе? Амалы таусылған соң баланы алып келген шығар! Жағдайы белгілі. Өзің-ақ ойлашы...
– Сонда да қуамын.
– Меніңше, әліптің артын бағу керек. Қанша дегенмен, білдей бір мекеме басшысы деген атың бар. Тым ұшқары шешім жарасар ма?
– Сөйтейін бе?
– Сөйткенің дұрыс. Ал, қуып жіберу, түптеп келгенде, оңайдың оңайы.
Жиырма бірінші түн
Ас үйде көп бөгелмей, ып-ыстықдәмнен азғана ауыз тиді де, бөлмесіне кетуге ыңғайланды. Айсара бұған жанарын төмен сала тайсақтай қарап, даусы дірілдеп:
– Көңіліңізге тидім-ау, – деді. – Ешқашан ренжітпеспін деп ойлаушы едім.
– Ондайды айтып барып, ашық істеу керек. Ұрлық әрекетті о бастан жаным сүймейді.
– Бір кемшілік жіберіп алдым. Айыптымын алдыңызда!
– Жарайды, бүгін өте қатты шаршадым. Бөлмеме көтерілейін.
Осыны айтты да, ас үйден шығып бара жатты.
* * *
Тез-ақ ұйықтап кеткен екен, құлағының түбінен сызылтып ән салған жағымды үн естіле бастаған. Баяғыда-а, жас күнінде айтатын махаббат әні. О, тоба! Бұның кім екенін есіне түсіре алмай әлек! Бижамал ма? Иә, сол ғой. Соның үні ғой мынау!
Көзін ашып алды.
Рас. Ыңылдап әндеткен – өзінің Бижамалы. (Көңілді сөз бастады)
– Ту-у, даусың қандай әсерлі! – деді еркек. – Қалай жүректі қозғап айтасың, а?
Көлеңке-келіншек күлді. Күлді де:
– Жаныңда жүргенде даусымды мақтамаушы едің! – деді. – Елең де қылмайтынсың.
– Бекер олай дейсің, – деді бұл. – О баста сенің даусыңа ғашық едім. Соны ұмыттың ба?
– Айтқансың. Баяғыда-а...
– Жас кезде кісі бір-бірінің қадірін өте жақсы сезінеді.
– Ал, кейінірек ше?
– Есейе келе, сезім өзгереді. Жастық желік те басылады.
– Жастық желік деген не? Оның анықтамасы бар ма?
– Е, оны анықтап не керек! Жастық – мастық дәурен ғой.
– Ақымақ дәурен дейміз бе!
– Жоқ, оны ақымақтық десең, қиянат. Жас көңіл шалқиды, асқақтайды. Көкке өрлейді. Қияға самғайды.
– Міне, өзің-ақ солай қарай қиялап келе жатырсың.
– Әбден асқақтап, биіктеп барып, жас ұлғая келе, төмендейді. Төменнің қадірін сол шақта түсіне бастайды.
– Жас дәурен өткінші ме?
– Солай! Оның да өз кезеңі бар. Содан соң көмескіленеді. Көңілде кермек ізі ғана қалады.
– Сүю сезімі де ескіреді дейсің ғой,ә!
– Жоқ! Сүю – мәңгілік! Сүю сезімін жоғалтып алғандар – бақытсыз жандар.
– Ал, біз ше? Біз қалай едік?
– Бір-бірімізді шын сүйе алдық. Тек... ертерек ана дүниеге аттанып кеткенің аса өкінішіті!
Екеуі де үнсіз қалып, тым-тырыс қалыпқа көшкен. Бөлме ішін бір сәт тыныштық жайлады.
Елес-әйел сөз бастады.
– Кеше Айсараға тым қатты тіл түйредің! – деді. – Оның мәдениеттілік емес. Әсіресе сен үшін...
– Ауыр сөз естісе, өзінен көрсін.
– Бала үшін емес пе! Жетім қалған жас балаға көңіл шуағын бөліскісі келсе, несі айып! Сенің балаң да сондай қиын жағдайды бастан кешіп жүрсе ше? Сағынайды айтамын.
– Менің Сағынайым қашан көзіме көрінер екен! Жуық арада көре алам ба, жоқ па – белгісіз! (Ауыр дем алды)
– Көресің. Тіпті жақын күндерде.
– Солай ма! Рас айтасың ба?
– Өтірік айтып қайтемін. Бақида өтірікке жол жоқ.
Байжұман ойлана түсіп:
– Балам көзіме көрінген күні қайтер екен? Ол мына мені әкем дей алар ма! – деді.
– Бәрі өзіңе байланысты.
– Сонда не істе дейсің?
– Жүрегіңнің төрінен орын бере алсаң, әрине, сені мойындайды.
– Одан аянып қалған сезім біржола сөніп, жүрек жарылып-ақ кетпей ме!
– Осы сөзіңде тұр.
– Тұрам. Көр де тұр, баламды елжірей жақсы көруге жанымды саламын...
Келіншек күліп ала жөнелді. Ұзақ күлді. Сосын:
– Осы айтқаныңда тұра алсаң жақсы! – деген. – Әй, бірақ...
Еркек даусын жуандатып:
– Неге маған ылғи қыли көзбен қарайсың, а? – деді. – Немене, менде әкелік сезім сөніп қалған деп ойлайсың ба?
– Сөнбеген-ақ шығар. Алайда, оның тез маздап жанарына күдіктімін.
– Жә, – деді Байжұман. – Оның бәрін де қойшы. Ұлым қайда? Қайдан іздеймін енді. Соны айтсаңшы.
– Ол алыста емес. Мүлде жақында. Көп ұзамай табысасыңдар...
– Аузыңа май... – деп, сөз қайырды да, маужырап, ұйқы құшағына еніп бара жатқан.
Жиырма екінші түн
– Махаббатқа сенесің бе?
– Әрине, сенемін.
– Оны қадірлей білесің бе?
– Әрине, қадірлеймін.
– Ендеше, тыңда! – деді Бижамал. – Мені мұқият тыңдап ал.
– Ал, құлағым сенде.
– Біздің Гүлсайран, – деді тамағын кеней түсіп. – Англияда төрт жыл оқи жүріп, әлемдік деңгей биігінде ой саралауға дейін өсті. Ол – өте ақылды қыз қалпымен бойжетті!
– Е, оған сөз бар ма! Менің қызым ақылды болмаса, кім ақылды бола алады!
– Сол ақылды қызың...
– Апырмай, не тағы да? (Жүрегі дір-р етті)
– Ақылды қызың – ақылды іске аяқ басты.
– Қандай? (Әрі-сәрі күйде)
– Таяуда тұрмысқа шықпақшы.
– Кімге?
– Бір жігітке.
– Ол кім?
– Әзірге айта алмаймын.
– Неге?
– Толық біле алғам жоқ. Анық білетінім – тұрмысқа шығуға бел байлағаны.
– Енді тезірек білсейші. Әйтпесе, бәріне кешігіп қалсақ...
– Фәнидегілер өте асығыс. Тез-тез орайласа қалғанын қалайды. Ал, бақида басқаша.
– Жарайды, бақида солай екен! Оған да көндік бірақ, маған бүгінгі күн қымбат. Фәнилік өмір маңыздырақ.
Енді жалынғандай емеурінмен, асыға-аптыға сөз сүйкеп жатыр еді, елес-келіншек:
– Анықтаймын! – деді. – Уәде беремін. Қазір одан да маңызды іс бар.
– Ол не? (Тағы да шошынды)
– Айсара үйден кетуге жиналып жатыр.
– Кет деген жоқ едім.
– Өткендегі жүрек тоқтатар зілді әңгімені өте ауыр қабылдаған сыңайлы.
– Солай шешіп жатса, өзі білсін. Байлап-матап ұстап тұра алмаймын ғой. (Селқос кейіп!)
Көлеңке-келіншек оның мына уәжіне кәдімгідей ренжіп қалған.
– Сен тасжүрек бола бастапсың.
– Неге олай дейсің?
– Қызметшіңді аямасаң да, баланы аяуға тиіс едің ғой. Жұмыссыз қалса, сәбидің жағдайы нашарлайды. Оқуына да қиындық туындайды.
– Оны әуелі ана ақымақ қатын ойламас па?
– Әйел жаны қай кезде де нәзік. Кішкене қатты сөзді жүрекпен қабылдап, күйреп қалады. Жүдеп қалады.
– Оған ешқандай ескерту жасамауым керек пе екен! Тиісті ақысын өз уақытында төлеймін. Үйде емін-еркін жүре алады.
– Ең әуелі – баланың тағдырын ойла!
– Жүгермекті көрдім. Өзі – бірбет! Тайсақтау дегенді білмеді. Тіпті үлкенмен жағаласа кетуге де әзір...
– Жас ұрпақтың ынжық болып өскені кімге пайда! Қайсарлық та – керек мінез! Ойлан! Әлі де ойлан! Кейін өкініп қалып жүрме, Байжұман!
– Өкінбеймін! Неге өкінуім керек?
– Онда өзің шеш! Мен айттым. Кейін «айтпадың ғой» деме...
...Таң да атып келе жатыр еді.
* * *
Ертесі еді. Таңғы сәт!
Шәй үстінде Айсараны әңгімеге тартты.
– Неге жүзің өте сынық? Бір жерің ауырып жүр ме?
– Ештеңе емес.
– Бұрынғыдай көңіл-күйің жоқ. Өзгеріп барасың.
– Шаршаулы шығармын.
– Онда біраз уақытқа демалып кел.
– Соны сізге айтқалы оқталып отыр едім, – деді ол. – Екі жетіге рұқсат етпес пе екенсіз...
– Жарайды, өзің шеш...
Осыны айтты да, жұмысқа жиналды.
Жиырма үшінші түн
Қызметші келіншектің бұл үйден өз еркімен сұранып кеткелі де үш-төрт күн өтіп бара жатыр, қазір Байжұман оған қатты бауыр басып алғанын аңғарғандай. Коттеджде жүргенде қадірін сезінбеген екен, күнде таңертең ыстық сүт пен қою шәй әзір тұратын. Тек ол ғана емес, үйдің ішінде жылылық та сезілетін. Ал, бүгін бөлменің бәрі азынап бара жатқандай. Суық. Салқын.
Жұмыстан келеді. Жалғыз отырып шәй ішкен болады. Теледидарды қосады. Хабар көреді. Бәрі де тартымсыз.
Кенжехан досы екі рет мейрамханаға шақырды. Онда да көп отыра алмады. Басы ауырып,жүрегі қысады. Ішкілік те тартпайды. Ерніне апарса бітті, жүрегі лоблиды. Жиіркенішті.
...Бүгін де жұмыстан ертерек оралып, өз үйінде жападан-жалғыз теледидар көріп отыр. Бір отбасының тағдыры туралы көркем фильм. Еркек бір жаққа, келіншек екінші жаққа тартады. Екі ортада жас сәби жылаулы.
– Екеуің ұрыспаңдаршы! – деп жалынады.
Тыңдап жатқан әке де, шеше де жоқ.
«Міне, бүгінгі заман сиқы осы!» деп ойлап қойды. «Әркім өз жеке басын ойлайды, өз рахатын ғана бастан өткергісі келеді. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік...»
Өз ойынан өзі шошып кетті.
Кімге ақыл айтып отырмын! Өзім ше? Өз тағдырым қалай? Бибісараны екіқабат еттім де, мүлде ұмыттым. Бала әкесіз өсіп келеді. Енді міне, ол да жетім... Шеше жоқ. Әке-белгісіз...»
Ой шырмауында жатып,сол күйі ұйықтап кеткен екен. Тағы да сыңсып салған ән әуенінен оянып кеткені.
Диван жанында – көлеңке-келіншек тұр. (Дереу диалогты бастады)
– Сен... сен мені мұнда іздеп келгенбісің? – деп Байжұман ұшып түрегелді.
– Өз бөлмеңе барып ұйықтау орнына, осында қалғып кеткенің қалай?
– Бәрібір емес пе! Өз үйім...
– Жатын бөлме – ұйықтау үшін...
– Сол жаққа аяғым тартпайды. Көңілсіз... сен жоқсың...
– Ойласаң – келем ғой.
– Бәрібір қайта кетіп қаласың.
– Айсараны іздей бастадың ба! – деді елес-әйел. – Саған не деп едім?
– Ойлай бастағаным рас. Бірақ, ол аса үлкен өкініш емес. Келмей қойса да өкінерің мен бе? Орнына басқа бір қатын табылар.
– Мәселе сонда, – деді елес-әйел. – Басқа келіншек көп, ал ол жалғыз...
Оған қарсы сауал қойды.
– Сені мүлде түсіне алмай барамын. Ана жолы айттың. «Осы Айсарадан сақтана жүр, әйтпесе өкінесің» деп. Енді басқаша сөйлейсің. Ойың не? Арманың не?
– Бар ойлағаным – сенің бақытты ғұмыр кешкенің! Ал, қызметші әйел жайлы айта беретін себебім...
– Иә, не себеп?
– Қызметшіңнің орны бөлек. Бұрын басқаша еді, енді тіпті де...
– Қалайша өзгере қалды? Сонша қадірлі жанға айналып бара ма?
– Ол ана баланың келуімен тығыз байланысты.
– Тағы да жетімек ұл! Тағы да сол әңгіме... – деп Байжұман күйініп кетті.
– Сәби тағдырын мүлде ұмытқаның үшін әлі өзіңді-өзің кінәлайсың ғой. Осыны ұмытпа.
– Жарайды! Есімде ұстаймын. Содан басқа айтар сөзің де таусылған ба осы?
– Бұл әңгіменің ең негізгі өзегі. Маңыздысы.
– Айтасың-ау!
...Осы кезде таң да сыз бере бастады.
Жиырма төртінші түн
...Жүрегі сыздап жатып оянып кетіп еді, жан-жағына қарап, тағы да Бижамалды іздеді. Көрінбейді. Қою түн қаумалап тұрса да ол жоқ. Әлденеге ренжіді ме, мұнысы қалай? Өткен түні оған қаттырақ тіл безеп қойып еді, соған жасап отырған ерке-назы ма бұл!.. Әй, әйелдер де...
– Мен мұндамын!..
Үйдің бір бұрышынан сыңғырлаған нәзік үн естілген.
– Е, бар екенсің ғой.
– Немене, келгеніме қуанбайсың ба!
– Қуанамын. О не сөзің!
Көлеңке-келіншек жанына келіп, тізе бүгіп отырды. Тамағын кеней түсіп:
– Бүгін саған інің Ержұманның сәлемін ала келдім, – деді.
– Ол не деді? Жағдайы қалай? – деп, енді жас балаша елпектеді. – Айтсаңшы тезірек...
– Айтатын не бар? Інің ренжулі.
– Не үшін?
– Баласы үшін, әрине.
– Балаға не істеппін?
– Қалдархан Англияны тастап, Жапонияға оқуға ауысыпты.
– Оған менің қандай қатысым бар?
– Оны өз туғаныңдай жақсы көріп, бауырыңа баса алмадың. Жақын санамадың.
– Өзі икемделіп тұрмаса, не істейді екенмін! Ерғалиға айт. Бар кінә – өзінен.
– Бұл – бұйрығың ба?
– Солай десе де артық емес. Айтқанды тыңдамай, оңды-солды берекесіз өмір сүріп, ақыр аяғында бар ауыртпалықты маған артып кеткен ініме енді не деуім керек! Айтшы, қалай сөйлегенім оңды екен?
– Өте қаталсың.
– Оны үйреткен – тағдыр! Заман... (Сөзі зілді!)
– Олай емес.
– Енді қалай? (Даусында ыза бар)
– Ол – сенің жігерсіздігің! Өз тағдырыңа өзің жез ноқта сала алмағаның....
– Бір адам мен секілді өмір сүре алса, аз емес. Қызмет бар ма – бар! Абырой бар ма-бар! Ұл-қыз өсірдім бе – өсірдім! Дүние жете ме-жетеді...
Елес-келіншек күліп жіберді.
– Адамның бар бақыты тек сонда ғана ма?
– Басқа не керек? (Алаң көңіл...)
– Адамгершілік, мейірім, рахым, ықылас...
– Бәрі де алдамшы нәрсе! Қызметің мен дүниең жоқ екен – сені ешкім де керек етпейді.
– Адамшылық бейне қайда қалады?
– Айттым ғой, бақ деген – байлық пен лауазым арасындағы желіп жүрген бозтайлақ...
– Сенің философияң!
– Өзіңнің түйінің ше? Ол қалай?
– Фәниде ең басты құндылық-рахымшылық пен ықылас болуы керек.
– Сенің ойың.
– Онда екеуміз де өз пікірімізде қаламыз ба, қайтеміз?..
– Солай еткеніміз бек дұрыс деймін...
Жиырма бесінші түн
...Көзінің алдын ұзын-сонар теңіз толқыны көлбеді. Шеті де, шегі де жоқ су... «Бұл қай жер екен» деп ойлады. Ақылы жетсе қане! Дәл мұндай үлкен теңіз көрмеген еді. Бұл қай теңіз?...
Дауыс естілді.
– Әке! Әкетай!
Жалт қараған. Сөйтсе, қызы Гүлсайран!
– Сізге баяғыда-ақ айтқым келген. Бірақ бата алмай жүрдім.
– Не жөнінде, қызым-ау! – деп, оған елжірей сөйледі. – Не айтпақшы едің?
– Мен, әке, жапон жігітіне тұрмысқа шықтым.
– Қой, әзілің шығар.
– Оны шын сүйемін.
– Шын махаббат тек қазақ қызы мен қазақ жігітінің арасында лаулап жанады, деуші еді?
– Махаббат ел таңдамайды, жер таңдамайды. Махаббат – ұлт таңдамайды, мемлекет таңдамайды...
– Осы сөзің тым артық... (Даусында діріл...)
– Әлі өзіңіз де түсінесіз. Сізге де түсіндіретін заман келе жатыр...
– Ол не?
– Жаһандану! Жер бетіндегі шын сүйе алғандар мен нағыз ғашықтардың бір-бірімен мидай араласуы...
– Онда жетіседі екенбіз. (Аһ ұра айтады)
– Өкінбеңіз, әке! Қазақ пен неміс, өзбек пен ағылшын, жапон мен қырғыз... қым-қиғаш араласып жатса, ол ешқандай сұмдық емес.
– Әй, қызым-ай! – деп күрсінді Байжұман. – Түбі осыдан оңбай таяқ жейміз білем! Көр де тұр, сұмдықтың көкесі алда.
– Сұмдық емес, жақсылық деңіз. Бар жақсылық – алдымызда.
– Қызым! Қызым-ау, сен не деп кеттің? Бұның қалай? Жапонияда нең бар, қарағым-ау... (Қырылдайды, қылғынады)
Айқайлап жатып, аласұрып жатып оянып кеткені...
Түн екен. Қою түн. Тып-тыныш түн. Жападан-жалғыз қара терге түскен – өзі ғана.
Көзін ашып алып, төбеге қарап, ұзақ ойланып жатты.
«Ана жолы Бижамал бір сырды айтпай, бүгіп қалып еді. Ол осы екен ғой. Қызым расымен-ақ жапон жігітіне тұрмысқа шықпақ па? Бұнда қандай астар бар? Неге аяқ астынан...»
Әлдеқайдан дауыс естілді.
– Жаңа заманды еш түсіне алмайды екенсің! Бұл жақсы емес...
Байжұман алақтап, жан-жағына қарады.
– Әй, кімсің өзі?
– Кім екенімді қайтесің! Әуелі өзіңе қара. Өз ойыңды жөнде.
– Ойым қате деп кім айтады! Аузыңа келгенді бөсіп, былжырай берме.
– Заман сөзін жеткізіп тұрмын. ХХІ ғасырдың бағыты осы! Оны ұғынып, түсініп, өз биігінде қабылдағаның мақұл.
– Қандай бағыт?
– Ескі қазақ ұмтылады. Жаңа ұрпақ жер бетіне иелік етеді.
– Жаңа қазақ?! Ол кім?
– Әлем халықтарымен деңгейлес, бәрін де ұғатын, бәрін де білетін өте алғыр жас ұландар шоғыры...
– Алғыр болғаны жақсы-ақ! Бірақ өз жұртын, өз тегін, өз дәстүрін мансұқ етсе, онда қазақтан садаға кетсін.
– Таза қазақ азаяды. Қызың басқа ұлтқа тұрмысқа шығып, ұлың өзге елден келін түсіреді. Одан туған ұрпақ кім екен? Өзің ойлап көр...
– Дүбәра. Оны басқаша қалай деуге бола ма?
– Міне, бар гәп сонда. Сен осыны мойындағың келмейді.
– Не жақсы сонда?
– Жаңа заманды түсіну – ақылдылық! Уақытқа ілесе білу – парасаттылық.
– Мен ілесе алмаспын. Ілескім де келмейді.
– Онда ескі заманмен бірге сенің де арманың өледі. Келер ұрпақ өзіңді ұмытады.
– Ұмытса ұмытсын! Ең соңғы ескі қазақ осы деп нұқыса да – арманым жоқ. Естимісің, армансызбын-н...
Байжұман қатты дауыстап, айқайлап жіберді де, өз дауысынан өзі шошып кетті.
Бағаналы бері кіммен айтысып, кіммен сөйлескенін де түсіне алмай, елегізіп жатқан.
Терезеден таң да енді-енді сызат берген екен...
Жиырма алтыншы түн
Ояу жатқан болатын. Көңілі алаң...
Бижамалды күтулі. Ол сықырлай басып, бұның төсегіне жақындай бергенде-ақ:
– Мен бәрін білем, – деді.
– Нені?
– Қызымды айтамын.
– Ал, айта ғой білетініңді.
– Ол жапон жігітіне тұрмысқа шықпақшы ма?
– Қалай біліп алдың?
– Періштелер...
– Періштелерге де дауа жоқ. Үндемей жүрсе қайтеді екен, а?
Еркек өз ойынан хабар бере:
– Бұған мүлде қарсымын, – деді.
– Қызың тыңдаса жақсы.
– Тыңдаса да, тыңдамаса да – бәрібір келісім бермеймін.
– Онда қызыңнан айрыласың. Сені көрмей кетеді.
– Кетсе кете берсін. Әке керек емес десе, не істемекпін!
Көлеңке-келіншек оның арқасынан сипалап қойып:
– Саған өзгеру керек, – деді.
– Өзгермеймін.
– Онда опық жейсің.
– Нар тәуекел!
– Баяғы мінезің...
– Солай жаратылдым, солай өлемін!
– Өлемін деме, бақиға озамын де.
– Иә, солай-ақ делік.
Осыдан соң, Бижамал оған тағы бір тосын әңгіме айтты.
– Айсара келді ме?
– Жоқ.
– Екі жұма өткен жоқ па!
– Өтті.
– Неге келмей жатыр?
– Қайдан білейін. Өзіне ыңғайлы басқа жұмыс тауып алған шығар.
– Онда өкінесің демеп пе едім.
– Өкінбеймін.
– Өкінесің.
– Апырмай, неге өкінеді екем! (Даусы тым ащы!)
– Өйткені... – деді елес-келіншек. – Өйткені, Айсара ұзақ уақыт бір көруге зар болып, сарсыла іздеген сүйіктің Бибісараның туған сіңлісі.
– Әзілің бе! (Таң-тамаша!)
– Ешқандай әзілім емес.
– Сонда ана бала... (Діріл...)
– Сенің ұлың – Сағынай. Өз ұрпағың...
Мына сөзді естігенде жүрегі шым-м ете түскен. Миы солқылдап ала жөнелді.
Басын ұрғылады. Өксіп-өксіп жылап та жіберді.
– Неге, неге маған ертерек айтпағансың!
– Тыңдадың ба?
– Оларды табуым керек. Іздеуім керек... мен қазір...
Оны әзер тоқтатты.
– Қазір түн. Түн ішінде қайда барасың?
– Кешігіп қаламын.
– Таңертең іздесең де табасың.
– Неге кетеді? Мен рұқсат бердім бе, а?
– Өзің бара бер деген соң...
Көлеңке-келіншек күлді. Байжұманның мүлде шарасыз күйге түскеніне.
– Әні, қатты өкінесің дегенім осы еді...
– Сен... сен бәрін де баяғыдан білдің бе! Неге, неге жасырдың? Бұл – қызғанышың ба?
– Өзіңді тексермекші едім. Сөйтсем, әлі де өзгермепсің! Тым қаталсың! Тасбауырсың! Әйтпесе, жас балаға сонша түйіліп, сонша шүйлігермісің?
– Оған емес, Айсараның ісіне... Маған айтпай, жасырын істегені үшін...
Қайтадан басын ұрғылады. Елес-әйел оны сабырға шақырды.
– Енді өкінгеннен не пайда! Таң атсын. Сосын іздеп табасың. Ал, мен... кеттім. Таң да сыз бере бастапты.
Алғаш рет Бижамалға жақсы деп айтуға да мұршасы келмей, қалта телефонына жармасқан. Кенжеханды іздеді.
– Ало! Кенжехан, шұғыл іздеу керек! Оны тез табыңдар-р...
– Кімді іздейміз! – деген досының әлсіз даусы естілді. – Кімді?
– Ақымақтар! Мисыздар! Оған кет дегем жоқ. Балаға... балаға обал. Ол өте жас қой... Әлі бұғанасы да қатпаған...
Кенжехан түкке түсіне алар емес. Өзі ұйқылы-ояу.
Осы сөздерді айтып тұрғанда Байжұманның көз алдына күні кеше ғана көрген сүп-сүйкімді бұйра бас бала елестеді. Әрбір қимыл-қозғалысы... Нық айтқан сөздері... Батыл мінезі... Әсіресе, оны желкесінен бүре ұстап, жұлқылап-жұлқылап жібергені...
Қайта-қайта аһ ұрып, Кенжеханға әлденелерді айтып жатыр, айтып жатыр.
Жиырма жетінші түн
Күндіз Кенжеханды бір жаққа, Еркінбекті екінші жаққа жіберіп, жақсы хабарды асыға күтіп отырды. Бірақ кешке дейін ешқайсысынан хабар жеткен жоқ. Кеш түсе амалсыз салы суға кетіп, үйге қайтсын.
Шәй қойып ішпекші еді, тіпті тәбеті жоқ.
Теледидар қараса, ол да қызық емес. Өшіріп тастады.
Кеш түсіп, үй қарағылана бастады.
Әртүрлі ойға беріліп жатып, көзі ілініп кеткен екен, төменнен естілген әйел даусынан оянып кеткені. Ас үй жақта біреу жүр. Әлдекіммен телефон арқылы сөйлесуде. Әлсіз үн құлағына жетіп жатыр.
– Ау, бұл кім?
– Мен едім...
Орнынан ұшып тұрды. Айсараның даусы тап қазір үйден емес, жұмақтан жеткендей.
– Сен бе? Келдің бе? – деп жанына қалай тез жетіп келгенін де байқамаған. – Осынша уақыт неге кешіктің, а? Уәде берген жоқ па ең?
– Бала ауырып қалып...
– Ол бала қайда? (Дегбірі қашқан)
– Ауруханада.
– Қандай аурухана? Қайдағы аурухана?.. (Тамағын кенеді.)
– Ауылдағы.
– Ауылың не сенің? – деп, Байжұман дірілдеп-қалшылдап кетті. – Қаладағы дәрігерлер тұрғанда...
– Бұлар көп ақша сұрайды.
– Ойбай-ау, маған айтпадың ба? Бала тағдыры осынша ойыншық па? Әй, сендер де осы...
Аз-кем мүдіріп тұрып:
– Тез жинал! – деді оған.
– Қайда барамыз?
– Балаға. Ауруханаға.
– Қазір жол жабық. Автомобильдерді өткізбей жатыр.
– Е, неге?
– Түнде боран көтеріледі дейді.
– Әй, бір десе... Боран деген не пәле тағы...
Қолын ысқылап, арлы-берлі ұзақ жүріп алды.
– Енді амал жоқ, таңды күтеміз де... (Амалсыздың үні!)
Төбеге көтеріліп бара жатты. Екі аяғы зіл-батпан. Әзер ілбиді...
Түн ішінде неше түрлі түс көрді.
Қарлы боран лекіте соғып тұрса да, бұлар жолға шығып кеткен екен. Жол үстінде адасыпты. Айдала. Түк көрінбейді. Көмекке келер жан қайда?
Сонау-у алыстан ұлы Сағынай қараңдайды.
– Әке, – деді ол. – Сені құтқару үшін келе жатырмын.
– Балам-ау, – деп Байжұман ышқынады. – Мынадай майлы боранда жолға шығып кеткенің не? Өзің сырқатсың. Әлсізсің...
– Мен жазылдым, – дейді бала қайсар үнмен. – Қайта өзіңіз ауырып қала ма деп үрейленіп, асығып келе жатқаным ғой бұл.
– Балам! Құлыным-м!
– Әке! Әкетай-й...
Құшақ айқастыра бергенде оянып кетеді. Бәрі де түсі...
Қайта көзін жұмады.
Енді Бибісара елес береді.
«Балаңа ие бол! Мені іздемей-ақ қой. Бақилықпын!» деп, алыстан үн қатады.
«Тірі кезде неге іздемедің мені?»
«Өзің тез ұмыттың емес пе! Бізді керек етпейтін шығар деп ойлағам.»
«Ой, ақылсыз неме! Баламның бар екенін де айтпапсың. Осы ісің де әділдікке жата ма?»
«Әділдік дейсің бе! Оның негізгі шартын әу баста бұзған кім екен! Соны ойлап көрші әуелі...»
«Бір-бірімізге кінә арта бермейік, жаным! Артық іс – артта! Өткен күн – өтті. Енді балама бас-көз болып, оны жақсы азамат етіп өсіруің керек.»
Тағы да оянады. Тағы да түсі...
Түні бойы қара терге малшынып, бірде ысып, бірде мұздап, әзер дегенде таңды да атырды.
Дереу төменгі қабатқа түсіп, жолға жиналуға бұйрық етті.
Ауданға тартады. Ауруханадағы өз баласы Сағынайды көргенше асығулы. Оған деген сағынышы бір сәтке саябыр таппай, тұла-бойын кернеп алған. Байыз таптырар емес.
Жол жүрер алдында ғана есіне түсті. Бүгінгі түн Бижамалы неге, неліктен келмей қойды екен, а? Ол енді мәңгіге, мәңгі-бақилыққа ғайып болғаны ма, а?
Келмей ме енді?..