Таңғы шықтар Таң мен түннің жаралған арасында, таңғы шықтай ғұмырым нанасың ба?! тамшы тірлік гүлде...
Сәкенмен сырласқандай...
Тамылжыған тамыздың таңынан тұрып, мал жайымен әуре болған ауыл қартына Астанадан қоңырау келді. Бақсам, Әйгерім атты өзіміздің қызымыз екен. «Мұғалім, Сізден өтініш, бір топ Сәкен ата іздеушілері қасиетті Қарашілікке аттанбақ ойлары бар, сол кісілерге жол көрсетсеңіз» деп қолқа салды. Сәкен десе құлағым түрік, сезімім сергек басым құп алдым. Ауыл музейінің меңгерушісі Әділетті қасыма алып, «қой торыммен» астаналық ақ тұлпардың алдына түсіп түстікке қарай «бісмілләһи» деп жол тарттық. Босада біздің елге ықыласы түскен жандар ғой деген оймен өзіміздің сартап болған экспедициялық бағыттағы «соқпақпен» апара жатырмыз. Бұл соқпақта «аялдамалар» аз емес, бірінші аялдама Жаман Сарысу өзені, бұл өзен Қайрақты атты саласымен Тағылы тауларынан бастау алып, батысқа қарай жүз шақырым шамасында Жақсы Сарысумен тоғысып, Сарысу болып жолда Манақа, Аппаз, Атасу, Келтетал, Құдайменде, Сүрті, Кеңгір сияқты салаларымен толысып Қызылорда облысы жерінде құмға сіңеді, кезінде Сырға құйған деген дерек бар. Біз тоқтаған тұсында түстіктен келіп Жаманның өзені құяды. «Қос там» аталып кеткен қорымда Мәңгел, Жәңгел атты аталар тұрақ тапқан, Қанды қараша Жантай батырлар да осы жерде жерленген сонау ХІХ ғасырда. Карсон ата ұрпақтары екен, жер шұрайына қарай көшетін қазақтар аталарын жайлаған өзен бойында жерлеп кете барған ғой мал соңында. Ол аталар ұрпақтары бүгінгі күні біздің түстігімізде Босаға, Киікті елді мекендерінде тұрады. Екінші аялдама: Батыр басы, тарақты Байғозы батырдың басы. Шоқаннан, Балтабай Адамбаевтан, Ақселеуден тергендерімізді аузымыз көпіріп жеткізіп жатырмыз қонақтарға. Батырдың өзі «Жаманның басына қойыңдар» деген өсиет қалдырыпты. «Батыр-ау, атыңыз аталмай қалады» ғой деген уәжге, «аталмасам атым өшсін» деген екен. Жарықтық бүгінде Жаман байдың орны құр төмпешік, батырдың басын Ақселеу Сейдімбектің басшылығымен жаңартып, әдемі күмбезі алыстан бозарып тұр. Ел жиып ас берді де тарақты ата ұрпақтары. «Бақара» сүресінен құлатып қонақтарға бет сипаттық, фотоға түстік. Алыстан бұйда-бұйда өркештерімен мұнартып Ортау көз тартады. Жаманның өзенін бойлай Сарыарқаны шимайлаған сансыз дала жолдарының біріне түсіп алып шаңдатып келеміз. Келесі аялдама: Босаға тоғаны, Тоқа Тойымбек басы, халық арасында Тойнекең атанып кеткен би болған, атақты атбегі болған, ел билеген, сөзіне ел тоқтаған тұлға болыпты. Сыртта жүргенде «байымды айтам білмейді, болысымды айтам білмейді Тоқа Тойымбек дегенде ғана елімді таныта алам, Тотамның аты Алаутаудың асқарынан, Көкшенің биігінен асып кеткен екен ғой» деп масаттанған екен ғой Сәкен атамыз. 1932 жылғы ашаршылықтан аман қалған ел колхоз құрып, ес жинаған кезде осы Жаманның өзенін байлап тоған салған, суармалы егіннен жақсы өнім алған. Жаңаарқаны нанға жарытқан ғой Еркіндік колхозының Қысрауынов Файзулла басқарған колхозшылары. Сол тоған бүгінде бүтін сол қалпында сақталып тұр.
Босаға ауылын мыңғырған малымен, мая-мая шөбімен, тіпті текшелеп қалаған қиымен жайлап отырған қазіргінің байы Бекет Бекішевтің үйіне түстік. Өзі жоқ болып шықты, Гүлмира келін сары қымызын сапырып, зыр жүгіріп күтті.
Абаның қойнауында Қарашілік,
Көрінер көзге ыстық дара шығып...
Деп Хамит ақын Жаманов жырлағандай Ортау елді мекеніне баратын көтерме жолмен келіп Орды оң жақта қалдырып, Абаның қойнауына қарай тас жолдан дала жолына түстік. Қарашілікке - Сейфолланың Қарашілігіне тіке тартып келе жатқан жайымыз бар. Жанбекұлы Мақажан, одан Битабар, т.б. Сәкеннің туыстарын дұғамен «ырза қылып» қыстақ басына ат тіреп аттан түстік. Сейфолланың Сәкен туған кездегі ескі үйінің, кейінде салынған жаңа үй орындары үкімет қаражатымен қоршалып, белгі тастар қойылған.
Сәкеннің кіндік қаны тамған ата қонысын бір көруге ынтызар боп асығып-аптығып көліктен түсіп жатыр. Топ басшысы Сәкеннің бүгінгі жоқтаушысы – Қанат Жүнісов.
Топ мүшелері: Әсел Асқарқызы - жас прозаик, аудармашы, Жайна Қанапина - Назарбаев мектебінің ұстазы, Марал Дадиева - ҚарМУ-дың магистранты.
Сәкен-барельефті, Сәкен мекенінің белгілері тарихын, Сандық тас, Сейфолланың Қарашегірі, тағы басқа белгілерінен хабардар қонақтар Қарашіліктің әр талының бұтағы, қыстақ іргесінің әр тасына мұқият көңіл бөліп, асқан махаббатпен ынталы болды. Қарашіліктің бүгінгі кейіпі де олар тұрмақ жыл құрғатпай қатынап тұратын бізді де таңғалдырды. Әне бір жылдардағы өрттен кейін өзінің көрікті кейіпін алған табиғат құшағын жайғандай.
Ені шағын болғанымен қалыңдығы адам өтпейтін тығыз қалың шіліктің орта шені биіктей көтерілген терек пен тал, оның арасынан көкке құштарлық қылып жапырағын жоғары да ғана жайған ақ қайыңдар, сайды бойлай сылдырап аққан бұлақ суы, желмен шайқалған жапырақ сыбдырына үн қосқан құстар шуы, тіпті су салқынымен ағаш саясына дамылдаған жылқының үрке қашқан кезі, бәрі-бәрі әдемі үйлесім тауып, жарастықты жай тапқандай. Шебер Алланың осынау бір шөлейт далада жасап қойған оазисіне таңдай қаққан қонақтарымыз біз көрсеткен қыр үстіндегі – Сәкеннің Сандық тасына бұлақ басындағы өткелдей қылтамен өтіп алып аяңдап, бірін-бірі жетелей жетті. Ол жерден Ор, Абаның Қанжығалы, Көмірадыр, Пірназар атты сілемдері алақанға салғандай «мен мұндалап», таласа тізіліп тұр. Тамыздың шіліңгір ыстығы, қыр басындағы салқын самал да «келдіңдер ме» дегендей.
«Сәкенді Сәкен еткен» деген себептерге жүгінсек ең алғаш болып осы Жамал анамыздың тұңғышының шар еткен дыбысы шыққан жер көлденең тартатыны бекер емес. «Тау баласы тауға қарап өседі» деген Сабырхан ақын еске түседі. Осы жердің саф ауасы көкірегін керіп сүмбідей тал қайыңдары «мендей бол» деп, бойын түзетіп Сандықтастан көзің жеткенше көрінген Сарыарқаның сайын даласы мен ондағы хайуанаттар бірлігімен адамдар тірлігі бала Сәкеннің көңіліне сес беріп, пәк жүрегінің сезім пернесін оятқандай. Шабыт атты асау тұлпардың үзеңгісіне аяқ салдырған да осы жер екеніне көзіміз жетті.
Бізді қойшы, иә, тірі Сәкен деуге тұрарлық Қанат бауырымыз Жүнісовтың көңіл хошы бөлек болды. Ол өз ауылына келгендей мәз, мәз болмай қайтсын мұндағы табиғат көрінісі оған бесенеден белгілі, талайдан таныс сияқты. «Аға, міне қараңызшы, біздің Тарбағатайдың мына Ор, Абаңыздан аумай қалғанын. Мен де осы жерде туғандай сезімдемін» деп қалды ұялы телефондағы суреттерін түртіп, жүгіртіп. Сөйтті де Сәкен туды деген үйдің белгі тасын құшақтап көп отырды. Сірә да өз әлемімен өзі әлек, біз кедергі болмадық. Сонда көп аялдады. Өздері төңіректі көріп көздерімен, әңгіме құрып сөздерімен бала Сәкеннің өміріне саяхат жасағандай. Бір мезет Қанат - Сәкеннің «Тау ішінде», «Біздің жақта» әндеріне қанықтық.
Қанаттың әдемі зор дауысы Ор мен Абаны оятты, ұстазы Қайрат Байбосыновтың дауысы Мойынқұмның шалғайдағы күзеттегі жылқышыларын оятты деуші еді. Шәкіртінің даусынан тау жаңғырып, дала оянғандай, тіпті де ғайыптағы Сәкенге үні жеткендей болды дерсің. Содан соң тағы тыныштық, тау тұнжырап, дала тынды. Қанат-Сәкен тағы да тұңғиыққа кетті.
Мүмкін шабыт қысып болашақ жыр жолдары мен сахна саздары қинаған болар. Шаруа баққан Өзбек баламыз асығып тұр, Өспеннің төбесіне жетпек менде, бірақ олар асықпады. Қанат-Сәкеннің көңілі тоғайып, мауқы басылғанша тостық. Әшейінде нағашыларымша жосылта жөнелтіп сөйлеп кететін әдетімнен танып, мен де сабырға сүйендім. Қанат-Сәкенді тыңдадым, ол Сауыр Тарбағатайдың терістігіндегі шағын ауылда туғанын, ол ауылдың домбыра ұстап ән айтпайтын адам таппайтыныңды, ондағы шағын мектеп түлектерінің сан-салада (ғылым, әдебиет, өнер, кәсіпкерлік) жемісті еңбек етіп жатқанын, атасының күйге, анасының әнге әуестігін, тіпті «мына Сейфолланың Қарашілігі» аталатын Абаның бір қуысы әкесі қой бағып, өзінің кіндік қаны тамған Тарбағатайдың ұшығындағы қыстағының айна қатесіз көшірмесіндей екенін. Сәкеннің Сандық тасы өзінің қыстағындағы қой басындай көрінгенін, әріп танып, қалам ұстағалы Сәкеншіл екенін тағысын тағы жыр қылып, әңгімеледі. Шығармашылыққа ден қойғалы дүниені ұмытып, шабытқа жол бергелі Сәкенге арнап жырлар төккенін, қойылым жазып, өзі рөлін ойнайтынын, тіпті төрт сериялы киноның сценарийінің дайын тұрғанын, оның жолында кедергілердің тұрғанын паш етті.
Құлаққа жағымды дауысы, тұғырдағы қырандай маңғаз кейпі, шабындықтың шөбін аяп басқандай аттаған қадамы, жанды да жансыз табиғатты өзіне қаратып, тыңдата білетін қасиеті баурап алды. Мен оның аурасындамын. Маған да тылсым дүниенің есігі ашылғандай. Мен емес осы жердегі тал-терек, саф ауа, қамыс-қоға, тау-тас, жылаған бұлақ түгелімізбен Қанат-Сәкеннің ауылындамыз.
Бәріміз көптен күткен қонағымызға сағынышымызды басқандаймыз, қимастық сезім жайлайды көңілді(иә, біз Сәкенмен сырласқандаймыз).
Кіші бесінде аттан түсіп, ақшам жамырағанда атқа әзер қондық. Қозы көш жердегі баяғы Рақымбек қажы, бүгінгі Төлеген қыстағына ат басын тіредік. Қашанда қазаны көтерілулі, қымызы сапырулы Төлеген мен Хадиша марқұмдардың ұрпақтары Өзбек пен келініміз де дағарадай қос қабатты зәулім үйде дастархан жайып ықылас білдірді. Бала Сәкеннің естелігіндегі «көрігін бастым» дейтін Әрін ұстаның Төлеген немересі, Өзбек шөбересі. Қайдан қонақ келсе сол үйге тоқтайды. Қарашілік осы қамқор жандардың қарауында. Бүгінгі тиын санаған заманда дала қазағының дархандығын сақтап қалған ағайынға алғысымызды айтып, жолға шықтық. Ақадырдан ат шалдырып қонақтарымыз асфальт жолға, біз көтерме жолға шығып қош айтыстық.
Осылайша бір календарлық тәулігіміз есте қаларлықтай. Сәкен Сейфуллиннің «тар жол, тайғақ кешу» сапарларындай болмаса да бейбіт күннің бақуатты шағындағы сапарымыз сәтті болды. Менің де көңілімдегі бір күдіктің бұлты сейілді. «Тұрсынбек Кәкішев өлді, енді қайттық» деп еді бір жазушы аты бар бауырымыз. Ондағысы «Сәкеннің жоқтаушысы қалмады ғой» деген ишарасы еді. Әркім біліміне қарай біледі, түсінігіне қарай сөйлейді. Бір «дулығаны» біресе атасына, біресе бабасына кигізіп, қолдан батыр жасаған трайбалистік шеңберден шыға алмай жүрген қазақтардың түсінігі бір басқа да, қайтеміз. Сәкенді де сол рамкаға сиғызғысы келеді екен. Жоқ, ағайын, Сәкен бар қазақтың Сәкені, оған дәлеліміз жетерлік. Тараздық Сағат Арыновтың сәкеншілдігі, қарағандылық Сәуле Қасымованың ғылыми зерттеулері, Марат Әбсеметтің ақиқатты айқындаған кітабы, Сәкенге араша боларлық қаптаған қазақ жастары. Сол саптан бірегей көрінген Қанат Жүнісов, Алла жолын ақ, көңілін шат етсін. Сәкен ізіне түскен «тірі» Сәкен Қанат-Сәкенді. Расында біз Сәкенмен сырласқандай күй кешкен едік...
Нұржанов Файзолла Шәкімұлы – өлкетанушы.
Нілді (Успен) ауылы.