«Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады…»

ӘДЕБИЕТ
2361

Ақселеу Сейдімбек:

– Қасиетті Жетісу топырағы небір дүлдүл ақын, бұлбұл әнші, жезтаңдай жырауларға кенде емес қой. Кешегі Сүйінбай, Жамбыл бастаған дүлдүл топтар, солармен керегесі көктес, терезесі тең осы Кенен атамыз десек, еш әсіре сөз емес. Әрине олардың әрқайсының өзіндік орны бар, өзіндік болмыс-бітімі бар, өзіндік өнері бар, өнерінің өрнегі бар өзіндік дегендей. Мынау арқамызды сүйеп отырған Алатаудың шыңдары бір-біріне қалай ұқсамаса, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен сияқты ақын-әнші, жырау-жыршылардың өнері де бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсы алыстан өзіндік дара тұлғаларымен көз тартып, қол бұлғап, көкірекке небір зерделі ойларды құятындай. Бұл ретте, әрине, Кенен атамыздың өнері, әншілігі, өз алдына бір оқшау, дара, бөлек бітімде ғой. Біздің бүгінгі осы басқосуымыз, Кенен атаның музей үйіне келіп әңгіме жүргізуіміздегі негізгі мақсатымыздың өзі де сол Кенен атамыздың әншілік өнері туралы сөз етіп, көрермен жұртшылықтың ілтифатына ой салып қойсақ деген ниет. Осы орайда, бүгінгі әңгімеміз жүйелі өту үшін тақырыпты саралап алсақ деймін. Ол біріншіден, Кенен әндері өзінің өмірімен өзектес. Кененнің өмірінен өнерін бөліп қарауға болмайтын тақырыптар. Екінші қозғайтын мәселеміз – Кенен әндерінің өзіндік орны, ерекшелігі, біздің рухани-мәдениетімізде алатын орны. Сол Кенен өнерінің бастау алған тек-тамыры, қайнар көзі деген мәселені сөз етіп отырсақ. Сонда көрермен жұртшылыққа жеткізсек деген ойымыз шашырамай, жүйелі шығады ғой деп ойлаймын.


Жәнібек Кәрменов:

– Дұрыс айтасыз. Жалпы, Кенен әндері жайында сөз қозғалғанда әңгіменің тегі, арқауы жаңағы екі арнадан өрбу керек дегеніңіз жөн. Кененнің әндерін өмірінен бөліп қарауға болмайды деген сөзіңіздің жаны бар. Себебі, Кененде себепсіз, бейсауат, жай көңіл көтеру үшін шыққан ән, өнер жоқ. Өзіңіз білесіз, бәрі өмірден көрген, білген, сезген, түйіндеген күйініш-сүйініштің тереңінен қайнап шыққан өлмес дүниелер ғой. Оның қай әніне құлақ түрсеңіз де сол бір ғасырлардың терең сырларын тамырынан тартады. Бізге шындық күйінде, бәз қалпында жеткізіп жатады. Бір ғасырға жуық өмір сүрген Кенен атамыздың әндері зерделі тыңдаушысы үшін, уақыттың, заманның, тынысын жеткізу үшін үлкен мәні бар өнер деп білемін.


Ақселеу Сейдімбек:

– Осы ретте, Жәнібек, Кенен атамыздың «Бозторғай» әнін еске түсіріп көруге болады. Осында Кененнің тағдыры ғана емес, Кенен сияқты қой соңында зарлаған мыңдардың өмір-тағдыры, ғұмыр шежіресі, осы әннің өн-бойына түйіліп қалған сияқты. Тек ол ғана емес, сол Кенен өмір сүрген заманның, Кененнің «Бозторғайы» шыққан заманының көркем шежіресі сияқты. Сол заманның бүкіл қайғы-мұңының, бүкіл тауқыметін, әлеуметтік болмысын осы бір әнмен түйген сияқты. Жаңағы өмірін өнерінен бөліп қарауға болмайды дегеннің бір түйіні осы сияқты. Ал, өнерін өмірінен бөліп қарауға болмайды дегеннің үлкен тарихи, үлкен эстетикалық мәні бар. Демек, ол қоғамның өзі өмір сүрген заманның шежіресі болады деген сөз. Сол Кенен өнерінің, Кененнің осы «Бозторғай» әнінің, алғашқы әні деп есептелінеді ғой енді. Сол алғашқы үнінің өзінде Кененнің әлеуметтік зердесі, қоғамға, заманға деген көзқарасы, шалқып есіп, көкірек көзі бар кез келген адамға айқын білінеді.

Жәнібек Кәрменов:

– Аха, жаңағы әйгілі «Бозторғайды», Кенекемнің тұсаукесері болған «Бозторғайды» орындап берсем қайтеді. Мынау шаңырақ – өз үйінде отырмыз. «Бозторғайдан» бастасақ.


Бозторғай, шырылдайсың жерге түспей,

Мен жүрмін кешке дейін тамақ ішпей.

Ат қылып ақ таяқты қолыма ұстап

Сандалып қой артында ерте-кеште-ей.

Қайырмасы:

А-ау, боз торғай,

Шырылдайсың, шіркін-ай!

Құтылар күн бар ма екен

Осы қойдан бір күні-ай?!

Отырсам қой күзетіп таң атпайды,

Жүргенде малды жайып кеш

батпайды.

Қарайтын қабағыма бір адам жоқ

Бел шешіп төсегіме бір жатпаймын

(Қайырмасы қайталанады)


Осы Бозторғайды айтқанда мынандай бір ой келеді, Аха. Қой соңында жүріп көрген осы ауырлық, осы шер-мұң Кенекең секілді талай қойшылардың басынан өтті ғой. Бірақ осы шер-мұң, осы қайғы-қасірет сол қойшылармен бірге уақыттың тереңіне жоғалып батып кеткен. Ал, Кенекең болса, сол зар заманға, сол ауыртпалық тағдырға лағынет қарғысындай етіп мәңгі өлмейтін, өшпейтін «Бозторғай» секілді дүниені қалдырды артында. «Бозторғай» – әннің биігі, Кенекең өнерінің шоқтығы. Бұл алғашқы ойымызды тағы да еске түсіреді. Әлгі, Кененнің өмірінен өнерін бөліп қарауға болмайды деген пікір. Егер осы пікірді тағы да тереңдетіп ойлы көзбен үңілетін болсақ, сол пікірдің ойлылығы ғана емес, тарихи мәні де жоталанып көрінетін сияқты. Өйткені, нағыз асыл өнер, қай қоғам, қай заманда да уақыттың ең шыншыл шежіресі, ең жаңылмас айнасы бола білген ғой. Ал, «Бозторғай» әні болса, Кенекең шығарған заманның, сол замандағы қойшылар қауымы болмысының шын шежіресі. Жаңылтпай көрсететін айнасы сияқты. Мінекей, Кенен өнерін оның өмірінен бөліп қарауға болмайтындағы осы бір жайлардан айқын көрінетін сияқты. Бұл ретте, әрине, «Бозторғай» әнін сол кездегі қойшылар қауымының әлеуметтік психологиясы деп қарауымызға болатын сияқты. Тіптен, тұрмыс-тіршілігінің, өмір-салтының, болмысының гимні деп қабылдасақ та еш қателеспейміз ғой деп ойлаймын.

Сөзіңізде үлкен мән бар, Аха. «Бозторғай» әнін әлі күнге дейін елжіреп тыңдайтының да содан ғой. Бұны келер ұрпаққа адамзат баласының, оның ішінде өз топырағымызда, ән шыққан топырақтағы тыңдаушы қауымның жүрегінен ешқашан да жоғалмайтындығы, өшпейтіні, оның рухани игілігі, туы болып кете берері, жаңғыра берері сөзсіз. Оның бір себебін өзіңіз білесіз, өткен өмір шежіресіне, дәстүріне немкетті қарау – халықтың қасиетіне жат қой. Ал, енді өткенін, өз өмірін ұмытқан халық – халық боп жарытпайтыны тағы рас. Ал, енді осы тұста осы «Бозторғай әнімен үндес, тақырыптас келетін әлеуметтік шындық иесі де әсте олқы түспейтін бір ән бар. Ол – әйгілі «Көкшолақ». Үндес, тақырыптас, тағдырлас. Кенен атамыз бозбала болып қалған шағы болса керек. Көрші ауылда Бибол деген бай қызын ұзатып, Көкшолақ атын тепеңдетіп тойға бозбалалармен бірге аттанады ғой. Содан бір байдың еркетоты қызы Шәлипа жолығып қалып, қасында малынған қыз-келіншіктер, бозбалалар. Бұл – бұрыннан айтылып жүрген әңгіме, шындық. Содан Көкшолақ атын тепеңдетіп бай қыздарының сәнін бұзып, жанасып келген қойшыны менсінбей, менмен тәкаппар, байлық пен барлыққа масаттанған жорға мінген бай қызы Кенекеңді мұқатпақшы болып, «Ей, Кенен, тойға барар сәнің бар ма, Қызбенен айтысатын әнің бар ма? Желігіп Көкшолақпен көтерілген, қолыңда мұнан басқа малың бар ма?» деп тиіседі. «Арғы атаң атаныпты жалаң аяқ, Әкең байғұс ұстаныпты қазан-аяқ. Қойды жөндеп бақсаңшы жалаң аяқ» деп Шәлипаның айтатыны бар. Сонда жүрегіне ән тұнған, жыр тұнған Кенекең – сері жігіт жасымай, қоржынынан домбырасын алып, Шәлипаға осы «Көкшолақты», өзінің кедейлігін шағынса да жағынбай, жасымай, өнерімен тәкаппар қыздардың бетін қайтарып, Көкшолағымен мұңдасып отырып айтатын осы әні шығар. Осы «Көкшолақты айтып берсем». Ал, енді бұл «Көкшолақ» жеңіл-желпі әзіл-қалжыңнан туған, бір жай арзан, құнсыз дүние емес. Оны орындайтын адамдар да осы жағына сақ болғаны дұрыс қой деймін. Бұл – өзінің ішіндегі басынан кешкен қайғы-мұңын күліп отырып жеткізген үлкен мұңы бар, ойы бар, санасы бар кісілік-ті. Сондықтан, осыны орындаған кезде қашан да сол зерделелілікті ұмытпай отырған абзал ғой деп ойлаймын.

author

Ақселеу Сейдімбек

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...