Қазақстанда Жасанды интеллект ұлттық орталығы ашылады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқа...
Иманжүсіп Құтпанұлының фотосуреті қалай табылған?
Газет бетіне жарияланып отырған мына сурет биыл туғанына 155 жыл толып отырған қазақтың қаһарман арыстарының бірі Иманжүсіп Құтпанұлының шынайы бейнесі. Бұл жәдігерге ұзақ жыл іздеу салып, ақыры тәңірдің бұйрығымен ойда-жоқта тауып алған адам – батырдың немересі Раушан Нұрқанқызы апамыз. Фотоның нұсқасы қазір елорда іргесінде орналасқан Жібек жолы ауылы И.Құтпанұлы атындағы орта мектептің музей-кабинетінде сақтаулы тұр.
Раушан ханымның айтуынша, Иманжүсіптің фотосы барын оның кенже ұлы Нұрхан ағамыз білген. Жарықтық 1992 жылы дүниеден өтер алдында қызы Раушанды шақырып алып, қолына Имекеңнің ақталғаны туралы мәлімет бар төрт парақ қағазды ұстатып, «қызым саған мына құжат аманат, осыны қолыңа ал да, атаңның ізіне түс, тарихын түгенде!» дей отырып: – Әуелі айтарым, біздің үйде бертінге дейін тәтемнің (әкесі Иманжүсіпті айтады) фотосы болды. Оның тарихы былай: әулетіміз Шиелі өңіріне орныққан соң, бір күні тәтем мені алдына алып Ақмешітке барды. Бұл 1927 жылдың аяғы-тын. Ол тұста қала Қызылорда атанып, астана мәртебесін алған кез. Осы жылы Қазан төңкерісінің 10 жылдық датасы Қызылордада атап өтілетін болып, қайраткер-жазушы Сәкен Сейфуллин бұл тойға әкем Иманжүсіпті құрметті қонақ ретінде шақырған екен. Осы басқосу кезінде Сәкен аға және оның қасында бір жолдасы бәріміз фотоға түскен едік. Мен тәтемнің алдында отырдым. Ол сурет сол тұста газетке де шыққан болатын. Соны іздеп тап деп аманаттапты.
Реті келгенде айта кеткен жөн шығар, 1927 жылы Сәкен мен Иманжүсіп Қызылорда қаласында кездескені жайлы сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің де еңбектерінде айтылады. Сонымен қатар жаңаарқалық қаламгер Сейфуллиннің төл шәкірті Жұмабай Орманбаевтың ертеде «Жұлдыз» журналында жарияланған «Бір сапарға шыққанымда» атты деректі очеркінде жоғарыдағы қос арыстың жүздесуі жайлы толық баяндалған.
Сонымен сөз басында айтылған фото тарихына қайта оралайық. Тарихи бейнені іздеуші Раушан Нұрханқызы әуелі әкесі айтқан Сәкен ағаның жолдасы кім екенін анықтауға тырысқан. Сөйтсе бұл адам Сәкеннің шәкірті жоғарыдағы Жұмабай Орманбаев екен. Кезінде бұл кісі халық батыры Имекеңді кейіпкер ете отырып «Дала перзенттері» атты көлемді кітап та жазыпты. Бұл туынды күні бүгін баспа бетін көрмеген. Шығарманың 500 беттік машинкаға басылған қолжазба нұсқасы Раушан апамыздың қолында сақтаулы тұр. Осы кітапта батырдың түр-тұлғасын: «Иманжүсіптің тұлғасы кесек, жуантық емес сидалау, қапсағай көрінді. Қолмен қойғандай иегіне ғана біткен селдірлеу ұзынша сақалы, жебелі мұрты көк бурыл тартыпты. Жанары таймаған үлкен көзді, сәл шолақтау қыр мұрынды, ат жақты, ашаң қара сұр жүзді байсалды да, ойлы тәрізді. Жарты қарыс салалы саусақтары жуан да сүйрік. Үстінде қара көк мәуітіден сұлу тігілген бешпент, шалбар, аяғында әміркен кебіс-мәсі, басында қара барқыт топы...» деп суреттепті. Бұл кезде Иманжүсіп алпыс жеті жаста екен. Ал мына фотоға зер салып қарасаңыз жоғарыдағы суреттемеде айтылған сипаттар толық аңғарылып тұр.
Фото Раушан апамыздың қолына қалай түсті? – Шамамен 1990-шы жылдардың аяғында, – дейді Р.Нұрханқызы, атамыздың әнін орындап жүрген үлкен әнші Қайрат Байбосыновқа жолығуға бардық. Ол кезде Қайрат ағамыз Жүсіпбек Елібеков атындағы Республикалық эстрда-цирк колледжінің директоры болатын. Мекеме ішінде халық композиторларының суреттері жапсырылған қарапайым көрме-стенд бар екен. Осылардың ішінен бұрын еш жерде кездеспеген атамның мына фотосын көріп қалдым да, оны аттай қалап сұрап алдым. Бұл фото мұнда қайдан жүр, бұған дейін неге көрмедім, деген сұрақтар мазалай бастады. Сөйтіп аталмыш фотоның ізіне түстім.
Үздіксіз ізденудің нәтижесінде фотоның қайдан табылғаны анықталған. Айталық, атақты әнші Жәнібек Кәрменов 1970 жылдардың ортасында іс сапармен Ленинградқа барып, қаладағы көне газет-журналдар қоры сақталған архив-кітапханада аз уақыт жұмыс істеген. Әсіресе ерте кезде жарық көрген қазақ басылымдарын қарап шыққан. Сөйтіп отырып, бір газеттен жоғарыда Нұрқан ақсақал айтқан 1927 жылғы фотоны көріп қалады. Отырған адамның Иманжүсіп екенін білген соң, ертеңінде қалтасына шағын фотоаппарат алып кіріп, тек Имекеңнің басын түсіріп алады. Жәкең елге келген соң фотоны үлкейтіп шығарған да, көрме-стендке іліп қойған. Раушан көргенге дейін сонда тұрған.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,