Тілеубек Батыс. Ауаға бояулы түстер

ӘДЕБИЕТ
49465

Тілеубек БатысТілеубек БатысӘлқисса

Мен осынау ақымақтарға зәру емес ғасырдың,
Сорына туған масылмын.
Болжамы белгісіз көріпкел болашақтың қабақ шытқанын
Көз жасын сығымдаған көлеңкелерім ғана жасырды.

Күніне бір парағын жоғалтса кәлендір,
Әлдебір қымбатты затымды ұрлайтын әлем бұл.
Қайталап тыңдай беретінімдей
Өзіме бейтаныс әуенді.

Қоп-қоңыр жайлаудың самалы ескенде,
Арғымағының жалынан әкеме көрінген жұлдыздар.
Тауларда мекіреніп ұйықтар алдында
Шаңырақ саңлауынан анама көрінген жұлдыздар.
Маған да нұрын төгетінін сезгендей
Жылуын шашады түнгі ызғар.

Жеті қарақшы шертетін беймәлім әуенге байланған уақыттар,
Тұншықса менің көзімдегі жастарға.
Әлдебір шындығын айтып қояды астарлап.
Менің тағдыр әнімнің әлқиссасы
Сол жексенбі күні басталған.

Долы найзағай жарқ еткен сол сәтте,
Ол жылап ойанды,
Ауаға бояулы түстерге мұң шағып.
Көгілдір көктемдер нұр-шүлен шашқанда
Ол күліп ойанды,
Жұлдыздар тілінде тыныстап, бусанып.

Тағы бір бейтаныс адамдар есіме салады,
Оңтүстікті бетке алып жыл құстарымен бірге сағынышымның қайтқанын,
Сол сағынышқа кәлендірдің үш парағы дірілдегенін
Тек жұлдыздарым ғана айтпады...

Қара бұлт торлаған ертеңгі,
Бұлыңғыр аспанымның аржағынан
Маған не айтады жұлдыздар.
Менің тағдыр әнімнің соңғы пернесі басылғанда
Саған не айтады жұлдыздар.
Ал, қазыр ойналған бұл әуен-
Фортопиянаның үнінен де ауыр
Табиғат тіліндегі мұңлық-зар.

Таңғы түс

Мен өзімді жақсы көрген емеспін!
Бұлыңғыр таңдардың буырыл түсіне мастанып,
Көшеге жатпайтын беймәлім соқпақтың
Іздерін жасырып көмескі.
Тез соғып бара жатқан жүрегімнің дүрсілін әрең тоқтаттым.

Тіршіліктің әрбір тынысын емдеген осы сәт,
Таңғы түсімдегі ғажайыптан да үрейлі.
Жауыздыққа омырауы исінген жер ана
Қысыр бұлттардан қиылып
Шапағат тілейді…

Шырпының тағдырындай жолдарым,
Айкезбе ғұмырдың ширегін силайын.
Тек сөнбе!
Өкініштерімді ілкіде қалған айтып кетер ем
Тұрарлық болса егер көксеуге.

Періште сүйседе ластанар ақ тәнім,
Салмағы тозақтың қырқыншы қабатындағы күнаһардан да әрмен
Кірледі.
Өлімнен де ауыр ойларымды кешірген Құдайым,
Бұл жолы…

Сен

Еркем,
Сенің еркелей алмағаныңа,
Сені еркелете алмағаныма
Адалдық, Тазалық, Махаббат, Сағыныш, Реніш, Мейірім кінәлі.
Көз жасыңменен қайтардың
Сезімге толы өкініштердің сұрағын?!

Ботақан
Махаббат әлде сен бе едің?
Алпыс екі тамырды себепсіз идірген
Күлкіңді уақыт ұрлаған шақтарда
Бақытсыздығыңды бақытыңнан артық сүйдім мен.

Ботам,
Құдайдың саған берген екінші есімі кім екен?!
Көзіңнен тамған жалғыз мейірім тамшысын
Миымның нәзік қатпарына мәңгілік түнетем.

Сосын,
Күндей боп жүзің де жарқырар,
Кірпігіңмен жарық әлемге түн іліп.
Айсыз аспаннан жұлдыздарды тамашалаймыз
Сенің сұлу күлкіңе жылынып.
Пупсик!

Айна

Мен айнаға қарағанымда таңғалдым…
Тура осы қалпымды көрсеткеніне.
Әсілі,
Дәл осы сәттегі самарқау жүзімді
Көруге тиісті едім.
Сосын, ештеңе білмегендей…
Әжімсіз маңдайынан иіскедім.

Мен оған күліп қарағанымдада қарсы алдымдағы адамның қабағы сыз тартқан,
Өкініштерін көзінен оқыдым…
Қарменен жудым өкпелерін де күзге артқан.

Сыртқа елеусіз қызығушылықпен тағы да қараймын,
Қорқынышымды басып ала ұшқан.
Ол тұманға сіңіп кетеді
Өзімді көрмеу үшін менде кетемін,
Бәрін соған табыстап.

Жалғыз адам тұратын қуықтай бөлмеден
тағы бір пендені көргеніне ,
Анау шаң басқан кітаптар сықылықтап күлісер.
Столдағы балауыз шамның да сығалап ұялған түрі сол.

Санамда нені ойласам
Айнадан соны көретінім- қызық
Ойыма әлдене түсті…
-Бұзық.
Шағылған айнаның дауысы…

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...