Біз жазушы қаламынан шыққан кітаптарды оқимыз. Оқиғасына қызығамыз. Жан дүниемізге әсер еткен кейіпк...
Жүсіпбек Қорғасбек. Өнер
әңгіме
Адамға түрлі-түсті бояуымен кемпірқосақтың көкжиекте керіле қалғаны сияқты ғажайып көрініс күнде кездесе бермес. Сол көрініс оның кеңжарық кабинетіне көкжасыл көйлектің етек жағынан ақ балтыры ағараңдап өзі келіп кірді. Есіктен кірген әлгі сурет төбесінде құмыра толы су тұрса да шайқалмайтындай баппен қозғалып, өзіне қарай баяу жылжып келе жатты. Екі ортада сыртқы қаптамасы сыпырылып түсіп, жо-жоқ ол өзі бері суырылып шығып, е деп ес жиғанша шоқиып алдында отырды.
– Мынандай түріңмен қаражаяу жазарман болып керегі не саған?!
Біртүрлі ашуланып, әлденеге кектеніп айтты бұл сөзді. Бүкіл даңқтың биігіне көтеріліп болмастан өмірінің тоқтаусыз зулап өтіп бара жатқанына жыны келді. Тәнінен ерте көктемдегі тың жердің иісі бұрқыраған мына құба қыздың қасында шау тартқан бүркіттей қабарған өзін соншама қор сезінген. Өртеңдей қалың, бірақ көмірдей қап-қара шашының алда-жалда мойынға орала қалса бір бунап тастардай ұзын екенін де аңдап үлгерді.
Көз аясы көлеңкелі көрініп, қабағының асты саздау жердегі қара судай тұнжырай қалыпты. Тікірейген тал-тал кірпіктері мен қылшығы жып-жылтыр қою қара қастары сұлу жүзін сұстандыра мөрлеп тұр. Бұл ақын емес, бірақ жастау күнінде шығарған әлгі бір өлең сапалақтана есіне оралды.
Сіз үшін күйдім депсіз,
мен сізді сүйдім шексіз,
сол үшін кінәлама,
кездесіп тұрайықшы күнарада,
өтеді өмір солай,
сүймесең көңіл құлай,
кетерсің бір жігітке,
қимастан жас күніңді жылай-жылай...
Құба қыздың тал бойы өзіне беріле икемделіп келе жатқандай көрінді. Бәрі қайта басталмақ па, қалай бұл жеңіле салмақ сонда? Сол бір жас күндерінен кейін қыз бетіне әйел баласы-ау деп қарамаған. Қоңыр үй, қоңыр бәйбіше, қара шәй, қара сия, бірақ ол өзінің тұқымы таза текті адам екенін жақсы білетін. Бар ұстанған дағдысы ақсүйектің дағдысы және уақыт құстың сүтінен бетер тапшы!
– Сонда сен маған неге келдің?!
– Сіздің кітаптарыңызды жастанып оқып өстім, аға.
Қыздың таңдайынан жіңішкелеу әдемі дауыс бокал соғыстырғандай сыңғырап төгілді. Құлағына қанша жағып бара жатса да сыр берген жоқ, ақ тамақтың бүлкілін де біртүрлі астарлы зымияндыққа жорыды. Қараптан қарап отырып өзегі ал кеп өртенсін. Жайшылық күнде де шамырқандырып жүретін жыны ата жауын көргендей атойлап кеп берді.
– Бүкіл қазақ жастанып оқиды менің кітаптарымды. Соны да сөз деп айтып отырмысың?
Үйреншікті әңгімесін бастап кеп жібергенде, «апыр-ай, мынау неткен сұлу қыз?!» деген сөз көмейіне жарыса кептелді. Тұла бойынан шынында да жаңа сауған бие сүтіндей саумал леп есті. Ұстап көрсе білегі қолына мамықтай жұмсақ тиер. Жеңсіз көйлек аршыған жұмыртқадай аппақ иықтарын көзбен болса да еріксіз аймалатқан. Көкжасыл көйлектің қысқалау етек жағынан оқтаудай түп-түзу екі балтырды да асығыс барымталап қайтты.
– Мен сізді пір тұтып келдім, аға. Сөз өнерін таңдап, жазушы болсам деген арманым бар. Бірақ ештеңе сұрап келіп отырғам жоқ. Асыл болмысыңызды бір көрдім, сол жетеді маған.
Сәл түріңкі қызыл ерін көз алдына дірілдей ашылып тосылды. Кітаптарында өзі хан-сұлтандарға талай ілестіріп жазған әйелзатының ашуын жақсы біледі. Сұлулықты менсінбегені намысқа тигендей қабылданғанын іші сезді. Біртүрлі соған жаны рахаттанып отыр. Емен есік сықыр етіп ашылмағанда мүлдем көңілін қалдыратын бір сөзді тағы жұмсап жібермек еді. Келген шойқара кісі оқыстан ат басындай алтын көргендей шұрқырай кетті.
– Ойпыр-ай, сурет пе, адам ба? Түсім бе, өңім бе? Бұл неғылған жаратылыс?! Бұл суретті кім салған? Қандай қас талант тудырған?!
Шойқараның үйіріп әкетіп бара жатқан қылығынан адал асқа арам қолын малғандай жиіркенді. Құба қыздың өңінде қызғылт рең ойнай қалғанын көріп, тіпті атылып кете жаздады. Бақшиған көздері әйнектене сес білдіріп, ақсұр жүзі қанын ішіне тарта тікірейді. Ол тіктеніп қарағанда бір де біреу қарсы келіп тұра алмаған. Қынынан суырылып қалған қылыш өмірі бос қайтпаушы еді. Ана байғұсты да отырған жерінде қылпып турап түсті.
– Бірақ, мынандай халтурщиктердің алдына барушы болма!
Жоқ жерден өре тұрған қызғанышын баса алмай, аяқ асты екілене ентікті. Қасына сағалап келіп жүретін шойқараға өмірі айтпаған сөзді аңдаусыз айтып қалды. Түкке тұрмайтын адам, бірақ құба қызды одан неге қызғанғанын өзі де түсінбей тұтықты. Сүмеңдеп кіре қалмағанда, алыстан арнайы іздеп келген мына қыз баланы бақайшақ құрлы көрмей шығарып салғалы отырған, енді олай істегісі жоқ. Кранмен көтермесең қозғалмайтындай дүмі зіл тарта шөгерілген шойқара да аса саспай, жаңағы кісі өлтіретіндей тым ауыр сөзді басқа біреулерге оп-оңай апарып тели салды.
– Әдебиетті таланттар, ал әдеби ортаны халтурщиктер жасайды.
Алдындағы шойқара қаншама том-том кітаптар жазса да, тап мұндай ақылды сөз айтады деп күтпеген. Біреу тауып кетсе қуанатын кім екен, ал мұның жыны қозады. Ел ішін әрбірі кішігірім оқиғадай дүмпінткен шығармаларының буы алтынның буынан бетер масайтқан көңілі ешкімді де, ештеңені де шен көргендей емес. Жетесі жетпегеннің ғана есесі кетеді, аты Матай екені рас болса, басынан өмірі сөз асырмақ емен. Сойып салса қан шықпасын біле тұра қайраулы тіл мен жақты алмастай жарқ еткізіп, тірідей іреп салды тағы.
– Аузымды бекер былғадың, Сәбет. Жөпшендіге сөз арнап шығынданбаушы едім. Жындардың да мұсылманы болады, білсең. Сен жай халтурщик емес, талантты халтурщиксің.
Қара адамның түрінің көгіс тартқанын осы жолы айызы қана анықтап көрді, ойпырымай сұмдық болады екен. Аударылған жердің қыртысы құсап көгістене жылтырады. «Осыған әйелдер неге келіседі екен?» деп таңырқады бұл. Ашуланып кетіп бара жатқан шойқараның салмағы екі есеге артқандай, еден ойбай сала шықырлап кеп берді. Артынан емен есік те қабырғаны жұлып түсердей бар салмағымен сарт етіп жабылды. Біреу жағынан бір тартқандай тіксініп, бойын тез жинап алды.
– Ағатай, бұл не қылғаныңыз?
– Менде жақсы көру жоқ!
– А?.. Не дейсіз?..
– Мен жақсы көре алмаймын деймін. Бірақ, өлердей қызғанам.
– Түсінбедім ғой, жан аға?
– Білмеймін... Сені жаңа көріп отырмын ғой... Сонда да қызғанып кеттім...
– Кімнен?.. Нені?..
– Нақ сені емес, әрине... Әдемілікті... Әдемілікті жаңағындай қара дүлейлерден қызғанамын... Дүниенің бәрін адақтап бітті осылар... Арамдап бітті...
Шойқара емен есікті сырттарынан тарс жауып кеткен кеңжарық кабинетте бұлар емес, басқа біреулер күңгір-күңгір әңгіме айтып отырғандай сезілді оған. Әйтпесе ауылдан келген ұяң қыздың бірден бүйтіп ашылып әңгімелесуі мүмкін емес қой. Мұның да кім көрінгенге қарбыз құсап қақ жарыла қалатын ұшқалақтығы жоқ. Осыны ойлаған ол салқынқанды жазушыдан қызуқанды кейіпкер болмысына дендеп еніп бара жатқанын еміс-еміс қана білді.
Малғұн барыстікіндей дөңгелене біткен жұмыр пішін қатуланса бір қысым сұсты, жұмсарып күлсе де біртүрлі сесті. Кабинет артындағы қараңғылау демалыс бөлмесіне келіп кіргенде ағараңдап сол дөңгелек жүзі ғана көрінді. Шақырайған жарықтан қараңғылау бөлмеге ауысқандағы алғашқы әсері –қыздың сопайған бет әлпетінен бұрын сорайған сұлбасын жобалағаны болды. Жарық толық жетпеген жерде адамның беті сопайып, бойы ұзарып кетеді екен. Жарықты жарқ еткізіп жаққанда құба қыз жоқ болып кетті де, оның алдында қайтадан қаптамаға салынған жансыз сурет тұрды. Екі шетінен екі қолымен қыса ұстап, өзінен құлашы жеткенше алыстатып қайта қарады. Құдай біледі, суреттегі бұл құба қыз өмірде тірі кездессе селт етпес еді. Қайта ана Сәбеттей арам қолдылар ластап кеткендей жиіркене қарауы әбден мүмкін. Себебі күнәдан пәк періште мұның қаламынан ғана туады және онда жан болмайды.
Ол суреттегі сұлуды быртиған саусағының сыртымен әрі менсінбей, әрі аялай сипады. Ары қарады, бері қарады, бойында әйтеуір бір кемшілік бар сияқты, алайда оның не кемшілік екенін таба алған жоқ. Қабырғаға сүйеп қойып, сәл шегініңкіреп барып тағы қарады. Бәрі орнында сияқты, сонда да бірдеңе жетпейтіндей көрінді өзіне. Егер отыра қалып, мына суреттегі қызды суреттеп жаза бастаса, кемшілігі бір жерінен болмаса бір жерінен табыла кетер еді. «Е, неге байқап көрмеске» деген ой қанын қыздырып ала жөнелді де, ойынан тез айнып қалды. Онсыз да жазатын жұмысы бастан асады. Суретті енді көңілімді алаңдатпасын деп, теріс аударып қоя салды.
Қайтып кеңжарық кабинетіне шыға бергенде, кенептегі майлы бояудың еденге еріп ағып түскенін көрді. Аяғын тартып алып үлгермей, шетін басып кетті де табанына кір жұғып қалғандай тарпып сүртіп шығып кетті. Қызғылтқоңыр бояу жайылып барып, іркіліп тоқтап, паркет еденге сіңіп кете алмай мөлдіреп біраз жатты. Кенет, өлі бояуға жан біткендей жиырыла жиналып, жатқан жерінен суырыла көтерілді. Енді бір көзді ашып-жұмғандай уақытта тап сол жерде бойы-басын түзеп, жаңағы суреттегі көкжасыл көйлекті бойжеткен тұрды. Бағанағыдай батыл емес, аяғын қымсына басып, ұяла қызарып, кеңжарық кабинетке ол да шықты. Өрімі босап қобыраған бұрымын арқасына ақырын лақтыра тастап, әуелгідегі орынға келіп именшектей, бірақ өзімсіне жайғасты. Жаңағы қызғылтқоңыр бояудың жұқанасы лыпып бетінің ұшына көшкені болмаса көп ештеңе өзгермеген сияқты көрінді бұған.
– Жазушы болу деген қияметтің қияметі. Қыл көпірден өткендей бір жағыңда от лаулап, бір жағыңда су шапшып жатады. Талайлар тұншығып өлген, күл болып жанып кеткен. Тән шыңғырғаннан, жан шыңғырған жаман.
Мен солардың дауысын күнде естимін, – деп ұзақ мәслихаттың басын бір қайырып тоқтады Матай.
Малғұн барыстікіндей жұмыр пішін іштей әлденеге қанағаттанбаса да әлдебір тоятты есіне алып, тілімен тұмсығын жалаған жыртқышқа ұқсады осы сәт. Құба қыз онымен жаны шыңғырған адамдардың ащы дауыстарын бірге естіп отырғандай омырауын алға сала, бар бойымен беріле емексіді.
– Бала күнімде біздің ауылға цирк келді. Сонда әлгілердің ішіндегі бір
бала қоздаған қып-қызыл шоқты жалаңаяқ басып өнер көрсетті. Бәрі таңқалды, мен таңқалғам жоқ. Менде балалық болмаған сияқты, өмір бақи қып-қызыл шоқтың үстімен жүретінімді сол кезде-ақ сезетінмін. Табаным күлдіреп күйіп-күйіп мейіз болды. Ал осы табанымның астындағы шоқты жатып та үрлейтін, тұрып та үрлейтін «достарым» иттің басынан көп, – деп жазушы көптен бойын буып жүрген арыз-арманын айра-жайра ақтарып салды.
Құба қыз ол маған қарап отыр деп ойлады, алайда тура қараса да жазушы оны мүлдем көрмей отыр еді. Көз алдын телегей-теңіз дүние көрінісі шырмап, құба қыз жал-жал толқындардың арасында көбікке көмілген жаңқа құрлы болмай қалды.
– Менің ұлтымдай ұлт жер бетінде жоқ, бірақ оны адастырып жүргендер мақсатына жетіп те қалды. Адамзатқа арнап кітап жазатындарда ақымыз кетіп жүр. Солар өз ұлтына адамзаттың мүшесі еместей мұрын шүйіріп қарайды. Жылтыраққа әуес біздің ұлт кейде бала секілді. Кейде кісі танымай ма деп қорқам. Қызылды-жасылды батпырауық қуған баладай шапқылап кетеді,– деп кесапаттана кекірейді.
Малғұн барыстікіндей жұмыр пішін жұдырықтай болып түйдектеле түлейленді. Құба қыз оның ашуын да өзімсініп алған бұл кезде, бағынышты пейіл білдіріп монтанси қалған. Тіпті оның өстіп ашуланғанынан ләззат алатын секілді.
– Өз данышпанын өзі құдыққа тастап жіберген халық бір адасса оңбай адасады. Дүниеде жақсы мен жаманды айырмаған жаман. Ондайлар арамызда әлі жүр балақтан тартып, балтырдан қауып. Біз ішіне шайтан шықпастай болып кірген елміз. Сол шайтан елді маған да айтақтайды, оған да айтақтайды. Мен бұл елден кетпесем болмайды енді, ондай мүмкіншілігім бар, – деген жазушының шатынаған домалақ көздерін ыза жасы кіреукеледі.
Құба қыз ұмсынып, оның жасын сүртіп алғысы келді, өзіне солай істеуге бұдан былай толық қақы бар тәрізді көрінді. Алайда жазушы жасын кері жұтып алды да ол шошып кетті.
– Мейлі, бұлар қадірімді білмесе де, кейінгі ұрпақ білер. Сендер де нені ұғасыңдар? Көкіректерің көрбілтеленіп қалған. Оны аршуға уақыт керек. Қазіргі армандап іздеп келіп отырмын дегенің бос сөз. Бірақ алған бетің түзу екен. Алдыңнан жарылқасын, – деді де, – әйтеуір әлгіндей халтурщиктердің қолына түспегеніңе де шүкір,– деп, бар шаруа соған тіреліп тұрғандай нығыздалып бір сөзді тағы қосты жазушы.
Малғұн барыстікіндей жұмыр пішін іштен қыстығып тер шыққандай
сәл жұмсарды. Құба қыз көңілі біржола қалып, ит-құс сілікпелеп тастаған жемтіктей илектене төмен тұқырды. Сөйтіп әңгіме аяқтала бергенде кеңжарық кабинетке асығып-аптығып, сүрініп-қабынып суретші кірді. Әлдене лып еткендей болды, тысырлаған дыбыс та тез басыла қалды, көріністің сөйтіп жылдам өзгергені сонша, ешкім ештеңе байқаған жоқ. Тағы екі-үш минөт өткенде суретші қалбалақтап, майлы бояумен салынған картинасын өңгере көтеріп кетіп бара жатты