SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, TikTok-та Бекболат және Шымболат Ыбырайлардың видеоүндеу...
Музейдегі киіз үй: мәңгілік мұра ма әлде уақытша сән бе?
Сурет автордан
Республиканың санаулы музейлерінде ғана киіз үй толық жабдығымен тігіліп, келушілердің назарына ұсынылады. Олардың бірі Көкшетау қаласындағы Әдебиет және өнер музейінің залында орналасқан. Ол Ақмола облысындағы көпшілік үшін тігілген алғашқы, әрі жалғыз киіз үй болып табылады. Үй жабдықтары елімізге белгілі «Шеберлер ауылы» жеке кәсіпкерлігі шеберлерінің қолынан шыққан. 2019 жылы музейді қайта құру барысында сатып алынып, ішкі экспозиясының қатарына қосылды.
Киіз үй – көшпенділер мәдениетінің құнды, һәм күрделі көрінісі. Шығу тарихы неше мыңжылдықтарға жетіп, ғасырлар бойы халықтың негізгі баспанасы ретінде өзіндік ерекшелігін жоғалтпаған мұрамыз. Жаһандану заманында ұрпақ жадына ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетімізді сіңіру басты борышымыз болғаны белгілі. Солардың бірегейі қазақтың киіз үйі.
Ғұн, сақ, түркі тамырынан нәр алған бүгінгі көшпенділердің киіз үйлері материалы, жасалу жолы, ою-өрнегі, көлемі жағынан бір-біріне ұқсамайды. Бұл материалдық асыл мұра ғана емес, бабаларымыздың қолөнер шеберлігін де паш етеді. Киіз үй – әуелі, көшпелі тұрмысқа бейімделген. Жинап, тігуге оңай, ауа-райына байланысты қай мезгілде де қолдануға ыңғайлы. Ауа алмасуы, жарық түсуі, дауылға төзімділігімен, күмбез тәрізді болғандықтан жаңбыр, қар суының да алдын алады. Осылай жан-жақты қарастырылған киіз үй өз мәнін жоғалтпай, бүгінгі күнге жетіп отыр. Қазіргі уақытта, әр өңірдегі шеберлеріміз киіз үйдің жасалуы жолын елімізбен қатар, шетелдерге көрсетіп, таныстыруда. Бірақ, жас буын немесе жаңа заман адамдары осынау бабадан қалған мұраны сырттай танығанымен құрлымын, ішкі жабдықтарын жете біле бермейді. Осы олқылыққа сәлде болсын себіміз тисін деген ниетпен музейіміздегі киіз үйді жіктеп таныстыруды мақаламызға арқау еттік.
Киіз үйдің құрылымы және жасалу жолдары:
Музейдегі киіз үйдің негізгі қаңқасы (шаңырақ, уық, кереге, сықырлауық) талдан жасалған. Шаңырақ – үйдің басын біріктіріп, тұтастырып тұратын күмбезі. Сыртқы дөңгелек шеңберін «тоғын» деп атайды. Оған уықтар сұғынып, бекітілуі үшін төртбұрыш көзді қаламдықтар тесіледі. Түндікті ұстау, жауын суын тоқтатпау мақсатында сыртына иілген ағаштарды «күлдіреуіш» дейді. Шаңырақтың күмбез тәрізді көрінуі осы күлдіреуіш ағаштарға байланысты. Уық – кереге мен шаңырақты ұстастыратын ағаш бөлік. Шаңыраққа сұғылатын төрт бұрыш басы «қаламы», түзу тұсы «қары», керегеге байланатын жақын тұсы «иіні» болса, алақанына «уық бау» өткізіледі. Осы бау арқылы уық керегеге таңып байланады.
Кереге – үйдің көлемін анықтайтын құрлымы. Оның әр ағашын «желі» десе, көлеміне қарай желілер ерісін, балашық, сағанақ деген атауларға ие. Желілерді тесіп, өгіз терісінен жасалған жіңішке қайыстар арқылы бірі-біріне жапсыра бекітіп, оны «керегенің көгі» деп атаған. Керегенің тор және жел көзді деген екі түрі болады. Тор көзді керегенің желілері кемінде 14 жерден жиі көктеледі. Уық саныда көп болады. Ал, жел көз 10 көктен бастап құралып, ағаш аралары алыс келеді. Осы процестен өткен дайын керегені «қанат» дейді. Үй көлемі де осыған байланысты 6 қанат ақ үй, 8 қанат ағала орда, 12 қанат ақ орда деп жалғаса береді. Көне заманда 30 қанатты үй алтын орда деп аталып, қаһандардың билік жүргізетін, кеңес өткізетін орны ретінде айтылады. Биыл 800 жылдығы аталып жатқан Жошы ұлысының, кейін Алтын орда империясы болып салтанат құрғанына тарих куә. Бұлда бір-бірімен сабақтасып жатқан көшпенділер өркениетінде киіз үйдің өлшемі қаншалықты болғанының, мемлекет үшін рөлінің жоғары екендігінің айғағы. Қазақ халқының тұрмысында ең көп тараған, бүгін де қолданыстағы түрі алты қанатты ақ үй. Алайда, өткен ғасырдың ортасына дейін ағала орда, ақ орда тіккен қазақтардың болғанын ғылыми зерттеудерден естіп жатамыз.
Жоғарыда атағанымыздай киіз үйдің соңғы қаңқасы – сықырлауық. Ол ішіне қарай жарылып ашылатын екі есік, табалдырық, маңдайша, қос босағадан тұрады. Босағалары кереге ге жалғасып, маңдайшасы уықпен байланады. Әдетте, «Үйағашшылар» үй сүйегін әбден кепкен ағаштан қажетінше жонып, морға салып балқытып, тезбен лайықты етіп түзетіп немесе иіп жасайды. Мысалы, шаңырақтың шеңбер тоғынын дөңгелек етіп, бір қалыппен қырсыз иісе, уықтың иінін, керегінің әр ағашын, шаңырақ күлдіреуішін сүйірлеп иіп келтіреді. Ағаш қоспаларын шегесіз, өздеріне қиюластырып, жылтырауық металлдармен құрсайды. Сіздерге ұсынылған киіз үйдің аталмыш қаңқалары талдан жасалып, қызыл өңді сырмен боялған. Керегесі тор көз 6 қанатты, уықтар саны 110. Шаңырақ күмбезі бір-біріне айқасқан 10 күлдіреуіш ағаштан көтерілген. Көлемі жағынан алты қанатты үйдің кішкентай нұсқасы немесе «отау үй» деуге болады.
.jpeg)
Киіз үйдің сыртқа жабдықтары немесе жамылғылары:
Бұл реттегі жабдықтарды киізден жасап, шет бауларын жүннен, қылдан есіп, терме жіптен ызып тағады. Киіз – қойдың күземі мен қозы жүнінен түтіп, шапақтап, ыстық сумен пісіру арқылы шиге орап басатын бұйым. Қалыңдығы 2 сантиметрден кем болмайды. Осының негізінде ерте заманнан халқымыздың «киіз басу өнері» қалыптасып үлгерді. Музей киіз үйінің жамылғылары ақ киізден сырылып, шеттері көмкеріліп, баулары ою-өркектен бедерленіп, кестеленген.
Туырлық – кереге сыртынан іргеден бастап уық инінен жоғары жамылатын киіз. Өлшемі, үй көлеміне қарай түрлі пішінде болады. Шетін қыл жіппен көмкеріп бұрыштарына құрдан, қылдан бау тағады, сол баулар туырлықты жоғары көтеріп, керегенің ішінен таңып байланады. Туырлық саны үйдің үлкен-кішілігіне байланысты 4-ден бастап көбейе береді. Туырлық үстімен астасып, шаңырақ тоғанына дейін уық сыртына жамылатын киізді «Үзік» деп атайды. Олда үй көлеміне қарай пішіледі, саны да соған сай болады. Үзіктің де шеті жиектеліп, ызылған терме жіп немесе қылдан есілген берік баулар тағылып, бірі-біріне айқаса тартылып, туырлықты баса, кереге ішінен байланады. Үзіктің басы шаңырақ шеңберімен дөңгеленсе, етегі керегенің басымен кең етіп тігіледі.
Түндік – шаңырақ күмбезінің үстінен жабатын киіз. Ол шаңырақтан 50-60 сантиметр үлкен тігіліп, үзіктің үстінен баса жабылады. Түндіктің пішіні төрт кейде бес бұрышты болып, әр бұрышынан «түндік бау» тағылып, олар белдеу арқанға тартылып байланады. Оның мұржа шығатын тесігі шаңырақтың артына, бір бұрышы есіктің тұсына келтіріліп, сол бұрышы ашылып-жабылатын терезе қызметін атқарады. Түндіктің өзге де міндеттерін атасақ, ол таң сәріден ашылып, түн қараңғысында жабылады. Яғни, күндіз шаңырақтан түскен күн сәулесі жылу мен жарық сыйласа, түн салқынында сол жылуды іште сақтауды қамтамасыз етеді.
Үй жамылғыларының кішкентай бөлігі – киіз есік. Сықырлауық сыртынан босаға, маңдайшалар да ашық қалдырмай жауып тұрады. Яғни, суық мезгілде сықырлауықтан суық кіргізбеудің амалы. Оны уықтың қарына дейін 1 метрдей кіргізіп, үзік астынан салады. Ішін шимен тоқып, астарлап, шетін жиектеп, маңдайша үстіне шиыршықтап байлайтын «есік бау» тағылады. Киіз үйдің сыртқы жабдықтарының өзгешесі – шиі. Оның кереге және ірге ши деген екі түрі қолданылады. Сүр дала, шөлейіт жерде өсетін шилерді орақпен шауып, аршып, жіп арқылы тоқиды. Олардың ұзындығын кереге өлшемімен алады. Қазақтың «Ши тоқу» өнері өткен ғасырларда кең қолданылған. Кереге ши – туырлықты кереге жылуынан қорғап, желілерінің бедері түсіп ойылмауының алдын алады. Ірге ши – туырлық етегін жел кеулеуінен, үй ішіне шаң тозаңның, жәндіктердің кіруінен қорғайды.
Сөз басында айтқанымыздай, киіз үй мезгіл таңдамай тігіліп, баспана бола алады. Бабаларымыз көшпенді ғұмырында киіз үйбен қыс қыстап, жаз жайлап, тірлігін жалғастырды. Оның қыс суығында жылы болуы осы сыртқа жамылғыларының қалыңдығы, беріктігі мен сапасына байланысты. Ертеде суық түсе, киіз үйді ық, асты құрғақ жерге тігіп, үзік, туырлықты екі қабаттап жауып, үй іргесін құрғақ көңмен морлап, жауып алатын болған. Күн жылынып, жер көгере орнын ауыстырып, жеңілейтіп қайта тіккен. Міне осылай, көшпенді бабалар заманының талайлаған жұтын, боранын, суығын, аптап ыстығын осы киелі ақ ордамен өткізіп, тарих сахнасын да өркениеттің өзгеше үлгісін көрсеткен еді. Музей залында киіз үйді ұсынып, көпшілікке таныстыруымыз – қазақ мәдениетін дәріптеудегі борышымыз деп білеміз.
Киіз үйдің бау-шулары, өзге де қажетті жабдықтары:
Аталған бұйымдар үйдің орнықты тігілуі, жамылғыларының қозғалмауы және сәндік көрінісі үшін маңызды рөл атқарады. Олар ою-өрнектермен безендіріліп, түрлі-түсті жіп, қыл, жүннен жасалады. Атап айтқанда, таңғыш – ызылған терме жіп. Керегелердің арасы мен екі босағаны біріктіріп, таңып байлайды. Бас арқан – керегенің сыртынан тартылатын қыл арқан. Басқұр – туырлықтың уық пен кереге қоспасына үйкелмеуі үшін айналдыра тағылатын өрнектелген жалпақ құр. Шалма – уықтардың аралық қозғалысын болдырмас үшін қарынан шалып байланған жіп. Дөдеге – үзіктің шетін айналдыра ұстайтын өрнектелген сәндік киіз. Желбау – сәндік үшін шаңырақтың үш жерінен байланып, керегеге асылатын шашақты баулар. Көбіне жалпақ терме бауларды қоданады. Оның екінші міндеті – дауыл кезінде шаңырақты салма арқылы басуға арналады. Белдеу – туырлық сыртынан тартылып байланатын қыл арқан. Астыңғы және үстіңгі белдеу болып, екі арқан тартылады. Олардың басты қызметі – желді күні үйдің шайқалмауын, керегелердің жайылып үйдің жалпайып кетпеуін қамтамасыз етеді. Сондықтан, белдеуді барынша берік етіп жасайды. Әрі қарай үйдің қауіпсіздігі үшін жел арқан, басар, жалбау сияқты қылдан есілген арқандар үй үстінен басылып, ағаш қазық немесе салмақты тастарға тартылып байланады.
.jpeg)
Киіз үйдің ішкі бөлінісі:
Қазақ даналығында киіз үйдің ішіне кіру, адамдардың орны, отыру әдебі осы ішкі бөлініс пен мазмұнына қарай әдет-ғұрыппен сабақтасып жатады. Тарқата айтсақ, төр – аты айтып тұрғандай, үйдің есікке қарсы ең жоғарғы бөлігі, ең құрметті орны. Қазақ үйіне қонақ келсе, «төрлетіңіз», «төрге шығыңыз» деп ілтипат көрсетеді. Баба тағылымында төрге жасы үлкен сыйлы адам отырып, қалғандары жасына қарай жағалап отыратын болған. Хан, би, сұлтан, ел ағалары төрде отырып кесімін айтып, кеңесін құрған. Соған сай, төрге шығуы әбестік болатын адамдар қатарында күйеу мен келінді, егде адамдардың алдында жасы кішілері көптеп айтылады. Бұл ғұрыпта «қыз жат жұрттық» деп қыздарға өз үйінде төрінен орын берілген. Ал, үйдің оң жағы – төрден оң қолмен босаға ға дейінгі орын. Қазақ салтында келген қонақтардың көбіне ер адамдары отырады. Онда, отағасының қолданатын ат әбзелі, ер тұрманы, құсбегі құралдары, сауыт-сайманы, киімдері орналасатын болған. Ата-бабаларымыздың оң сөзіне телитін мыңдаған жоралғы, ғұрпы бар. Қатысты бірнешеуін атасақ, қонақ табалдырықты оң аяқпен аттап, оң қолымен амандасып, оң жақпен төрге шығатын болған. Осы сияқты үйге келінді оң аяқпен кіргізіп, оң жаққа түсіреді. «Оң жағын қызартты», «Оңынан келді» деген сөздердің мағынасы да осы ғұрыптан айтылған.
Киіз үйдің сол жағы – есіктен кіргендегі оң қолдың төрге дейінгі аралығы. Әдетте, үй иелерінің, ал қонақтардың әйел адамдары отыратын орны. Себебі, үйдің ыдыс-аяқ, ас-суы осы жақта орналасады. Бұл орынның «қазан жақ» деген жанама атауы да айтылады. Қонақ күту кезінде дастарқан жайылып, аз мәзірі осы жақтан алдымен төрге, кейін оң жақ пен сол жаққа тартылады. Бұлда киіз үйге қатысты өзгермеген әдет-ғұрыптарымыздың бірі. Соңғы бөлігі от орны немесе ошақ – киіз үйдің қасиетті орны, тыныс-тіршілігінің симболы. Үйдің қақ ортасында орналасады. Заманына қарай әр түрлі пішіндегі пештер осында қойылып, мұржасы шаңырақтың сол жақ күлдіреуіштерінің аралығынан шығарылады. Түндіктен мұржа өтетін шеңбер ойылып, темірмен тысталады. Жанұяның ас-суы, тамағы осы пеште дайындалып, пісіріледі. Сол жақпен тікелей байланысты болғандықтан ошақ орнын таза ұстау, отын өшірмеу әйел адамның қарауында болған. Бұларға байланысты «ошағыңның оты сөнбесін», «түтінің тік ұшсын» деген тілектестік сөздер айтылады.
Киіз үйдің тігілу жолы:
Әуелі, үйді тігуге қолайлы тегіс, таза жер табу істің басы. Оған жел өтінен аулақ, тасқын суға ұрынбайтын қауіпсіз жер лайым. Осыдан кейін үй тігу жұмысы басталады. Алдымен сықырлауық құрылып, ұсталады. Есікті құбылаға қаратпай, оң түстік, шығыс бағытқа туралау дұрыс болады. Әрі қарай, екі босағадан жағалап кереге жайылып, таңылып, бас арқан тартылады. Бұл үй диаметрінің дайын көлемі. Одан кейін, шаңырақ көтеру кезегі келеді. Шаңырақ көтеру үшін берік ағаштан қиылған, ұзын «бақандар» қолданылады. Оны тек ер адам көтеріп, кереге шеңберінің тең ортасына ұстайды. Қазақта ұлы үйленіп, үй болса «Шаңырақ көтерді», «Отау тікті» дейді. Осы іске қатысы бар нақыл екенін бірден аңғарылар. Жалғасты, көтерілген шаңырақ қаламдығына уықтар сұғылып, кереге басына байлана береді. Уық байлауға ауылдың кәрі-жасы түгел ат салысып, әп-сәтте үйдің қаңқасы әзір болады. Дайын қаңқаға алдымен туырлық, сосын үзік, түндік жабылып, ішкі-сыртқы бау-шулары байланады. Жалпы, киіз үй тігу – ауыл бірлігінің, ағайын ынтымағының, мамыражай тірліктің, бебітшіліктің көрінісі десек, қателеспейміз. Музейдегі киіз үйде мақала басынан айтылған үйдің қаңқа, жамылғылары, бау-шулары толық жабдықталып, ішкі бөлінісі де орнымен сақталып, тігілген. Облыста көпшілікке ұсынылған жалғыз үй болғандықтан, музейге келушілер қызығушылық танытып, ризашылығын да білдіріп жатады. Біздің міндет, осы құнды мұраны жалықпай насихаттау.
Сөз соңында киіз үйдің бүгінгі қоғамда бағалануы, алған орны жайында аз-кем тоқталып өтейін. Өткен 19-20 ғасырда киіз үйдің пайда болуы, дамуы, жасалуы жайында шетелдік және еліміздің ғалымдары көлемді зерттеу еңбектер жазып, құндылығы мен маңыздылығын арттырса, бүгінде киіз үй халқымыздың тарихымен тең айтылатын, ұлттық құндылықтарымызды молынан сақтаған, шеберлігін айшықтаған ең көне, асыл мұрамызға айналды. Осының бір дәлелі ретінде 2015 жылы ЮНЕСКО-ның метариалдық емес мәдени мұраларды қорғау Комитетінің ұйғаруымен адамзаттық мәдени мұралар тізіміне енуін айта аламыз. Он сегіз мың ғаламның шағын бейнесі іспеттес, аспан мен жер, күллі жаратылыс жиындығымен үндесіп жататын киіз үй, қазақ танымының өзегі. Сондай-ақ, қазақтың киіз үйі тек музейлерде, шеберханаларда насихаталатын жәдігер деуден аулақ болуымыз керек. Өйткені, көшпенді мәдениеттің ғұрпын үзбей, қаз қалпында сақтап, тұрмысын киіз үйде жалғастырып жатқан қазақтардың әлі де бар екені белгілі. Қорыта айтқанда, ұлттық мұрамызды ұмыттырмай, ұрпаққа нәсихаттауға, сол арқылы мәдени мұралармен сусындатуға мүмкіндік жеткілікті. Өткенін, тамырын білмей, ата аманатын сезінбей ұрпақта текті бола алмайды.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
Әдебиет және өнер музейінің
ғылыми қызметкері