Біріккен Ұлттар Ұйымы АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылын айыптады, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ....
Танымал демалыс орнында жолбарыс қорықшыны мерт қылды
depositphotos
Таиландтағы ең ірі қорықтардың бірінде қорықшыны жабайы жолбарыс өлтірді. Қайғылы оқиғадан кейін қорық туристер үшін жабылды. Бірнеше күннен соң мамандар оқиғаға қатысы бар деп күдікке ілінген жыртқышты тапты, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Оқиға Huai Kha Khaeng Wildlife Sanctuary қорығында болған.
5 тамыз күні 48 жастағы қорықшы Сакарин Вичаджан жастар лагерінің таңертеңгі жиынына келмеген. Әріптестері күзет бекетінен шамамен 200 метр қашықтықта орналасқан оның үйіне барған.
Үйдің ішінде ешкім болмаған. Оқиға орнынан ер адамның ұялы телефоны мен жеке заттары, сондай-ақ жыртылған маса торы табылған. Жақын маңнан ірі жыртқыштың жемтігін сүйреп әкеткеніне ұқсас іздер байқалған.
Көп ұзамай іздестіру тобы ер адамның мәйітін үйінен шамамен 200 метр жердегі орман ішіндегі бұлақтан тапқан.
Жергілікті биліктің мәліметінше, мәйітте тіс пен тырнақ іздері болған. Оқиға орнынан ірі жолбарыстың жаңа іздері де анықталған.
Таиланд Ұлттық парктер департаментінің басшысы Аттафон Чароенчансаның айтуынша, шабуылды жабайы жолбарыс жасағанына күмән жоқтың қасы. Бұл қорық елдегі жолбарыстар ең көп шоғырланған аумақтардың бірі саналады. Оқиға орнында полиция қызметкерлері де жұмыс жүргізген.