Блогерлер түскен фильмдер тез ұмытылады — Актриса Айғаным Нұрсұлтан

Суреттер автордың жеке қорынан

Кино
554

- Айғаным Болатқызы, әңгімеміздің әлқиссасын бала күніңізден бастасақ. Бала Айғаным қандай болып еді?

- Мен 1996 жылы 1 наурызда өмірге келіппін. 6 сыныпқа дейін Қазалыда оқып, кейін Алматы қаласына қарасты Ұзынағаш ауылында мектеп бітірдім. Ұзынағашқа келгенде біз кішкентай үйде тұрдық. Сол үйге келген қонақтарға мен концерт қойып беруші едім. Маған адамдардың қуанышы, қошеметі ұнайтын. Тіпті маған көрсеткен ілтипаттары мен тамсана қарағандары ерекше сезімге бөлейтін. Қазір де мақтау естігенді, халықтың алдында өнер көрсеткенді қалап тұрамын. Мектеп кезінде өте сезімтал, айтқанынан қайтпайтын қыз болдым. Мектепте мені бір сыныптасымның жақсы көретінін сезетінмін. Бірақ ол тым қарапайым, өте момын болатын. Ал мен ер мінезді, алған бетімнен қайтпаушы едім. Сол жігіт маған деген сезімін айтпай, үндемей жүре берді. Ал мен одан «Мен сені жақсы көремін!» деген сөзді естігім келетін. Содан бір күні мен оны басынан кітаппен ұрдым. «Мені жақсы көресің бе? Айт!» деп біраз төмпештеп алғаным бар. Бұл да болса бала күнгі болмысымнан хабар береді. Сол кездегі мінез бүгінде қатты өзгере қойды дей алмаймын. Ақкөңілділігім де бар. Алданып қалатын кездерім де жоқ емес. Актриса болғаннан болар, көңіл-күйім құбылмалы. Біздер кішкене қиялилау болып келеміз ғой... Жалпы адам болып қалыптасуыма әжемнің көп еңбегі сіңген. Әжем Дарменкулова Айымкамал қазір 79 жаста.  Ал атам, өкінішке қарай, өмірден өтіп кетті. Ол кісі есімде ашық-жарқын кескінімен қалыпты. Әжем 12 баланы өмірге әкелген мықты әйел. Бірақ екі баласы шетінеп кеткен. Бір көкем қайтыс болды. Марқұм көкем жайдарлы кісі болатын. Үнемі көңілді жүретін оның ауызынан жағымсыз сөз шыққанын естімеппін. Жаны жайсан азаматты сұм ажал арамыздан алып кетті. Мұның бәрі әжеме оңайға соққан емес. Тағдырында қандай қиындық келсе де қасқайып қарсы алды, көз алдында жүрген тоғыз баласын өсіріп шығарды. Біз секілді немерелерін де тәрбиеледі. Үнемі еңсе көтеріп жүруді, тұлғалықты дәріптейтін. Әйел баласына нәзіктік лайықты дегенімізбен кей кезде мықтылығымды байқатып қалатын сәттерім болады. Мұның бәрі әжемнің тәлім-тәрбиесі шығар. Осы сәтте өз отбасым жайлы да айта кетейін. Әкем — мұғалім. Бір бойында бірнеше таланты бар. Суретші әрі музыкалық біраз аспаптарда ойнай алады. Әсіресе, суретшілік қабілеті тумысынан бойында бар екен. Бірақ онысын жетілдірмеген. Ал анам сауда саттықпен шұғылданады. Алдымда бой түзер әпкем мен соңымнан ерген сіңілім бар. Үйдің үлкені анамыздың жолын қуса, кішіміз әкеміздің ізін басты. Ал мен мүлде басқа салаға бет бұрдым. Қыздар педагогикалық университетінің өнер және мәдениет факультетінде оқыдым. 4 жыл ішінде сценарий жазу, ұйымдастыру, актерлік шеберлік, би секілді қабілеттерді меңгеріп шықтым. Гимнастиканы да үйрендім. Жалпы аз уақытта өнердің әртүрлі бағытында өзімді байқап көрдім. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының тәлімгерлерінің тәлімінен өттік. Олардың арасында Меруерт Түсіпбаева, Гүлнар Әбікеновна деген секілді мықты мамандар болды. Ұстазым деп айтуға болатын адамдардың ішінде Дәулет Ариповтың да алар орны зор.

- Бойжеткен шақта нені армандаушы едіңіз?

- Оқушы кезімде адамдардың өмір сүру ерекшеліктері қызықтыратын. Сондықтан да адамдарды зерттегім келді. Олардың әр шешімі, әр сөзі, тіпті жасаған іс-әрекеттерінің себебін білуге құштармын. Сондықтан да өнерден бөлек, психология саласын оқуды армандадым. Кейін өнерді үйреніп жүрген кезімде спортқа деген құлшынысым оянды. Тауға шыққанды ұнаттым. Шыңға шығып, таза ауада жалғыз өзім серуен құрған ұнайды. Санадағы ойларымды жүйелеп, бойдағы жағымсыз әсердің бәрін тауға тастап кеткенді жөн көремін. Міне, бұдан да психологияға деген әуестімді байқап отырған боларсыз. Гимнастика мен би де жаныма жақын. Қазақи немесе өзбек биі, латина болсын таңдап жатпаймын. Әртүрлі жанрда билеген ұнайды. Мұнда да эмоция бар. Биге де характер, харизма керек. Биде де, гимнастикада да іс-әрекетің арқылы сөзді, мағынаны жеткізесің. Осының бәрін бір жерге жинақтап алсаңыз, мен армандаған картинаны сіз де көре алар едіңіз.

- Өмірлік қалыптасу кезеңіңізден өнерге аяқ басқан сәтіңізге ойыссақ...

- Киноға түсуіме ешкім қолдау білдірген жоқ. Мен әркез өз-өзімді қолдап келе жатырмын. Киноға түсуіме ата-анам қарсы болған. Бірақ анам жылы лебіздерін білдіріп тұрады. Ал әкем айналамыздан танымал адамдар шықпағандықтан «саған демеу болар ешкім жоқ, қыз балаға ауыр жол» дегендей уайымын білдірген. Дегенмен менің ішкі қалауым осы болды. Сондықтан осы бағытта әрекет жасап келе жатырмын. Бұл жолда маған таныс-тамыр, доc-жаран қажет деп ойламаймын. Қазіргі заманда бір-біріне көмек қолын созып жүретін дос атаулы некен-cаяқ шығар. Сол себепті жақсы режиссерлермен сөйлесіп, кәсібилігімді мүмкіндігінше байқатуға тырысып жүрмін. Нәтижесі де жаман емес деп ойлаймын.

- Ең алғаш қандай фильмге түстіңіз? Шақырту алған сәт есіңізде ме?

- Бірінші рет 2018 жылы НТК арнасынан көрсетілген «Бақытсыздар бағы» сериалына түстім. Жалпы басында тәжірибе болмағандықтан қобалжу болатыны түсінікті. Бірақ өз рөлімді ойдағыдай сомдадым. Кей жылдары фильмге түспей қалған уақыттар да болды. Басты рөлдерге де ұсыныстар енді-енді түсе бастады. Ал қазіргі сәтте актриса ретінде мен өзіме толық сенімдімін. Жалпы актриса деген кез келген рөлді алып шығуы тиіс. Ол сондықтан да актриса, сол үшін актер. Біздің кейбір актрисалар жылайтын сахналарды сомдауға қиналады. Амал жоқ, көзіне дәрі тамызып жанарына жас ұялатуға барын салады. Мен бірақ оларды қалай актриса деп айтуға болатынын білмеймін. Өз басым шетелдік актрисаларды жақсы көремін. Бізде кино индустрия енді дамып келе жатқандықтан бұл жайттар жүре түзелетін шығар. Бірақ, біз мынаны ескеруіміз қажет: қазір киноға әлеуметтік желіде танылған, оқырманы көп блогерлерді түсіре бастадық. Ал олар жоғарыда айтқанымдай осалдық танытып жатады. Өйткені олар актер емес. Салдарынан олар түскен фильмдер ел арасында тез ұмытылып жатады. Кинода блогерлер мен жайдарманшы жігіттердің әзіліне бір сәт езу тартуыңыз мүмкін. Кейін есіңізде де қалмайды. Сондықтан да менің көңілім фестивальдерге ұсынуға лайық фильмдерге түскенді қалайды.

- Фестиваль демекші, сіз түскен "Айқай" кинокартинасы тамыз айының соңында Ресейде өтетін халықаралық кино сайысына қатысады екен ғой...

- Иә. Кинокартина ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен түсірілген. Режиссері Кенжебек Шайқақов. Фильмде күллі қазақтың қасіреті болған «Семей полигоны» құрбандарының тағдыры ядролық жарылыстан зардап шегіп, аяқсыз дүниеге келген азаматтың өмірі арқылы бейнеленеді. Фильмнің түсірілімі 2022 жылдың қазан айында аяқталып, 2023 жылдың наурыз айында монтаждау жұмыстары басталды. Маусым айының соңына дейін созылған монтаж кезеңінде фильмнің түсі өңделіп, қайта дыбыс жазу, компьютерлік графика, дыбыс әрлеу жұмыстары атқарылды. Фильмнің соңғы нұсқасы Ұлттық киноны қолдау орталығының экспертті кеңес өкілдеріне 26-маусым күні көрсетіліп, бекітілді. Алдағы уақытта фильм көрермендерге халықаралық кинофестивальдер арқылы жол тартады. Туынды ыстық-суығына қарамастан Аягөз қаласында бір ай түсірілді. Өте ауыр фильм. Шүкір, еңбегіміз бекер кеткен жоқ. Бүгінге дейін бірнеше жүлде иеленді. Қыркүйек айынан бастап Қазақстан кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Мұнда мен қияли, әлемі бөлек, өзін еркін сезінетін қыздың рөлін сомдаймын. Сценарий бойынша басты рөлдегі кісі маған ғашық болады. Осы екі адамның арасындағы жұмбақ байланыс көрерменді ойландыруы тиіс. Әлем жұртшылығы фестивальдерде оң бағасын бергенін ескерсек, еліміздегі көрермендердің де көңілінен шығатын шығар деп үміттенемін. Десе де комедияға бой үйретіп алған көрермендердің бұл фильм жайлы ойлары қандай болатыны өзіме де қызық. Айтпақшы, бұл фильмде менің қатысуыммен бірнеше секундтық ашық сахна түсірілді. Мұны да отандастарымның қалай қабылдайтынын көре жатармыз. Өз басым оны ұят деп санамаймын. Өйткені жоғарыда айтып өткенімдей мен кәсіби актрисамын. Сондықтан кез келген рөлді сомдауға дайынмын. Оның үстіне мен түскен ашық сахна әдемілікті, сұлулықты және ерекшелікті көрсетеді. Менің ойымша, бұл біздің қоғамда талқыға түсетін сияқты.

- Осы мәселе төңірегінде (ашық сахна) жақындарыңыздың пікірі сізге қалай әсер етуі мүмкін? Әсіресе, әкеңіз қалай қарайды? Сосын кино туындылардың былапыт сөздермен жиі түсірілуі туралы не ойлайсыз?

- Фильмге түсер алдында режиссер фильмде «ашық картинаның» барын айтып, ата-анамның, айналамның ойын білуге тырысты. Бірақ өз еркіндігі өзінде бар адам ретінде нақты шешім қабылдадым. Мен 28 жасыма дейін қиыншылықты көп көрдім. Егер мен ештеңеден қиындық көрмей, ата-анасының аялап өсірген баласы болғанымда олардың ойына кіріптар болар ма едім?! Өнерге келгенде мен ешкімнің ойына қарап жатпаймын. Ең бастысы бұған өнер ретінде қарап, фильмдегі ойды ұғынауға тырысқан жөн. Ал жалпы мағынасыз сөз атаулыға өз басым жиіркенішпен қараймын. Жақында отандық бір фильмді көруге бардым. Блогерлер түскен бұл фильм тұнған боқтық. Тіпті соның не туралы екені де есімде қалмапты. Киноның ортасына келгенде қалай ұйықтап кеткенімді сезбей қалдым. Ондай фильмдердің ғұмыры ұзақ болмайды. Біздің санамыз бен мәдениетіміз кинотеатрға барып боқауыз фильм көріп отырудан өседі деп ойламаймын. Оны көрген балалар қандай тәрбие алады?

- Сөзіңіздің жаны бар. Сөз соңында еліміздің құқықтық тәртібінің сақталуына жауапты Ұлттық ұлан әскерінің қызметі жайлы не білетініңізді сұрасам деп едім. Немесе ұландық әскери қызметшілерге деген лебізіңізді естігіміз келеді.

- Ұлттық ұлан әскерінің сарбаздары мен сардарларына ризашылығым зор. Қазақстандағы қоғамдық және құқықтық тәртіпті сақтау бойынша атқарып жатқан жұмыстарыңызды көріп жүрміз. Еліміз бен жерімізді қорғайтын осындай азаматтардың барына қуанамын. Сондықтан сіздер де дами беріңіздер, өсіп-өркендеңіздер. Сіздердей азаматтар бар кезде біздің ұйқымыз тыныш болады.

- Сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін көп рахмет! Кино әлеміндегі аяқ алысыңызға сәттілік тілеймін!

Әңгімелескен Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

 

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...