Телесериал табиғаты: дәстүрлі формат және веб сериал

КИНО
5343

«Шекер» веб-сериалынан үзінді кадр (реж.: А.Жолдасқали)Телевизияның пайда болуынан бері, кино мен телехикаялар көрерменнің назарына сайыс жүргізуде. Әрине, бұл екі дүниелерде ауқымдылығы немесе тақырыбы, сценарийі мен түсірілімі жағынан өз ерекшеліктері бар: фильмдер кем дегенде бір жарым сағат ішінде, бір тақырып айналасында оқиғаны көрерменге таныстырып, сюжет шиеленісіп, өзінің мәресіне жетеді. Ал, бәрімізге белгілі телехикаялар апта сайын белгілі бір уақытта, бір бөлім көлемінде көрсетіліп, апта сайын оқиға белгілі бір бағытта ауысып тұра алады. Телехикая бірнеше, тіпті ондаған маусымдарға жалғасып, көрермендер жас косқан сайын оқиғамен бірге өсіп, куә бола алады. Мағынасы жағынан бұл екі дүниеде келіспеушілік бар деп айта алмаймыз, себебі, әр өндіруші топ өзінің туындысы  арқылы көрерменге белгілі бір хабар жеткізгісі келеді. 

Америка Құрама Штаттары жылдан жылға дамып келе жатқан кино өнері мен телехикаяларымен әлемге танымал. Қазақстанға Америка телесериалдары кешірек жеткенмен, «Друзья», «Теория большого взрыва» және тағы да басқа көптеген сериалдар күні бүгінге дейін теледидар арналарында қайта көрсетіліп жүр. Қазақстанда, сонымен қатар, белгілі бір көрермен санын Түркия, Үндістан мен Корея өндірісінің телесериалдары жинап жүр. Отандық өндірістің де лайықты мысалдары бар. 

Қазақ телехикаялары өз шыңына 2010 жылдарға таман жетті. Ғаламтордың әлі дамып, телевизияның орнын алмастыра қоймаған жылдары теледидар көрерменнің күнделікті серігі болып келетін. Әр көрерменнің талғамына сай, комедиялық, драмалық тіпті криминалды боевик жанрында телехикаялар назарға бөленетін. Мысалға, 2010 жылы алғаш көрсетілген «Әселдің құрбы-құрдастары» телехикасы. Қарапайым студенттердің достығы, кейіннен романтикалық қатынасы мен есеюдің уақыты жайлы пайымдайтын бұл телехикая екі маусымға созылған. Тақырыбы жағынан бұл туынды Ресейдің үлкен назарға ие болған  «Универ» телесериалына ұқсас. Режиссерлар Чингиз Капин мен Галина Ефимова аудиторияны қызықтыру жағынан үздік жұмыс жасаған. Жастардың қуанышы мен қиындықтарын шынайы түрде, комедиялық мелодрама жанрында бұл телехикая көбінесе жастардың назарына бөленді. Сонымен қатар, орыс тілінде түсіріліп, Қазақстанның көпұлтты көрерменін бірдей түсінік пен қызығынан айырмады. Көрініс барысында, шетел телехикаяларына ұқсастық байқаймыз. Бір топ студенттер, үш жігіт пен үш қыз бала, түрлі мінезді кейіпкерлер, әр эпизод сайын бір дәмхананың ішінде кездесіп, әнгіме-дүкен құрады. Бұл телехикая бүгінгі күнде де кино өнерінің мамандары Аружан Джазильбекова мен Айсулу Азимбаева секілді актрисалардың алғаш қадамдары десек болады. 

Қазақ телеарналары күні бүгінде әр түрлі жанрлық тақырыптарда телехикаялар шығаруда. Жоғарыда аталып өткен телесериал секілді жастарға арналған «Побег из ауыла» мен танымал «ВУЗеры» телехикаяларымен қоса, отбасылық көрсетілімге арналған «Пәленшеевтер», «Өз үйім», «Өгей жүрек» пен «Келінжан» секілді телехикаялар бар. 

Отбасылық телехикаяларға көз жүргірткен көрермен олардың екі түрлі табиғатын байқай алады. Кей біреуі, отбасын комедиялық тұрғыда болса, келесілері керісінше, драмаға, тіпті трагедияға сүйенеді. Әрине, сюжеттік немесе актерлық ойын жағынан бұндай телехикаялар жоғары деңгейде емес, көп жағдайда телехикаяларда театрлық ойын басым болып жатады. Дегенмен, көрермен бұл телехикаяларға құмар, әсіресе жасы үлкен көрермендер әр апта сайын, бір уақытта бір эпизодын жібермей күтуде. Сонымен бірге, Қазақ киносының тарихи жанрына сай, тарихи телехикаяларда жеткілікті. «Абай жолы», «Бауыржан Момышұлы», «Ән-аға» мен «Күләш» немесе 2020 жылы шыққан «Полигон» телехикаялары тарихта орын алған тұлғалар немесе оқиғалар жайлы пайымдайды. Көп жағдайда бұл телехикаялар 6 бөлімнен аспайды, көрермен бұл телехикаяларды, тіпті, толықметражды фильммен шатастырып жатады. Бұндай телехикаялар бірінші көрсетілімін кинотеатрларда бастау алатындығын ескерсек, көрерменнің ойын ақтай аламыз. «Қазақ хандығы» жайлы түсірілген ауқымды фильм де телехикая ретінде жалғасқан.

Заманның алдыға жылжуына сай, ғаламтор мен түрлі технологиялар күннен күнге таңқаларлық жетістіктерге жетіп келе жатыр. Телевизияның орнын ұялы телефон қосымшалары, ғаламтор сайттары алмастырды. Қазақ телехикаяларының аудиториясы мен көрермен талаптарының ауысуы веб-сериалдардың шығуына себеп болды. Веб-сериалдардың бастауы 2019 жылға қарай түседі. Алғаш веб-сериал «Всемогущий» актер Ерден Телемисовтың алғаш режиссерлық жұмысы. Джинның блогерлікке құмарлығы жайлы бұл веб-сериалдан қазақ кино және театр мамандары – Берік Айтжанов, Санжар Мади мен Азиз Бейшеналиев және режиссердің актерлық шеберлігін көре аламыз. Бұл телехикая веб-сериалдардың алғаш қадамы болғанмен, көптеген көрермендер, әсіресе жас ұрпақ Гакку арнасының «Бір тоқсан» телехикаясын еске түсіреді. 2019 жылғы бұл веб-сериал атына сай мектеп оқушыларының Ұлттық Біріңғай Тестілеуге 1 тоқсан қалған кезде туатын қиындықтар, достардың арасындағы қарым-қатынас секілді жасөспірімдерге таныс мәселелерді қозғайды. Кейіннен, сериал кейіпкерлерінің жоғары оқу орнындағы өмірі «Ловантер», жаңа кейіпкерлер мен оқиға қозғалатын «Тағы бір тоқсан», «Жолдастар» секілді жаңа маусымдарда жалғасын тапқан. Веб-сериалдың жаңа маусымдары оның сұранысынысың ауқымдылығын түсіндіреді. Веб-сериалдың актерлық құрамы көбінесе жаңа, жас актерлерден құралғанымен, актерлық шеберлік жағынан олар кем емес, керісінше шынайы әрі шеттен шықпайды. Бұл веб-сериалдың жетістіктері өзінің артынан тағы бірнеше сериалдың шығуына себепші болды. 

Мысал келтірсек, режиссер Айтөре Жолдасқалидың «Шекер» веб-сериалы көрермен арасында екі түрлі ой тудырды. Бірінші жартысы оны қолдап, заманауи жастардың табиғаты мен мәселесін еш әсірелеу немесе әсемдеусіз козғап, шынайылықпен көрсеткені үшін қоштады, ал екінші жартысы керінсінше, маскүнемдік пен нашақорлықты насихаттау деп санауда. Бұндай қарама-қайшы келген көзқарасқа қарамастан, веб-сериалдың көрсетілім саны күннен күнге ұлғаюда. Веб-сериалдың өте терең мәселені қозғауы оны қолдап, немесе нашақорлыққа апаруы емес, керісінше жаман дүниеден алшақ болып, басты кейіпкердің мысалында қандай жауапкершілік артуының бейнелеуі деп санау орынды. Сонымен қатар, веб-сериал Пусан қаласында өткен халықаралық конкурста жоғары жүлдеге ие болып, Қазақстанға халықаралық деңгейде назар аудартты.

Дәл бүгінгі күні ғаламторларды шулатқан «5:32» веб-сериалы үлкен үміт береді. Қазақстанның кино немесе жалпы медиада көп қозғала бермейтін қылмыскер-маньяктар жайлы бұл веб-сериал көптеген көрерменді таңқалдырды. Біріншіден, тақырыбымен, екіншіден түсірілім деңгейі мен актерлардың шеберлігімен. Қанның ауқымды төгісін, аяусыз өлтіру эпизодтарын және әр бөлімнің Қазақстанның қылмыс тарихында орын алған маньяктары жайлы болуын қарапайым көрермен күтпеді. Бүгінгі күні веб-сериалдың 4 бөлімі ғана жарық көргенмен, көрермен асыға күтіп, бұл сериалға үлкен үміт артуда.

Веб-сериалдар – телевизия мен кино өнерінің жаңа қырын ашып, өзіндік бірегей орынға ие болды. Веб-сериалдардың өндірісінде үлкен жұмыс атқарған мамандардың айтуы бойынша және көрерменнің өзі байқағандай веб-сериалдар шығармашылыққа шекара қоймайды. Олардың сюжеті мен сценарийі жағынан еркіндік пен тәуелсіздік бар. Кино және телевизияда көп дүние цензураға байланысты көрсетілмей кетсе, веб-сериалдардың ондай шектеуі жоқ. «Бір тоқсан» мен «Шекер» веб-сериалдары секілді тақырыптар көркемделмеген, керісінше күніге артып бара жатқан мәселелер мен тақырыптар шынайы түрде ашылған. Әрине, заманауи қазақ киносында жастар мен жасөспірімдердің мәселелері қозғалып келе жатыр. Дегенмен, өкінішке орай, қазақ киносы кинотеатрларда жалдауға байланысты ұзаққа созылмайды. Ал, веб-сериалдар шексіз ғаламтордың әлемінде көрермен санын ұлғайтып жатыр. Сонымен қатар, веб-сериалдар бізге жаңа таланттарды ашуға, актер болсын, режиссер болсын үлкен мүмкіндіктер береді. Сол себепті, қазақ кино өнері немесе телевизиясынан бөлек, веб-сериалдар бірегей орынға әрі жарқын болашаққа ие.

 Еркінқызы Ләйлі, «Кинотану» мамандандыруының 2 курс студенті (Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА)

«5:32» веб-сериалының түсірілім алаңынан (реж.: А.Утев) Қазіргі уақытта ешнәрсе бір орында тұрмайды. Ғылым да, технология да, медицина да күннен-күнге дамуда. Соның ішінде мәдениет саласы да қарқындауда.

Мәдениет – адам баласының дамуына ықтимал болатын салалардың бірі. Мәдениеттің ішінде киноның алар орны ерте заманнан-ақ ерекше. Кино – бұл жай ғана өнер түрі емес, бұл уақыт машинасы сияқты бізге қазіргі уақыттың және өткеннің атмосферасына енуге мүмкіндік беретін ерекше әлем. Қазақстанның өзінде соңғы жылдары жақсы туындылар түсіріліп, жарыққа шығуда. Заманнан ілгері қалмай біздің де ел шетелдік кинотуындыларға ұқсатып, түрлі жанрдағы сериал-фильмдерді ұсына бастады.Тіпті, қазіргі уақытта телесериалдардың өзінде аудитория көп жиналып, халықтың ықыласына кенелуде. Сондай-ақ, телесериал бағыты бойынша екі түрге бөлінеді, оның бірі – дәстүрлі формат болса, енді екіншісі – веб-сериал. 

Сериалдар телеарналардың күндізгі уақыты бойынша арна бағдарламаларының көп бөлігін алады. Бұл белгілі бір айдарлардың тұрақты рейтингін сақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы сериал өндірісі халықтың барлық дерлік топтарына бағытталған: бұл детективтік және мелодрамалық сериалдар, кәсіби және ерлі-зайыптылық комедиялар, балалар мен фантастикалық телешоулар, сонымен қатар, деректі телехикаялардың айтарлықтай үлесі де бар. 

Қазіргі уақытта барлық сериалдарды үш негізгі категорияға бөлеп қарастырады: 1) аз сериалды немесе мини-сериалдар – 10 эпизодқа дейін; 2) орташа сериялар – 40-50 эпизодқа дейін; 3) үлкен сериялар – жүз серияға дейін.

Телесериал – ашық немесе ішінара аяқталған сюжеті бар көркем телебағдарламаларды белгілеу үшін, сондай-ақ көпсериялы телефильмдер немесе көпсериялы телефильмдер циклдары үшін әртүрлі теле ұйымдар пайдаланатын термин. 

Кез-келген сериалдың мақсаты – көрерменді экрандарға ұзақ уақыт тарту және оның өнімге деген қызығушылығын сақтау. Егер сериал қызықты болса, көрерменде қызығушылық артып, келесі серияны асыға күтетін болады.

Веб-сериал – интернет арқылы таралу мақсатында шығарылған сериал түрі, бірақ болашақта теледидарда да пайда болуы мүмкін. Осы сериалдың бір сериясы көбінесе веб-эпизод деп аталады.

Веб-сериал – бұл әр түрлі онлайн-кинотеатрларға арналған сериал. Мұндағы әр серияның ұзақтығы  драмалық қойылымдардай 40-50 минут емес, немесе фильмдер сияқты 20-30 минут емес, бар болғаны YouTube-те әдеттегідей 10-15 минут. Ресми шектеулер болмаса да сіз үш сағаттық сериалды түсіре аласыз, бірақ сериал көрермен жинауы екіталай. Жалпы веб-сериалды тек жасөспірімдер мен жастар ғана емес, енді сериал көріп бастаған адамдар, көп сериялы сериалдар көруге уақыт таппайтын адамдар да көреді. Веб-сериалдардың телесериалдарға ұқсастығы бар. Екі форматта да белгілі бір сериялар бар, олар белгіленген жиілікпен шығуы керек. Олардың мақсаты –көрерменнің назарын аудару, оған әртүрлі жолдармен қол жеткізіледі: көрерменнің сұрақтары мен үміттерін қалыптастыратын драмалық элементтердің болуы, теңсіздіктің әсерін жасау, тақырыптардың әртүрлілігі  және т. б.

Телесериалдар сияқты веб-сериалдарды баяндау форматына сәйкес ажыратуға болады. Веб-сериалдың әр сериясында тәуелсіз сюжет те болады, олар қазір дамып келеді. 

Веб-сериал тарихының драмалық негізі тұтастай алғанда фильмнің немесе теледидар сериалының ұқсас негізінен еш айырмашылығы жоқ. Сондай-ақ, интернетте кейіпкердің болуы, оның мақсаты және оған жету үшін кедергілер қажет. Веб-сериалардың кейіпкерлері телесериалдарға ұқсас – бұл, әдетте, көрермен өзін байланыстыратын адамдар.

Веб-сериалдар – бұл белгілі сценарий нюанстары бар бір өндіріс технологиясы. Мысалы, интернетте жарыққа шығатын сериалдар көрерменнің назарын аудару үшін әр алты секундында бір ерекше оқиға не бейне болуы керек. Бұл сондай-ақ белгілі бір операторлық тәсіл: өнім негізінен гаджеттерге ұқсайтындықтан, бұл баяндаудың динамикалық түрі – батыл, жарқын, оқиғалы. Аудиоға келетін болсақ, қысқа көркем шығармадағы дыбыс басқа заңдарға сәйкес жұмыс істейтінін нақты түсінуіміз керек. Яғни, егер сіз үлкен сериядан алшақтасаңыз, онда сіз сюжеттік желіні жіберіп алмайсыз, ал егер сіз 15 минуттық фильмнен алшақтасаңыз, әңгіме желісін жоғалтуыңыз мүмкін. Тиісінше, дыбыс подкаст сияқты жұмыс істеуі керек, Сізді әрдайым мазмұнда, сюжетте ұстап, осы өнімге деген қызығушылықты сақтауы керек. Жалпы алғанда, бұл үлкен технологиялық және шығармашылық әңгіме – осы мазмұнды өндірудің ережелері мен әртүрлі технологиялық нюанстарын қалыптастыру енді басталады, өйткені нарық әлі қалыптаспаған. 

Енді, веб-сериалдар мен дәстүрлі сериалдардың ұғымын түсінсек, Қазақстандағы осы форматта түсірілген сериалдар туралы айту керек. Иә, елімізде соңғы 10 жылда сериалдың түр-түрі шықты. Бірі көрерменнің есінде ұзаққа сақталса, енді бірі дұрыс аудитория жинай алмады. Жуырда ғана көрерменге жол тартқан дәстүрлі форматта түсірілген «Ақжауын» сериалы мен веб-сериал форматындағы «5:32» сериалын салыстырайық. 

«Ақжауын» сериалы – ұлттық арна Қазақстанда шықты. Әр серияның ұзақтығы 45 мин, бірақ эфирде 1 сағаттан артық уақыт көрсетіледі. Яғни, сериалды теледидардан көру үшін жарнаманы да көру қажетсің. Бұл сериалда барлық сюжет бір оқиға барысында жүреді. Компания дамуы, қыз бен жігіттің махаббаты, ата-ана қарым-қатынасы туралы десек те болады. Бұл сериалдан үлгі алатын ерекше бір бейне бар, ол экотауарларды насихаттау, экологияны сақтау. Яғни, сериалда бір астар жатыр. Дәстүрлі форматта түсірілген сериалда актерлер әдеби тілде сөйлейді, ондай сөйлеу мәнері шынайы өмірде жоқтың қасы екені бәріне аян. Осыдан, көрерменнің сериалға деген қызығушылығы сәл төмендеуі де мүмкін. Бұл форматта сериялардың экранға шығу ұзақтығы жиі, яғни күн сайын шығып тұрады.

Енді «5:32» сериалына тоқталсақ, бұл туынды бірден үлкен рейтингке ие болды. YouTube желісінен шығады, ұзақтығы 35-40 мин аралығы. Бір ерекшелігі сериалда цензура жоқ, бәрі ашық көрсетілген. Актерлер шынайы сөйлейді, дәл реалистік өмірдегідей деуге де болады. Бірақ, серияларының шығу арасы ұзақ. Сюжеті ерекше, банальды тақырып емес. Өмірден алынған, әр сериясын асыға күтесің. Қызығушылықты соңына дейін ұстап тұра алады.  

Қорытындылай келе, екі формат та ерекше. Дегенмен соңғы жылдағы рейтинг пен басталамаларға қарағанда, веб-сериал дәстүрлі форматтан озатын сияқты. Веб-сериалда аудитория жинау оңай. Осылайша, веб-сериал аудиторияның сұраныстарының ерекшеліктерін ескере отырып, дәстүрлі теледидар сериалымен бірдей принциптерге негізделген деп қорытынды жасауға болады. Мазмұнның бұл түрін бірнеше түрде ұсынуға болады (телешоулар, жарнамалар, реалити-шоулар және т.б.), аз ақшаға түсірілген, бірақ ақпарат ағынында таралып кетуі де мүмкін.  Екінші жағынан, дұрыс алға жылжу кезінде жоба өз орнын тауып, аудитория жинай алады, бірақ бастысы – оны жасаушыларға кино және теледидар әлемінде өз мансабын бастауға нақты мүмкіндік беру. Авторлар үшін ең бастысы – көрерменді баурап алатын туындылар жасау.

 Бақытжан Еркежан, «Кинотану» мамандандыруының 3 курс студенті (Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА)

«Келінжан» телесериалынан үзінді кадр (реж.: Е.Нұрғалиев)Телесериал мен веб-сериалдардың қазіргі таңдағы сапалы өнімдері техниканың дамуы мен небір түрлі технологиялар арқылы көрермен көзайымына айналып отыр. Және де тек техника емес, ең бастысы сол сериалдардың сценарийі мен актерлік құрамының арқасында деп ойлаймын. Қазіргі таңда көптеген түрлі телесериалдар мен веб-сериалдар шығуда. Ең алғаш телесериал 1947 жылы шыққанымен, қазіргі таңға дейін, қанша жылдар өтсе де телесериалдар үздіксіз дамуда. Тіпті, қазіргі заманда кино өнерін өнер ретінде емес, кино өндірушілер бизнес ретінде де, қаржылай пайда әкелетін туынды ретінде көреді.

Телесериал – телеарналар арқылы көрсетілетін көп сериядан тұратын көркемдік киношығарма.

Веб сериал – ғаламтор арқылы шығатын сериалдар. Көрермендер де оны ғаламтордан ғана тамашалайды.

Серия – ой мен әрекетке байланысты сюжеттің бір бөлігі.

Маусым – бірінен соң бірі көрсетілетін сериалдардың реттілігі.

Ал телесериал табиғаты дегеніміз – сериалдың сапасы, мазмұны. Бүгінде телесериалдармен қатар веб-сериалдарда өте жақсы дамып келеді. Тіпті, ғаламтор желісінде миллиондаған қаралымды өте оңай жинайды. Содықтан да, жарнамалар көптеп кездеседі. Себебі, жарнама берушілерді сериал көрушілердің санына байланысты тек рейтинг қызықтырады.  Сонымен қатар, осы қарқынмен бір-екі жыл шамасында веб-сериалдар өте танымал болатын деңгейге жетеді деп ойлаймын. Біз веб-сериалдарды қазіргі таңдағы өте танымал YouTube платформасы арқылы тамашалаймыз. Қазіргі кезде көрермен төрт-бес жыл бұрыңғы кездегідей телесериалдарды көп қарайды деп айта аламын. Себебі, қазір көп адам теледидар қарамайды. Ұялы телефон дамыған заманда, телефон арқылы бәрін қарауға мүмкіндік бар. Мәселен, күнделікті болып жатқан жаңалықтарды, теледидардан көрсететін сериалдарды, концерттер, клиптер, көптеген ток-шоу, осының бәрін телефоннан қарауға болады. Сондықтан да адамдар көп теледидарды қолданбайды десек болады. 

Және телесериал болсын, веб-сериал болсын, көрермендерді жоғалтпау мақсатында бір серия аяқталған тұста оқиғаны шиеленістіріп, аяқсыз қалдыру режиссерлердің басты қағидаларының бірі. Әр сериясы қызық жерінен аяқсыз бітіп қалған кезде көрермен одан сайын қызығып, күтетін болады. Қазір ең қызық, ең танымал жанр комедия деп ойлаймын. Телесериал да, веб-сериал да көптеген қаралым жинайды. Себебі, көрерменге көңіл көтеретін дүниелер қараған ұнайды. Сол үшін көрермендер үшін мына жайттар міндетті түрде ашылуы тиіс:

  • актерлердің шынайы ойнауы;
  • оқиғаның қызық болуы; 
  • сериалдың салмақты екпінде болуы;
  • кейіпкерлердің тартымды болуы. 

Осы жайттар сериалды ашып, көрермен қызығушылығын арттырады. Және бір көңіл түсіретін нәрсе, қазіргі таңды сапалы сериалдармен қатар, сапасыз, қаралым үшін көркемдік деңгейі төмен веб-сериалдар көбейіп кетті, оның ішінде боқтық сөздер, дұрыс жазылмаған сценарий, жалпы қарағың келмейтін дүниелер көп. Бірақ адамдар оны қызықтап қарайтындарда жетерлік, себебі жаңа айтқандай көрермендерге көңіл көтеретін дүниелер ұнайды. Соңғы кезде елімізде хоррор жанрында да сапалы сериалдар шыға бастады. Әсіресе, ғаламтор желісінде көптеген қаралым жинап жатқан хоррор жанрындағы веб-сериалдар. Оның бірі жақын арада шыққан режиссер Алишер Утевтің «5:32» сериалы. Осы сериалды көріп, елімізде кино түсіру қолынан келетін жастардың бар екенін, кино өнері даму үстінде екенін байқауға болады. Және есірткі жайлы түсірілген веб-сериал «Шекер» сериалы да – қазіргі жастардың көзайымына айналған сериалдың бірі. Есірткінің қандай жағдайға әкеп соқтыратынын жақсы көрсетіп, көптеген қаралым жинаған веб-сериал. Осы сериалдар секілді туындылар түсіріле берсе, әлем қарайтындай жетістіктерге жетер едік. Бірақ, болашақта одан да сапалы туындылар шығатынына сенімдімін. Себебі, Қазақстанда кино өнері өте жақсы деңгейде дамып келеді. Бізде көптеген мықты режиссерлер, мықты актерлер көп, оның арасында көптеген жастарда барын салып, жақсы дүниелер шығаруда. 

 Дүйсен Аният, «Кинотану» мамандандыруының 2 курс студенті (Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА)

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...