17де отау иесі

Фото: коллаж madeniportal.kz

Қоғам
324

Қазақта он үште отау иесі деген сөз бар. Ерте кезде бір мүшелді толтырған баланы атастырып, қыз баланы айттырып, қалың малын беріп келін еткен. Ол заманда үлкендердің батасын алса, дәстүрге сай қыз 18ге толмай-ақ тұрмысқа шыға беретін болғаны бәрімізге мәлім. Қазақ әдебиетінің қай шығармасын алып қарасақ та “балалар 18ге толсын” деген әңгіме айтылмаған. Ата сөзден аттамаған сол заманның қыздары тағдырына жазылғанға көніп кете барған. Бір айта кететіні, ол уақыттарда барлығы дәстүрге сай, қатаң тәрбие мен салтты ұстанумен жүзеге асатын. Тойға дейін жігіттің ұрын келуінің өзі жиілесе, жеңгелері қайтарып жіберетін болған. 

Кейінгі уақытта елімізде кәмелеттік жасқа толмай үйлену мен тұрмысқа шығу жиілеп кетті. Бұған қатысты қоғамда пікірде екіге бөлінген. Бірі ата дәстүрді жалғастырып жатыр, жақсылықтың ерте кеші жоқ десе, енді бірі 18ге толмай заңды некеге тұра алмайды, жап-жас болып не керегі бар, қайда асығады деген ойларын білдіреді. 
Шын мәнінде адамның бағы тұрмысты қай жаста құрғанына қарап тұр ма? 25 ке келіп отау құрса да таңдауынан қателесіп жатқандарды көріп жүрміз. 16-17 жасында қол ұстасып үлкен өмірге қадам басып, үлгі болып жүрген отбасыларды да білеміз. Ал, он үшінде отау иесі болған, кемі он баланы өсіріп жетілдірген әр қазақтың арғы тектері де отбасылық өмірге ерте аяқ басқанын ескере ма екен? Иә, қазір заман басқа, заң бар. Бірақ, біреудің жеке шекарасына өтіп, қабылдаған шешіміне ештеңені ескермей араласу қаншалықты дұрыс? 

Осы орайда бүкіл ел болып қараған әнші Абай Бегейдің 16 жасында тұрмысқа шығып жатқан қызының тойын айтпасқа болмай тұр. Бас аяғы 1 аптада тұрмысқа шығып кеткен қызды да, әкесін де, келін болып түсіп жатқан әулетін де сынға алушылар қатары көп. Кәмелетке толмағанынан бастап, киген киімі мен адамдардың түрлеріне қарап көңіл-күйлерін де сөз етіп жатыр. Бұл қаншалықты дұрыс? Әлде қазір біреу үшін қуана алатын адамдар азайып бара жатыр ма? 
Әрине, қазіргі заманда 18ге толып отау құрған жақсы. Дегенмен, егер адам өз шешіміне сенімді болса, ата-аналары баталарын берсе, бақытын тапқан жастарға сын көзбен қарамай, бақыт тілеген абзалырақ. 

                                                                                                                              Аяжан Маханбетова 

Жаңалықтар

Нұрбек Оралбай неге үйленбей жүргенін айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz nur.kz сайтына сілтеме ж...

Жаңалықтар

Павлодар облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ алтын өндіру кәсіпорны салынады. Бұл өндіріс жылына 15...