Елордада 2022 жылдың 21 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлеке...
Айгүл Иманбаева: "Ауылға барған бойда ажырасатынымды айттым"
Фото: подкастан скриншот
Әнші, актриса Айгүл Иманбаева "Мамский әңгіме" youtube-арнасында берген сұхбатында бұрыңғы жұбайымен қарым-қатынасының жақсы екенін және алдағы жоспарын айтып берді, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Оның айтуынша, Сәбит Әбдіхалықовтың қазіргі келіншегімен де қарым-қатынасы өте жақсы.
"Бұл жерде ешкімді кіналамаймын. Ішімде бұрынғы жолдасыма деген титтей де реніші жоқ. Соған қуанамын. Біздің үйдің бір мүшесі секілді. Баламның әкесі болған соң да солай болады. Қазіргі жолдасынан балалары дүниеге келіп жатса, "балам жалғыз емес" деп қуанамын. Сондай деңгейге жеткеніме қуанамын. Шынымен қал-жағдайыңды сұрасып тұратын деңгейге жетудің өзі үлкен жұмысты талап етеді. Өткенде Сәбиттің туған күні болды. Ұлым да кино түсіріп жатты. Киносына мен де, ол да түсіп жатты. Кешкісін түсірілім біткен соң "кеттік, үйге жүріңдер" деді. Сөйтіп, үйіне барып, Диконның шайын ішіп, етін жеп, соңынан бәрін жинастым. Сырттан қарасақ, бұл қазақтың миына сыймайтын нәрсе. Қазақтың ой-санасында ажырастың ба - жауласып өту керек деген түсінік бар. Сол дұрыс емес. Біздің араласуымыз шынайы, риясыздықтан туындап отыр", - деді әнші.
Өнер иесі бұрынғы жолдасымен ата-енесінің рұқсатымен ажырасқанын айтты.
"Балам алты айлық, оны алып, Сәбиттің ауылына ата-енеме бардым. Он күндей үйде болдым. Бірақ барған бойда ажырасатынымды айттым. "Бірақ сіздердің баталарыңызды алып кетейін деп едім. Немереңіз міне, қай уақытта десеңіз де алып келуге дайынмын, тек тұра алмаймын" деп түсіндірдім. Содан үлкен әжеміз тірі еді. Сол жылады, "Сәбитпен сөйлесейін, кетпе" деді. Сосын бұл менің шешімім екенін түсіндірдім. Сонымен он күн үйде болып, үйдің бәрін тазалап, әктеп, бәрімен қоштасып кеттім. Атам анамның үйіне дейін әкеліп тастады. Анам да қой сойып, қонақ етті.
Әнші қазірдің өзінде бұрыңғы жұбайының анасына сәлем салатынын, жақсы араласатынын да тілгі тиек етті.
Асылжан қырқынан шыққанша енем қолымды салқын суға салғызбай мені бақты. Әйел болып жамандайын десем, олардың жамандығын көрмедім. Күні бүгінге дейін араласамын, сәлем саламын. Қазіргі жолдасым айтады ғой "Айгүл, мен бұрынғы жолдасымның анасын "мама" деймін, сен ренжімейсің бе" дейді. Сол кезде "осы жерден келісіп алайық, мен де бұрынғы жолдасымның анасын "мама" деймін. Аналардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ, олар ана ғой" дедім. Сөйтіп, екеуміз келісіп алдық. Әлі күнге дейін солай енемді "мама" деймін, – деді өнер иесі.
47 жасында екінші рет тұрмысқа шыққан Айгүл Иманбаева сәби сүюге дайын екенін жасырмады.
“Балалы болуға дайынмын. Биылғы жылдың жоспарында емес, Құдайдың жоспарындағы дүние. Бірақ менің маңдайыма бөпелі болуды жазса, мен дүниеге әкелуге дайынмын. Ер мен әйелге бөпе не үшін беріледі?! Біздің қазақта “Ойбай, қартайғанда туыпты” деген қазақтың құрып қалған сөзі бар. Біріншіден, қартайып тұрған түрім жоқ. Қазақтар ғана 35 жасында қартайып, 45 жасында өлімге дайындалады. Ол биологиялық өлшем емес. Мидағы ғана қалыптасқан түсінік. Шетелде көп жүрдік. Ол жақта 35 жасқа дейін жасөспірім болып есептеледі. 35пен 65 жастың арасы жас болып саналады. Олардың өмірі 40 жастан кейін басталады. Саяхаттап жүргендер де, сүйісіп отырғандар да, сол жастағы адамдар. Мен осы дүниені қазақтардан да көргім келеді. сол үшін де балалы болудан қашып отырған жоқпын. Сондықтан біз дайынбыз. Биылғы жылды балама, баламның киносына арнадық. Бұйыртса келесі жылы бөпелі болып, сүйіншілейтін күнге жетейік”, – деді әнші.