6 қазанда Қарағанды облысында 40 гектар құрғақ шөп өртеніп, 4 адамды күйік шалды, деп хабарлай...
Чемпиондар Лепсіде бас қосты
Фото: orda.kz
Жетісу облысынының тау баурайындағы Лепсі ауылына кәсіпкер, меценат Бауыржан Оспановтың шақыртуымен Олимпиада жүлдегерлері мен қатысушылары — Демеу Жадыраев, Айбек Оралбай, Нұрбек Оралбай, Махмұт Сабырхан келіп, жергілікті халықпен және оқушылармен кездесіп қайтты, деп хабарлайды madeniportal.kz orda.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Лепсі ауылының Мәдениет үйінің сыртқы қашасына дейін қызыл кілем төселіп, оқушылар екі қатарға тізіліп шат-шадыман көңіл күймен спортшыларды қарсы алды.
Спортшылар қарсы алған барлық адаммен қол алысып амандасып шыққан.
Іс-шараға кіріп бара жатқан оқушылардың әңгімесі тілшінің назарын аудартқан. «Мә, менің қолымнан ұстады!», «Менің қолымнан да ұстады» деп 3 оқушы мәз болып мәдениет үйіне кірген.
«Бір ай жумайсың ғой кем дегенде» деді бір бала. «Мен тіпті жумаймын» деп қояды екіншісі.
«Олимпиада ойындарын өзім көрдім. Біз дзюдомен айналысамыз, осы Лепсінің спорт интернатында оқимыз. Маған спортшылардың жарысы қатты ұнады», — деді 7 сынып оқушысы Сартай Өміржан.
Болашақта спортшы боламыз деген оқушылар көздері жанып, спортшыларға ерекше ықылас білдірді.Кезекпе-кезек тұрып сауалдарын қойды. Ақан Дамир есімді Азия чемпионатының қола медаль иегері де чемпиондарға өз сұрағын қойып, қуанышын жеткізді.
Сондай-ақ Айбек пен Нұрбек Оралбайдан еркін күреспен айналысатын Дәурен және Мәулен Оразаев есімді егіз бала бата сұрап, өскенде солар сияқты чемпион болғысы келетіндерін айтты.
Оларға Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай батасын берді.
Айбек Оралбай бауыры екеуінің жеңісі мен жеңілісі алма-кезек жүреді деді. Азияда өзінің жеңіп, Нұрбектің жеңіліп қайтқаны секілді осы жолы өзінің бағы шаппаса да бауырының жеңісіне шын қуанғанын жеткізді. Олимпиададан жүлде ала алмағанымен, алдағы уақытта Демеу Жадыраев секілді 2 рет олимпиадаға қатысып, жүлдемен оралуға тырысатынын айтты.
«Спортшылардың өмірі қысқа. 30-35 жасқа дейін спортта жүреді. Демеу ағаның осылай шығып отырғаны бізге үлкен мотивация. 35 жасқа дейін осылай бабымызда жүру бізге де бұйырсын. Соған еңбек етеміз. Олимпиада ойындарына бару да мен үшін жеңіс болды. Үлкен тәжірибе жинап қайттым. Келесі олимпиада ойындарында осы жолы жіберген қателіктерімізді жібермей, дайындалып, ары қарай жолымызды жалғастырамыз», — деді ол.
Сондай-ақ ол балаларға жаттықтырушыны тыңдап, сабақты да қалдырмай жақсы оқып, ағылшын тілін меңгеру дұрыс екенін айта кетті. Қажырлы еңбекпен биік шыңға шықса, теледидардан көріп отырған отбасы қуанып, әрбір танысы мақтан тұтатынын баяндап, балаларды тек білім алып, еңбек етуге шақырды.
Айбек Оралбай өзіне халықтың қолдауы үлкен мотивация болғанын, келесі жарыста барынша жеңіске жетуге тырысатынын жеткізді.
Боксшы Махмұт Сабырхан Азия чемпионатына дайындалып жатқанын және алда ел үмітін ақтауға тырысамын деді.
«Осы жолы бұйырмады. Алда енді Азия чемпионаты, содан соң әлем чемпионаты болады. Ендігі Азия чемпионатына 54 келі салмақ дәрежесінде шығамын. Ал келесі Олимпиада ойындарында 51 келі салмақ дәрежесінде шығу жоспарда бар», — деді Махмұт Сабырхан.
Нұрбек Оралбай алда үлкен дода тұрғанын, қазақ елін тағы да қуантуға тырысатынын айтты.
«Міне, Лепсі ауылына қонақ болып келіп қалдық. Алланың қалауымен осы ауылдан да спортшылар шыға берсін. 2028 жылы алда үлкен дода Олимпиада ойындары тұр. Оның алдында екі әлем және Азия чемпионаты бар. Елді қуантып, жеңіс әкелеміз деген үміттеміз», — деді Нұрбек Оралбай.
Демеу Жадыраев Лепсі халқының ашық-жарқын, шат көңілмен қарсы алғанына риза болғанын жеткізді.
«Бауыржан ағамыз дүбірлі додадан кейін спортшыларды Лепсіге қонақ ретінде шақыруды дәстүрге айналдырған. Міне, сол дәстүрлі жолды жалғастырып, біз де келіп қалдық. Қарсы алып жатқан елге мың да бір алғыс! Біз де кезінде Олимпиада чемпиондары келгенде қуанып, біраз уақытқа дейін мотивация алып, ерекше ынтамен жаттығу жасап жүретінбіз. Осындай дәстүрді жалғастырып жатқан ұйымдастырушылар мен Бауыржан ағаға рахмет! Бәрін құшақтап, бәрімен суретке түскіміз келеді. Уақыт тығыздығына байланысты осылай асығыс кетіп барамыз. Айып ете көрмеңіздер», — деді Демеу Жадыраев.