16 қазан күні Мәскеуде қазақ әдебиетінің орыс тіліндегі антологиясын аудару, басып шығару мен тарату...
Сенат төрағасы Перизат Қайратқа қатысты пікір білдірді
Фото: www.instagram.com/01pk/
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқырды деп ұсталған Biz birgemiz қорының басшысы Перизат Қайратпен қарым-қатынасы туралы айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz Massaget.kzтілшісіне сілтеме жасап.
"Тергеу қорытындысы бойынша барлық ақпарат жұртшылыққа хабарланады. Ол бойынша адамдардың кінәсі дәлелденсе, сот әрі қарай шешім шығарады, заң бойынша қатаң жазаланады. Тергеу әділ әрі тиянақты өтетініне ешкімнің күмәні болмауы керек. Ол тұлғалар қажетті жазасын алады", - деп пікір білдірді Әшімбаев Сенат кулуарында.
Сондай-ақ Сенат төрағасы Перизат Қайратпен жақын таныс болмағанын алға тартты.
"Мен онымен жақын таныс болған емеспін. Мен көптеген іс-шараларға барамын. Апта сайын бірқатар шара өтеді. Кейбір іс-шараларда ол болған шығар. Ал онымен жақын араласатын деңгейде болған емеспін", - дейді Мәулен Әшімбаев.
Перизат Қайрат жайлы
Айта кетейік, Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
Кейін Қаржы мониторингінің агенттігі оның қайырымдылық қорынан 1,5 миллиард жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды. Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге Mercedes-Benz S450, 80 млн теңгеге Lexus LX-600 және 39 млн теңгеге Haval автокөліктерін сатып алды.
Сонымен қатар қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Ыстамбұлдағы St. Regis, Shangri-La, Palazzo Versace және Kempinski сияқты бес жұлдызды қонақүйлерде демалған.