Мейіржан Сандыбай: Біздің басты миссиямыз - рухани және моральдық құндылығы бар туынды салу

Өнер
170

«Ара» студиясы еліміздің мәдениетін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды көрерменге жеткізуді мақсат қоятын ерекше жоба. Студия жергілікті көрермендермен қатар, халықаралық деңгейде танымал бірқатар анимациялық бейнелерді жарыққа шығарды. Олардың қатарында «Шырақ», «Ит», «Сәби» және «Шуақты мысықтар» мультфильмдері бар. Студияның шығармашылық жұмысы туралы арт-директор, режиссер Мейіржан Сандыбаймен сұхбат құрған едік. 

«Ара» студиясының пайда болу тарихы қандай?

2018 жылы «Балапан» телеарнасында балаларды тарихи тұлғалармен таныстыру мақсатында «Дара тұлға» жобасы іске асқан еді. Хронометражы үш минуттық қысқаша бөлімдерді аудитория жағымды қабылдап, анимация әлеміне қадам бастық. «Балапан» арнасындағы тәжірибемізді нұсқаулыққа ала отырып, «Ара» студиясын 2018 жылы ресми түрде ашқан едік. Алайда студияның бүгінгі келбеті тек 2019 жылы қалыптасты.

Отандық  анимацияда 3D бағытының дамуына әлі 15-20 жыл қажет деген ойда едім. Бастапқыда жұмыстарымыз құрастырмалы анимация әдісі (перекладка) арқылы салынатын. Алайда, әріптестерімнің жұмыстарымен танысқаннан кейін ойым күрт өзгеріп, 3D форматына көшуге болатындығына көзім жетті.

«Ара» студиясының атауы жайлы айтсақ, бізге астарында философиялық ойы мен көрерменге жақын образ қажет болды. Сандық, текемет, тіпті inspire атты ағылшын сөзі де, ішкі, рухани идеология жайлы баяндамады. Демек, мақалалар оқу барысында аралар жаратылысы жайлы ойларға кезіктім. Киелі жәндіктердің бес қасиеті біздің тобымыздың ұранына айналғандай. Біріншісі - тазалық. Құдай Тағала оларды тазалықпен жаратты. Ара шаққан кезінде де, өмір сүруіне қажет инесін тастаудың өзі тазалық. Себебі, қалып қайған қан балды улайды және ұяда ауру тудырады екен. Екіншісі - ауызбіршілік. Олар бір отбасы, бір ағза ретінде бір мақсатта жұмыс істейді. Үшіншісі - еңбекқорлылық. Бір араның өмір бойы жинайтын балы бір-ақ қасық болса, олардың колониясы бір шелек жасайды. Төртіншісі - шеберлік. Сөзсіз, олар өз істерінің шебері. Табиғи балдан басқа, әлемді гүлдендіретін де олар. Бесіншісі - пайда. Пайдасын бәрі білетін шығар.  Осы бес сөз - студиямыздың басты ұстанымызға айналды.

Студияның жұмысындағы басты мақсат қандай?

Біздің басты миссиямыз -  рухани және моральдық құндылығы бар туынды салу. Қандай жобаға кіріссек те, оның бірінші тұтынушысы бала болғандықтан, мүмкіндігінше дұрыс ойлар, мораль мен этикаларды таратуға тырысамыз.

«Ara education» болашақ суретші-аниматорларға қандай көмек бермек? 

Білім саласында бұрыннан келе жатқан мәселелердің бірі оқытушы мамандардың практиктан гөрі, теоретик болғаны. Олардың басым бөлігі саланың ішіндегі өзгерістер жайлы біле бермейді. Біздің мақсатымыздың бірі, тәжірибеге негізделген оқу бағдарламасын құру болған еді. Жиналған шағын топ сынақтан өте тұра, қанағаттандырарлық көрсеткіш көрсетті. Алайда, оқу да, оқыту да ынта, уақыт және алапат еңбекті қажет ететін өнердің түрі болғандықтан, бұл жоба тоқтатылды. Бүгінгі күні тек ютуб платформасындағы видеороликтермен шектелсек те, ара академиясының болашағы алда екені сөзсіз.

Балаларға арналған контентті құрастыру қаншалықты ауыр? Студия жобалары бәсекелестікке шыға ала ма?

Балалар аудиториясына арналған контентті іске асыруда өзіне тән қиындықтары бар. «Шуақты мысықтар» анимациялық туындысының бөлімдерінде бас сценаристпен қатар бала психологы еңбек етті. Психолог кейіпкерлердің психотипін қадағалап, кішкентай көрермен үшін қызықты бейне тудыруға үлесін қосты. Алайда, балалардың триггерлерден құралған сапасыз контентке әуес болуы да өтірік емес. Қазіргі әлеуметтік желілерде таратылып жатқан контенттің әсерінен бала назарын ұстап қалу қиын. Дегенмен, жобаларымыздың потенциалына сенгендіктен қол үзбеуге тырысамыз.

«Ара» студиясы нөмір бірінші отандық анимациялық студиясы ретінде шетелмен бәсекелістікке түсе алатынына күмәніміз жоқ.

«Шуақты мысықтар» жобасын реализациялау қаншалықты ауырға соқты? Жоспарланған бөлімдерді көрермен қашан көреді?

«Шуақты мысықтар» жүректен шыққан жобалардың бірі болғанымен, көп қаражатты талап етті. Халықтан қолдау арқылы қаражат тарту идеясы орын алса да, ауыр жұмысты жүзеге асыру барысында бөгет-бағандар пайда болып жатты. Қаражат, уақыт пен маман жетіспеушілігі басты мәселеге айналды.. Зерттеуіміз бойынша 26 сериадан тұратын жобаны жасау үшін  5-6 жыл кететіні анық болды. Өкінішке орай, «Шуақты мысықтарды» уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық. Дегенмен, туындаған қиындықтарға қарамастан, шығармашылыққа жаңа мүмкіндіктер ашылды. Осылайша, біз жобамызды толық метражды фильмге айналдыруды мақсат еттік. Бағытымызды киноэкрандарға ауыстыра отырып, қазақстандық өнімдерді таратудың тиімді жолдарын таба бастады.

Бүгінгі күні орыс және ағылшын тілді контенттің көптігі бәріне мәлім. Жобалардың қазақ тіліне интеграциялануы тиімді ме? Қазақша аудиторияға көңіл бұру жайлы не айтасыз?

Болмағаннан болған жақсы шығар. Балапан телеарнасының дубляж тәжірибесіне үңілсек, қайта дыбыстау сапасы нашар болса да, экран алдында өскен балалар қазақша сөйлейді. Ал, ютуб желісі жаһанды түрде таралғаннан бері, жасөспірімдердің қатарлары өз тілінде сөйлеуді тоқтатты. Қазақ балалары неге орысша сөйлейді деген сұрақ пайда болғанан, анимация әлемінде жаңа тілдік платформа ашылуын көздедім. Себебі, шетелдің «Pixar», «DreamWorks», «Disney» жұмыстарын аударудан басқа, өзіндік мультипликацияны ойлап табу басқа деңгей деген тұжырымдамын.

Көзделген аудитория ретінде балаларды таңдаудың себебі неде?

Техникалық процесстің жеңілдігінен бөлек, оның басты ойы жеткізер идеологиясы мен пайдасы жайында. Мұхтар Әуезов атамыз кезінде «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген екен. Ел санасының түптамыры жастар мен балалар және оларға үлгі насихат таратудан бастау алу тиіс. Қазіргі бала, ертең ел билейтін басқа айналады. Болашақтың бейнесі де, сол тамырды дұрыс отырғызып өсіргеннен белгілі болатынына сенемін.

 

 

Ғайша Аманжол,

Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Кинотану» мамандығының 2 курс студенті

Шоу-бизнес

Продюсер Жан Мұқанов Қазақстанда ең көп гонорар алатын әншілерді атады, деп хабарлайды madenipor...

Жаңалықтар

Түркияның Ризе қаласында лай көшкіні жүрді, деп хабарлайды madeniportal.kz. ВВС мәліметінше, Чайели...