2021 жылдың 27 ақпан күні, сағат 19.00-де Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрын...
Асанәлі Әшімов: Асығыс болсақ та атүсті болмайық!..
Назарларыңызға «Баспасөз қызметі» бөлімінің жетекшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделханұлының театрымыздың көркемдік жетекшісі, Қазақстан Театрлары Ассоциациясының Президенті, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімовпен сұхбатын ұсынамыз. 2017 жылы Асанәлі Әшімовтың 80 жас мерейтойын қазақ елі ғана емес, бүкіл дүниежүзі тәнті болардай дүйім жұрт дүркіретіп атап өтті. Сондай-ақ, өткен жылы мәдениет саласы үшін жемісті болды. Бірақ, жыл аяғы ұлт мәдениетінің мәрт жүрегін ауыр қайғысымен қағып өтті...
2017 жылдың 25 желтоқсанында алынған сұхбатта, рухани саламызда орын алған елеулі оқиғалар туралы әңгіме өрбіп, жыл бойы өткізіліп келген мәдени шараларды қорытындылайды.
Қазақ кино өнеріндегі қайталанбас бейнесімен бүкіл халықтың махаббатына бөленген Құман аға да мәңгілігіне аттанды. Қайғырып, көңіл айтамыз, аға... Сіздің ізіңіден ерген ініңіз еді ғой.
Иә, інім... сүйенішім, тірегім еді. Қазақ өнерінің қабырғасын қайыстырып, қалың елді егілтіп кеткен ауыр жағдай болды ғой... Елбасымыз да «Қазақ Төлегенінен айырылды...» - деп көңіл айтып жатыр. Рахмет. Құман - бойында бір жаман қылығы жоқ, таза, пендешіліктен аулақ, өсек-аянға жаны қас жақсы адам еді. Әлдекімдер сияқты емес еді... Меруерт те сондай таза адам, өздерінің табиғаттары да жақын...
Екеуі де жап-жас 18 -20 жасында-ақ өнер аспанында жұлдыздай жарқырап, ешкім жете бермес биікті бағындырды. Сол биігінен бір мысқал да аласармаған күйі аңызға айналып кетті. Меруерт қарындасыма құдай қуат берсін. Бала-шағасының қызығын көрсін. Мен де мына қайғырған елге көңіл айтам.
Алда – жаңа жыл. Өтіп бара жатқан жылды қорытындылай қозғасақ, әңгімені. Мерейтойыңыздың дүркіреп өтуі – ел мәдениетінің мәртебесін көтеріп, рухын асқақтатты. Тіпті, әлемдік деңгейде дәріптеліп жатты. Көңіл-күйіңіз қалай?
Көңіл жақсы ғой. Жыл аяғына қарай жаңағындай жағдай қатты күмілжіткені болмаса... Иә өткен жыл менің ғана жылым емес, театр мен киноның жылы болды десем, қателеспеймін.
Кез келген елдің атын шығарып, оны өзге дамыған мемлекеттермен бәсекелестікке түсіретін мәдениеті, әдебиеті, өнері болады. Ұлттық ерекшелігі тағы бар. Бұларсыз ешкімнің алдына барып, барыңды бұлдай алмайсың. Міне, осы жолда аянбай тер төккен азаматтың бірі балса, ол – Мәдениет және спорт министрлігінің тізгінін ұстап отырған Арыстанбек Мұхамедиұлы. Кешегі Қазақ хандығының 550жылдығынан бастап, әлі тыным таппай ел руханияты үшін барын салып келеді. Елбасының Рухани жаңғыру мақаласына да үлкен мән беріп, өз ішіміздегі ауқымды жобалардан бөлек, алыс-жақын шет елдерге де өнерімізді алып шығып, абыройымызды аспандатып жатыр. Осының бәрі кім үшін? Қазақ үшін! Елдің болашағы үшін!
Министрліктің атқарып жатқан іс-шараларын көп адам біле бермейтін сияқты. Ісіне емес, жеке басына әңгіме айтатындар шықты. Оған не дейсіз?..
Айтсын. Айтса, жұмыс істеген адамға айтады. Іс жүргізе білетін басшыны көре алмай, ...айтады. Түк бітірмей көк мылжың боп жүрген кісіге не айтады? Арыстанбек бір министрлікте үш саланы бірдей қамтып жұмыс атқарып, адал еңбегімен келе жатқан адам. Осы жылдың өзінде қаншама гастрольдік сапарлар, қаншама театр фестивальдері, қаншама кинофестивальдер бірінен соң бірі өтті.Министрліктің тікелей қолдауымен 17-26 маусым аралығында Қазақстан тарихында бірінші рет Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі менің 80 жасқа келген мерейтойыма арналды. Фестивальде Еуропа мен Азиядағы жетекші театрлар келіп өнер көрсетті. Бұл – менің ғана емес, ел тарихының мәртебесі. Шілде айында Қазақстан ұлттық (этникалық) театрлардың IV Республикалық фестивалі, қыркүйекте Қ.Сүгірбеков атындағы жас режиссерлердің I Республикалық форум-фестивалі, сол уақытта Ә.Сығай атындағы Қазақстан драма театрларының XXV Республикалық театр фестивалі өтіп жатты. Бұның бәрін басқа министрлік істемейді. Өйткені, Рухани жаңғырудағы бағдарламалардың басым бөлігінің салмағы біздің салада. Біз басшылыққа төменнен қолдау көрсетуіміз керек. Онсыз болмайды. Еңбек еткен адамның етегінен тартпай, бәріміз жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Елбасының қолынан ең жоғарғы сыйлық - «Еңбек Ерін» алып тұрып, мен де уәде бергенмін. Уәдемде тұрамын.
«Рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» деген бағдарлама бар еді. Сол жобада қандай шаралар атқарылды?
Бір кездері біздерге арман болған дүниелер қазір, заманымыздың арқасында шындыққа айналып жатыр. Еуропаны да Азияны да көрдік. Бірақ ұжым боп емес, бірді-екілі актермен кездесулер... Онда да Тәуелсіз Қазақстанның атынан, қазақ ұлтының атынан емес, Кеңес одағының атынан!.. Орыс актеры болып... Сондай да заман өтті.
Егемен еліміздің арқасында театр, кино, опера болсын, мемлекеттік оркестрлар мен ансамбльдер болсын, бәрі де қатарын бұзбай ұжыммен барып, ең дамыған елдерде ұлттық өнерімізді дәріптеп, Қазақ елінің абыройын әлем алдында асқақтатып жүр. Тәубә!
Министрліктің қолдауымен Алматыдағы Кәріс театры мен М Әуезов театры Лондонға барып, Қазақстан театр күндерін өткізді.У. Шекспирдің отанында өнер көрсету бақытына ие болды. Сонымен қатар, кеше ғана біздің театр Жапон елінен олжалы оралды. «Ақтастағы Ахико» спектаклімен және «Ұлы дала елі» атты концерттік бағдарламасымен, ұлттық жәдігерлерімізді жарқыратқан көрмемен Жапон еліне барып, Астанасы – Токиода бір апта өнер көрсетті. Ұлы даланың, Мәңгілік елдің еңсесін көтерді. Сондағы Қазақстан елшілігімен бірлесе отырып тәуелсіздік күнін атап өтті. 22 мемлекет бірден тамашалай алатын басты арнасы біздің өнерімізді дүниеге таратып, насихаттап жатты. Қандай керемет!
Оның алдында Голливудқа барып келдік. Онда Құман тірі еді. Сөйтсем, бірінші және соңғы сапары екен ғой... Ол сапарда Айман Мусаходжаева оркестрімен, әлемді өзінің талантымен таңғалдырған әнші Димаш баламыз, сосын, Құман, Меруерт және мен болдым. Бізді бастап Министрдің өзі барды. Қазақ киносының күндері деген атаумен ең таңдаулы фильмдер көрсетілді. Оның ішінде әрине, «Қыз-Жібек» те бар.
Кино-державаға айналып кеткен Голливудты таңғалдыру қиын шығар? Біздің ұлттық құндылықтарымыздың жиынтығы іспетті жауһарымызды қалай қабылдады?
Тәнті болды. Олар үшін жаңалық қой, бәрібір.Әрине, олардың қазіргі деңгейімен салыстыруға келмес. Дегенмен, тәнті болатыны ол – біздің актерларымыздың экрандағы шынайы шеберлігі. Олардың жұлдыздарының көбі спортшылар, әншілер, тағы басқалар болып келеді... кино түсіру әлемі де өзгеше, өзіндік ерекшеліктері бар. Ал, бұл фильмдегі актерлар - театрда әбден шыңдалғандар. Сахна саңлақтары. Театр талай талантты тасқа салсаң да тасырқамайтындай етіп шығарады. Өйткені, театр дегеніміз – шеберлікті шыңдау орны. Міне, «Қыз-Жібек» фильмінің өзгелерден артықшылығы.
Бір жылда істелген шаруалардың өзі шаш етектен. Келер жылда атқарылар жұмыстардың да жүгі ауыр болатын сияқты ма?
Ұлт руханиятын ұрпақ бойына сіңіріп, мәдениетін көтеру оны әлемге таныту бір жылмен тоқтамауы керек. Қазақстан Театрлары Ассоцияциясының кезек күттірмейтін үлкен шаралары бар. Театр фестивальдері өз алдына. Біздің театр осы маусымашарда Алматы қаласының 8 театрының музейлерінің басын қосып «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты көрме өткізді. Енді оны республикалық деңгейде өткізу жоспарда тұр. Әйтпесе, аймақтағы біраз театрларымызда музей түгілі архив жоқ. Қаншама жәдігерлер желге ұшып жатыр, қараусыз. Кешегі корифейлеріміздің ұстаған бұйымдары мен киген киімдерін неге сақтамасқа. Неге оны болашақ ұрпақ көріп, өнеге алмасқа?.. М Әуезов театрының да шығармашылық жолындағы жаңа белестері мен асулары тұр. Соған кірісуіміз керек. Қазір, жинақылық пен жылдамдықты қажет ететін заман. Қозы Көрпеште мынадай сөз бар еді: Асығыс болсақ та ат үсті болмайық – дейтін. Қалай болғанда да өнер адалдықты, кең пейілділікті, кешірімшілдікті, кіршіксіз тазалықты жақсы көреді.
Менің күнделік жазатынымды білесің ғой... Жақында мына сөзді жазып қойыппын: Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық!
Рахмет аға, әңгімеңізге. Сіздің де жаныңыз –шырақ, жауыңыз жырақ болсын!