5 қараша күні Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында Кеңес Одағының батыры, гене...
Ұлттық құрылтайға жүктелген жауапкершілік үлкен
Фото ашық дереккөзден
Тәуелсіз еліміздің тарихында Ұлттық құрылтай ең алғаш ұлт ұясы болған Ұлытау өңірінде, одан кейін мұқым түркі жұртының рухани астанасына айналған Түркістан қаласында, ал үшінші рет бір кездері хан ордасы орын тепкен Сарайшық түбіндегі Атырау қаласында өтті деп, хабарлайды madeniportal.kz.
Үстіміздегі жылдың 14 наурызы күні болған осы Құрылтайда ҚР Президенті Қ-Ж. Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» атты ұлт болашағы үшін маңызды, қазақ елінің идеологиялық тұғырнамасына айналған әйгілі баяндамасын жария етті. Ұлы жиында айтылған ұлтты ұйыстыратын осы идеялар қазірде өмірімізге біртіндеп енгізіле бастағанын бәріміз көріп, байқай бастадық. Аз ғана уақыттың ішінде қоғамдының құндылықтары жаңарып- жаңғырып, тың қадамдарға аяқ басты. Мемлекет Басшысы бастамашыл болған реформалар экономика, саясат, идеология бағыттарында ерекше үйлесімділік тауып, оның жемісін ел айқын сезіп отыр.
Таяуда ғана Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Е. Қарин қазақтілді ғаламдарлық ақпарат көздерінің жетекшілерін қабылдап, ұлтымызды ұйыстырған ұлы құрылтайда іске асқан, сонымен бірге келешекте атқарылуы тиіс тың бастамалар жөнінде тәптіштеп түсіндірді.
Айта кетейік, осы Құрылтайға дейін үстіміздегі жылы төрт жұмыс тобының отырысы ұйымдастырылған. Оларда бұған дейінгі Құрылтайда көтерілген бастамаларының атқарылу жайы талқыланып, түрлі ұсыныстар мен талаптар сарапқа салынды. Ал биылғы 14 наурыз күнгі Ұлттық құрылтай әр секция бойынша салалық министрлердің қатысуымен өтті. Ол әр салаға қатысты мәселелерді сала мамандарымен бірлесіп талқылап-талдауға жағдай жасады. Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысы 15 наурыз күні жалғасын тапты. Жиында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, құрылтай мүшелері арнайы сөз сөйледі. Құрылтай хатшылығына бұған дейін көтерілген ұсыныстарды талдау, шешімін күтіп жатқан мәселелерді оңтайлы шешу, сонымен қатар әр тараптардан түскен ұсыныс-талаптарды талқылау жоспарын құру, олардың жүзеге асырылуын бақылау міндеттелді.
«Құрылтайда үш заңға қол қойылды. Атап айтқанда, әйелдер мен балалардың құқы мен мүддесінің қорғалуы, қауіпсіздігін сақтау, вейптер мен шегуге болмайтын шылым түрлерін сатуға тыйым салу туралы түзетулер мен өзгертулер енгізу, мемлекеттік марапат беруді бірізді жүйеге түсіру жөнінде түзетулер енгізілді. Сондай-ақ лотерея, ойын бизнесі және лудомания, наша өндірушілері мен тасымалдаушылардың жауапкершілігін қатаңдату туралы түзетулер Парламент Мәжілістің бірінші оқылымына жіберілді. Одан бөлек, табиғи объектілерді қорғауға, вандализмге қатысты түзетулер, ономастикамен, археологиямен байланысты түзетулер енгізілген заң жобалары даярлануда» деді Мемлекеттік кеңесшісі Е. Қарин.
Ұлттық құрылтайда айтылған бірқатар бастамалар көп күттірмей жүзеге асырыла да бастады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысы бөлініп, жаңа аудандар құрылды. Сондай-ақ қоғамдық өмірге айтарлықтай жаңашылдық әкелген тың шешімдер қабылданды. Одан басқа, құрылтайда көтеріліп, іске асқан жаңалықтың бірі – «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына «Ұлттық» мәртебе берілді. Сонымен қатар «Қазақстанның халық жазушысы» атағының қайтадан қайтарылуы да шығармашылық қауымын, жалпы жұртшылықты елең еткізген оқиғаның бірі болды.
Мемлекеттік кеңесші жыл соңына дейін қабылданатын жаңа заңдардың әрқайсысы да өте маңызды екенін атап өтті.