«Ұлы Абылай Баскөл ауылында жерленді»

РУХАНИЯТ
3046

Павлодар облысында ауыл азаматтары хан Абылайдың ерлік жорығын дәріптейтін ескерткіш белгі орнатты деген хабарды оқып, көңілім елең ете қалды. «Рухани жаңғыру» халық арасына да дендей бастаған-ау шамасы деп іштей қуанып қойдым. Расында кейбір елдімекендерде жергілікті атқарушы биліктің сөзбұйдасынан әбден жалыққан жұрт, өздері белсенділік танытып та жатыр. Қайла-күрегін арқаланып, арбасын жегіп, батпақ басқан жолдарына тас төсеп, тығырықтан шығуды амалын қарастырған мысалдар баршылық. 

Әлгі жаңалық ұсынған сайттағы суретке қарап тосырқап қалдым. Ауылдың қайтыс болған қатардағы бір ақсақалының зиратын қателесіп салып жіберген болар деп ары-бері төңкеріп қарадым. Сурет таныс. Төңірегіндегі шөп басқан көрініс ол суретке үйлеспейді. «Хан қайда, ол қайда?» демекші... 

Ары қарай оқылық: 

«Абылай, найза мекені» немесе «Шабанбай жайылымы» деп аталатын тарихи жер Баскөл ауылының іргесінде жатыр. Бабалардың ізі қалған киелі мекен жайында аңыз-әңгімелер шежірешілерден және ауыл ақсақалдарынан жеткен. Жаугершілік заманда Жоңғар шапқыншылары Қалмаққырылған тауының етегінде үлкен тойтарысқа ұшырайды. Дәл сол жолы жауға қарсы атой салған қалың әскер Шабанбай деген дәулетті адамның жайылымына келіп үш күн аялдапты. Жаужүрек батырлардың жолсоқты кейпін көрген жомарт жан хан Абылайдың қарамағындағы жасаққа 500 сәйгүлік мінгізіп, киім-кешек пен ас-суларын әзірлеп берген деседі. Енді бұл жер тарихшылардың назарын аудартып отыр. 

Айгүл Мұхамедиярова, тарихшы:

 - Өз әскерімен ат дүбірін тоқтатқан, мына найзасын қадаған жерге бүгінгі күні ескерткіш тұрғызылып отыр. Осы ескерткіш болашақ ұрпақты төл тарихын білуге, тәрбиелеуге, бағалауға, мақтан тұтуға тәрбиелейді деп есептеймін.»

Қасиетіңнен, аруағыңнан айналайын ұлы Абылай халық жүрегінде қалыпсыз! Олар шама-шарқы келгенше ұлы жорықты ізіңді ұрпақ санасына қалдыруға тырысып жатыр. Қазіргі тұрмыстың қал-қадарынша басыңа ауылдың ардақты ақсақалына лайық құлпытас қойып, айналаңды мал баспасын деп қоршапты. Төңірегіңде байрағыңның тұлымындай желкілдеген қамыс-құрақ - суыт жорықта өзің жастанған мамығың емес пе. Ең маңыздысы - осы өңірдің жадында сақталған қазақ тарихының бір кәдесі қалқып, жер бетіне шығуында ғой...

Ұлт ұйысар ұлы тұлғаның табаны тиген жердің бәрі киелі. 

Баяғыда біреу Мәскеуге барып келген көршісінен аман барып, сау қайттың ба дегеннің орнына: «Ол жақтың телебизорында да ОРТ Казахстан» деп жазылып тұра ма екен?» деп сұрапты, сол айтпақшы осы ескерткішті ашқанда ауыл, аудан әкімдері келіп лентасын қиды ма екен?

Ажы Тран


Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...