«Головкин 25 миллион жалақы алады» деген ақпараттан кейін комитет журналист Жылқышыбайды...
Баланы ұлттық сана арқылы тәрбиелеген дұрыс
Фото: ашық деркккөз
Даңқты қолбасшы, ұлтымыздың адал ұлы Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Мен балаларына бесік жырын айтпайтын, ертегі оқып бермейтін әжелерден қорқамын» деген сөзі бар. Осы сөздің астарына үңілсең, батырдың айтпақ болған ойын жақсы түсінесің.
Ғылымның дәлелдеуінше, адам мінезінің 70 пайызы бес жасқа дейін қалыптасатынын ескерсек, оларға нақ осы санасы қалыптаспаған шақта ертегілер арқылы патриоттық сезімдерді сіңірген сіңімді әрі қабылдауға жеңіл. Ертегі естіген бала арманшыл болып өседі. Сол арқылы қиялын шарықтатып, ой-өрісін кеңейтеді. Реті келгенде айта кетейін, шетел ғалымдары жастығында ертегіні көп естіген балалардың арасынан кейін өскенде өнертапқыштардың, ғалымдар мен шығармашылық адамдардың көптеп шығатынын дәлелдеген. Оның себебі неде?
Жалпы, адамның мінезін не қалыптастырады? Ол– отбасында көрген тәлім-тәрбиесі, балабақша мен мектепте ұстаздарының берген дәрісі, көрген киносы мен оқыған кітаптары, жүрген ортасы. Бұл жерде қайсы фактордың ықпалы көп болса, адамның болмысының қалыптасуына соның әсері басым болады.
Ал, жоғарыда айтып өткенімдей, адам мінезінің негізі бала кезінен құрала бастайтынын ескерсек, бала тәрбиесінде ертегілер әлемінің алар орны ерекше екенін түсінесіз. Мәселен, қай ертегіні алып қарасаң да, оның өзегінде адалдық, әділдік, жомарттық, батылдық, бауырмашылдық, отансүйгіштік, туған жерге деген құрмет, махаббат жатыр. Ертегі арқылы баланың бойына осы жақсы қасиеттер шым-шымдап сіңеді. Ертегі желісінің әсерінен бала көп жақсылықтарға құштар болады, кейін өскенде осы қасиеттер оның бойында терең қалыптасып қалады. Қазақ «Сүтпен келген мінез, сүйекпен кетеді» деп тегін айтпаған. Бұл адам табиғатының бұлжымас заңы.
Сондай-ақ, қазақ халқының жерін, елін, туған-туысын жау шапқыншылықтан қорғаудағы ерлік істерін батырлық эпостар арқылы да қалыптастырудың маңызы зор. Халқы үшін жан-тәнін аямай жанқиярлықпен соғысқан батыр бабаларымыздың өнегесі жас өскін үшін ұмытылмас үлгі болады, әрі бала көңілін қызықтырып, толқытып-тебірентеді, еліктіріп әкетеді, жанын жаулайды. Аңыз болып өлең-жырға қосылған Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Қабанбай т.б. батырлар сияқты болуды армандайды, соған ұмтылады, дәл солар сияқты еліне-жеріне адал болуға, ғашық болған аруларын аялап ұстауға о бастан үйрене бастайды. Оның арғы жағы отбасылық бақытқа ұластыратын қасиет екенін өздеріңіз де сезіп-біліп отырған шығарсыздар. Мұның бәрі балаларды елін, жерін, Отанын сүюге тәрбиелеудің негізі болып табылады.
Одан бөлек, қазақтың мақал- мәтелдерінде де ұлтын сүюдің озық үлгілері жатыр. Мәселен, «Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас», «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі», «өз-өзіңді сыйласаң, жат жаныңнан түңілер» т.б.
Жалпы, біздің халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдени-тарихи мұрасы – тұнып тұрған философия. Егер жас ұрпақты отансүйгіштікке баулимыз десек, ең бірінші қазақтың ұлттық салт-санасына сүйену керек.
Д. Асау