ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАНҒА БАРДЫ

Жаңалықтар
560

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев БҚО-ға сапар жасады. Сапар аясында ол «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауларының, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың бұл өңірде іске асырылу барысымен танысты.


Үкімет басшысы өңірдің ірі өнеркәсіп­тік нысандарын аралады. Ол ең алдымен, әлемдегі «супергиганттар» қатарында саналатын, 280 шаршы шақырымнан астам аумақты алып жатқан «Қарашы­ғанақ» мұнай-газ кен орнына ат басын бұрды. «Қарашығанақ» Қазақстандағы барлық газ өндірудің шамамен, 45 пайы­зын және сұйық көмірсутектердің жалпы өндірісінің 16 пайызын бір өзі беріп отыр.
Мұнда Премьер-министрге көмірсутек өндірісінің технологиялық үдерісі паш етілді. Кен орнын игеруші «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компания­сы­ның бас директоры Эдвин Блом кәсіпорынның негізгі нәтижелері туралы баяндады. «Қарашығанақтың» қоры 12 млрд баррель сұйық көмірсутек пен 57 трлн текше фут газды құрайды. Олардың шамамен 11 пайызы бүгінге дейін өндіріл­ді. Э.Блом игерудің 21-жылында Қара­шы­ғанақ республика бойынша саладағы барлық өнеркәсіптік көрсеткіш­тің 42 пайызын жалғыз өзі қамтамасыз еткенін, ал бұл кенорнын одан ары игеру­дің үлкен келешегі барын дәлелдейтінін айтты.
– Біздің экологиялық көрсеткіштеріміз әлемдік деңгейге сай келеді. Экологиялық қауіпсіздіктің өте қатаң стандарттары тек өндірісте ғана емес, одан да кең ауқымда сақталуда. Екінші жыл қатарынан біз Орал­да экологиялық форум ұйымдас­тыр­дық, экологиялық қауіпсіздікті арттыру мәселелерін талқылау үшін оған ҚПО қызметкерлерін ғана емес, мердігерлерді де шақырамыз. Өйткені бүгінде көрсет­кіш­тер жақсы болғанымен, алда олар жеткілікті түрде жақсы болмауы мүмкін. Қорша­ған орта өзгеріп жатыр, – деді Эдвин Блом.
Бұдан өзге, Бақытжан Сағынтаевқа «Қарашығанақ» кен орнын пайдалануды кеңейтуге және қолдану мерзімін ұзартуға арналған қондырғылардың жұмысы туралы толығырақ баяндалды. Қазір оның мұнайы негізінен Қара теңіздегі «Оңтүстік Озереев» портына апаратын КТК құбыр желісі арқылы экспортталады. Мұнайды сатудың тағы бір бағыты – ресейлік «Тран­сне­фть» компаниясының көлік жүйе­сімен байланысатын «Атырау – Сама­ра» құбыры болып отыр, ол При­морск портына және бірқатар еуропалық бағыттарға қолжетім­ділікті қамтамасыз етеді.
Кәсіпорынды технологиялық жаңғыр­ту және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу тура­лы айта келе, ҚПО бас директоры кон­сор­циум акционерлерінің «Қарашы­ға­нақ» кен орнын игеруге 23 млрд доллар­дан астам инвестиция салғанын хабар­лады. Кен орнын игеру кезінде ең озық технологиялар пайдаланылатын көрінеді. Бұл жоғарғы экономикалық кіріс ала отырып, жер қойнауын тиімді пайдалануға мүм­кіндік береді. Жалпы, ҚПО басшы­лы­ғы технологиялық жабдықтарды ұстап тұру ісіне одан ары инвестиция салуға ниетті.
– Ел Президенті үндеген цифрландыру жоспарлары қазіргі кезде үлкен құлшыныс тудырады. Қауіпсіздік, экологиялық жауапкершілік, адам капиталы және басқа да мәселелерді қамтитын бірқатар баста­ма­л­ар­ды көріп отырмыз. ҚПО – онсыз да жоғары технологиялық кәсіпорын. Дегенмен цифрландыру – бұл аса қар­қынды дамушы инновациялар, сондық­тан да жергілікті қызметкерлерді үнемі дамытып отыру керек, – деген Э.Блом жергілікті тауар өндірушілерді қол­дау да ҚПО-ның негізгі басымдық­тары­ның бірі екенін жеткізді.
Алынған шикізаттың жаһандық нарық­­қа сол күйде кетпей, өзімізде өңделгені маңызды. Осы орайда мұнай мен газ өңдеудің технологиялық тізбегі қалай жалғасын табатынын Бақытжан Сағынтаев «Конденсат» АҚ зауытында тамашалады. Мұнда Мемлекет басшы­сы­ның қатысуымен өткен теле­көпір аясында K5 экологиялық санатындағы бензин шығару жолға қойылғантын.
«Конденсат» АҚ директорлар кеңесі­нің төрағасы В.Жүнісов зауытты жаң­ғырту жұмыстары, сондай-ақ өндірісті автоматтандыру және цифр­лан­дыру бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді. 2017 жылы зауыт қуатты­лы­ғын жылына 850 мың тоннаға дейін арттыра отырып, жаңғыртылды. Бұған қоса, 2018 жылдың маусым айында дизель отынын K5 экологиялық санатына дейін гидротазартатын қондырғы іске қосылды. Жалпы, зауытты реконструк­ция­лауға барлығы 200 млн доллардан астам инвестициялар салынған.
Жаңғырту жұмыстары еліміздің ішкі нары­ғындағы мотор отындарының тап­шы­­­лығын жабуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ бюджетке акциздер мен басқа да салық төлемдерінің түсімін ұлғай­тып­ты. Зауыт жоғары білікті жұмыс орын­да­рын аша отырып, облыстың мыңнан астам тұрғынына, яғни кәсіпорын қызметкерлері мен олардың отба­сы­ларына лайықты табыс әкеледі. Жаңа бензин қондырғылары қолданысқа берілген сәттен бастап, K5 жоғары экологиялық санатында 80 мың тоннадан астам бензин шығарылды. Осы кезеңде облыстық бюджетке шамамен, 1 млрд теңге акциз салығы төленді.
Зауытта өндірілетін жоғары октанды бензин мен дизель отыны БҚО-да ғана емес, жақын маңдағы облыстарда да саты­ла­ды. Бұдан өзге, шығарылған өнімнің жартысы шетелге экспортталады. Мәселен, вакуумдық газойл Беларусьқа өткізіледі, ал гудрон Ресейге тасылады.
Батыс Қазақстан облысы еліміз үшін өнеркәсіптік маңыз бен мәнге ие. Өңірде мұнай-газ өндіру, мұнай өнімдерін өңдеу, машина жасау, металлургия, қорғаныс, тау-кен өнеркәсібі, тігін және азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындары бар. 2018 жыл­дың қаңтар-маусым айларында өнер­кәсіп­тік өндіріс көлемі мұнда 1 трлн 184,6 млрд теңгені құрады. Индустриялан­ды­ру карта­сы аясында 2018 жылы 7 млрд теңге тұра­тын, 262 жұмыс орнын құратын 7 жоба іске асырылуда.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Б.Сағынтаев бірқатар өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап, облыс активтерімен және бизнес өкілдерімен жобалық басқару мәселелері жөнінде кездесу өткізді. Сонымен қатар Орал – Тасқала – Ресей шекарасы Озинки және Қазталов – Жәнібек – Бөкей ордасы авто­жолдарының құрылыс барысын тек­серді. Бұл бағыттар аудан орталықтары­ның облыс орталығымен қатынасын дамытады.
Премьер-министр Қазталов, Жәнібек және Бөкей орда аудандарының өкіл­дері­мен бірге «Нұрлы жол» бағдар­ла­ма­сын іске асыру барысын, сондай-ақ Елбасы Жолдауларын орындау аясында жергілікті жол желілерінің жағдайын жақсартудың, автожолдарды толыққанды жаңғыртудың өзекті мәселелерін талқылады.
Облыстағы автожолдарды жөндеу үшін 2014-2017 жылдары 24,9 млрд теңге бөлін­ген. Оған 453 шақырым жол жөнделген, облыс орталығы Қаратөбе, Шыңғырлау және Жаңақала аудан орталықтарымен қосылған. Өңірдегі бірқатар аудандарда ауданішілік жөндеу жұмыстары да жүрг­і­зіл­ген, Бөрлі және Сырым аудандарының орталықтары өзара байланыстырылған.
Елбасы биыл БҚО-ға жасаған сапары аясында жергілікті жолдардың жай-күйін түбегейлі жақсарту үшін қосымша қаражат бөлуді тапсырған болатын. Нәтижесінде, 23,9 млрд теңге бөлінді, оның 11 млрд теңгесі – Тасқала ауданына, 1,7 млрд теңгесі Қазталов ауданына бағытталды. Кездесу барысында бөлінген қаражат есебінен Орал – Саратов бағытындағы жолдың қайта жөнделуі де аяқталатыны айтылды. Осының арқасында жолға жұм­са­­л­атын уақыттың 1,5 есеге қысқаруы­на орай, Қазақстан мен Ресейдің шекара маңындағы өңірлерінің экономикалық белсенділігі де артады деп күтілуде. Енді алдағы 3 жылда республикалық бюджеттен 36 млрд теңге көлемінде трансферттер арна тартып, оған 700 шақырымнан астам автожол жөнделмек.
Үкімет басшысы бұдан бөлек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысының барысын тексеру және «7 – 20 – 25» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысу үшін Зашаған (Зача­ган­ск) кентіне аттанды. Б.Сағынтаев маман­дандырылған «Халыққа қызмет көр­сету орталығында» мемлекеттік қызмет­терді автоматтандыру процесімен және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы­ның өңірлік жобаларының іске асырылуы­мен танысты.
Премьер-министрдің жұмыс сапары облыс активімен және бизнес өкілдерінің кеңесімен аяқталды. Онда жобалық бас­қару мәселелері талқыланып, осы жылдың 6 айындағы жұмыстардың қорытындылары шығарылды. Сондай-ақ Президент Жолдау­ларында, бес әлеуметтік бастама­сында берілген міндеттерді одан ары шешуге қатысты жоспарлар қаралды.

Айхан ШӘРІП

Жаңалықтар

Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны ірі көлемдегі алаяқтықтың құрбаны болып, полицияға жүгінді, деп...

Жаңалықтар

Елдос Сметовқа берілген сыйлықтар мен көшесіне төселген жолға қандай қаражат жұмсалғаны белгілі болд...