124 жыл бұрын (1895-1937) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет НҰРМАҚОВ дүниеге келді.

Жаңалықтар
1858

Қарағанды облысында туған. Бастапқыда ауылда ашылған орыс мектебінде білім алып, кейін Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін бітірген. 

Омбы семинариясында оқып жүріп, сондағы білім алушы жастар Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Саматов, Әбілқайыр Досовтармен бірге «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымын құрды. Ұйым мүшелері Ресей үкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отаршылдық саясатына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен қатар, Омбы тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатында әр түрлі кештер өткізіп тұрды. 

1915 жылы Н.Нұрмақов Қарқаралыдағы өзі оқыған орыс-қазақ училищесіне оқытушы болып қызметке орналасты. 1917 жылы күзде «Дала одағы» ұйымын құрды. Ұйым патшаның қазақтарды қара жұмысқа алу туралы жарлығына қарсы үгіт жұмыстарын жүргізді. Көп кешікпей Колчак үкіметінің орнауына орай кеңес таратылып, ол бір топ жолдасымен тұтқынға алынды. 18 ай түрмеде отырып, талай қиындықты басынан өткерген ол 1919 жылы желтоқсанда босап шықты. 

1920 жылдан бастап Қарқаралыда, сонан соң Семейде уездік, губерниялық атқару комитеттерінде бірқатар жауапты қызметтерде істеп, «Қазақ тілі» газетінің, «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болды. 1922 жылы Орынборға ауысып, Қазақ өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Сол жылы қазан айында өткен Бүкілқазақтық кеңестердің 3-ші съезінде Қазақ атқару комитеті төралқасының құрамына сайланған оған Жоғары революциялық трибуналды басқару жүктелді. Қазақ трибуналы 1923 жылы ақпанның 19-ында РКФСР Жоғарғы сотының қазақ бөлімі болып құрылған тұста төрағалыққа тағы да Н.Нұрмақов бекітілді. Ал 1923 жылдың мамырында оған Әділет комиссары міндеті жүктелді және сол жылдың күзіне дейін Сот төрағасы қызметін қоса атқарды. Ол әділет комиссары ретінде прокуратура және сот құрылысы ережелерін енгізді. Прокуратура және сот қызметкерлерінің білімін арттыру, білікті жаңа кадрларды қалыптастыру, оларды қызметке тұрақтандыру, жалақыларын өсіру, тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселелерін шешуде де оның табандылығының арқасында біраз жұмыстар атқарылды. Н.Нұрмақовтың басшылығымен сот-тергеу органдарында қазақ тілінде іс жүргізу қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды. Сот қызметкерлерінің барлық санының 60 пайызға жуығын қазақтар құрады. 

1924 жылдан өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Сол жылдардағы өмірге жолдама алған мемлекеттік маңызды құжаттардың бәрінде Н.Нұрмақовтың қолы тұрды. Бұл жылдарда Қазақстанның халық шаруашылығы құлаш жайып, Екібастұз, Қарағанды, Ембі, Балқаш өндіріс орындары елге таныла бастады. Оның Қазақстан үкіметінің басшысы ретінде республиканың аумақтық тұтастығы, өнеркәсіп құрылысы, қазақтарды жерге орналастыру мәселесі, құрғақшылық зардаптарына қарсы күрес, оқу-ағарту және мәдени даму, қазақтарды басқару ісіне тарту, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, т.б. салаларда атқарған қызметтері еліміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюына белгілі әсерін тигізді. 1924 жылы Қазақ АКСР-і астанасын Орынбордан Қызылордаға, ал 1929 жылы Алматыға көшіру туралы шешімдерді қабылдауға тікелей қатынасып, ұйымдастыру жұмыстарын басқарды. Ол еліміздің тұңғыш конституциясы жобасын әзірлеу комиссиясының мүшесі, қазақ әліпбиін құрастыру комиссиясының төрағасы болды. Алғашқы қазақ драма театрын ашуға үлкен еңбек сіңірді. 

Н.Нұрмақов Ф.Голощекиннің қазақ даласында «Кіші Қазан төңкерісін» жасау керек деген арандатушылық пікіріне және халық малын тәркілеуге бағытталған шараларына үзілді-кесілді қарсы болып, оған ашық қарсы шықты. Ф.Голощекинмен арадағы пікір қайшылығы оның үкімет басшысы қызметінен босап, Мәскеудегі БК(б)П ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілуімен аяқталды. Мәскеуде ол Бүкілодақтық атқару комитеті хатшысының орынбасары және аз ұлттар бөлімінің меңгерушісі болды. Сібір, Повольженің аз халықтар тұратын аудандарын аралап, қызмет жасады. 

Көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылдың қуғын-сүргініне алғашқылардың бірі болып ілінді. Кейін Алматыда, Қарағандыда Н.Нұрмақовтан «тапсырма» алып отырған О.Исаев, А.Асылбековтардың ұйымдары табылды деген жаламен тұтқынға алынды. Мәскеу мұрағатының анықтамасына қарағанда Н.Нұрмақов 1937 жылы маусымның 3-інде Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалып, қыркүйектің 27-інде «айыбын мойнына алып», «үштіктің» үкімімен 15 минутта тағдыры шешіліп, 42 жасында атылған. Қоғам қайраткері 1958 жылы тамыздың 11-інде КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды. 

1928 жылы оның саяси-әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалар жинағы «Строительство Казахстана» деген атпен және 1934 жылы Мәскеуде «Состояние и задачи работы среди национальных меньшинств РСФСР» деп аталатын еңбектері жарық көрді. Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Қарқаралы қалаларындағы көшелерге, Қарағанды қаласындағы 2-ші мектеп-интернатқа Н.Нұрмақов есімі берілген. 

Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта, туған ауылында ескерткіш орнатылған.


 inform.kz

Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде қазақстандық трансгендердің соққыға жығылған видеосы  тарады, деп хабарлайды...

Жаңалықтар

Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны ірі көлемдегі алаяқтықтың құрбаны болып, полицияға жүгінді, деп...