Әлемдік елордалардың көпшілігі көне қала болып табылады, мәселен, Мәскеу, Вашингтон, Париж, әсіресе...
Көрнекті жазушы Еркінбай Әкімқұловқа ескерткіш тақта орнатылды
Фото: madeniportal.kz
Алматыда көрнекті жазушы, белгілі редактор, журналист Еркінбай Әкімқұловқа ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Еркінбай Әкімқұлов есімі әдебиетті құлай сүйетін көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Сол себепті салтанатты шараға жазушының ұрпағы, зиялы қауым өкілдері, бір топ журналистер жиналды.
Еркінбай Әкімқұлов 52 жыл отасқан жары Гүлнәрмен Құралай, Құрман, Нұрлан есімді ұл-қыздар тәрбиелеп өсірді. Еркінбай Әкімқұловтың бүгінде 4 немере, 3 шөбересі бар. Жазушының перзенттері, немерелері, оның көзін көрген зиялы қауым өкілдері оған ескерткіш тақта орнатты. Салтанатты іс-шарада Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйледі.
“Еркінбай Әкімқұловтың құтты үйіне мына ескерткіш тақтаны ашқалы отырмыз. Құтты болсын! Ең бірінші Алматы қаласының әкімдігіне алғыс білдіргім келеді. Себебі әкімдік биыл біздің 5 жазушының атына ескерткіш тақта ашуға рұқсат берді. Біздің көп жазушылар ауылда туып Алматыға келетін. Олар Алматыда біраз жыл қаңғып жүріп, пәтерден-пәтерге көшіп, өзінің шығармашылық шаруасымен айналысқан. Бұл Төлебаев көшесі, жоғарыдағы Абай көшесі, Шевченко көшелері біздің жазушыларымыз тұрған жерлер. Сол үшін біз үшін бұл көшелер қасиетті”, - деді Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
Іс-шарада Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев та бой көрсетті.
“Құрметті зиялы қауым өкілдері, бүгін тарих бетіне жазылып қалатын қуанышты күнде жолығып отырмыз. Еркінбай Әкімқұловтың ұрпағы жазушы тұрған үйде ескерткіш тақта орнатып, тарих бетін жазып жатыр. Зиялы қауымды, оның жақындарын осы тарихи күнмен құттықтаймын”, - деді Ғани Майлыбаев.
Еркінбай Әкімқұлов көп жылын Шәмші шығармашылығын зерттеуге арнаған. Оның қазақ арасында "Ән-аға" атанған композитор Шәмші Қалдаяқовты асқақтата жазған шығармалары оқырманның жүрегіне төте жол тапты. Ол “Шәмші Қалдаяқов - ән патшасы”, “Өзбекәлі Жәнібеков” сынды шығармалардың авторы.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының басшысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов да салтанатты жиында сөз сөйлеп, Еркінбай Әкімқұловты еске алды.
“Еркінбай Әкімқұловты айтқан кезде, бір нәрсеге баса назар аудару керек. Бұл кісі тағдырлы жазушы. “Жазушы болу үшін оған күрделі тағдыр керек” деген тәмсіл бар. Бұл кісінің туған жылы — 1937 жыл. Елде атақты нәубат болып жатқан кез. Қуғын-сүргінге ұшырап жатқан кез. Ел аш-жалаңаш кез. Ал енді балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыс кезіне тұспа-тұс келді. Ал ер жеткен шағы соғыстан кейінгі жылдардағы қиыншылыққа тап келді. Еркінбай Әкімқұлов осы қиыншылыққа қарамай, ағысқа қарсы жүзіп, өз тағдырын өзі жасаған жазушы”, - деді Кенжехан Ісләмжанұлы.
Көрнекті жазушыға арналған ескерткіш тақтада “Бұл үйде 1994-2019 жылдары көрнекті жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі Еркінбай Әкімқұлов тұрған” деп жазылған.
Еркінбай Әкімқұлов 1937 жылы 4 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылында туған. 1959 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген. Кейін республикалық “Лениншіл жас” газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Алматы қалалық партия комитетінде нұсқаушы, Қазақ радиосында аға редактор болып жұмыс атқанған. Көрнекті жазушы, журналист 2019 жылы қаза болды.