Қала прозасына арналған «ҚАЗАҚ пен ҚАЛА» екінші республикалық байқауы жарияланды.Байқауд...
«ҚАЗІР СЫНАЛҒАН ЕМЕС, СЫНАҒАН СҮЙКІМСІЗ»
Жазушы-сатирик Берік Садырдың «Не десем екен?!» атты алғашқы әзіл-сықақ кітабы 1987 жылы жарық көрсе, одан соң «Қосымша ми», «Біз өсек айтпаймыз», «Ойсоқты», «Ойхой өмір», «Социализм сатирасы» атты жинақтары басылып шықты. Аударма саласына да дендеп атсалысып, «Күллі әлемнің күлкісі» атты шағын көлемдегі шетел әзілдерін аударып, кітап етіп оқырманға ұсынды.
Сондай-ақ әлемге әйгілі тұлғалар мен қазақ қайраткерлерінің тауып айтқан ұрымтал сөздерін құрап «Бірде…» деп, одан кейін «Ауылдың айтқыштары» және «Ауыл әзілдері» деген қос жинақты қалың көпшілікке тарту етті.
– Сатирик-жазушы болғандығыңыздан, сұрағымды төтесінен тартсам: «ХХІ ғасырдың жылан жылындағы қазақ әзіл-оспағының деңгейі қай дәрежеде?»
– Құдайға шүкір, әзіл-оспағымыз бар. «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қалжың қалта», «Айқында» – «Жатыпатар», «Жас Алашта» – «Сүзеген сөз», «Егемен Қазақстанда» «Сөз сойыл» әзіл-қалжың отаулары шығып жатыр. Ал дәреже-деңгейіне келер болсақ, сапа жағы салмақсыздау, «әп, бәрекелді!» дегізер дүниелер некен-саяқ. Не жазса да «дүр» еткізетін Сейіт Кенжеахмет ағамызды іздейтін болдық. Ал сатира-юморға бет бұрған жастар жоқтың қасы десек болады. Мұндайда академик Темірбек Қожекеевтің «Сатира – күштілер қаруы» деген қанатты сөзі еске түседі. Егде тарландарымыз өз уақытында өз үлестерін қосты. Ал қазір заман басқа, талап «қарақасқа» болып, сатира сарбаздары тоқырау, тосырқау күй кешуде. Қостанайлық сатирик Дәмер Әбіштің «Қатынымды жекешелендіріп алдым», «Институтымыз ұл тапты!» мен Сайлау Байбосынның «Асқазаныңыз ауырмай ма?!» атты тәуір дүниелеріне «әп, бәрекелді» деп отырған жайымыз бар. Өзім де әзіл-оспақ отауын шығарып отырғандықтан, оңым мен солыма алаңдап, тәуір дүние келе қалса екен деп елеңдеймін. «Сөз сойылды» үзіп алмай шығарып келе жатқаныма 18 жылдың жүзі болыпты. Ал, «Ара» журналын жауып алғанымызға қынжыламыз…
– Сатира-юморға бет бұрған жастар жоқтың қасы, сатира сарбаздары тосырқау күй кешуде деп қалдыңыз?
– Тоқ етері, қазіргі қоғамға сынап-мінеу сияқты «ащы-тұщы әзілдер» керек болмай тұр. Кемшілігін көргісі келмейтін кердең қоғам үстемдік етіп тұрғанда сатира-юмор жазушылар тосырқамай қайтсын! Бірлі-жарым бұлтартпас дәйекпен фельетон жазылса – бұнысын әрісі қоғам болып көзге ілмейді, берісі шыбын шаққан құрлы көрмейді. Керісінше, жазған пенденің соңына шам алып түсіп, іліктен шілік шығарып, сотта отырып «салмақ салыстыратынын» қайтесің, қазіргі «берген жеңер» соттың алдын көрген жазғыш одан соң алдында атан түйені алып жығар дерек жатса да, бұл пәлекетке жолай қоймас.
Әңгімемізді әріге жіберіп көрсек – келмеске кеткен Кеңестік қоғамдағы сатира-юмордың беделі бесбатпан екен. Бұған дәлелді сатира жанрының жілігін шаққан Темірбек Қожекеевтің еңбектерінен табуға болады. Ол «Сатира – күштілер қаруы» атты кітабында: «Партия мен үкіметіміз бұл қаруға деген үміт, ықыласын, сенім-нанымын ешқашан бәсеңсіткен емес. Ол сатира мен юморға, оның жауынгер жанрларына сонау жиырмасыншы жылдары-ақ зор мән берді. Лениндік партияның 1924 жылы мамыр айының 23-31 күндері өткен XIII съезі «Баспасөз туралы» қарарында жергілікті ұлттардың баспасөзін дамытуды, оның түр саласын молайтуды міндеттеді.
Жастарды жауынгерлік рухта тәрбиелеу үшін большевизмнің оппортунизммен, өз ішіндегі әрқилы уклондармен күресін кең көрсететін әдебиетке ерекше көңіл бөлуді талап етті» деп жазады. 1918 жылы В.И.Лениннің «Біздің газеттеріміздің сипаты туралы» мақаласы жарыққа шығып, онда «көсем» «сатира мен юморға зор маңыз беру» қажеттігін ескертіп, осы мәселеге қатысты арнайы нұсқау береді. Сондай-ақ, ол «Крокодил», «Правда», «Ленинград», «Звезда» сияқты басылымдарға жеке-жеке қаулылар шығарып, оларға кертартпаларды фельетон арқылы сынап отыру қажеттігін ескертіп отырған екен. Яғни, пролетариат табының «көсемдері» елді бақылауда ұстауда сатираның таптырмас құрал екенін терең ұғынып, бұл қаруды оңтайлы пайдалана білген. Осылайша, қоғамда болып жатқан өзгерістерді назарда ұстап, кемшіліктерді дер кезінде байқап отыру үшін үнемі сатираға қатысты қаулы-қарарлар шығарып отырған.
Ленин өмірден озғаннан кейін де сатира өз маңызын жоғалта қоймайды. 1927 жылғы сәуірде «Сатиралық юморлық журналдар туралы» қаулы шығады. Онда: «Сатиралық-юморлық журналдардың міндеттері – біздің құрылысымыздағы, ел өмірінің әрқилы саласындағы, тұрмысындағы буржуазиялық көзқарастарды, мещандық дәстүр мен әдеттерді, социалистік құрылыс міндеттері мен жалпы пролетарлық мүдделерге қайшы келетін әртүрлі топшылдықты, бюрократтық, ұлтшыл-шовинистік тенденцияларды, тап жаулары мен олардың саналы және санасыз түрдегі қостаушыларын сынау, әшкерелеу» деп келетін нақты нұсқаулар беріледі. Сатираның «мықтылар қаруына» айналуының мәні осында болса керек. Сондай-ақ сатираны фашизмге қарсы күресте де пайдаланып, бұл өз кезегінде жауынгерлердің жігерін жануға көп септігін тигізген. Соғыс біткен соң, бұл қаруды қайтадан қоғам келеңсіздіктеріне бағыттаған. Партияның 1946 жылы қабылданған «Звезда», «Ленинград» журналдары туралы қаулысында «талғамы төмен журнал редакциялары мен баспа басшыларының кеңес шындығын бұрмалайтын, көркемдік қасиеті шамалы, идеялық деңгейі төмен сатиралық юморлық шығармаларға орын беріп жүргендігі» айтылып, сынға ұшыраған екен. Яғни, сатира ешқашан назардан тыс қалып қоймаған. Бұл өз кезегінде сатираны жауынгер жанрға, өткір жанрға айналдырған. Кеңестік дәуірде сатира «дәуренінің жүруі» – бұл жанрды тікелей биліктің өзі қадағалап, назарда ұстауында десек, қателеспейміз.
Сатираның кемелденуіне әсер еткен екінші себеп ретінде фельетон жанрын қарастыруға болады. Темірбек Қожакеев: «Әдебиет пен баспасөз тәжірибесінде жамандыққа жаны қас, жақсылықты ғана іздейтін, азулы да айбынды бір жанр бар. Ол – фельетон. Фельетон жат мінез, жайсыз қылық, кемшілік-мінді көрсе-ақ айырын ала салып, оны түйрей қояды, жұрт алдына сүйреп шығарып, қағып-сілкіп, масқара етеді» дейді. Расында, сол кездері фельетон сатираның өтімді де, өткір жанры болған. Өкінішке қарай, бұл жанр бүгіндері мүлдем жоғалған.
Рас, кезінде «Ара» журналының ең өтімді жанры болған фельетон бүгіндері ұмытылған. Оспанхан Әубәкіров: «Ара» – ара болады, шаққан жері жара болады» деп баға берген журнал бетіндегі фельетонның «басты кейіпкерлері» жылы орындарынан айырылып, биліктің қатаң жазасына ұшырап отырған. Қоғамның талай мінін түзеген «Ара» журналы туралы көрнекті сатирик Ғаббас Қабышев: «Ол кезде «Ара» журналына есімі іліккен адам міндетті түрде тексеріліп, лайықты жазасын алып жататын. Журналда қызмет етіп жүргенімізде келеңсіздіктерді айтып, СОКП Орталық комитетіне дейін шыққанбыз. Сол кезде үш бірдей министрге кінәсін мойындатқызып, қызметінен де босатқанбыз» дейді. Ол сатираның бүгінгі күні әлсіз көрінуінің себебін «оның еленбеуі мен лайықты баға берілмей жүргендігінде» деп түсіндіреді. «Сатираның ең бір мықты жанры – фельетон болатын. Бұл жемқорлар мен парақорларға қарсы таптырмас құрал еді. Өкінішке қарай, фельетон әдебиет сахнасынан аластатылды. Қазір сыналған адам емес, сынаған адам сүйкімсіз болып жатады. Осылайша, фельетонға қақпақ қоюшылар пайда болып, сатириктер бұл жанрды жазуды қойды. Осы біз сатирадан емес, фельетоннан айырылып қалдық десек, дұрыс болады-ау.
Мұхтар Әуезов: «Күлкі – өлмес елдің өшпес күші» дейді. Иә, ешқашан өшпейтін мұндай мықты жанрға дәл Кеңес өкіметі тұсындағыдай мән берілсе, сатира – ұлттық идеологияға, ортақ мүддеге қызмет ететін айбынды қаруға айналатын еді ғой, – деп жазған Сабина Зәкіржанқызының мақаласына алып-қосарымыз жоқ.
Осындай сатира-юморға аса мән берген Кеңестік кезеңнің іс-шараларына тәнті боласың. Соның іс-әрекеті қазіргі қоғамға дарыса – сатириктеріміз тосырқауды сілкіп тастап, бір кездегідей белді буып буырқанар-ақ еді… Оларға қарап оң-солын таныған жас буыннан да әзіл-оспақтың әжептәуір жастары да шығар еді…
– «Тамашада» редактор болған екенсіз, «Тамашаның» қазіргі сатиралық театрлардан артықшылығы неде деп білесіз?
– Алғашқы әзіл-сықақ театры болды. Телевидение аз, ол кезде оларды қазіргідей жетісіне гулетіп жататын әзіл-сықақ бұрышы атымен жоқ болатын. Ал, «Тамаша» мерекелерге орайластырылып, жылына 5-6 рет қана Республика сарайында қойылып барып теледидардан көрсетілетін. Оны қалың жұртшылық тайлы-тұяғымен қоймай тамашалайтын.
Негізгі ерекшелігі – «Тамашада» белгілі бір театрдың танымал артистері ойнайтын. Және де ондағы әртістер рөлді ойнағанды ғана білетін. Саусақпен санарлық скетчтер болмаса, оларға материалды тауып беріп отыратын театрдың арнайы редакторлары болды. Бұған сол кездегі Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Сейіт Кенжеахметов секілді белгілі сатириктер үзбей атсалысты.
– Қазіргі сатиралық театрлардың көбейгеніне қалай қарайсыз?
– Әзіл-сықақ театрының бастауы «Тамаша» болса, «Бауыржан шоу», «Терісқақпай», «Күлкі керуен», «Аққу-Гәкку», «Нысана» деп жеке отау тікті. Аймақтарда да құрылды. Өткенде «Хабардағы» «Ду-думаннан» «Қуандық пен Бақыт», «Беймарал», «Керемет» дегендерді өз басым бірінші рет естідім… Жарайды, көптік етпес. Осы жерде «сан сапаға әсер етеді» атты қағиданы еске алуға да болатын шығар. Мәселен, Мәскеуде 480-дей театр бар деп жұбату айтамыз… Ал осы анау «Тамашадан» тартып қазір қай-қайсына да көрерменнің көңілі толмайды…
Мына парадоксты қараңыз, Ресейдің «Кривое зеркаласында» жиырмадай әртіс бір ұжымға топтасқан. Олардың әрқайсысының өзі жеке театр құруына бедел-қасиеттері жетіп артылса да бір ұжымда еңбек етеді. Неге? Ұжым – ұтады. Жетекшісі Евгений Петросян «ұтудың» оңды-солды жолын тапқан. Мәселен, скетч табуда Петросяндардың талғамы керек. Конкурсқа мың шақты материал келіп түседі екен. Себебі, таңдап алынғанға төленетін қаржы өте қомақты көрінеді. Және де Петросян автормен сұхбат жүргізіп, насихаттап отырады. Ал, «олардың менталитеті басқаша» деген пікірге келіспеймін. Өз басым ол театрдың әр қойылымын ыждағаттылықпен тамашалаймын. Үлгі боларлық театр-ақ…
– КВН-ның қарқыны қалай, оларға көңіліңіз тола ма?
– КТК – көңілді тапқырлар клубы – жастардың әзіл-сықақ отауы. Артықшылығы – қысқа-нұсқалығында. Яғни, анекдот пошымында айтылып, айтарын шолақ қайырады. Орындайтын да, көбіне тыңдарманы да жастар болып келеді. Өз басым осы салаға қатысым болмаса да біздегі КВН-ды көре бермеймін. Өйткені мен үшін тұшымсыз, әлсіз. Ал оларлың әлсіз болатыны – эфирге жолданарда талғамы жоғары редактордың сұрыптауынан өтпейтіндігі. Орыстарда сұрыптаудан өтіп, редакцияланып барып ұсынылады екен. Ал осы жерде айта кететін жағдай, КВН-нан тартып, жалпы анекдот айтқызып жүрген телебағдарламар – қазақ сатирасы емес, қазақ сатирасын олардың деңгейімен өлшеуге әсте болмайды.
– «Саяси сатира» атты айдар болушы еді бір кездерде? Фельетонның көзден бұлбұл ұшқанына не айтар едіңіз?
– Иә, өкінішке қарай, саяси тақырыптарға жазылған әзіл-оспақ, сын-сықақ қазір жоқтың қасы деуге болады. Бұл айдардың дүрілдеген дәуірі – социализм дәуірі еді ғой. Ол кезде империализм-капитализм сияқты «нақты» жауың бар болатын. Сол мықтының шаужайына жармасып, оңды-солды сілтеп, саясатты сарқып іше беруге болатын. Қазір қоғам басқа, алды-артты байқамасақ, күнде құбылып тұрған заманда бүгінгі жауың ертеңгі «үзеңгі дос» болып шыға келеді…
Ал ішкі саясаттан «сайрап» көрудің де қауқары шамалы. Сен сынап-мінеп міңгірлеп көр, оныңды шыбын шаққан құрлы көрмей жатқан қоғамыңа қарап, айта-айта қоясың.
Бір кездердегі фельетон жанрының қай басылымнан болса да көрінбей кеткендері рас. Өйткені, бұл жауынгер жанр нақты деректерге құрылып, мысқылмен сынай отырып әжуалауды мақсат тұтқандықтан, күрделі әрі күрмеуі қиындау күй кешіп қалды. Бұдан фельетон мүлдем жазылмайды екен деген түсінік қалыптаспауы тиіс. Өйткені, «Фельетон» деп айдар тағылмаса да жарияланып жүрген аты шулы сын материалдар осы жанрдың міндет-мақсатын атқарып жүргені анық.
Асхат РАЙҚҰЛ