(1876 жылы жазылған)Пьер Ландри Париждің күндіз-түні кісі аяғы басылмайтын Орталық базар маңын...
«Қыздардан жақсы журналист шықпайды...»
Жазушылық пен журналистиканың тізгінін қатар алып жүру әйел заты үшін жеңіл жүк емес. Алайда, жаныңның қалауы сол болса жазудың азабынан қашпақ түгілі қайралып, қанаттанасың, жалықпақ түгілі жаның жәй тауып, ләззат аласың. Бүгінгі кейіпкеріміз Жазушылар Одағының мүшесі, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Ақ босаға», «Түнгі оттар», «Екіге бөлінбейтін келіншек» т.б.кітаптарының авторы Заря Жұмановамен сырласа отырып, біз осыны аңғардық. Әдебиет әлеміндегі әйел жүрегінің лүпілін сіз де сезініп көріңіз, оқырман.
- Заря апай, туған жеріңіз Жұмекендей дарынды дүниеге әкелген қасиетті топырақ екен. Жиі барып тұрасыз ба, сағындырып па?
- «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген сөз бар ғой. Кезінде Исатай, Махамбеттей батыр бабаларымыз «Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылып жүріп» аман алып қалған киелі жердің тумасы екенімді, Сіз сияқты тілшілер сұхбат алған сайын, мақтан етіп, айтып жүремін.
Сонау бағзы заманғы тарихты қозғамағанда, кешегі Әбу атамыз, Хамит атамыз, Меңдекеш ағамыз, Жұмекен ағамыз, қос Зейнолла ағамыз, Фариза апамыз, Рахымжан...ағаларымыздың кіндік қаны тамған қасиетті топырақта, талантты жандарға өте бай өңірде өмірге келу – кез-келген ақын-жазушыға бұйырмаған бақыт!
Күй атасы – Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік деп аталатын аядай ауылда туып-өстім. «Қыз бала – жатжұрттық» демей ме, университет бітірген жылы тұрмыс құрдым. Жұбайым екеуміз жолдамамен барып, жиырма жылдай Сарырарқада қызмет еттік, үш жүздің басын қосқан ұлы жер – Ұлытау өңірінде перзенттеріміз өмірге келді. Балапандарын ерткен жыл құсы құсап, жыл сайын еңбек демалысымызды алысымен, жер шалғайлығына қарамастан, аңсап, сағынып жүрген ауылымызға жеткенше асығушы ек.
Бертін келе әке-шешем, балаларының қызмет жағдайына байланысты, алдымен Жезқазған қаласына, кейін Алматы жағына көшті. (Әкемізге топырақ «жер жәннаты» - Жетісу өңірінен бұйырды.) Қазір енді бұрынғыдай жыл сайын туған ауылыма бара алмаймын. Соңғы жылдары іссапармен келгенімде, Атырау қаласынан, кейде Құрманғазы ауданының орталығынан қайтып жүрдім.
Себебі, Кеңестер одағы тарап, еліміз егемендік алғалы, Ресеймен екі араға кедендік бақылау орнады. Тәртіп қатаң. Сырттан келген адам шекарада жатқан біздің ауылға емін-еркін өте алмайды. Жол қатынасы да қиын. Бұрын Ресейдің Қарабайлы, Басқұншақ стансаларына дейін пойызбен барып, ары қарай ауылға автобуспен лезде жетуші ек. Қазір алыстан арып-ашып келген жолаушылар таяқ тастам жердегі Сүйіндікке жете алмайды. Көлік жалдап, елсіз құмның ішін орағытып, соқтықпалы-соқпалы қара жолмен, жол азабын бастан кешіп, әр барған сайын бір өліп-тіріліп келеді. (Халық қамын ойлайтын депутаттарымыз осының бір жағына шықпаса, бұл өзі жылдар бойы түйіні шешілмей келе жатқан өткір мәселе боп тұр.)
Екіншіден, бас тіреп барар ауылдағы жақын-жуық, ағайын-туыстарымыздың көбі өмірден өтті, біразы түрлі себептермен, жан-жаққа көшіп кетті. Тіпті бұрын біз тұрған үй де жоқ. Бұзып тастапты. Шыбық кезінде өзіміз су құйып өсірген зәулім тал-теректер де тып-типыл... Балалық шақты сағына еске алсам, әкемнің өз қолымен тұрғызған сол үйі, еккен бау-бақшасы, бір қабат болса да бізге еңселі ғимараттай көрінетін мектебіміз, мектепте бізге бар жан-тәнімен білім берген Қалау апай, София апай, Сансызбай ағай, Татанғали ағай, Ерназар ағай, Әбілкәкім ағай, Роза апай, Хиуаз апай... басқа да ұлағатты ұстаздарым, тай-құлындай тебісіп бірге өскен бала күнгі достарым көз алдыма келеді...
Мына бір өлең шумақтарын оқысаңыз, менің сағынышқа толы көңіл-күйімді, толғаныс, тебіренісімді түсінер едіңіз:
«Өткеніңе үңіл, мейлің, үңілме,
Қайта айналып оралмайды ол бүгінге,
Өткен өмір
Батып кеткен кемедей
Уақыт атты тұңғиықтың түбіне.
Тіршілікте тоссын қанша сый алдан,
Бал дәуренін бәрібір кім қия алған?!
Иірімге кетем қойып кейде мен,
Скафандр жасап киіп қиялдан.
Сүңгуірдей шарлап жүріп тереңді,
Табам іздеп батып жатқан кемемді.
Балғын шақпен жүздесемін бетпе-бет,
Белгісіз бір шаттық билеп денемді.
Бесігімді анам тербеп шайқаған,
Нәрестеге айналамын қайтадан.
Сезіп сонда шын бақыттың не екенін
Рахатқа батып, жаным жай табам.
Пенделіктің болып бір сәт бәрі ұмыт,
Жатам үнсіз ой толқынын жамылып...
Содан кейін қайта малтып шығамын,
Тазарғандай бар күнәмнан арылып.
Бұл өлеңнің авторы - менің туған нағашым, анамның жалғыз ағасы –Сатыбалды Даумов. Өмірден өткеніне біраз жыл болды. Белгілі ақын Қадыр Мырзалиевтің бел құрдасы, жақын жолдасы еді.
Ұзақ жылдар Республикалық зағиптар қоғамына қарасты «Еңбек таңы – Заря труда» деген журналда бас редактор боп істеді. Көздері көрмегенмен көкіректері ояу, көңілдері жарты болғанмен, өмірге құштар жандардың мұң-мұқтажын көтеріп, мүддесін қорғайтын басылымда жұмыс істеу оңай емес қой. Сондықтан Қадыр құрдасы сияқты алаңсыз тек өз шығармашылығымен айналысуға Сатыбалды нағашымның мұршасы болмағанын енді түсініп жүрмін.
Алғашқылардың бірі боп ол кісі Жәңгір ханның прогрессивтік жақтарын зерттеді. Бәріміз бала кезден «хан емессің, қасқырсың, қас албасты басқырсың» деп жек көріп келген ханның қазақ балалары үшін тұңғыш рет мектеп ашқанын, маң далаға қала салдырып, құм ішіне қарағай еккізіп, қазақ жастарын орман шаруашылығына баулығаны жайлы тарихи-танымдық көлемді мақалалар жазды.
Сөйтіп қазақ халқының өткен тарихына, оның тарихи ірі тұлғалары – хандарына, билеріне, діни сауаты жоғары молдаларына жаппай күйе жағуды мақсат тұтқан Кеңестік солақай саясаттың кесірінен еткен ескерусіз қалған есіл ердің ерекше істерін ел алдына жайып салды. Сондай-ақ ол қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш революционер, біздің жерлесіміз Алма Оразбаеваның көпшілікке беймәлім, тауқыметті тағдырын да тынбай зерттеп, шығармаларына арқау етті.
Жасыратыны жоқ, көзі тірісінде Сатыбалды Даумовтың сан қырлы талант иесі екендігін біреу білсе, біреу білмейтін. Алайда, қазір әдеби сыншылар мен әдебиеттанушы-ғалымдар талантты ақын, тамаша қаламгердің шығармашылығын зерттеп, кеш те болса жоғары баға беруде... Орал қаласында Сатыбалды Даумовқа көше аты берілді. Негізі, ол кісі де біздің Азғыр өңірінде туып өскен, Сүйіндік маңындағы Қоянды деген шағын ауылда өмірге келген жан еді.
«Кішкене ғана Қоянды –
Кіндігі жердің мен үшін.
Белбеулеп жерді орайды.
Тартқан жол содан желісін.
Қанатын жайып жақсы арман,
Сол жерде мені тербеген
Мен үшін содан басталған
Қастерлі ұғым Ел деген.
Болса да қораш түрі оның,
Артық ол маған Мысырдан.
Сол менің космодромым
Ұямнан мені ұшырған», - деп Сатыбалды нағашым қалам тербеді. Ал менің космодромым – Сүйіндік дер едім.
- Әбу атаның батасын алған адамсыз, ол кісінің аяулы жары, қазақ журналистикасының қарлығашы Ләзиза Серғазинаның көзін көре қалдыңыз. Ұлылардың қандай қасиетін ерекше бағалар едіңіз?
- ӘДЕБИЕТ атты киелі әлемнің табалдырығын Әбу атамыздың ақ батасымен аттаған Қанипа Бұғыбаева, Темірхан Медетбек сын-ды ақын-жазушылар аз емес. 9 - сыныпта оқып жүргенімде абыз ақсақалдың назарына ілігіп, ақ батасын алғаным үшін Аллаға шүкіршілік етемін...
Студент кезімде көбінесе сол кісінің үйінде жүретінмін. Әсіресе, сессия жақындаған кезде. У-шуы мол жатақханадан гөрі Әбу атаның кітапқа толы төрт бөлмелі пәтерін емтиханға дайындалуға ыңғайлы санаушы ем. Алайда ол үй де әрдайым адамнан арылмайтын. Өмірі есігі жабылмайтын, қазаны оттан түспейтін. Ләзиза әжеміз де Әбу атамыз сияқты қонақжай, көпшіл, мұқтаж адамдарға жаны ашығыш, адам жатырқамайтын және өте білімді адам еді. Атамызбен үнемі «Әбеке, Сіз» деп қана сөйлесетін. Бір-біріне дауыс көтеру түгілі, қабақ шытқандарын көрген емеспін.
Қонақ бөлменің екі қапталында екеуінің бөлмесі болатын. Түнімен екеуі де жазу жазып отыратыны есімде. Ләзиза әжеміз көбінесе атамның қолжазбаларын тықылдатып жазу машинкасымен басып отыратын. Ол кісіні немерелері Мирас, Гүлнәр, Дархан, Сақыпжамалдар «Бабажан» деп атайтын, мен де солай атап кеткем. Атамыз соғыстан алған жарақаттары мазалап, жыл сайын емделуге кеткен кезде, Бабажан маған: «Қарағым, кейін атаң сияқты үлкен жазушы боларсың, атаңның кабинетіне ұйықтай ғой», - дейтін.
Әбу атаның кабинетінде кітап толы шкафтар бір қабырғаны тұтас алып, еденнен төбеге дейін тіреліп тұратын. Түнімен кітап оқып, жаным рахатқа бөленуші еді. Күндіз Бабажан тамақ дайындаған кезде бір сәт кітаптан басымды алып, картоп, сәбіз, пияз аршысып, ас үйде қасында көмектесуші ем. Бірде атамыз: «Ой, мынау палау өте дәмді екен!»-деп сүйсіне жеп отырғанда, Бабажан еңбек өзінікі болса да, бар мақтауды маған аударып тастамасы бар ма, «Әбеке, Заря қызыңыз пісірген соң дәмді болған шығар», - деп. Палау пісірмек түгілі, палау мен күріш ботқаның айырмасын білмейтін мен қысыла-қызарақтап, ыңғайсызданып қалдым. Бірақ оған назар аударып жатқан олар жоқ. Атам: «Ертең оқуын бітіргесін осы қызымызды вагон-вагон күріш беретін жігітке ұзатармыз»,-деді әзілдеп. Аузы дуалы жан еді ғой, жарықтық. Дәм бұйырып, кейін шынымен де оқуымды бітіргесін нағыз ақ күріштің отаны - Сыр еліне келін боп түстім...
Атамыз ғана емес, өмір бойы журналист, аудармашы болып істеген Ләзиза әжеміз де өмір бойы күнделік жазыпты. Бір қайран қаларлығы, бір-бірінің рұқсатынсыз күнделіктерін ақтарып, жазған дүниелерін оқымаған екен. Бабажан мен университет бітірген жылы қайтыс болды. Аяулы жарының өмірден ерте озғаны Әбу атамызға қатты батты. Жаны жабырқады. Жалғызсырады. Ол кісіге арнап өлең, балладалар жазды. Марқұм әжеміздің қаншама жылдар бойы жазған күнделіктерін іріктеп, басуға дайындау үшін тұңғыш рет ашқан кезде жазған хатын кейін Райхан апам – Әбу атамның жалғыз қызы тауып алып, маған көрсетті. Ішкі әлеміне өзінің рұқсатынсыз қадам басқаны үшін атамыз жар рухынан кешірім сұрапты. Не деген құрмет!.. Не деген зиялы, мәдениетті, дегдар адамдар десеңізші! Сол шаңырақтан көргенім де, көкейге түйгенім де аз емес.
- Прозада негізінен әйел тақырыбына қалам тербеуіңізге не түрткі болды?
- Негізі көркем әңгіме жазуға бала кезден икемім болды. Бәлкім өзім сүйсіне оқыған әдеби кітаптардың ықпалы ма екен... Әлде менің әдебиетке деген қызығушылығымды оята білген ұстазым Төлеев Сансызбай ағайдың мықтылығынан ба...Тырнақалды тұңғыщ новеллам мектепте 9-сыныпта оқып жүрген кезімде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне шықты. Кейін студент кезімде «Қазақстан әйелдері» журналында «Жаңбыр иісі» деген көлемді әңгімем жарық көрді. Бірақ жазушы боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес.
Бірақ бала кезден әйтеуір журналист болуды армандағаным рас. КСРО кезінде қазіргідей әр облыс сайын бәлен университет, университет сайын журфак жоқ. Күллі Қазақстан бойынша тек Алматыда, қазіргі әл-Фараби атындағы, Қазақ мемлекеттік университетінде ғана журналистика факультеті болатын. Ал оған тырнақ іліктіру – ғарышкерлер отрядына алынумен парапар еді. Бір орынға 10-12 адам таласады, қырғын конкурс.
Журфакқа көп қиындықпен түсіп, бар жан-тәніммен қызыға оқып жүргенімде, Тауман Амандосов деген профессор: «Қыздардан жақсы журналист шықпайды, осы бастан филфакка ауысып алыңдар, кейін мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берсеңдер де далада қалмайсыңдар»,-дегенді жиі айтатын. Соған намыстанып, қыздардың да жақсы журналист бола алатынын осы кісіге дәлелдесем-ау деп іштей өзімді-өзім қамшылап жүруші ем.
Сол намыстың жетегімен өмір бойы журналистикада жүрмін. Оның әр саласында (телеарналарда, газет-журнал редакцияларында, саяси партияның баспасөз қызметінде) өз күшімді сынап көрдім. 2000 жылы «Жыл журналисі» атандым. Тағдыр тәлкегіне тап болған талай жанға қол ұшымды созып, рухани қолдау жасауға тырысып жүремін. Көбінесе, редакциямызға жылап-сықтап қыз-келіншектер келетін. Кейбірі «Көңілдің кірі айтса кетеді» деп, әркімге аша бермейтін жан сырларын ақтарып салып, бірер ауыз жылы сөзге қанаттанып, іштегі шері тарқағасын, рахмет айтып кететін.
«Көре-көре көсем боласың» демекші, көсем болмағанмен, сол кездесулер текке кетпей, олар айтқан әңгімелер қанша уақыт бойы көңілімде жаңғырып, көкейімнен кетпей жүретін. Ақыры кейіпкерлерімнің аты-жөндерін өзгертіп, айтқан әңгімелерін ақ қағазға түрте бердім. Кейін өңдеп, әрлеп, жонып, қырнап, толықтырып, жабық әдеби бәйгелерге ұсынғам, жүлделі орындарға ие болып, сыншылар назарына іліктім. 2010 жылы Республикалық «Алтын қалам» әдеби конкурсында «Ең үздік проза» номинациясына ие болдым.
Қазір балалар мен жасөспірімдерге арнап қысқа да нұсқа әңгіме, ертегілер де жазып, газет-журнал бетіне жариялап жүрмін. Сондықтан, мені тек бірыңғай қыз-келіншектер тақырыбына қалам тартатын жазушылар қатарына қосуға асықпаңыз.
- «Ақ босаға» атты әңгімеңіздің басты кейіпкері секілді кішіпейіл, инабатты,төзімді, әдепті келіндер бүгінде жоқтың қасы. Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі десек, кешегі тектілікті аңсаймыз, қайтадан тамыр алуы мүмкін бе? Жоқ әлде уақыт жоғалтып алдық па?
- Сіздің «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деген сөзіңізге толық қосыламын. Бұдан біраз жыл бұрын Польшадағы халықаралық журналистер интернатурасынан өттім. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» демей ме, сонда бір байқағаным, Варшавада «Бекзат бикештер мектебі» («Школа благородных девиц») деген бар екен, соған жұрт туғанына 4-ақ апта болған қыздарын кезекке тіркеп қояды екен. Жас қыздарына жақсы тәрбие беруге ынтазар адамның көптігі соншалықты! Бізге де сондай әдепті, мәдениетті, инабатты қыздарды тәрбиелейтін оқу орындары міндетті түрде керек. Өйткені, біздің қыздарымызды менталитетімізге жат шетелдік көркем фильмдер мен телесериалдар, «Қалаулым», «Кел, келінім», т.с.сияқты отандық телшоулар «тәрбиелеп» жатыр. Солар орыны толмас өкінішке ұрындырмасына кім кепіл?!
«Бүгінгі қыз – ертеңгі ана» деген сөзді үлкен мінберлерден жиі естиміз. Бірақ біз сол болашақ аналарды қалай тәрбиелеп жатырмыз? Мәселе сонда. Шыны керек, қазір ауылдағы ахуалды онша жақсы білмеймін, (қалада тұрып жатқаныма 40 жылдан асты ғой), ал қалалық қыздардың тыныс-тіршілігімен етене таныспын. Олардың көбі заман талабына сай ағылшын тілін жақсы біледі, жеңіл көліктерін ұршықша иіреді және өздерінің сыртқы сұлулықтары мен дене сымбаттарына ерекше көңіл бөледі. Көбінің қос-қос дипломы бар. Бакалавриат, магистратура бітірген...
Қаржылық жағдайы бар қала қазақтары қыздарын бесіктен белі шығар-шықпастан, пианино, би, вокал, гимнастика, у-шу, кудо, таеквандо, т.б спорт үйірмелеріне сүйрелеуде. Бірақ, ешқайсысы: «Қызым, айналайын, түбі саған керек болар-ау»,-деп, оларға тігін үйретуге, аспаздықтың қыр-сырына баулуға құштар емес. Ұлттық әдеп, тәлім-тәрбие де олар үшін керексіз нәрсе сияқты. Сол себепті, үйленгендеріне жыл толар-толмастан, талай жас отаудың шаңырағы ортасына түсіп жатыр. Әрине, өте өкінішті.
- Гендерлік саясат туралы ел-жұрттың пікірі сан алуан. Сіз қалай қабылдайсыз?
– Мүлде қабылдай алмаймын. Ғасырлар бойғы ұлттық тәрбиемізге кереғар саясат қой.
- Шығармашылығыңыздағы жаңалықтарыңызбен де бөлісе отырсаңыз, алдағы уақытта қандай тың туындылар күте аламыз?
- Былтыр Мәдениет және спорт министрлігі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақбота» деп аталатын кітабымның қолжазбасын сатып алған. Сол 5 мың дана боп басылып шығып, күллі Қазақстандағы кітапханаларға таралуы керек. Асыға күтіп жүрмін. Ал, алдағыны Алла біледі.
- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін рахмет, аман болыңыз.
Сұхбаттасқан: Гүлмира Сүйекенова