БІР ЖОҒЫН БҰЛ ҚАЗАҚТЫҢ БҮТІНДЕГЕН

ӘДЕБИЕТ
8225

Қазақ әдебиетінде «Алыптар тобы» деген ұғым бар. Сөз өнерін самғау биікке көтерген Мұхтар  Әуезовтен бастап, небір қаламгер кейінгі ұрпаққа көркем туындылар шоғырын қалдырып кетті. Солардың ізін басып, әдебиеттің ең кенже саласын шырқау шыңға шығарған бір азаматтың есімі уақыт өткен сайын биіктей түсті.  

Детектив жанры туралы айтқанда көр­некті жазушы Кемел Тоқаев, Кемел Тоқаевты еске алғанда, детектив жанры туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Қазіргі күнде де әдебиет сыншылары «детектив жанрының кен­желеп қалғанын» айтып жиі мәселе кө­теріп жүр. Бұл сөздің жаны да бар. Қаламгер Мәткәрім Әкімжанов «Кемел Тоқаев» атты естелігінде «Кәмекең дидарласа қалғанда оқи­ғалы жанрдың өте ауыр екендігін, шы­ғар­ма негізінен болған оқиғаларға, бұлтарт­пас деректерге сүйеніп жазылатындығын, түп­тің түбінде оқушы қауым осы тарихи не­­месе деректі кітаптарды көбірек оқуға қа­рай ауатындығын жиі еске алады» деп жа­за­ды. 

Алғашқы еңбек жолын журналистикадан бас­тап, сосын бірыңғай әдебиет әлеміне бет бұрған талантты жазушы детектив жанрын неге таңдады? Жиырмаға толар-толмас ша­ғында соғысқа аттанды. 26-атқыштар диви­зия­сында, кейін 7-гвардиялық танк полкінің құрамында Сталинградты, Белоруссия, Украина жерлерін азат етуге қатысты. Өрім­дей жас шағында оқ пен оттың ортасында жүр­ді. Көзбен көргендері мен көңілге түй­ген­дері көркем дүние болып, оқырмандарын тауып жатты. Оң аяғынан жараланып, елге орал­ған соң, Қазақ ұлттық университетіне оқу­ға түсті. 1948 жылы оқуды бітіріп, «Ле­нин­­шіл жас», «Қазақстан пионері», «Со­циалистік Қазақстан» газеттерінде жауапты қыз­меттер атқарды. Қазақ КСР Жоғары кеңе­сі «Ведомостінде» бас редактор, Қазақ­тан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Оннан астам кітабы қазақ және орыс тіл­дерінде басылды. Тұңғыш әңгімелер жи­нағы 1954 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әде­биет баспасынан «Жұлдызды жорық» де­ген атаумен жарық көрді. Жазушының «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма» тағы басқа шығармалары бар. Мұның бәрі оқырманнан өз бағасын алған. Тоқаевтың кез келген шығармалары кезінде оқырмандарға 450 мың дана таралыммен тарады. Жазушы қазақ қаламгерлері ара­сынан бірінші болып, детектив жанрында қалам сілтеді. «Соңғы соққы», «Солдат алыс­қа кетті» романдары әдебиетіміздің алтын қорына енгені сөзсіз. 

Кемел Тоқаев – детектив жанрының ше­бері. Қалам ұстаған жандардың арасында де­тективке екінің бірінің тісі бата бермейді. Ондай жанрға жүрексінбей, тайсалмай баруы – Тоқаевтың қаламының жүйріктігі болса керек. Тағы бір дүние, әйгілі «Атаман­ның ақыры» фильмі. Бұл фильмге жазу­шы­ның қандай қатысы бар деп ойлауыңыз мүм­кін. Белгілі ғалым Шерияздан Елеуке­нов­тің естелігінде мынадай жолдар бар. 

«…Кәмекеңнен өз басым Баспа комитеті жүйе­сінде қызмет етіп жүргенде таныстым. Оған дейін сырттай есімінен қанық бо­латынмын. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі кеңес ми­лициясы мен чекистерге арналған шы­ғармаларға бәйге жариялағанында бірінші бәй­гені қатарынан төрт рет алып қайран қал­дырған лауреатты ол кезде білмейтін адам кем­де кем еді. Жәкен детектив жанрына ше­берленіп алған жазушының «Көмескі із», «Түн­де атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тап­сырма» повестерін кітап сөрелерінде шаң қауып жатпай тез арада өтіп кете­тін­дігімен, баспа орындары пайда табу мақ­са­тында әлденеше рет қайта басып шығарғанын да білетінмін. 

Сырттай сыйлап жүретін адамымен кез­дескенде қалай сөйлесіп шүйіркелесетінің белгілі. Оның бер жағында кешегі Ұлы Отан соғысында тарихтың ең ауыр жүгін арқалап, қазақтың абырой-даңқын аспанға шығарған, «Мен – қазақпын» деп кеудемді тік ұстауға жол ашқан жауынгер ұрпақтың өкшесін баса өскен біз сол ұрпаққа ілтипатты, махаббатты боп өстік. Осы бір орта бойлы, қапсағай де­нелі, толқынды қою шашын сол жақ са­майына құлата қайыратын, үстіндегі киімін бипаздап, қыл жұқтырмай ұстайтын, әрқа­шан сабыр суы сепкен орнықты адаммен ара­мызда жылы шырайлы сыйластық қа­тынас орнаған. Есте қалған бірер жайтқа оралайын. Кә­ме­кеңнің Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі ве­домстволарының бас редакторы кезі. Бір күні маған «вертушкамен» телефон шалды: – Бірер минутқа кіріп шығатын шаруа еді. – Сізге есігіміз әрқашан ашық. 

Келген шаруасы өзінің сөйлесіп бер де­ген адамымен ақылдасып тынған соң рақ­ме­тін айтып, орнынан көтеріле берді. Сол ара­да мен сәл аялдай тұрсаңыз қайтеді де­ген­дей белгі бердім. – Көптен көкейімде жүрген бір сұрағым бар еді. «Атаманның ақыры» деген фильмге байланысты Шәкен Айманов ағамыз ер­леді-ау! Қазақтың детектив киносын Одақ­тық биікке бір-ақ ырғытты. Ал бұл керемет оқи­ғаның кітап бетіне күні бүгінге дейін ізі түспеген. Кемекең жайдарлана жауап қатты. 

– Түпкі ойыңыз түсінікті. Шытырман та­қырыптың хал-қадары менен сұрала­ты­ны қызық… Қытайдың Іле округінде тұр­ған ата­ман Дутов әскерінің жалғыз-жа­рым оқпен-ақ тарағанынан мен де хабар­дар­мын. Жаркент уездік милициясының нә­шәндігі Қасымхан Чанышевтың Жетісу облыстық ревкомына жазған хатымен, өзге де мате­риал­мен таныспын. Оқиға фильм­де­гіге ұқ­сай­ды да, ұқсамайды да…» деп жа­зады ға­лым. «Соңғы соққы» – жазушының қала­мы­нан осылай туды. Жаркент пен Верный ара­сында алмасқан телеграммалар арқылы сол кезде Жетісуда орын алған қиын-қыс­тауды баяндап беретін шығарма ерекше көр­кемдігімен құнды. 

Ол туралы жауынгер жазушы Қалмұқан Иса­байдың да жазғаны бар-ды. Қалам­гер­дің «Тоқаевтың үш сыйлығы немесе Дутов ұясының қалай талқандалғаны жөніндегі хикаят» деп аталатын естелігі «Қазақ әде­бие­ті» газетіне жарияланды. Онда: «Кемел­дің кітаптары түгел дерлік дерекке құрыл­ған. «Арнаулы тапсырма» бүгінде ортамыз­да жүрген, халқымыздың маңдайына жаз­ған қаһарманы, айбынды партизан Қа­сым Қайсеновтің ерлігі жөнінде. Хал­қымыздың осы батыр перзенті жөнінде тұң­ғыш шы­ғарма жазған осы Кемел. Қай­сы­біріміз қолымызға түскен «Солдат күн­делігін» сол қалпында жариялауға асы­ға­мыз. Ал Кемел «Солдат соғысқа кетті» по­ве­сінде «солдат күнделігінің» әр күнін да­ралап, талдап, соғыстың мән-жайын өзі­нің көруі, сезінуі бойынша жаза білген. «Соң­ғы соққыда» облыстық ЧК басшы­лы­ғы мен Жаркент уездік милициясы ара­сын­да жүрген 20 шақты нұсқау телеграмманың сырын ашып, соларға байланысты жер­гі­лікті жерде мақ­сатқа жету үшін не істеліп жатқаны толық айтылып шығады», – деп жазады. 

Кемел Тоқаевтың басты кейіпкерінің бі­рі – Қасым Қайсенов. Партизан жазушы­ның жанында жүріп, әңгімесін естіп, көңіл күн­делігіне түртіп жүріп, жаңа бір шығар­ма­ның тууына себеп болды. Тіпті Қайсе­нов­пен бірге Украинаға да барды. Партизан жүр­ген жолдармен жүріп, батырдың ізі қал­ған орындарды аралап көрді. «Киев қа­ласындағы оншақты партизандар ара­сында кездесуде қонақта болып, олармен бірге соғысқан май­дангерлерше достасып, тез тіл табысып кетті. Екі-үш күннен кейін Бо­рисполе, Переяслав-Хмельницкий ау­дан­дарындағы партизан­дар­ды аралап, Ұлы Отан соғысы тарихында қисапсыз қанды қырғын болуымен ерекше есте қалған Бук­рин плацдармы басталған Григорьевка се­лосы тұсындағы атақты өт­келге келдік. Мі­не, Днепрдің шығыс-сол жақ жағасында – Григорьевка селосының қар­сысында тұрмыз. Өзеннің оң жағы таулы бет­кейге бе­кініп, бетқаратпай тұрған жау бе­кінісін бұз­ып, ату міндеттелген. Биіктен жау­ған оқ бас көтертпейді. Днепр бойын жүз­деген ұшақ тоқтаусыз бомбалап, су арнасынан асып-тасып жатты. Тажал аузын­да тұрға­ны­мыз­ға қарамастан қыркүйектің 21-нен 22-сіне қа­раған түні, өз отрядымен 120 партизан ірік­теп алып, қол қайықпен ар­ғы жағалауға өтіп шы­ғып, жау техникасына то­лып тұрған Гри­горьевка селосын фашис­тер­ден азат етіп, арт­тан келе жатқан Қызыл Ар­мияға жол аш­қа­нымды Украинаның куә­гер партизанда­ры­нан өз ауыздарымен ес­ті­генде Кемел: 

– Ойпырым-ау, неткен ғажап ерлік еді. Сол ер­лігіңізге батыр атағын қайтсем де алып бе­ремін, – деп жарлық та, билік те өз қо­лында тұр­ғандай айбаттанып, қолымды қат­ты-қатты қы­сып еді. Адал жүректі, ақ пейілді асыл аза­мат­тың айтқаны айдай келді. Елбасымыз «Ер­лік ешқашан ескірмейді» деп кеудеме ба­т­ыр­лық белгісі – Алтын жұлдызды ақыры қа­­дады. Кемелдей тілекші қаламгер інімнің де кө­кейін өртеген ақ арманы түбі орындалды», – деп жазады. Партизан жазушының әңгімесінен Қай­сенов Тоқаевты, Тоқаев Қайсеновті ерекше қа­дірлегені байқалып тұр. Қазақтың батыр ұлы­ның қаһармандық бейнесін осылай өмірге алып келді. Бұл да детектив шеберінің қала­мының жүйріктігін көрсетеді. 

Қаламгердің шоқтығы биік шығар­ма­ла­ры­ның бірі – «Ұясынан безген құс» романы. Шы­тырман оқиғалы роман жанрында жа­зыл­­ған шығармасында детектив формасын ұтым­ды пайдаланған. «Шегебай дейтін сауда қызметшісі кол­хоз­шыларды таразыдан жеуі үстіне ішіне пышақ ай­налмайтын қызғаншақ. Қызғаныш құрты жегі­дей жеген қара ниет ақыры жақын туыс­қа­­ны өсіп кетеді деп пышақ салуға дейін ба­ра­ды. Сол Шегебай тағы да бір жақын туы­сы­ның тойын тоз-тозын шығармақ боп байбалам салады. Анасы Ләтифаға, әйелі Жаңылға тойға қатыспайсыңдар деп үзілді-кесілді тыйым салмақшы болады. Ләтифа тоқтау айтады: 

– Балам, мынауың білгеннің ісі емес, пейі­­лі шикі, ақылы күйкі пенденің биша­ра­лығы дер ем. Бауырыңды, жақын жұрағатың­ды жат кө­ріп, ортаңнан, жұртыңнан алыстап, қайда ба­расың? Кімнен тірек таппақсың? Ұясынан без­ген оңбайды», – деп жазады. 

Кемел Тоқаев – шым-шытырық оқиғалы шы­ғармаларды керемет өрнектей білді. Нағыз ше­бер! Бұл атаққа жеткізген оның көркем дү­ниелері. Сондай шым-шытырыққа толы хи­каят­тың бірі – «Көшкен үйдің қо­нысы қайда?» Бұл жөнінде жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы. бы­лай деп ой толғайды: «Бола­шақ шығар­ма­сы­на жағрапиялық тұрғыдан алтын арқау бол­ған хикаятының өмірге келуіне жазушының Жам­был қаласында басталған ең алғашқы ең­бек жолының да әсер етуі мүмкін. Хикая­тын­да қала атын шарт­ты түрде Н. қаласы деп жа­зудың орнына «Жамбыл қаласы» деп көр­сетуі – қаламгердің осы өңірде өткен жыл, жыл жарым уақытын қатты бағалайтынын да білдірсе керек. Шы­ғарма басындағы «Соғыс ле­бі алыстағы бұл тыныш қалаға да жеткен тә­різді. Көшеде жүру­шілер сирек, еркек аз…» не­месе «Күн жексенбі еді. Тұрғын халық жек­сенбіні «сау­дагерлер күні», «базарлы күн» деп атайды. Алыпсатарлар Ташкенттен тасыған же­міс­терін жаймаға салып, көкбазарды бір қыз­дырып кететіні бар» деген сөйлемдерді оқып отырып, «Бұл қай қала болды екен?» деп ой­­лаған оқырман көп кешікпей «Жамбыл қа­ласына келгелі бері айдан асса да, Евдокия Ки­риловна осындай жабырқау мінезінен таң­бады», «Сергиенко өзінің телег­рам­ма­сын­да қызы мен әйелінің 42-жылдың он екінші январь күні Жамбыл станциясына жеткеніне сендірген», «Атшабар базарының маңында және қаланың оңтүстік-шығыс бетінде жолдан шеткері жатқан үйлер бар», – деп келетін сөйлемге кез болады. Дәлірек айтсақ, сол тұстағы ел аузындағы қорқыныш­ты әңгімеге айналып, ағайынды жазушылар Аркадий және Георгий Вай­нер­лердің «Қайы­рымдылық дәуірі» хикаяты мен киноре­жиссер, актер Станислав Го­ворухиннің әйгілі «Кездесу орнын өзгертуге болмайды» деп аталатын көпсериялы шы­тырман оқи­ғалы фильмінің сюжеттеріне ар­қау болған «Қара мысық» оқиғасының Мәс­кеуде ғана емес, бір кездегі Жамбыл қа­ла­сында да бол­ғанын біліп, таңдана түседі. Жазушы хикаятының кей тұстарында «Ежелеп, көз талдыра отырып, оқығандағы ұққаны – бір полковник Әулиеатаға қоныс аударған семьясының тағдырын біліп беруді сұрайды екен» деп қаланың ежелгі тарихи атауын да еске сап қояды. Шығармада Жам­был өңірінің жағрапиялық көрінісі оқиға өрісі ұзарған сайын кеңінен суреттеле береді. Мысалы, «Сейілбек, мен бұлай ойламаған едім. Ең алдымен, оның Шолақтауға барға­ны­на таңданам. Әрине, ол бір мақсатты көз­деген» деген диалог пен «Саудагер Абул­лаходжаевтың Шу станциясындағы жылпос әрекетін Жанғабылов кейін білді» деген сөйлемі – соның айғағы. Диалогта аталған Шолақтауыңыз қазіргі Қаратау қаласы». 

Қаламгердің шым-шытырық оқиғаларға толы шығармаларын оқып отырып, Кемел Тоқаевтың Сәкен Сейфуллиннің әйгілі «бан­дыны қуған Хамитынан» кейінгі детектив жанрының шебері екенін мойындайсың. Нет­кен сюжет, неткен шеберлік деп, таңда­на­сың. Хикаят, әңгіме, роман… Одан бөлек, де­тективке құрылған пьесалары. «Қызыл ко­миссар», «Қылмыскер кім?» және «Си­қыр­лы сырлар» пьесасы – осының дәлелі. 

«Болашақ туралы ойлар», «Түнде атыл­ған оқ», «Тасқын», «Арнаулы тапсырма», «Таң­­балы алтын», «Соңғы соққы», «Солдат со­ғыс­қа кетті», «Ұясынан безген құс» атты кітап­тары қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Бұл көркем дүниенің бәрі – қазақ әдебиетінің алтын жауһарлары. Ол соғыс майданының ғана жауынгері болған жоқ, әдебиет майданының да майталман өкіліне айналды. 

Детектив демекші, қазақтың жоғалған түйенің бір көзінің соқырлығын, құйрығы­ның шолақтығын айтамын деп, ұры бола жаздаған байқампаз жолаушы туралы әң­гімесін алайықшы. Бұл да детектив жан­рының халық шығармашылығындағы озық үлгісі дер едік. Яғни, детектив кейіпкеріне тән нәрсе, ең алдымен, байқампаздық. Яғни, детектив жанрына қалам тербегісі келетін талапкер логика ғылымының білгірі болуға тиіс. Эдгар Аллан По, Артур Конан Дойль, Агата Кристи шығармаларының да басты артықшылықтары – осында. Осы тұрғыдан кел­генде, Кемел Тоқаевтың да байқам­паз­ды­ғын бірінші орынға қоюға болады. Мә­селен, Аллан Поның мынадай сөзі бар екен: «Қарғаны» жазу барысында мен ешқандай кездейсоқ оралымдар мен әсершіл шалықтауларға ұрынған жоқпын. О баста ойластырылғанындай, ақырына дейін логи­каға сүйене отырып, математикалық есепті шешкен секілді салқынқанды болдым». Ал Кемел Тоқаев не дейді: «Оқиғалы жанр оңай емес. Шығарма негізінен болған оқиғаларға, бұлтартпас деректерге сүйеніп жазыла­тындықтан, түптің түбінде оқушы қауым осы тарихи немесе деректі кітаптарды көбірек оқуға қарай ауатын болады». 

«Естияр кезімде жауынгер ұрпақ кеудеме ер Төлеген бейнесінде ұялады. Қаһарман аға­ларамызды мақтан тұттым. Есейген ша­ғымда қазақ ұлтын ержүрек ұлт атандырған осы фашизмге қарсы соғыс ардагерлері деп басымды идім. Соғыстан аман-есен оралған сарбаздар еңбекте де ерен ерлік көрсетті. Жас ұланды тәрбиелеуге, ел-жұртын рухани көркейтуге қаншама тер төкті. Кемел Тоқаев – құрметке бөленген солдат, қаламы жүйрік жазушы. Рухани асыл қазынамызда оның да мол үлесі бар. Біз сол ер ұрпақ өкіл­дерінің Отан, ел алдындағы адал, ардақты, жанқияр еңбегін әлі жете бағалай алмай келе жатқан сияқтымыз». Бұл – Шерияздан Елеукеновтің пікірі. Расында да, детектив жан­рының іза­­шары жазған шытырман оқи­ғаға толы шы­ғармаларды жете түсініп, ба­ға­лай алдық па? 

Бүгінде детектив жанры туралы айтқанда Джоан Роулингтің «Гарри Поттеріне» ауыз ашып, көз жұмамыз. Шын мәнінде, Кемел Тоқаевтың қаламынан туған шым-шыты­рыққа толы шытырман шығармалар да «Гар­ри Поттерден» еш кем емес. Ол өз дәуірінің үнін қаламына арқау етті. «Дететкив жанры кенжелеп қалды» деп дабыл қағамыз. Дайын, рухани қазынамызда жатқан төл дү­ниемізге мән бермейміз. Кітап пен оқыр­манды жалғайтын алтын үзік – көркем фи­льм. Атақты шығармалардың кино нұсқа­ла­ры болғандықтан, әлемге тарап кетті. «Гарри Поттер» фильмге айналмағанда, осыншама даңқы аспандамас еді. Тоқаев шығармалары да киноға айналса, қандай ғажап болар еді?! Сонда «Гарри Поттерді» оқып жүрген қазақ баласы қызығарлық туынды туар еді. Белгілі ақын Нұрлан Оразалин: «Қала­мы­ның желі бар қарапайым қара бала қара­ша қазағына тосын детектив жанрын әкеліп, осынау тың бағытты жоғары деңгейге шы­ғарды. Және сол биіктен ешбір аласармай, жазу­шылық ісіне көлеңке түсірмей, жауап­кершілік жүгін абыроймен көтеріп, өскелең ұрпаққа шынайы шеберлік үлгісін көрсет-ті», – дейді. Заман өзгеріп, дүние тез айналған мына заманда Кемел Тоқаевтың әдеби болжамы шындыққа айналды. Қазір жұрт детектив жанрын сүйіп оқиды. Іздеп оқиды. Бұл да жазушының уақыттан оза білгендігі, келешек келбетін көре білген ерекше қасиеті. 

Қазақ әдебиеті Кемел Тоқаевтай кемел тұлғасымен қай заманда да мақтана алады! 

Гүлзина БЕКТАС

 

author

Кемел Тоқаев

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Алматы қаласының қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы іс бойынша...

Жаңалықтар

Бұған дейін хабарлағынымыздай, Алматыда екі оқушы қыз биік үйден құлап өлген еді. Марқұм балала...