ПОСЕЙДОН ҒИБАДАТХАНАСЫМеніңше бір замандарда теңіз құдайы, тіпті күн құдайы деген ештеңе жоқты; екеу...
Смағұл Елубаев, жазушы: «Қазақпын деген әрбір азамат өзіне: «Мен тәуелсіздікке қандай үлес қостым» деген сұрақ қоюы керек!»
– Смағұл аға, Қазақ елінің Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне де ширек ғасыр уақыт болыпты. Азаттық – Алланың елімізге берген сыйы ғой. Осы жылдар ішіндегі ең үлкен жетістігіміз деп Сіз нені атар едіңіз?
– 25 жылда жеткен жетістігіміз – біздің тәуелсіз елде өмір сүруіміз. Азамат соғысынсыз осы күнге жеттік, тұрақсыздықты айналып өттік, бейбітшілік пен жасампаздықтың арқасында бүгінгі танымастай өзгерген, жаңарған, жаңғырған Қазақстанда өмір сүріп отырмыз. Мінеки, ең басты жетістігіміздің өзі осы. Ал енді өз басым осы 25 жылдық қарсаңында әрбір қазақпын деген азамат өзіне «Мен Тәуелсіздікке не бердім, қандай үлес қостым» деген сұрақты қойып көруі керек деп ойлаймын. Мемлекеттің бізге бергенінен бөлек, өзіміздің Тәуелсіздікке нендей үлес қосқанымыз төңірегінде ойлануымыз керек.
– Әрине, дұрыс айтасыз аға!
– Жазушы, кинодраматург ретінде мен де еліміздің тәуелсіздігіне азын-аулақ болса да үлес қостым деп есептеймін. Тәуелсіздік бізге шексіз мүмкіндіктер берді. Мысалы, сонау 1980 жылдары жазылған ашаршылық жайлы «Ақбоз үй» романы тәуелсіздік болмаса, кеңес одағы құламаса, ешқашан жарыққа шықпас еді, мынандай жазушы алдыңызда сайрап отырмас еді. Содан кейін жазушылық қаламнан туған «Қиямет қайым ғасыры» деген теологиялық толғау да жақында жарық көрді. Осы екі шығарма менің биыл шыққан екі томдық таңдамалы жинағыма енді. Бұл жинақ таяуда Анкарада да шықты. Егер біз азат елде өмір сүрмесек, мұндай шығармалар оқырманның қолына тимес еді. Мен мұны кеңес заманының цензурасын көрген, бес саусақтай білетін адам ретінде айтып отырмын. Мінеки, осы шығармалар тәуелсіздік үшін жұмыс істеп тұр деп ойлаймын. Бұл шығармаларда қазақ халқының 1932 жылдары басынан өткерген азапты ашаршылық жылдары, 1937 жылғы репрессия қамтылған, яғни мұнда қазақ халқының тағыры жатыр.
– Аға, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жақында «Қазақ елі» сериалы экранға шықпақ. Көптен күткен сериалдың сценаристерінің бірі ретінде осы бір жоба туралы ойыңызды біле отырсақ…
– Көпшілікке аян, мен 2000 жылдардан бері кинодраматургиямен, көсемсөз, публицистикамен айналысып жүрмін. Кинодраматург ретінде Тәуелсіздік жылдарындағы жазған дүниелерімнің ішіндегі ең ірісі де, ел үшін маңыздысы да осы «Қазақ елі» сериалы дер едім.
Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауымыздың өзі тәуелсіздіктің арқасы ғой. Қазақ деген атаумыздың қайдан шыққанын, мемлекеттігіміздің қашан қалыптасқанын білу әр қазақстандық үшін де, басқалар үшін де маңызды. 2014 жылы Елбасы «Қазақфильм» киностудиясына қазақ хандығының құрылуы туралы сериал түсіруге тапсырма берген болатын. Яғни, бұл сериалды түсіру Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы. Осы жаңалықты естігенде менің қуанғанымды көрсеңіз. Мен ғана емес, барша қазақ қуанды деп ойлаймын.
Қазақ халқының тарихынан сыр шертетін осындай ірі сериал түсірілсе екен деген арман бұрыннан менің ойымда жүрген еді. «Алтын орданы» экрандасақ деген ой болған, тіпті 1980 жылдары «Алтын орданың күйреуі» деген сценарий де жаздым. Бірақ ол заманда бұл тақырыптың маңына да жолатпайтын, жақындасақ, тұмсығымыздан шертіп жіберетін.
Қазақ хандығы Алтын орда секілді алып империяның бір бөлігі ғой. Қазақ хандығының құрылуы туралы сериал түсіруіміз қазақ халқының ел болу тарихын еске алу деген сөз. Сондықтан да біз бөркімізді аспанға аттық.
Тарихымызды түлету, қайта жаңғырту, бүгінгі буын мен болашақ ұрпаққа қазақ деген атауды иеленген халықтың қашан өмірге келгенін көрсетудің маңызы жоғары. Міне, егемендігіміздің арқасында қазақ хандығының тарихын экранға шығару мүмкіндігі туды. Қазақ хандығын кімдер құрды, қандай қиындықтар болды, қайнар бастауында қандай алыптар тұрды, соны бүкпесіз жеткізудің өзі тәуелсіздіктің арқасы ғой, ағайын!
– «Қазақ елі» сериалын түсіру оңайға соқпағанын БАҚ жарыса жазып жатыр. Әсіресе қаржылық жағынан қиындықтар болғаны белгілі. Ал жалпы сценарий жазуда қандай қиындықтар болды?
– «Қазақ елі» сериалын дарынды, тәжірибелі режиссер Рүстем Әбдірашев түсірді. Таңдау Рүстемге бекер түскен жоқ. Ол бұған дейін «Елбасы жолы» киноэпопеясын түсірген болатын. Рүстем Әбдірашев өзіне артылған халықтың сенімін ақтай алды деп ойлаймын.
Ал енді сценарийге келер болсақ, сценарий жазу оңайға түскен жоқ. Тимур Жақсылықов екеуміз сценарийін жазу барысында қаншама тарихи кітаптарды оқылды.
О баста Елбасы қазақ хандығының құрылуы туралы сериал түсігенде Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романын негізге алуды тапсырған еді. Бірақ бұл қанша айтқанмен прозалық шығарма ғой. Ал фильмнің табиғаты бөлектеу, өз көрермені бар дегендей. Романда дәл қазіргі кинемотографтың талабына сай келетіндей сюжеті болмады. Бірақ шығармадағы оқиғалар академиялық көзқарас тұрғысынан өте дұрыс берілген. Өйткені Ілияс Есенберлин бір адамдай тарихтан өте сауатты болған жазушы ғой. Оның үстіне роман патриоттық рухта жазылған.
Сонымен «Алмас қылыштан» басқа ондаған тарихи романдарды оқи отырып, сценарий жазылды. Сериалдың негізгі кейіпкерлері әрине, Керей мен Жәнібек. Әбілқайырдың немересі Мұхамед Шайбани Өзбек мемлекетінің іргесін қалаған тұлға. Елбасымыз «ағайнымызды ренжітіп алмайық, кейіпкерлерімізді бөлмейік, сценарий жазуда абай болайық» деген пікір айтқан еді. Сондықтан осындай тұстар да ескерілді.
Сериалда қазақ хандығның құрылуына куәгер болған абыз Асан қайғының, қазақтың бас батырларының бірі Қара қыпшақ Қобыландының образдары да бар. Қобыланды мен Ақжол батырдың арасына Әбілқайырдың от салуына байланысты кикілжіңдер болады, осы оқиға картинада суреттеледі. Оқиғалар шиеленісе келе Көкордаға жоңғар қонтайшысы Өзтемір шабуыл жасайды. Осы шайқаста Әбілқайыр жеңіледі. Жеңілістен кейін халықтың жағдайы мүшкіл күйге түседі. Сол кезде Керей мен Жәнібек бастаған көш Көк орданы тастап көшуге бел буады.
«Қазақ елі» сериалының алғашқы көрсетілімінен кейін қазақ киносының ақсақалы, сахна саңлағы Асанәлі Әшімов ағамыз: «Мынандай сериалмен халықты құттықтауға болады екен» деп еді. Демек түсірілім тобының, осы сериалдың жарық көруіне қамқор болған азаматардың еңбегінің еш кетпегені деп білеміз.
– Смағұл аға, Еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлағалы жатқанда Алматы қаласының 1000 жылдығы аталып өтті. Қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын Алматы шаһары жайлы не айтар едіңіз?
– Иә, Қазақстанның тағдырында Алматы қаласының орны ерекше ғой. Алматы қашанда қазақ мәдениетінің орталығы болып қала береді. Биыл 1000 жылдығын тойлаған әсем қаламыз жыл өткен сайын жаңарып, сұлулана түсуде. Қаламыздың 1000 жылдығы ғылыми тұрғыдан да дәлелденді. Осы бір айтулы мереке жақында қаламызда салынған «Алматы арена» ғимаратында өтті. Құрылысы да, сән-салтанаты да келіскен сарайды көргенде таңғалдым. Жоғары талғаммен салынған екен.
Жалпы Алматы қаласының жаңа басшылығы келгелі дәстүрлі өнерге көп көңіл бөліне бастады. Жақында Алатау ауданында үлкен өнер театры ашылды. Бұл біраз жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе болатын. Халықтың пікіріне құлақ асып, осындай өнер театрын ашуының өзі өнерге деген қамқорлық. Өнер – деген халқымыздың жаны ғой.
Тағы бір ерекше айта кетерлік жаңалық, Алматы қаласының орталығындағы Сайрам көліне жөндеу жұмыстарының жүріп жатқаны. Бізде теңіз жоқ, қала тұрғындары үшін Қапшағай да алыс. Жаздың күні қала халқы судан шығып қалған балықтай өкпесін қағып қалады, судың жағасында демалғысы келеді. Сондықтан осы Сайрам көлі халықтың демалыс орталығына айналса екен деген тілегімізді әкімдікке талай құлаққағыс еткен едік. Енді міне, қазір Сайрам көлі абаттандырылып жатыр, болашақта тәп-тәуір демалыс орталығына айналады деп сенемін.
Қаламыздың ауыз толтырып айтарлық жетістіктері көп. Тіпті тізе беруге уақыт та жетпес еді. Ең бастысы, Алматы қаласының әкімдігі халық игілігіне жұмыс істеп отыр.
– Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай қазақ халқына бір ауыз тілегіңіз…
– Әңгімеміздің басында әрбір қазақпын деген азамат «Тәуелсіздікке мен қандай үлес қостым» деп өзіне сұрақ қойса деп едім. Өйткені тәуелсіздік біздің барлығымыз үшін өте қымбат. Тәуелсіздікті алудан гөрі сақтап тұру қиын. Жан-жағымызды қоршап тұрған елдердің бәрі мықты, олардың арасында әлемдік державалар бар. Сондықтан біздің санымыз көп, сапамыз да жоғары болуы тиіс. Шүкір, қазір сырттан келетін қазақтардың саны көбейіп келеді. Шеттегі 5 миллион қазақты көшіріп әкелуге әлі де күш салуымыз керек.Тәуелсіздіктің бір кепілі – халық. Қолында билігі бар, байлығы бар азаматтардан бастап әрқайсымыз тәуелсіздкке қолымыздан келгенше үлес қосайық. Ең болмағанда тәуелсіздікке лайықты, қазақша сөйлейтін, білімді, иманды, ұлтын сүйетін ұл-қыз тәрбиелейік. Жасампаз ел болуға мүмкіндік туғызған Тәуелсіздікке мың тағзым. Тәуелсіздігімізді мәңгі ету өз қолымызда.
– Сұқбатыңызға көп рахмет!
Сұқбаттасқан Айнұр Сенбаева