Жетісу облысында жаттығу кезінде жас әскер қызметкері оқ тиіп, көз жұмды, деп хабарлады MadeniPortal...
Болашақ мегаполисі қалай салынып жатыр?: «Жаңа адамдар» егжей-тегжейін айтты
Фото: “Жаңа адамдар”
«Жаңа адамдар» жобасының Qala жаңа шығарылымы бүгінгі таңда Қазақстандағы ең ауқымды әрі көп талқыланатын жобалардың бірі — Алатау қаласына арналды. Даму жоспарларына сәйкес, ғасырдың ортасына қарай Алатау шамамен 2 миллион тұрғыны бар ірі мегаполиске, заманауи инфрақұрылымы дамыған және арнайы экономикалық режимі бар қалаға айналуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, елдің болашағы цифрлық экономикамен және жаңа индустрияландырумен тығыз байланысты. Alatau City осы бағытты жүзеге асыратын алғашқы толық цифрлық қала ретінде қарастырылып отыр. Мұнда инфрақұрылым, қалалық қызметтер мен экономика үлкен деректерге, заманауи технологияларға және «ақылды» басқару қағидаттарына негізделіп жұмыс істейді. Қала дамуының негізгі басымдықтары да осы бағытта айқындалған.
«Белгілі болғандай, жақында мен “Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы” Конституциялық заңға қол қойдым. Бұл маңызды құжат “ақылды қала” экожүйесін қалыптастырудың құқықтық негізін бекітеді. Біздің басты мақсатымыз — Алатау қаласын болашақтың цифрлық агломерациясына, жаңа технологиялардың тартылу орталығына айналдыру», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте.
Жаңа шығарылымда Qala командасы бұл жоспарлардың қазіргі уақытта қалай жүзеге асырылып жатқанын талдайды. Негізгі назар — Алматы қаласы мен Алатау құрамына кіретін Жетіген ауылы тұрғындарының пікірлеріне аударылған. Бірі үшін бұл — болашақтың үлкен мүмкіндігі болса, енді бірі үшін — үйінің маңында болып жатқан үлкен өзгерістер.
Шығарылымда көрермендер болашақ қала тұжырымдамасымен, Алатаудың төрт дистриктке бөлінуімен, ұшатын таксилермен танысады. Сонымен қатар жобаға қатысқан сәулетші және урбанист Жандос Жұмабаев пен мамандардың пікірлері беріледі.
Алихан Сәрсенов, «Жаңа адамдар»:
«Алатау — Әділетті Қазақстан құру жолындағы үлкен қадам. Бұл — бұрынғы мегаполистің жалғасы емес, мүлде жаңа даму нүктесі. Бұл қаланың қандай болатыны тек жоспарлар мен инвестицияларға ғана емес, оны өз үйі деп таңдаған адамдарға да байланысты. Қош айтыспаймыз. Сіздермен QALA жобасы болды».