Елзат ЕскендірҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ ұйымдастырған II-питчинг – қазақ...
Мерейі биік Медғат
Медғат – талантты жас. Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының іргетасын қалаушылардың бірі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Еңлікгүл-2016» кәсіби сыйлықтың «Жылдың ең үздік актері» аталымы бойынша иегері, талантты театр және кино актері Медғат Өмірәлиев қазақстандық кинорежиссер Мұрат Бидосовтың «Тар заман» атты фильміне түсті. Алашорданың 100 жылдығына арналған кинокартинада ол Әлихан Бөкейханның бейнесін сомдады.
Фильм ұлттық мемлекет құрамыз деп, өз уақытынан оза шапқан тұлғаларға арналады. Оқиға желісі Алашорда үкіметін құру жолындағы ортақ мұратқа топтасқан алаш зиялыларының өмірінен құрылады. Басты кейіпкердің бірі Әлихан Бөкейханның тартысқа толы драмалық кезеңі суреттеледі. Оның ел үшін күрескен еңбегі, айналасына топталған тарихқа белгілі тұлғалармен байланысы, көзқарасы мен ұстанымы, махаббаты мен тағдыры көркемдік шешімдермен өріледі. Алашорда үкіметін құру жолында күрескен Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Смағұл Сәдуақасов сынды тұлғалардың да көркем образдары көрініс табады. Алашорда үкіметін құру барысындағы тартысты пікірлер мен екі топқа бөлінген алаш зиялылары арасындағы саяси қарым-қатынас, сатқындық, мүдделер қақтығысы да көрсетіледі. Омбы мен Семейдегі оқиғалар, Алаш әскерінің құрылуы, Сталиннің Әлиханды Мәскеуге алдыртуы, абақтыдағы тергеу істері қамтылады. Әлиханның алаш жұрты ұстануға тиісті бес ұстанымы төңірегіндегі аманат ойларымен түйінделеді, дейді ұйымдастырушылар.
12 бөлімнен тұратын телехикая Алматы облысы, Жамбыл облысы, Павлодар қаласында екі жарым ай түсірілді. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының арнайы жобасы болып табылатын «Тар заман» телехикаясының толықметраждық нұсқасы биыл 23 ақпан күні Қазақстанның барлық кинотеатрларынан қалың көрермен назарына ұсынылған болатын. Алдағы уақытта телехикая «Қазақстан» ұлттық телеарнасының қорына еніп, қазақстандық көрермендерге көрсетіледі деп жоспарлануда.
– Тарихи туынды түсірілмей тұрып мен өзіміздің Н.Жантөрин театрының сахнасында ұлт көсемі Әлихан бастаған алаш зиялыларының асқақ рухтарына және Алашорданың 100 жылдығына арналған Нартай Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» атты спектаклінде Әлихан Бөкейханның бейнесін сомдаған болатынмын. Сондықтан болар, режиссер Әлихан Бөкейханның рөлін маған беруді ұйғарды. Бұл туынды халықтың көңілінен шығады деген үміттеміз, – дейді М.Өмірәлиев.
Ал, кинорежиссер Мұрат Бидосов болса, «Мен осыдан екі жыл бұрын «Ақылдың кілті, Өмірдастан» атты тарихи телесериалды түсірген кезде Медғаттың актерлік шеберлігімен бірге физикалық тұрғыдағы ширақтығына көз жеткіздім. Түсірілім барысында өзіне жүктелген міндетке аса жауапкершілікпен қарап, образды жан-жақты әрі шынайы ойнауға барын салатын. Сол кезде өзінің алдындағы аға буын актерлермен, ізін басып келе жатқан інілерімен түсірілім барысында рөлді жоғары деңгейде орындауға бәсекелесіп, ашық-жарқын мінезімен де көзімізге түсті. Жалпы, актердің сыртқы фактурасымен бірге ішкі жан дүниесі, ой-өресі тең болмаса қос қанатын кеңге жайып, алысқа самғай алуы екіталай. Бұл тұрғыдан Медғаттың қос қанаты тең деп айтар едім. Актердің осындай сергектігі, тереңдігі, жұмысқа деген жауапкершілігі кез келген режиссерге жақсы әсер қалдыратыны анық», дейді актер туралы.
Бұған дейін «Кәусар», «Күләш», «Қыз жолы», «Өгей жүрек», «Ақылдың кілті-2» «Балуан Шолақ» сынды 10-ға жуық отандық фильмдерге түсіп үлгерген М.Өмірәлиевтің театр және кино әлемінде алар асуы биік деп есептейміз.
Альфия ҚАЗАҚБАЙ, Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі