Өскеменде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» форумы басталды

ВИДЕО
1206

Өскеменде бірнеше минуттардан соң жаз бойы жүргізілген археологиялық қазбалар жетістігін қорытындылайтын халықаралық форум басталды.

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты конференцияда аймақта табылған тарихи жәдігерлердің құндылығы туралы мәліметтер айтылады.  

Алтай өңіріндегі жауһар жәдігерлер биыл да археология саласындағы ғалымдар мен тарихшылардың бас қосуына түрткі болды. 

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты бұл конференцияға Франция, Түркия, Австралия, Чехия елдерінен қонақтар келген. Қазір бірнеше минуттан соң халықаралық форум өз жұмысын бастайды. 

Алтайдағы археологиялық қазбалардың қоғам назарында болуының жөні де бар. Өйткені өлкенің бұл тұрғыда ауыз толтырып айтар жетістігі көп. Басқасын былай қойғанда, биылғы маусымның олжасы ерекше. Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы қорғанынан Алтын адамның табылғанын білесіздер. Селт еткізген жаңалықтың ел тарихына көз жүгірту үшін алар маңызы ерекше. Табылған мүрде – бізің дәуірімізге дейінгі 8-7 ғасырға тиесілі жас жігіттің денесі. Киімі толықтай алтын моншақтармен көмкерілген, тіпті қару-жарағына дейін саф алтынмен апталған. Ғалымдар бұл кереметке жергілікті тұрғындар да куә болсын деген ниетпен қабірді сол жерден ойып алып, Өскеменге әкелді. 

Қазір басталғалы тұрған жиынға тарих ғылымдарының докторы, археология саласында атқарған еңбегімен елге танымал Әбдеш Төлеубаев ағамыз қатыспақ, біз ол кісіден бүгінгі өтетін форум жайлы ойын сұрап едік,тыңдап көрейік. 

Әбдеш Төлеубаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

 - Форумнан күтеріміз көп, бұл жерде біздің толағай жетістіктеріміз  туралы толығырақ айтылады. Өткенсіз болашақ болмайды, біздің тауып жатқан жәдігерлеріміз жұмбақ ғасырларға жол ашуда, өткендегі жолымызды, өнерімізді, өркениетіміздің деңгейінен сыр шертеді.

Бұл жерде сырға толы тарих қойнауына жетелейтін тарихи жәдігерлерден құралған көрме жұмыс істеп тұр. Форум қатысушылары алдымен сол дүниелерді өз көздерімен көріп тамашалап шықты. 

Авторы: Эльмира Ахметова