Файзулла Төлтай: Ассалаумағалейкум, Батыр. Ауызынан ана сүтінің табы кетпеген XXI ғасыр ад...
Құлбек Ергөбек. ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ
Әңгімені әуелі баяғыдан бастайық.
Отырар орта мектебінде оқып жүрген кезім. «Несін айтасың, елге жазушы келіпті, мектепте кездесу өткізеді екен» деген сөз желдей есті. Елеңдеп қалдық. Әсіресе оқушы дәптеріне там-тұмдап бірдеңе түртіп жүретін жазған басым – жазушы дегенге қызыққаным сонша, елден бұрын мектеп залының алдыңғы қатарына келіп, жайғасып алыппын. Қараймын. Ойлап жүргендей: төсі қайқайған, қопақардай том-том кітап қолтықтаған кісінің орнына – қағылез, аққұбаша, сұйық шашты сыптығыр бозбала еніп... сәлемдесті... баяу қоңыр үнмен сөйлеп жөнелді. Өрекпіген көңілім пәсейіп қалғандай сезілді. Жазушы деген әлем атты арқалап жүрген, жақында ғана ҚазМУ-ді бітірген, жалғыз «Жусан мен гүлдер» кітабы жарық көрген – Дүкенбай Досжан ағамыз болып шықты.
Ұшырасқан кездегі: «Көркем сөзге бой ұрмағанда қазбагер-археолог болар ма едім», - деген сөзі құлағымда қалыпты. Жазушының ең алғаш қаламына іліккен тақырыбы – құмдағы керуен... құм мінезі, атам заманғы қираған қаланың орны. Өзімнің туып-өскен жерім Отырарға Дүкең келсе – жергілікті диқаншы, қайықшыға ұқсап сәкіге, масахана ішіне сүңгіп кетпей, қазақы тоқал тамның төбесіне төсек салғызып, түннің бір уағына дейін бетіне төнген жұлдызға қарап қиялға шоматын. Мектептегі біздерге жазушының бұл мінезі қызық көрінетін. Ағамыз сәусілдеген көк моншағын сүзіп - шөлдің тұнық түнінде, сыртта, жер төсекте жатып ой кешуді ұнатады екен. «Масахана миымды шағады, тынысым тарылады, тамның төбесінде жұлдызға қарап жатқаннан рахаты жоқ», - деуші еді со заманның өзінде.
Қазір ойлап отырсам, жазушы Отырар тақырыбына бірден келмепті. Өзім оқитын мектеп оқушыларымен кездескенде, алғаш ұшырасқан кезде: «Қолымыздан келетіні – бағзының баянын жаңа заман оқырманына лайықтап көркемдеп шығу ғана», - дегенін дәптеріме түртіп қойыппын. Уыздай жас жігіт. Сөйлеген сайын жүзінен ұят қызылы өртше лапылдайды. Тірі жазушыны көргенімізге мәзбіз баяғы.
Өткен ғасырдың 60-жылдары. Жалпыға мәлім: кеңестер одағы деп аталатын алып империяның түстік шығысындағы қағаз жүзіндегі Қазақстан атты дербес республика, ал іс жүзінде тотаритарлық тұмшалаудағы көзі ашық зиялы қауымның оқығаны – Ресей тарихы, тоқығаны – көп ұлтты үлкен елдің «достық лабороториясынан» шыққан ортақ идеологиясы болатын. О заманда бодандық бұғаудағы елдің өзге жұрт секілді төл тарихы, төл өнері болған деп айту былай тұрсын жазудың өзі қисынсыз саналатын. Тіпті ұлы өзендер бойында егіншілікпен айналысқан, қала салған, өз тізгіні өзінің қолында – теңге соғып, ғаскер ұстаған мемлекеттік құрылым болды деу – я көзжұмбайлық, я астамшылық, ұшқарылық еді. Қытымыр қыспақты кезеңде алғашқылардың бірі болып Дүкенбай Досжан әуелі «Отырар», сосын «Фараби» хикаятын жариялайды, 1973 жылы «Жібек жолы» романы жарық көрді. Қарап отырсақ романды жазушы үлбіреген 27 жасында жазыпты.
Ең алғашқы «Отырар» хикаяты таралымы екі жүз мыңның үстіндегі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің 10 нөмеріне қысқармай басылғаны – со кездегі оқырманға көне жорықтың дүбірін естігендей әсер етті. Абсурдтық алашапқынға дағдыланып, абсурдтық алмағайыпқа иланып өмір сүрген әдебиетші қауым керуені ұзап кеткен орта ғасырда... Отырар секілді қала салған, қышкерлік, сәулетшілік кәсіп қуған, кетпен ұстаған диқаншы, өнерлі халық болды дегенге бірі сенді, бірі сенбеді. Ормандай орыс қана қала салған, егіншілікпен айналысқан деп ойлап жүріппіз. Ал бұратана бұғауда, ит арқасы қиянда, қайдағы бір ит өлген өзен бойында еңселі халық өмір сүріпті, топырағынан Әбунәсір әл-Фараби секілді философ, Мұхаммед әл-Хорезми секілді математик туып-өсіпті деу ақылға сыймайтындай. Шындықты айтуға жүрегіміз дауаламай, тымпи ойнаған ол да бір заман еді.
Көне Отырардың тумасы болған соң көз алдымызда өтті. Дүкенбай Досжаннан бұрынғы зерттеуші, тарихшы ағайын көбіне: «Әй, қайдам-ау!» деп қолын сермеп, әншейін төбешік... өткеннің қирандысы... керуен бекеті десіп... тұсынан өте шыққан – сол Сауран, сол Алтынтөбе, сол Көкмардан орнына қаламгер алғашқы болып көкірек көзімен үңілді. Археологтың бетін бұрып, тәуекелге баруы үшін – әуелі Отырартөбе үйіндісін жаяу кезіп қолына түскен құмыра, көзе сынығын, тат басқан жебе ұшын жарқырата суреттеп Д.Досжан жиырмаға жуық мақала жазды. Бабалар ізін аңсап жүрген оқырман гүлге қонған араша шүйлікті. Теледидар шамын жағып, газеттер жазып жатты. Бағзының бояуын кемпірқосақша құбылтып көркем тілмен тербеген кезде – өткен ғасырдың 60-жылдары тарихшы, қазбагер қауымы елең етісті. Отырар орнын қазуға қомақты қаржы бөлінді. Кемәл Әкішев бастаған археолог әулеті кешікпей қазбаға кірісіп, үлкен шаруа он жылға ұласты.
60-жылдардың аяғында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің сол кездегі Бас редакторы Шерхан Мұртазаның аузынан естіген шағын әңгіме есіме түседі. «Жұмыс бөлмеме сол кездегі жас жазушы Дүкенбай келді, сәлемдесті. «Иә, бала!..» деймін. «Отырардан әлгіде түстім, өз бетімше қазба жүргіздім, тапқанымды көрсеткелі бұрылдым», - дейді. Үстелге газет жайып жіберді. Қара сөмкесін ашты. Құмыра сынығын... кісінің бас сүйегін шығарды... құм сау-сау етеді!.. «Шырағым, көрдім... білдім... әкете гөр», - деймін. Жайбасар неме асып-таспайды. «Бұдан да зоры түбінде», - деп және бір көнелігін шығарғалы жатыр! Алла жар болсын айтып шығарып салдым. Сол сапарынан «Отырар оттары» атты очеркін үш нөмірге басқанбыз...», - дейді жазушы ағамыз.
Шет жағасын көрдік. Қаламгердің қолына түскен көнеліктер жібек матамен сүртіліп, әспеттеліп көркем сөзбен суреттелген тұста жәрмеңке сөресіне қойылған асылға ұқсап құбыла көз тартты. «Отырар» хикаятында бір тыныспен төгілген, екі беттей мөлдіреген ұстахана, кітапхана суреті неге тұрады! Қаламгер көнеліктен бүгінгі ұрпақ шөліркеп іздеген өткеннің ізін тауып, қоңыраулы керуен тізбегіне шығармашылық қиялын жетелетті. Үні семген дабыл, дауылпаз дүңкілін құлаққа жеткізді, жанарды жіпсіз байлаған құжынаған жайма базарын аралатты.
Дүкенбай Досжанның «Фарабиі» бір деммен оқылатын жыр үлгісінде жазылған шағын хикаят. Ұстаздың бір ғана қырын, туған жерге деген бала жасынан үзілмей келе жатқан сағынышын тербетіп, оқырманды кейіпкер көңіл күйінің өрісінде ұстайды. Теңселген керуен балаханасы... толып туған ай... ай сәулесіне шомылып сұлап жатқан ақ дамбал, ақ көйлекті, сақал-шашы әппақ қудай ғұлама... таңдайын жібітуге жұтым су ұсынған торғауытқа: «Қыпшақ даласының бір түп жусанын иіскетші», - деп еміне өтінуі – жүректі шым еткізгені есімде. Туған жердің төсінде тай-құлындай тебісіп жүріп аяғымыздың астындағы топырақтың кепиет-қасиетін сезбейді екенбіз-ау деген ойға еріксіз жүгіндік. Жусанның, топырақтың иісі басқашырақ, ашқылтымдау сезілетін жасқа тезірек жетуге асықтық.
«Жібек жолы» романы әрі философияға, әрі ілкі тауарихқа табан тіреген, Сырдария бойындағы көне қаланың түп төркінін суреттеген тұңғыш шығарма болды. Жас жазушы қолына қалам алған өткен ғасырдың 60-жылдары Рәшид-әд-Диннің «Түгел тарихы» қолға ілкіде түсетін, ал Шыңғысхан жорығын сөйлеткен «Қастерлі шежіре» әлі қазақшалана қоймаған. Құйма құлақ, алғыр зейінді қаламгер 13 ғасыр басындағы Дәшті-қыпшақ ұлысының тұрмыс-салтын, жай-жапсарын, тіршілік кебін көсегесін көгертіп тірі сөзбен сөйлетіп шықты. Нанымды сөйлетті. Сыр бойына ірге тепкен қыпшақ, қоңырат руларының мал сүмесі мен жер жемісін суішкілігі етіп, қорған құрып, қала салған жанкештілігін тебірене тербетті. Дүние астаң-кестеңі шыққан алағай-бұлағай заманда ұлы өзеннің біраз қаласы, соның ішінде іргелі Отырар - Хорезм хандығына, сартауыл иелігіне қарағаны тарихтан мәлім.
Дәшті-қыпшақтың түстік тарабы әлгідей кіріптар хал кешсе-дағы, Ұлы Даладан ада-күде ірге ажырата қоймаған еді. Мұраты бір, дәстүрі тамырлас тіршілік кешіп жатты. Бабаларымыз жартылай отырықшы, жартылай көшпелі өмір салтын ұстады.
Екі тарапта шөре-шөремен өмір сүрген төзімді ұлттың арғы-бергісін жазушы майын тамызып сөйлете келе – сартауыл бишікештерінің әрі зәлім, әрі аяр саясатын тамыршыдай тап басып тарқатып берді. О заманда салықты – зекет деп атапты. Жандайшаптардың жосықсыз зекетінен зәрезап болған диқан, керуенші, қышкер кебін нанымды сөйлетті. Сырдария жағасын мекендеген жұртқа дән зекеті, жол зекеті (керуен тартқан кісіге), су зекеті, ұлпа тері зекеті, жеміс зекеті, сүме зекеті, көлік майы зекеті деген еңсені езген салықтан көз ашпапты. Шаруаның көзіне көк шыбын үймелеген. Мұның бәрі Рәшид-әд-Диннің «Түгел тарихында» еміс-еміс сөз болады-дағы, өзге дерек тоқсан екі баулы өзбектің өткенін қозғаған Бируни, Н.Аристов, әл-Несеби жазба тауарихынан сүзіп алынған кептер. Сол кезеңде жазушы ел-елдің мұрағатын тексерген шын мәнісінде қазбагерлік мінез танытты.
Сөздік қоры ілкіден бастау алады. Қараңыз: бұйрық - әмірші, қолдай – қолбасшы, құшлұқ – мықты, күшті, инаныш – сенім, білге – білгір, данышпан т.б. кілең ілкі заман қолданысындағы сөздер. Қазіргі тауарихтан көшіп кетсе де, Шыңғысхан ту көтерген заманда кәдуілгі Сыр бойы қазақтарының қолданған лексиконы. Отырар әміршісі Қадырханды біраз тарихшылар «иланшы» деп жазғаны мәлім. Яғни иланшы – инаныш – сенімді – тұрақты деген мағынаны тарқатып, со кездегі киіз туырлықты қазаққа сартауыл тарабынан жасалған зор қысымды көзге елестетіп береді. Төрдің төбесінде кім отырғанын, есіктен сығалаған кімдер екенін сендіре сөйлейді. Көшпенді жұрттың көп ұзамай қол төңкерген монғол құрамына құйылғанын айғақтайды. Киіз туырлықты қазақтың біразы Шыңғысханның алдыңғы сапында бой көрсетуі заңды дейді. Жазушы 13 ғасыр басындағы саяси-қоғамдық ахуалды дұрыс пайымдап, кейіпкердің бас-басына нанымды әрекет беріп, образ сомдаған.
Көк теңіз қозғалғандай кең дүние тарылған кезеңде Отырар секілді қаласын қорғаған қанжоса халді тірі сөзбен төгіп суреттеді.
Жазушы Ұлы Жібек жолының Дәшті-қыпшақты көбелеп өтетін терістік тармағын суреттеуге үлкен бөлім арнаған. Келүреннен (Керулен) шыққан қоңыраулы керуен қиыр шеті Байкөлге ұласатын, түстік атырабы Хан тауын кемерлеп, Сейхунға құлайтын тәспінің тасындай сол замандағы ұбақ-шұбақ керуен салтанатын мөлдіретіп суреттейді. Керуен тәспісінде өзіңіз келе жатқандай сезінесіз. Тұрқы төбедей керуенбасы, балахана жапсарынан сығалаған жолбике ару, маң-маң басқан көлікті ықтыра қамшылаған кірекеш, қол төңкерген торғауыт... көз алдыңыздан ескілік көлеңкесі кілкіп өтеді. Тірі сурет бейне кемпірқосақтай құбылып, кілем төсегіндей төгіледі. Дүлей шабуыл алдындағы құлаққа ұрған тыншу шақ. Уақыттың өзі түйе қомына қонақтап қалғандай, я әрі, я бері емес, бұлғақ кезең. Күні ертең кіріптар хал кешетіні ешкімнің ойына кіріп-шықпайды. Күреңсе топырақты тәуетіп, жол аңдыған қарақшыға айла асырып, із тастаған кірекеш, көріпкел, жұлдызшы әрекеті – келешекке күн сала қараған қарияға ұқсайды. Қоңыраулы керуеннің сел құйылғандай сарыны құлаққа талып жетеді.
Ошақбай батыр, Баршын арудың жар төсегінен биік әрі берік мақсатына ішіңіз жылиды. Ел болмағы елшіден, жау болмағы жаушыдан дейсіз. Бұл тараптағы Ұлы Дала тіршілігіне көз сүрініп, көңіл сүйсінеді. Киіз туырлықты қазақтың әрдайым намыс үшін алдыңғы сапта бой көрсеткен тәуекеліне қаныңыз қызады. Отырарды қорғасуға келген әрі зәлім, әрі аяр, қулығына құрық бойламайтын сартауыл сарбазынан еріксіз іш жиясыз. Шаппа-шап шетін жағдайда кімнің кім екені белгілі болады. Бұл тұста Мұхтар Мағауиннің: «Арғы баба – ежелгі түрік ру-тайпаларының даңқты есімімен қоса, өзіндік құрылым, бар болмысын күні бүгінге дейін сақтап қалған – қазақ қана» (М.Мағауин, Шыңғыс хан және оның заманы, «Жұлдыз», 2011, № 11, 58-бет) деген сөзі шындыққа саяды. Романдағы Отырар қаласының қым-қуыт қорғаныс кебі кезінде – аяқ астынан қыпшақ қолынан сартауыл тобы ірге ажыратып шығады. Сатқындық, екіжүзділік еріксіз ашындырады. Ұрыс аурасы магнит өрісі іспетті. Екіжүзділік пен намысқойлық әрі тартып, бері жығып дегендей, итжығыс жекпе-жекті оқырман өз басынан өткізгендей болады. Жекпе-жекте ішіне қан қатқан Ошақбай батырды бұлғақ кезеңнен қылпыған намыс құтқарады. Тұтқынға түсіп пұшайман болса да киіздей қалың жау ішінен амалын тауып қашып шығады. Топырағын құшып жатып көз жұмуға бейіл.
Өзге этностар сыртқы соққыға төтеп бере алмай, шілдің қиындай пышырап жатқанда - Дәшті-қыпшақ ұлысының әрідегі тарабынан тартып, тас түйін болып біріге түсуі ұлттық санасының беріктігі. Өзге ұлыстар тауарихтан көшіп кеткенде тағы сол М.Мағауин: «Әлем тарихында дәл қазақ сияқты, ежелден-ақ берік қалыптасқан біртұтас халық некен-саяқ, тіпті, жоқ десек артық емес» (сонда, 69-бет) деп айтқандай, Отырар, Сауран, Сығанақ секілді қалаларда ірге бекіткен қазақ тайпасы өзінің бағзыдан келе жатқан тақи-таза ұлттық жанын сақтап қалды. Сақтап қалу сырын Ошақбай, Баршын, Хисамедин әрекетінен танып-білесіз.
Қазақтың арғы тауарихын зерттеушілер, несін жасырамыз, көшпенді күй кешкен далалықтар мен үлкен өзен бойына қоныс тепкен отырықшыларды бір-біріне қарсы қойып, шендестіре суреттеп келгені мәлім. Шаруаның орайына қарай тіршілік кешкен қазақты бөліп-жару қате көзқарас. Қате көзқарас - теріс пайымға тізгін береді, теріс пайым – оқырманды адастырды. Отырықшы мен көшпендіні бөле-жарып бүтінделе алмаймыз. Бар кілтипан: дәстүр жалғастығында, бағзы қазақтың екі тарап тіршілік кешуінде. Зергер, ұста, ісмер, диқан, қышкер қазақ ешқашан мал сүмесінен жиіркенбеген, ал керісінше - төрт түлікке суішкілігін қосақтаған қазақ ешқашан жер жемісін, диқан кәсібін теріс көрмеген. Емшектес кәсіпті тел емген. Дарияны арлы-берлі еркін кешіп, бір-бірінен ерулік жесіп, қоңсыласа тірлік кешкен кеңқолтық, қонақжай, мейірбан ұлтты бір-біріне қарсы қойып жіліктеп, жіктеу – отаршылардан қалған теріс тәсіл.
Жазушы байыбынша бірлік - білімдіден шығады. Отырар топырағынан түлеп ұшқан ғұлама фарабилер, әл-Жауһари, әл-Хорезми, әл-Жүгінеки куәландырған кітапхана қоры, Шыңғысхан шабуылы кезінде әлгі кітапхананы жер асты құжыраға тыққан жанталас; тас атқыш катапульт майданы – шығарманың жұлынды тұсы. Жәрдем береміз деп жәркеленшіп келген сартауыл – сатқын, Ұлы Дала – дүрдараз, батыс – тату, монғол – бату, қым-қиғаш алағай-бұлағай заманда ұлтын сүйген, топырағын тәуеткен кейіпкер ғана көңілге құп ұялайды. Ат жалын тартып мінген Ошақбай, бет-ажары шұғылалы таңдай Баршын сұлу, домбыраны көкірегімен сөйлеткен алты саусақты Қайрауық күйші, өзге сәулетші, зергер, кілемші бейнелері, бейне, зертас – мозаиканың қайталанбас бедер-белгісі. Көненің көзі, түгел сөздің түп төркіні. Бұл тараптағы қаламгер стилі – ішінен тұнған дария ағысындай әрәдік шеңберлене лықсыған көркем баян – салалас сабақтас сөйлемнің тәспіше түзілімі.
Монғол Бауыршық пен қазақ Ошақбайдың жекпе-жегін суреттеген тұс жан түршігер тірі сурет. Бағзы заманда жекпе-жек салтынша ұрысқа әркім қалаған қаруымен шыға беретін, жылдар өте салт өзгерді, тәсіл ұлғайды. Енді жекпе-жекке кім шақырса – сол жарақ таңдаудан қалыс қалады, қарсыласын бағады, қарсыластың жарағына сай қару алады дейді. Ошақбай да сөйтеді. Бала жастан шебер меңгерген найзасын тақымына қыстырып, қайқы қылышын жарқ еткізіп қолына алған. Қос батыр ұйтқып майданға шықты дейді. Үзінді оқиық: «Бір-біріне үңіле шапты, әуелгі қақтығыста-ақ алып түсетіндер болады, бұлар өйте алмады, болат қылыш ұшқын шашып шың-шың етті. Қайта айналып екінші мәрте шүйлікті. Бұл жолы аттар шырқ үйіріліп қосақталып қалды. Кесір қылыштан келді, болат жүзі шайнасып түскен. Ошақбай жауының ақ көбігі шашыраған езуін шалды. Бауыршық қан толған қызыл көзді көрді. Осыдан қарсыласын қылышпен шауып түсіре алмаса - халі мүшкіл. Ошақбай сұңғыла найзагер, қолына найза тисе-ақ бой бермей кетері анық еді. Бауыршық жанталаса жұлқынып төбесіне қылыш ойнатты, қарсыластың білегі қатты, тойтарғаны сонша - алақаны жаңғырып, сай-сүйегі сырқырап жарақты түсіріп ала жаздады. Ендігі кезекте ат қолтығына ауып үлгерген, өткір қылыш ерінің басын шауып түсірді. Қайыра түйіскенде Бауыршық ұршықша үйіре сілтеп Ошақбайдың қалқанын қақ айырды. Жекпе-жектің алғы шарты осымен тәмам. Үш мәрте тайталастан соң әркім өзіне оңтайлы жараққа жармаса алады. Бауыршық атын кері бұрып жатып байқады – Ошақбай қылышын қынабына сүңгітіп, тақымынан найзасын алуға екі бүктелді. Жүрегі зу ете түсті, ырғай сапты, болат ұшты ұзын ұңғы кеудесіне қазір-ақ кірш кіргендей сезінді...» (сонда, 216-217 бет).
Бұрын-соңды жарық көрген таза тарихи шығармалар қос тізгінге басымдық берді. Бірі: жазушы қай өлкеде туып-өссе, қандай рудан шықса – сол рудың шыққан төбешігін асқар тауға балап, әлгі рудың батырын азуын айға білеген арыстанға теңеп, трайбализмнің шеңберінен шыға алмады. Екінші: қол бастаған әйгілі батырды суреттеген кезде кейіпкердің сырт пошымын қызықтап, отқа түссе күймейтін, суға салса батпайтын мифтік тұлғаға айналдырып жіберді. Ұрыс-керістің әр тұсынан шаң тастап, батальдық көрініс құйынынан шыға алмай шаршады.
Батыс пен шығыстың әдеби үлгісінде қақтығысты тек қана кейіпкердің адами мінезін ашуға қолданады. Ашынғанның мінезі оңтай ашылады. Романда жосықсыз жортуыл, жұрт алдына шығып ділмәрсу жоққа тән. Мұның есесіне жазушы озық үлгіден сүрлеу тартып, тарихи шығарма – тауарихтың көшірмесі емес дегенді әмсе есінде ұстаған. Ханынан - қарасына дейін кәдуілгі тіршілік иесі, жер басып жүрген пенде күйінде көрініс табады. Артықшылығы – астындағы тағы. Өңгесі бүгін бар, ертең жоқ дүниеауи тіршілік. Осы пәлсапаны бел тұтқан автор шындықтан бір елі көз жазбайды, табан аудармайды. Әбілғазы-Бахадүрхан шежіресінде, Рәшид-әд-Диннің «Түгел тарихында», Г.Грумм-Гржимайло еңбектерінде Сыр бойы қалалары туралы дерек там-тұмдап қана. Отырықшы ел жойқын шабынды заманда да Сейхун тарабынан табан аудармаған. Күйзелген, күйі кеткен, азайған. Уақыт өте тамырын тереңге жіберген сексеуіл секілді дүр етіп қайта көктеп отырған. Мұндай мәнді деректі қазбадан табылған Отырар өркениеті дәлелдеп берді. Көнеліктер айғақтап отыр.
Дәшті-қыпшақ ұлысы Шыңғысхан ту көтерген кезде бірі ілесіп, келесісі текетіресіп дарияның толқынындай алағай-бұлағай өмір сүргенімен болашағы бұлдыр қалмады. Тек өлмеді, тіреу сынбады.
Ұлы түрік қағанатының этникалық пішімі ғана өзгерді. Жойылып кетпей ғасыр төрінде еңсе тіктеді. Алғы заманға үкілі үмітін серік етті.
Шыңғысхан күзетін торғауыт, түнгі жасағын кептеуіл, тұтқиыл шапқан жауға қарсы тұратын сыртқы күзетті қоршы деп атады. Осы үш топ жасақты жалпылама кешіктен дегені мәлім. «Жібек жолында» осы кешіктен жасағы мүлде айтылмайды, кептеуіл де, қоршы да жалғыз торғауыт болып жүр. Шыңғысханның батысқа жасаған жорығы кезінде Ұлы Даланы мекендеген тайпаларды ортақ атаумен Дәшті-қыпшақ деп жазады. Жазушы жау келгенде жазира даланың атқа қонған ғаскерін барлық мәтінде бір сөзбен қыпшақ қолы деп алыпты. Мұндай ұсақ кемшілік өткен ғасырдың 60 жылдар басында, Ресей империясының саяси тұмшалауында, бодандық бұғауында жатқан сол кездің ауа-райымен санассақ – әлгі әттегенай кешірімді нәрсе. Оқырманды баурай тартатын шығарманың көкркемдік бояуы, кейіпкер әрекеті арқылы – күдері жалданып көзге ұратын ұлттық намыс, «біздерде мынандай бар, мынадай бар» деп ақын айтқандай, киіз туырлықты қазақ – Ұлы Даланың төр иесі, бағзыдан шаңырақ көтерген, іргелі ұлыс дегенді алғы межеге ұстап, іс пен жүріс-тұрыстағы іріліктің түп төркінін ашады.
Далалықтар – мұхит мінезді. Дүние астаң-кестеңі шығып жатқан заманда мекен-тұрағы бар, қоныс-аймағы алты алашқа мәлім дербестік іздегені мәлім. Қытай тарабы ма, сартауыл сойлары ма, екеуіне де бүйрек бұрмай, есіктен сығалаған кеп кешпей – Отырардың қирандысы астында қалуының өзі көзжұмбайлық. Табандылық, төзімділік сол заманнан қалған. Мәрттік, бір сөзділік, мәмілешілдік мінезімізде. Сол бір өр мінездің жетегінде ұлтымыздың бір парасы Шыңғысхан ғаскеріне құйылды, бір парасы сартауыл сойының алдыңғы сапында жүрді. Ақыл-парасатының, мәрттігінің арқасында тарихтан керуен секілді көшіп кетпеді. Рәшид-әд-Диннің «Түгел тарихында», «Қастерлі шежіреде» еміс-еміс із тастаған, қиыр шығысы Байкөлге, түстік тарабы Сейхунға дейін созылған кеңістікте түтін түтетіп, күн кешкен бағзы бабалар сайып келгенде биік мүддесінен көз жазбады. Түп төркінінен тамырын үзбеді. Келешек көшінің қоналқысын дөп мөлшерледі. Туған жерінен кіндігі ажырамай, «топырағым... суым...» деп жүріп өкпесі күйіп, жүрегі езілді.
Романның әр тарауынан құлаққа еміс-еміс дүбір жетеді. Қан жұта қаржасқан, жатжерлікпен текетірескен бағзы баба ошағының отын өшірмей, ұрпағын үзіп алмай азапты тіршілік кешкен. Миләди 13 ғасырдың басында өткен өзгермелі дүниенің топан суындай Шыңғысхан жорығының бір тарабы, қысқа үзігі – Отырар қорғанысына байланысты тарихи-философиялық баян осындай. Ұлы Жібек жолымен тырнаша тізілген ұзына керуеннің салт-дәстүрі, көркем көрінісі төгіле сөйлейді. Тірі сөздің бояуында Отырар жұртының тұрмыс-салты, дербес дәргейі көз алдыңыздан кілкіп өтеді. Берісі - иланасыз, тұшынасыз. Әрісі – заманнан заман өте төрдің төбесіне отыруға жазған тағдырымызға жазушының әуел бастан рух күзетшісі болғанына сүйсінесіз. Сол кезеңде авторды таза тарихи тақырыптың пионері деп ұмытпасам – Р.Бердібай, С. Омаров ағаларымыз бір-бір мақала жазды.
Платон, Аристотель трактаттарын батыс сауаттылары тісі батпай, түсіне алмай қор болып жүргенде Отырардан шыққан Әбунәсір әл-Фарабидің әлгі мәтіннің түпнұсқасын грекшеден арабшаға аударып түсініктеме жазуы – философиялық ойдың тұма бұлағы. Білімге шөлдеген қауымды үш ғасыр сусындатты. Бұл-бұл ма! Арал теңізінің жағасында туып-өскен қандасымыз Мұхаммед әл-Хорезми дүниеге келмей тұрғанда есептеу білімі - арифметика деңгейінде болды. Ал әл-Хорезми 0-ді ойлап тапқанда - әлгі арифметика математика биігіне көтіріліп жүре берді. Омар Хаям алгебраны ойлап тапқан тұста – логарифм жүйесінің көкжиегі кеңейіп, интегралдық теңідеулердің көсегесі көгерді. Ұлы өзеннің бойында, Ұлы Жібек жолының терістік тармағында ілімге үңілген, білім ізіне шырақ алып түскен, қауырсын қаламмен кітап көшірген бағзы бабаның бейнесін елестетіп көкірекке мұң тұнып, жанарыңа мөлдіреп жас толады.
Тарих оқулығының баянын әдеби шығарма қайталаймайды. Қайталаса ол - әдебиет емес. Дүкенбай Досжан қаламы тарих өрнегін оқырманға суреткерлік бояу, тірі сөзбен көркемдеп, көкжиегін кеңейтіп берді.
Кейіпкер жан сарайының рентгені – көркемдік бояу. Өзінен жүз, мың жыл бұрын ғұмыр кешкен кісінің түйсігінен – сезім, сезімінен – ой, ойынан – пайым, пайымынан – пәлсапа түю сыдыртып баяндап шығу емес. Жазушының көркем сөзі екі нәрсеге шүбә қалдырмайды. Бірінші: қазақ ұлысы я кеше, я бірер ғасыр бұрын жазира далада пайда бола қалған этнос емес, осыдан екі мың жыл бұрын Ұлы Даланы уысында ұстаған түрік қағанатынан қалған қарашаңырақ иесі. Екінші: ұзап кеткен қоңыраулы керуен сарынын, салтын, салтанатын көкірегі удай ашып отырып сағынышпен еске алушы. Әлгі сағынышты уыз үнімен құлағымызға құюшы. Сөздің ішкі қуаты қалғыған ойды оятып, қиялға қанат жалғайды. Романның сөз дәмі, сөйлем ырғағы, ішкі ағысы ұмар-жұмар толқынына ілестіріп, әлгі оянған ой оқырман жадында жатталып қалар хұсни хаттай.
Бір тұстағы диқан ойына зер салалық. «Пәлі, тезек дүниенің тезегін теремін деп емпеңдесе, мал жинап жанын қинаса, сөз сатып арын пұлдаса – біз секілді қарапайым пенде болғаны-дағы. Біздікі әншейін тырбаңдаған тіршілік, тесік өкпе күнкөріс қана; сыпа өмірдің гүлі, базарға бара жатқан жан, сыпаның бойынан біз білмеген сән-салтанат, көркем жүріс, көрікті бекзаттықты табасыз. Біз секілді жер шұқыған момынға өмір – өнер екенін үйреткен жампоздығын айт!.. Біздікі – суішкіліктің соңында сүмеңдеу, сыпаныкі - сары сахараның салтанаты, ләззаты, таңдайға тебер тәттісі» (Д.Досжан, Таңдамалы шығармалар, 4 том, Жібек жолы, А, «Білім», 2002, 81-бет). Қаламгер ұлы Даладағы ұлтымыздың кемпірқосақ бояуындай көрікті салты - сыпалықты, одан асып серілік мінезді, одан өтіп салдық салтты жібек жіппен өріп, алқа ғып тағады. Бұл тұста автор этнограф зерттеуші ысабында көрінеді. Бір-бірінен айырым-белгісін екшеп елейді. Әдебиетіміздің корифейлері тиіп-қашты, бір қырын алып суреттеген салдықты түкпірлей түседі. Бұған қоса сыпа, сері салтын кейіпкер мінезінің құп үйлескен қыры есепті суреттегенде – бейне, өзіңізді кешегі бағзы бабаның байтақ төріне малдас құрғандай сезінесіз. Көшіне ілесіп, бұйдасын ұстайсыз. Кірекешпен қосылып заманның зілдей жүгіне иығыңызды тосасыз. Балаханада теңселген жанары тұңғиық, кеудесі көрік, айқабақ арудың қабағын аңдап қараптан-қарап қаныңыз қызады. Сол саз, әлгі қоңыраулы керуен әлдеқашан қыр асып кеткенін сезіп көкірекке айтып-болмас тұнжыр мұң ұялайды. Жұртта жалғыз қалған кісідей кепке енесіз.
«Апырмау», - деп таңғаласыз, - мұндай да жап-жасыл жадыраңқы кеп өткен екен ғой!.. бабаларымыз ұшарын жел, қонарын сай білген - қаңбақ ғұмыр кешпепті... Батыс пен шығысқа тырнаша тізілген сауда керуенін жүргізіпті. Қорған құрыпты. Қауырсын қаламын сияға малып кітап жазыпты. Батыры жауға найза білеп атқа қоныпты. Биі елдің тірі сөзін ұстап пәтуа айтыпты... Ең ғанибеті - Сырдария, Шу, Ертіс өзендерінің жағасын ен жайлап егін салып, дүниелік өркениет сатысына өз салты, өз ғұрпын әйгілепті. Аймаңдайы жарқырап жампоз жандар өтіпті деп қиялыңыз кеңіп сала береді.
Қоғамтану білімінде ұлттың жаны деген ұғым бар. Батыста жиі қолданады. Қазаққа қаратып сөйлесек: кеңқолтық, аңқау, адал мінез, қайсарлық, намысқойлық, кісіні бағалай білуі – бас құрап бүкіл ұлттың болмысына сіңіп, танымына тереңдеп, адам ағзасында бүлкілдеп соққан жүрегі іспетті – құрыш боп қайнап, жүзіне нұр болып шығатын мінезді ұлттың жаны дейді. Жан – абстрациялық жиынтық ұғым. Жан – біреудің шешен тілінде, келесінің – иман нұры ұйыған жүзінде, үшіншінің – қайсар төзімінде т.с.с. түзіліп кісінің тұтас қалыбын құрайды. Құбылыс пайда болады. Америка жазушысы Ульям Фолкнер ұлттың жаны – оның көркем тілінде деп түйіндейді. Мұхтар Әуезов – ұлттың жаны ұлттық ерекшелігінде деп айтқаны бар. Әр қаламгер туған жерінің ауасын, суын, тіпті жусан бүрін өзгеден өткірлеу сезіммен қабылдайды. Ет жүрегін жарып шыққан кейіпкерінің бойына баяғыдан ұлықтаған, құлай сүйген қадым қасиетті, жан ашуын, тән сұлулығын сіңіріп сомдайды. Қадым қасиет арқылы оқырман сезімін кемпірқосақша көркемдікке жетелейді.
Дүкенбай Досжан сомдаған кейіпкер жаны – барынша кеңқолтық, мейлінше төзімді, аз сөйлеп, көп тоқитын, мәрт, табанды, қайсар, арлы адамдар. Қаламгер өз ұлтының алағай-бұлағай алашапқын замандағы жанын тап басып таныған, оқырманға жеткізе білген.
Адамзатқа ортақ құндылық: сүйіспендік, отбасы жылуы, туған жерге сағыныш, үлкенге ізет, кішіге кезек, наным-сенімге адалдық Жібек жолының күретамыры. Ошақбай батыр әділет жоқшысы. Әнет баба көненің көзі. Қайсарлық, төзімділік, өткірлік, намысқойлық әрдайым осы екеуінің маңдайына ұстаған темірқазығы. Роман қазығын идея десек – қазақшасы ұлттың жаны; түбінде сол ұлттың жанын жоғалтып алмау қамы алаңдатты.
Ситуациядан – сезімді, желіден – ойды, эпитеттен - әдемілікті, метафорадан – мінезділікті, қимылдан – қисынды елеп-екшеп бөле білген.Әуел бастан, алғашқа сөйлемнен-ақ жазушының өз шығармасының мәні мен мақсатын дұрыс болжап, тура көздеп, межелеп алғанын көреміз.
Әлгіде шығарманың ажары этнографиялық, ұлттық бояуының алуандығында, қалың, я жұқа түсуінде дедік. Үзінді оқып көрелік. «Сыпаның әкесі – елге сөзшең, ашық мінезімен белгілі Бекен тарқылдақ есімді кісі. Сыпа әкесіне үш қайнаса сорпасы қосылмаған, біртоға, тұйық, домбыра шертіп, күй төгетін өнерлі болып өсті... Бекен тарқылдақ теріскейді жайлаған бай қызына құда түсейін десе - қолы қысқа, өрісі тар. Жалғыз ұлына бойжеткеннің сөзін алып, тобық ойна деп ақыл беріпті. Ойынның мәнісі: бозбала өзінің көз салған қызына тобық сүйегін сыйлайды. Тобықты пәлен мерзімге ойнаймыз... осы уақыт ішінде жаныңнан тастамай алып жүресің... кезендінің кезінде - «тобығымды бер!» - деймін; қолма-қол ұстата салсаң – ұтқаның, сасқалақтап таба алмай қалсаң – ұтылғаның! Мақұл-ақ... Аңысын аңдып жүрген бозбала байдың қызы ет турап отырған кезінде – аяқ астынан тобығын сұрайды ғой. Бойжеткен сасып қап, жігіт көзінше ішкөйлегінің өңірін ашып, омырау ойығына ілген сүйекті суырып алуға дәті жетпей жеңіледі. Бозбала қызбен көңіл қосады» (сонда, 82-бет). Ұлттың жанын және бір іздеп көрелік. «Сыпаның сол саусағы домбыра сағағында жоғарлы-төмен жорғалаған кезде – әлде жас жұбайлар төсегінің ыңқылы, әлде бақсы мыңқылы, әлде бойжеткен сыңқылы секілді дәмді бір үн құлақты қасып, жүрекке жетті» (сонда, 83-бет) – бағзыдан байрығының суреті, көңілдің құрты. Қыр астында қалған ескі желдей тынысты ашады. Тірі сөз сай-сүйекті сырқыратады. Қай-қай көрініс сағымша сылаң қағып өте шықпай, дарияның иірімінше шымырлап тұнып, тереңіне тартып әсерге бөлейді.
«Жібек жолы» - он үшінші ғасырдағы қол төңкерген монғол мен қасарысқан Дәшті-қыпшақ ғаскерінің текетіресі, ашкөздік пен намыстың итжығыс түсуі ғана десеңіз - қателесесіз. Оқиғаның бетінен қалқығаныңыз. Шын мәнінде шығарманың шындығы тереңінде. Үңілсеңіз: орта ғасырдағы Отырар халқының жай-күйін, тыныс-тіршілігін, кейіпкердің мінез қалыбын шерткен тарихи-философиялық қуатты пайым табасыз. Кейіпкер жан сарайын тінте аралау, қан қыздырған құштарлыққа бату, домбыраның қос ішегіндей сұлу салт пен күйбең суішкіліктің алмакезек үн қатысуы. Тірі сөздің маржан түзілімі. Кешегінің жер бауырлаған бірыңғай реалистік бояу бірте-бірте қанаты жерден ажыраған романтикаға ауысады.
Проза – көркемсөз таразысы. Әлгі таразыға түсетін бейнелі сөздің салмағын арттыру жолында жазушы көп ізденді. «Дүние – түбі түскен шелек» деп ойлады Ошақбай батыр. «Құйған су тұрмайды, жамап-жасқауға және келмейді. Шіріген, шеті мүжілген шелекке жаңа түп салғанымен бұйым болмайды. Сол секілді дүние кебі - көнерген шелек, төгіп-шашып, даңғырағаннан даңғырап дөңгелене бермек. Атымды шығарамын... дәулет жинаймын... ұрпақ өсіремін... қол төңкеремін... ел-елді жаулап аламын деп кеудесіне жел біткен ашкөз пенделерге ұқсап: кәкір-шүкірмен өткен, тозығы жеткен дүние-шелектің тұтқасын ұстай алмай қор болып жүргені – ит жынын көтеріп, жанын жеді» (сонда, 193-бет). Ел шетіне жау тигенде кіреуке киіп, жарағын асынып, атқа қонған ер жігіт - бұдан бұрын да, кейін де жазылған тарихи романдағы далақтап шауып жүрген көзсіз күшеншек емес. Кәдуілгі құштар көңілмен сүйе білетін, жекпе-жекке шыққанда жүрегі шімірігетін пенде қалпында көрініс табады. Ол-дағы ет пен сүйектен жаралған. Көсегенің көк жонына шығып көкжиекке күн сала қарағанда – ылдидағы легліген жаудың көптігіне түршікпейді, осыдан опат бола кетсем –отбасымның оты бықсып өшіп, сәби іңгәсі тиылып қалмас па деп уәйім шегеді... Әлгі түбі түскен шелек секілді парықсыз өмірдің бір пәс тиянағын іздейді. Ой езген, мұң мүжіген кейіпкер қалпымен ашылып-сайрайды.
«Жібек жолын» таза тарихи дерекке табан тіреген роман деуден гөрі – қиялдан, ойдан қалыптаған кейіпкерге, солардың іс-әрекетіне қол артқан, авторлық тұспал, мегзеуге молынан тізгін тартқан, авторлық пайымға құрылған, тарихи-философиялық дүние деген жөн.
Мұндай мысал әлем әдебиетінде толып жатыр. Шығарма өзегін, фабуласын тарихи оқиғаға байлап, ал кейіпкердің іс-әрекетін, мінез қалыбын авторлық идеяға, ситуацияны әлгі түп мазмұнға тұсаған Томас Манн, Дж. Джойс, Стендаль романдарын айтсақ та жеткілікті. Барша гәп сол кезеңде нендей оқиға өткенінде емес, бас кейіпкердің қандай мақсатқа қызмет етіп, нендей мұратқа басын байлағанында. Мұнда тауарих – түпқазық идеяны тоқыған кілем төсегі, негізгі тін міндетін атқарған.
«Жібек жолындағы» қас батыр Ошақбай, қала әкімі Иланшы Қадырхан іс-әрекетіне ілескен оқырман ұлы өзеннің жағасында, қыпшақ даласында нешеме көзі ашық ғұлама шыққан, оннан астам фарабилік білімпаз туған Отырардың күйреп кету себебін мүлде өзге полюстен іздейді. Енді бұл қызық! Апат пейілге тартып келеді дейді. Ашкөздік, көзқамандық, сатқындық, ортақ мүдденің жоқтығы түптің-түбінде елге зауал әкеледі. Қарапайым диқан, зергер, қышкер мұңы бір басқа, ал жұрт үстіне шолжаңдап жан бағуды ғана күйттеген әмірші, қолдай, датқаның уәйімі бір басқа. Кейінгілер тойып секіреді, алғашқылар тоңып секіреді. Шыңғысхан ордасында алты ай тұтқында қалған Ошақбайдың айласын тауып қашып шығуы, жан алып, жан беріп қуғыннан құтылуының жұлынды себебі – көкіректі сыздауықша сыздатқан сағыныш дерті. Аруананың туған жеріне табаны тартқан кезде – жер ауып барған жерінен қашып шығып, соңына ілесе алмаған ботасының мойнын қайырып тастап... артына қарайламай... қанды жасын моншақтатып... бос мойын болып құлдыраңдап жөнелетіні секілді. Кіндік қаны тамған жерге жетіп жығылсам, Отырардың күреңсе топырағынан бір тәуетсем деп зар кешеді. Туған жерге деген оттай ыстық іңкәрлық – ештемеге... ен байлыққа... бәденді ұрғашыға айырбастауға болмайтын кие секілді. Текке, қанға тарту киесі көлденеңдейді!
Сол киеден ұлттың жаны танылады.
Шығармада табиғи қалып, қазақы бояу бет шарпиды. Кіндік қаны тамған жерін қарашығындай сақтау, көзі тұнған отаншылдық, жершілдік – қазаққа ғана тән мінез! Ұлттық мінезді ішек қырындысына дейін ашу, болмыстың арғы-бергісін індете тексеру шығарма шынайылығына сеп. Жазушы кейіпкер іші-тысын аралаған рентген секілді. Рентген-қаламгерге ашылмайтын адам мінезі, сөйлеуі қиын құбылыс жоқтай. Аяқ астынан дүмпіген оқиға – кездейсоқтығымен қызық, ажал - айтып келмейтіндігімен опасыз. Отан отбасынан басталады. Жылуы мол, ықыласы оттай ыстық отбасынан отансүйгіш өседі деген Ошақбай жан сарайының спектрі ерекше. Жұғысып кетсеңіз нұр шашатын Баршын сұлудың ізет-ибасы өзгеше өрнек.
Жазушы мәңгілік төлқұжатына жауап іздейді. Ошақбай батыр, Баршын ару мінезі төлқұжатқа барар жол. Ұлтыңа өліп-өшіп қызмет ету барақатты дегенге мегзейді.
Шығарманың өне бойында иесіз ер басына дабыл ілген, шалдықпайтын ақтабан дүбірі – Ұлы Даланың иесі. Бәлкім сол ие, сол кие романның кешегі кеңестер дәуірінде-ақ – әуелі «Советский писатель» баспасынан, екінші рет «Дружба народов» журналының қосымшасы ретінде «Известия» баспасынан 300 мың таралыммен М.Симашко мен Г.Бельгердің тәржімасымен орыс тілінде шығуына мұрындық болды. Артынша «Жібек жолы» мадияр, неміс, пұштын, украин, монғол тіліне аударылды. Украин баспасының «Тарихи тақырыптағы үздік шығарма» мәртебесін иеленді.
Жолы ауыр, тәуекелі толағай ұлтымыздың өзінің өткеніне деген қызығуы күрт дендеген кезде, құланның қасуы – мергеннің басуы дегендей, шығарманың дер уағында жазылғаны қуантты. Уақытқа қызмет еткен ұрымтал сюжет дөп ашылып, ұтқыр шықты. Орта ғасырдағы қазақ этносының байтақ әдет-ғұрпын тілге тиек еткенде – қала маңындағы қышкерлік, диқаншылық, жәрмеңке, Отырар көшесіндегі әуіз бұрқағы, ұста балғасының дүрсілі, гүртхана суішкілігі, кітап көшіру, күй айтысы, т.б. қанық бояу – көз алдыға кілем төсегендей еш жуылмайды. Кілемші қыздың саусақ биіне, құмыра көтерген арудың көз сұғына арбалған Хисамеддин жанары, бейне, құжынаған өмір өрмегін сауған тін жібі. Ортағасырлық қаланы автор аяғымен аралағандай, көнелігін қолмен ұстап, тіске басып көргендей қисынмен сөйлетеді. Әр детальдің ұнасымы, жарасымы домбыра пернесіндей тарихтан тартып үн қатады. Дария ағысындай құрмалас-салалас, сабақтас-аралас сөйлем әлмә-әл толқынданып, түрленіп керемет кепке құлаш ұрғызады. Кейіпкерін я ұнамсыз, я ұнамды деп бөле жармайтын, жеке дара үзіп ала алмайтын жұлынды баян бір тыныспен оқылады.
Шығарма романтикалық сарынмен басталып, ұрымтал оқиға, қым-қуыт ұрыс хикметі – сыни реализмге тізгін беріп, Отырардың ойран болуы, сатқындық, тірі көлеңке дәуірі – әлеуметтік реализм нақышында тәмәмдалады. Я бүк емес, я шік емес екіталай тіршілік азабында қалған қышкер мен зергердің күйініп аһ ұруымен аяқталады. Құжынаған қан базарда жалғыздық кешкен қыпшақ ұлысының ертеңгі күні не болар деумен Әнет бабаның ақырғы демі үзіледі. Кітаптың эпилогі жүрекжарды күрсініс. Жібек Жолының жетім керуені көкжиекке, сағымға жұтылып мәңгілікке жоғалады. Кеудеңізді сағыныш кеулейді.
Заман озады, оқырман өзгереді, кітап көнереді. Әйтсе де бір кезеңде белгілі ұрпақтың ойын оятып, сәрілік ақ жауындай жан сарайыңызға әдемі әсер төккен кітаптың салмағы жылдар өте артпаса – кемімейді. Көкейімізде ыстық табы қалады. Кейіпкердің есімі, қам-қаракеті естен шығуы мүмкін. Әйтсе-дағы тірі сөздің екінші, үшінші астарындағы аура – магнит өрісі жүрегіңізден еш жуылмайды; қалыбыңызға өтеді, санаңызға сіңеді. Алмағайып заман туа қалса әлгі санаңызға мықтап сіңген көркем сөздің күші – ұлттың жанына айналып, жүрек тереңінен қайыра оянып, үлкен бір іске бастамашы болмақшы. Сіз бен бізді тәуекелге барғызады. Ұлтымызды тереңірек түсінуге мұрындық болады.
Дүкенбай Досжанның тарихи туындылары осы санаттағы қуатты сөз дер едім.
Бір ауыз сөз жазушының шығармашылық шеберханасы туралы.
Д.Досжанның шығармашылық мекен-жайын алғаш көруім. Астана қаласының оңтүстік шығыс бетінде... Жерұйық саябағының күншығыс желкесінде... Vip қалашығындағы қос қабатты шағын үй. Саябаққа қараған үстіңгі қабаты жұмыс бөлмесі. Үнемі шуаққа шомылып тұрады. Бөлменің үш жағы толайым терезе. Терезеге тақау үлкен үстел. Үстелдің үсті сықасқан кітап. Оң қабырғаға Берел-Бергі ел қазбасынан шыққан сақ патшасының самұрық-штандарты ілінген. Бөлмеде кітаптан өзге көз сүрінер жиһаз жоқ. Сол қанаттағы шағын сөреде Отырардан жеткен саз сырнай, ортағасырлық қыш құмыра. Үй иесі қағазға гелді сиямен маржандай етіп жазады. Парақ толған кезде әлгі құмыраға сала береді... тарау-тарау... бөлім-бөлімімен. Сөзі сарқылып, бір жобаға келді-ау дегенде әлгі құмыраны төңкеріп ішіндегісін копьютер-терімшіге жөнелтеді.
- Бала күннен күншуақта ұзақ мүлгіп отырады екем. Жан құмарым – күншуақ. Жұмыс бөлмесіндегі терезеге перде тұтқызбаймын. Жазу үстелінде емес, жазира далада, шілденің шуағына шекемді қыздырып ой бағып отырған кепке түсемін, - деп күледі үй иесі.
Болса-болар. Ұстарамен тақырлап алғызған басыңыз соған ұқсайды дейміз әзілдеп.
- Құмыраңыз бос па қазір? – деп, бұрыштағы көненің көзі құмыраны дың шертеміз.
- Өмір бойына жүз әңгіме жазған екем. Сол жүз әңгімені үстінен қайта қарап екі том етіп шығаруға әзірлеп жатырмын, - дейді жазушы шуақтана жымиып.