«Еңбектің» пайдасын еңбек еткендер көреді

Жаңалықтар
571

Елімізде кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірқатар бағдарламалар бар. Орта және шағын бизнесті дамытуға арналған бұл бағдарламалар негізінен қоғамда орта тапты қалыптастыруға мүдделі. Сонымен қатар, кедейшілікті, жұмыссыздықты жоюға немесе азайтуға бағытталған осы бағдарламалар бүгінгі таңда қоғам тарапынан жақсы бағаланып та отыр. 



Сондай бағдарламаның бірі – «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарламаға былтыр қатысқан адамдардың саны 500 мыңнан асып жығылған болса, биылғы жылдың сегіз айындағы көрсеткіш 400 мыңның жобасын құрап отыр. Яғни, кәсіпкерлікті дамыту, біліктілікті арттыру және халықты жұмыспен қамтамасыз ету бағыттары бойынша жұмыс істеп жатқан осы бағдарламаға адамдар еліміздің барлық өңірінен өтініш білдіріп, әрі қатысып жатыр. 


Қатысушылардың ішінде әсіресе жастардың көп болуы көңіл сүйсінтеді. Олар көбінде жеке іс ашуға мүдделі. Мысалы, Өскеменде сұлулық салонын ашқан, Атырауда қонақ үй бизнесін дөңгелеткен, Солтүстік Қазақстан облысында ресторан ашып, отбасылық бизнесті гүлдендіріп жүрген жастар бар. Бағдарлама аясында әр облысқа, әр ауданға жеке-жеке шағын несиелер беріліп жатқаны да кәсіпкерлерге үлкен қолдау. Мысалы, Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы осы жылдың бірінші жарты жылдығындағы нәтиже арқылы мал шаруашылығына әсер еткен сандарды көреміз. Ондағы мал шаруашылығының 69 пайызы жеке адамдарға, 28 пайызы шаруа қожалықтарына тиесілі болса, 3 пайызы ауыл шаруашылық кәсіпорындарыныкі. Бағдарлама шеңберінде 19 кәсіпкердің 62 милион теңгеге 155 ірі қара сатып алуы аудандағы мал шаруашылығының өсуіне әсер ететіні түсінікті. 


Бағдарламаның кәсіпкерлерді қолдау барысында шағын несиелерді жасырулы комиссиялар мен басқа да төлемдерсіз 6 пайызбен 7 жылға беретіні өз ісін енді ғана бастаған әрбір адам үшін өте тиімді деп ойлаймыз. Сондай-ақ, ауылды жерлердегі адамдар үшін негізгі табыс көзі мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру екені де ескерілген. Мысалы, қостанайлық Ғалия Тоққожина осы бағдарлама арқылы былтыр сегіз бас жылқы мен оның азығын қоса сатып алып, өз ісін бастап та кеткен болатын. Биыл мал басы жаңа туған жас төлдермен көбейіп жатыр. Сол сияқты жамбылдық Жеңісбек Арунов та былтыр 6 миллион көлемінде несие алып, 15 жылқы сатып алған. Оның да мал басы өскені анық. Жоғарыда айтқанымыздай, мұндай мысалдар өте көп. Өз ісін бастаған адамдардың көбі ең бастысы, тәуекелге бару керектігін, талмай еңбек ету қажеттігін көлденең тартады. Ал, еңбек етем деген адамдарға бұл бағдарламалар зор таяныш.


А. Сейілова

Жаңалықтар

Биыл Тәуелсіздік күніне орай қатарынан үш күн демалыс беріледі, деп хабарлайды madeniportal.kz....

Жаңалықтар

2024 жылғы 23-34 қараша күндері Астана қаласынан Қазақстан Қарулы күштері авиациясының жоспарлы ұшул...