Қарттар құқығы туралы ой

Жаңалықтар
3350



Елімізде «Қарттар күні» аталып өтеді. Жасы ұлғайған адамдарға деген ілтипат жоғары деп санаймыз. Десек те тастанды бала сияқты, тастанды ата-ана да жоқ емес. Қарттар мүддесін қорғауды мақсат еткен «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына да жиырма жылдан асыпты. Әу баста, ана немесе бала құқығын қорғайтын ұйым құрмақшы болған жетекшісі кенеттен қарттардың құқын сақтауды міндет еткен көрінеді. Соның себебін білмекші болып және осы мақсатты жүзеге асыруға қандай қадамдар жасалып жатыр деген оймен Астана қаласындағы «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Ахметжанованы сөзге тартқан едік:

Баян Ахметжанова

- Бастапқыда көпбалалы аналардың құқығын қорғауды ойлағанмын. Өзім де төрт баланың анасымын. Бір оқыс жағдай бұл ойымнан айнуға себеп болды. Қоғамдық көлікте жол жүріп келе жатқанда, бір аялдамадан нашарлау киінген үлкен кісі кірді. Оған таяу тұрғандар танауларын тыжырып, ақыры кондукторға шағым жасай бастады. Әлгі адамнан жаман иіс шығып тұр екен. Ақыры келесі аялдамада оны түсіріп тастады. Ойымша автобусқа жылынып алу үшін кірген ғана тәрізді. Осы көрініс маған қатты әсер етті. Сол жердегі елмен біраз дауласып, тіпті сөзге де келісіп қалдық. Біздің бойымыздағы жанашырлықтың сарқыла бастағанын сонда байқадым. Өзіне ғана жақсы болса болды, өзгенің мұңы ешкімді аса толғандырмайтын сияқтанды. Көз алдыма жарқ етіп, жаңа шешім тұна қалды. Қарттар құқығын қорғайтын қоғамдық ұйым ашамын деп сол арада іштей шешімге келдім. Кейін менің бұл әрекетіме кекесінмен күлген кісілер де болды. Егер бұл аз болса, қарттар мүддесін қорғайтын заң қабылдаттырамын деп одан ары өршідім. 


Әрине қоғамдық бірлестік құра алдым, тек заң жағынан қозғалыс жоқ. Менің осы ұсынысыма түсінік танытқан біраз депутаттар Үкіметке сауал жолдап көріп еді, ештеңе шыға қоймады. Себебі қолданыстағы нормативтік актілерде біздің ұсынымымызға қатысты мәселелер қамтылған көрінеді. Сондықтан бұндай заңның қабылдануы екіталай екенін де ескертті.


Бұндай жауаптан соң салым суға кетті деп айта алмаймын. Менің ұсынысым халықаралық практикада бар нәрсе. Оны жүзеге асыру үшін алдымен біздің мемлекет БіріккенҰлттарҰйымының қарттар құқығы туралы конвенциясына қосылып, соны қабылдауы тиіс. Осы конвенцияға қосылуға Үкіметке үндеу тастағаныма сегіз жылдан асып барады.


Айта кетерлік бір жәйт, біздің бірлестік БіріккенҰлттарҰйымының қарттық проблемасын қозғау жөніндегі жұмыс тобына 2012 жылдан бастап енген. Баса назар аударатын проблемалар: кейінгі жылдар бала туу санының кемуі мен өмір сүру мөлшерінің ұзай түскені өз ретінде экономикалық мәселеге әкеп соғуы ықтимал. Біріккен ұлттар ұйымы сарапшыларының болжамына сенсек, алдағы елу жылда қарттар саны өсіп, жер бетіндегі әрбір алтыншы адамға айналады. Ал дүниежүзілік денсаулық ұйымы да осындай пікірде. Олардың айтуынша, 2015-2050 жылдары 65 жастан асқан үлкен кісілер саны 2,5 есе өсіп, 1,6 миллиардты құрайды деп отыр.


Осындай жағдайға жететін болсақ, әлеуметтік қолдау мәселесі қиындай түсетіні белгілі. Ал соны болдырмауға қазіргі кезде мол мүмкіндіктер бар. Экономистер алаңдаушылық білдіріп, дауыс көтере бастаған соң, Біріккен ұлттар ұйымы аясында жаңағы атап өткен жұмыс тобы құрылған еді. 


Сондай-ақ біз жер шарының 108 елінде қызмет көрсететін «Бақытты жас» (Happy age) компаниясының мүшесі болып табыламыз. Аталмыш компанияның мақсаты Біріккен ұлттар ұйымының қарттар құқығы туралы конвенциясын қабылдату. Егер конвенция өтіп кетсе, ондай жағдайда сол негізде заң да қабылданады деп үміттенеміз. Менің ойымша дәл бүгін болмаса да түбі біз осы заңды қабылдаймыз. Себебі, қарттар саны халықтың көлемді үлесін құрайды.


 Біріккен ұлттар ұйымы тарапынан қабылданған декларацияларға зейін салсақ, қарт адамдарды қатардан қалтырмаудың барлық жолдары қарастырылған. Әрине, Үкімет жағынан да маңызды қамқорлықтар жетерлік. Тек дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, сол қамқорлық түрлерін заңдастырса - оның әлеуеті арта түсері күмәнсіз. Қазақ халқының болмысына туа біте жазылған қағидаттың бірі қарт адамдарды қадірлеу. «Туғанда бір бала, қартайғанда бір бала» дегендей, қайраты қайтқан кісіге көмек пен көңіл керек. Оларды қоғамнан алыстатпай, шамасы келетін жұмыстарға тарту моралдық жағынан алғанда абыройлы іс. 


Осы орайда Алматы қаласында қарттарды жаңа технологияға баулып, көңілі сүйетін жұмыспен шұғылдануына жол ашылған. Қарттардың бойындағы сарқылмаған потенциалын пайдалану қоғамға пайда тигізсе, қарттың өзі әлі керек адам екенін аңғарып, көңілі өседі. 


Жалпы алғанда адам құқықтарын сақтау дегенді сөз еткенде, ана, бала құқығы туралы ғана ойлаймыз. Ал өмірінің көбі өтіп, соңы шырайлы болуына үмітті қарт адамдардың да конституциялық құқықтарын ешкімнің бұзуына қақысы жоқ. Сонымен қорыта келгенде қарт адамның құқығын қорғау туралы ой осындай толғаулардан туындаған еді.


З. Самалбекұлы


Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...